Еліміздің алғашқы кәсіби баспагерлерініңің бірі, майдангер-журналист, республикалық «Қайнар» баспасын ширек ғасырдан астам уақыт басқарған, ҚазССР-на еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, КСРО Журналистер Одағының мүшесі, ҚазССР-ның құрметті баспагері Әбдірашит Қайырбекұлы Бектемісов үстіміздегі жылы 105 толады.
Әбдірашит Бектемісов 1913 жылдың наурыз айында Қостанай облысы (бұрынғы Торғай) Жанкелдин ауданының Тосын болысында туған. ІІ Дүниежүзілік соғыс алдында қазақ жастарының алғашқы легінде Ленинград полиграфиялық техникумын бітірген. Еңбек жолын Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасынан бастаған ол 1941 жылдың 25 маусымында әскери газеттің тілшісі ретінде майданға аттанады. Соғысты 1945 жылы неміс-фашист басқыншылары тізе бүккен соң, күзде бірінші Қиыр Шығыс майданында аяқтайды.
Майдангер-журналист соғыс тақырыбына арналған бірнеше кітаптың авторы. Бұл еңбектер кезінде жастардың елге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімінің күшеюіне ықпал етті. Қарт баспагер-журналистің бір арманы Торғайдың арғы-бергі тарихын қамтитын бір кітап жазу еді. Басты мақсаты Торғайдың «қала» деген атағын қайта тудырып, малды, мәдениетті аудан ету жолында торғайлықтардың қажырлы, ерлік еңбектерін паш ету болатын. Алайда, қаламгердің бұл еңбегі қайтыс болуына байланысты аяқталмай қалды.
Майдангер-журналист кезінде «Торғайдың топжарғаны» атанған халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің шығармашылығына бағыт-бағдар беріп, өзімен тетелес, жерлес қаламгерлер Қайнекей Жармағанбетов және Сырбай Мәуленовпен бірге болашағынан үміт күттіретін жерлес інілері — жас ақын-жазушылар Ғафу Қайырбеков, Шәміл Мұхамеджанов, Қоғабай Сәрсекеевке ақыл-кеңесін айтып, олардың кітаптарының баспадан шығуына көмек қолын созған.
Әбдірашит Бектемісовтің 1970 жылдардан бастап ата-бабалары туралы Торғай еліндегі көзіқарақты қариялардан тың деректер жинақтап, «Мұса-Шеген» атты туындыны да жарыққа шығару ойында болды. Бастап жазған бұл еңбегі де қаламгердің 1979 жылы қайтыс болуына байланысты аяқталмай, баспа бетін көрген жоқ.
Биыл жерлес қаламгердің туғанына 105 жыл толуына орай оның мерзімді баспасөз бетін көрмеген «Мұса-Шеген» атты еңбегінен шағын әңгімелерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Шегенді жоқтау
Қадірлі жанның өлімі жыл бойы жоқталады. Қаралы үй қараңғы түскенше күңіренеді. Шеген өлімі ауылды жылатты, қыз-қатынды аңыратты. Шегенге арналған жырлар туды. Шеген өлгенде үлкен баласы Қазыбек жолаушы шығып, сырта жүрген екен. Қазыбек атқа мінген би баласы еді. Ағасының алдынан шыққан қарындасы – Аймен (Ұлы ұстаз Ыбырайдың шешесі) жоқтау айтады, естіртеді.
Көшеден шыққан көп қасқа,
Енді болмас айтпасқа.
Әкекем кетті – біз қалдық,
Болғаннан соң жан басқа.
Тархан Жанібек батырдың ағасы – Тұрлығұл өз алдына бір ел. Одан төрт бала туады: Жанқожа, Тоқтауыл, Барғана, Сүйіндік. Барғанадан шыққан Көпен деген шалдың аузынан тараған бір шумақ жыр Шегенді былайша дәріптеген екен. Ер еді Шекең қасқайған,
Дұшпанын көрсе саспаған.
Халқы қойдай ұйлықты,
Көсемі кетіп бастаған.
Шегеннің өз келіндерінің атасын жоқтағанда айтқандары:
Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын.
Атамды алған құдайдың,
Келіндері біздей жыласын.
Шегеннің Қазыбекке тете баласы – Бірімжан. Оның әйелі – Барша кемпір (айта кететін жайт Дәуітбай келіндері арасынан «Дәуітбай қорымына» жерленген жалғыз Дәуітбай келіні ). Бірімжанның немересі – судья Ахмет Бірімжанов әжесінен: «Келіндерінің осылайша жоқтағаны распа еді?» деп сұрағанда: «Рас-рас, қарғам. Оның екінші шумағын былайша дауыс қылатынбыз»: Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын.
Көп жылады деп сөкпеңдер,
Мауқын басып жыласын.
Барша кемпір бертінде, біздің тұсымызда, жиырмасыншы жылдары дүние салды. Сүйегі Дәуітбай сайындағы қорымда, өзінің шалы – Бірімжанның аяқ жағында жатыр. Бұл қадірлі әжеміз бетімізді талай сүйген-ді. Өте ақылды болған кісі екен. Торғай табанында Есназар деген ру бар. Шақшақтың жеті баласының бірі. Белгілі халық ақыны Нұрхан Ахметбеков осы Есназар руынан. Сол Есназар руының аяулы бір шалы – Мекебай ақсақал Шегенді жоқтайтын көп өлең-жырды жатқа соғады екен. Бірақ оларды кезінде жазып алып қалғандарды кездестіре алмадым. Жоғарыда келтірілген бірер шумақтар Мекебайдың айтатындарының үзіндісі, тұтасы жоқ сияқты.
Сыр бойының әйгілі батыры Жанқожа «Қабанқұлақ» деген таудың баурайын жайлап отырғанда Шегенді патша әскерін жіберіп, түрмеге жаптырған Әлі төре келеді. Шегеннің өлімі Жанқожа батырға қатты батады. Тірі болсам кегіңді алармын Шекем дейді екен. Іздеген төре, қаны қара төре бүгін Жанқожаға қонақ болып отыр. Ас-суын беріп болғасын: — Шеген батырым, сен өлгелі де екі –үш жыл өтті-ау. Саған тие берсін демеген едім. Ал саған тие берсін! Деп, тұсында ілулі тұрған қанжарын қынынан суырып алып, Әлі төрені жарып өлтіреді. Содан соң балаларына құдайы бергіздіріп:
— Шегенім, кегіңді алдым асыранды иттен! Аумин! – деп бата құлады, қаруласын жоқтаған Жанқожа батыр.
Атадан бала озбайды
Ел аузында ертеден қалмай айтылып келе жатқан аңыздардың кейбірін Шегенді келтірген жерде айтып отырдық. Ондай аңыздар, мақалдар Мұса-Шеген жайында көп-ақ. Мен тек естіген-жиғанымды ғана айта өтпекпін.
Ел арасында жаугершілік өршіп, қайнап тұрған кез екен. Шеген ауылы көшіп, Қарабұтақтың Сайқұдық жағына қонады. Жүкті түсіріп, шаңырақ көтеріп жатқан шақта, қой бағып жүрген қойшы жаудың қарауылын көріп қалып, шаба жөнеледі де, ауылға хабар береді. Үй тігісіп жатқан еркектердің бәрі тұра атқа міне шабады. Жиылған қолдан Шеген озып, Ақжар өзенінің қолтығында, судың арғы бетінде найзаларын қаз-қатарынан тесеп тұрған жауға килігеді. Жауды дүркірете түре қуып, қабаққа тыққанда ғана кейінгі қолдары жетіп, дұшпанға қоса тиіседі.
Сол жорықта ту көтерген Байтоғай батыр екен. Руы Томай. – Жау туын тумен шанышамын! — деп Байтоғай атына қамшысын басып, ілгері ұмтылғанда, дұшпанның тубегі Байтоғайды бұрын шаншып, атынан сыпырып түсіреді. Байтоғай атынан айрылса да туды жықпастан жоғары көтеріп тұра береді. Мұның өзі қолдастарына күш беріп, жауға шаптырады.
Дұшпанын жайпап, елін сақтап, ерлер басын қосқанда Шеген батыр сұрапты: — Бүгін кім озды? Жауға кімнің найзасы бұрын шаншылды? Айтыңдаршы, кәне ер болсаңдар?
Бұл сұрақтың үлкен сырын кім шешер? Қолбасылардың бірі Шегеннің өз баласы – Қазыбек екен. Онымен үзенгелес соғысқандар ентелей түсіп: — Қазыбек озды. Соның найзасы жауына бұрын тиді, — дейді. Шеген сұрақты сынақ үшін қойған еді. Соны сезген біреуі: — Шеке батыр, Сіз оздыңыз. Найзаны да алдымен жұмсаған Сізсіз, — дейді. Сонда Шеген айтыпты: — Е, бәсе! Қазыбектің әкесінен менің әкем мықтырақ еді-деп жымияды. Қазыбектің әкесі – Шегеннің өзі, ал Шегеннің әкесі – Мұса тархан. Атадан бала озбас деген содан қалған екен. Қазыбек – Шеген емес еді…
Неге сонша шіренесің сен, Жаппас?
Руы – Достияр Жаппас, ағайындас Басығара, Жаңқабыл батырлар жолдас-жоранымен Шегенге сәлем беруге келеді. Бұлар Сырдан көшкен Жаппастар еді. Ел әдетінше қонақтарға шай әкелгенде дастарханға бауырсақ төгеді. Қонақтарға атқосшы болып еріп келген бай баласы Мырзабек бауырсақ төккенге күліп: — Бұл не, еру елдің ерулігі ме? – дейді. Сонда төрде отырған Тоқтамыс Талпақ деген шал жауап қайырады: — Шырағым, еру елдің ерулігі болса, көшкен елдің қонақасысы болмайтын ба еді? – дегенде, Мырзабек: — Дәулеті кетпес байдың қотапшы төбеті болады, бағы аумас бидің қамқоршы күңі болады деген рас екен-ау, — деп сықылықтап күле бастайды.
Талпақ өзіне қонақ сөзі батып кеткесін, жүресінен отырып, күлгенге еңкейе түсіп: — Солай де мырзам! Шегеннің төбеті десең – төбетімін мен, Шегеннің күні десең – күңімін мен. Мұнда бес Жаппастың баласы бар дейсің бе? Кеше мынау отырған Басығара, анау отырған Жанқабылды өлтіремін деген кісіге сұрағанын беремін деген жоқ па еді? Неге сонша шіренесің сен Жаппас?- деп отыра кетеді. Жаңқабыл жылап қоя береді. – Әруағыңнан айналайын Арғынның баласы-ай! Осыныңның бәрі рас! – деп Жанқабыл батыр Шегенге бас иеді…
Елдің Бурасы
Бір жылдары Кенесары хан Шеген Мусинге адам салып, «маған қоныс берсін» дейді Кенесары Шегенге жолдаған сәлемдемесінде. Ханның атасы Абылай сұлтан бір заманда Шегеннің атасы тархан Жәнібекті қатты сыйлаған екен, батыр атаған екен, сонысын өтегісі келген Шеген батыр Кенесарыға Торғай табанынан, Жыланшық өзенінің алқабынан кең қоныс береді. Тек хан Кене елге зорлық істемейтін болсын, мен татулық ниетімді білдіру үшін менің жиырма жасар батыр балам Шолақты бала етіп алсын дейді. Төре мұны мақұл алып, Жыланшыққа көшіп келеді, қоныстайды.
Бірақ хан тұқымы қарақшылығын қоймайды, зекет, ғұшыр талап етеді. Әйдерке Атан деген қадірлі ақсақалға кісісін жіберіп: «Елден ғұшыр, зекет жинап бергіз» дейді. Сонда ол кісі: «Осы ауылдың Атаны екенім рас. Бірақ елімізде Бурамыз да бар. Соған барып жүгінейік» дейді. Бұл шақта Шеген ауылы Ащы-Тұщы деген екі сайда күзем алып отырады. Атан ақсақал жасауылмен екеуі үйге кіре Мұса –Шегенге сәлем беріп, қолын алып жатып жасауылға: — біздің Бурамыз осы кісі! – деп Шеген биді көрсетеді. Мұны естігенде жасауыл есік алдында қақшиып қатып қалады. Ол бірер күн сыйлы қонақ болғасын жүруге ыңғайланып:
— Шекем! Маған не айтасыз?- деп сұрайды.
– Ханыңа айта бар: Келіскен уәде қайда, алысқан қол қайда? Әлде уәдесінен тайды ма? Онда баламды қайтарып, шығатын қырына шықсын! – деп көзін жауып тұрған үлкен қара қасын ашпастан, ашулы пішін білдіреді. Шегеннің қабағы ашылмаса – пәленің болғанын сезген жасауыл Кенесарыға тез жетеді. Хан мұны естігенде:
— Е, жеткен екенбіз! – деп тұра сала ауылын көшіреді.
Шегеннің өсиеті
Шеген батыр өлер шағын сезгесін балаларына төмендегідей өсиет айтып тапсырады: — Ғұмырым таусылған болар. Тәңірінің ісі ғой, оған лаж жоқ. Сендердің алдарыңда алғанға құлмын. Адам болдыңдар. Орнымды жоқтатпайтын халге жеттіңдер. Бірің төре, бірің би, бірің бай, бірің қажы болдыңдар. Қолдарыңнан бәрі де келетініне көзім жеткендеймін. Менің ақырғы тілегім: Сүйегімді Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің мазарына жерленген батыр атамыз Шақшақ Қошқарұлы Жәнібектің қасына қоярсыңдар. Өлгенде қалдығым қасында жатсын. Өсиетім — осы. Қосарым – қашанда бірауызды, елге жағымды болыңдар. Елсіз өмір – қаран. «Торғай мен қарға да тобын жазбайды» — деп, Шеген би ақырғы сөзін айтып, балаларымен қоштасыпты.
Дегенмен әке өсиеті орындалмай қалды. Шегеннің сүйегін баласы Бірімжан алып шыққан топқа Қызылорда қаласы маңында кедергілер кездесіп, Бірқазан елді мекеніндегі бір көлдің жағасына «аманаттап» жерлеуге мәжбір болды. Жәнібек батырдың қасынан оған топырақ бұйырмады. Бұл жағдайды Шеген әулеті аузынан тастамайды, батыр атамыздың сүйегі Бірқазанда иесіз қалды деп айтып отыратынды.
Өз балалары өлгесін, Шеген күмбезін іздеген ұрпақтары бола қоймаған. Алайда Шегеннің шіріген денесінің қатты ризашылық ететін бір себебі де бар. Кеудеден жан кеткен шағында ту қиядағы Торғай даласынан Қызылорданың қызыл құмына жетіп, оны төсек еткені, екі жүздің нақ шекарасынан шығып, солардың дауын шешетін Орта жүздің белгілі биі болып жантая жатқан түрі сияқты еді бұл. Осы шекарада күмбезін тікті. Жақсының денесі өлсе де, аты өлмейді. Түркістан да қашық емес. Шегендей екі өлкеден орын алып, топырағын қалдырған қазақ жоқ. Бірінде иісі, бірінде тәні жатыр. Қазақтың аманат етілген ұлы, үш жүздің ақылымен қазақ жерінен торқалы орнын тапты.
Бектеміс туралы аңыз әңгімелер
Бай болғанымен Бектеміс сауатсыз адам болған, малының, ақшасының есебін білместен кетіпті. Бай шаруашылығын басқарған кірекештері, приказчигі, малшылары көп болыпты. Қыздарын ұзататын, келін түсіретіндер де солар болған. Олар мыналар екен: Кіші жүз Керейіт руынан шыққан Мұхамедназар молда. Ол Бектемістің әрі молдасы, әрі кірекшісі болыпты.
Екінші сенімді адамы – Есназар руынан шыққан Майкөт. Бектемістің епті де жұмыр приказчигі – Мейірман руы Телеу. Ол байдың сансыз малын қырға да, ойға да айдатып саттырып, армансыз қызығын көріпті. Бектеміс әулетіне бұлардан басқа қызмет еткендер: Әлімбет руынан Шалағай, Тілеуберген, руы белгісіз – Бірмағанбет пен Ермағанбет (Хамидоланың әкесі), Қожамбеттен – Сәрсенбайдың Нүрпейісі («Дөңгелек ата») және Бәйтілеу (Үмбетейге күйеу). Бөбекейді жайлап отырғанда Бектеміс ен даланы қаптап жайылып келе жатқан малды көреді. Оған таң қалып: — Мейірман, мына құмырысқадай қаптаған мал қай жаппастікі болады? – деп сұрайды соңынан қалмайтын приказчигінен. – Байеке, кімдікі болушы еді? Сіздің малыңыздағы, — дейді. – Құдайекем сақтасын! Бозқасқа! – дейді Бектеміс бетін сипап құдайға құлшылық етіп. Бозқасқа сойылып, құран оқылады. Бүл рас әңгіме, ол өз малын өзі танымапты, білмепті.
Аудан болып бір Бектеміске жетпеген
1946 жылдың жазы. Әскер қызметінен босап, Алматыға келген уақытым. Торғайдан Алматыға жасымнан бері ағамдай көретін атақты ақын келді. Қайнекей екеуі біздің үйге келіп, көп әңгімелестік. Елден кеткелі, 1931 жылдан кейін көрмеген едім. Сағынып калыппын. Қу тілді ақын аға күлімдей қарап:
— Сен атаңның байлығының жүз жыл өткесін Торғай жігіттерін бір састырғанын естіген боларсың?
– Әлдеқашан қураған сүйек кімге дәрі болушы еді? Ол қандай еді жұртты дүрліктіретін? Түсінсем бұйырмасын, — дедім.
— Онда тыңда мына қызықты, — деді ақын. — Өткен жылы Торғайға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Шаяхметов Жұмабай келді. Аудан активін жинап, жиналыс өткізді. Торғайлықтардың ежелден күнкөрісі – мал екені белгілі. Егін екпеген, ептеп тары салғаны болмаса. Осы жайды Жұмекең баса айтты да, «елдеріңде бай болды ма бұрын» деді?
— Болды. Көп болды малды байлар, сонау Бұхараға дейін малын айдап, саттырғандары да болған.
– Қанша жылқысы болыпты?
— Төрт-бес мың деседі ғой.
— Ал қазір ауданда қанша?
— Төрт мыңға жетпейді.
— Қай байда соншама жылқы өсіпті?
— Тосын болысындағы Бектеміс байда.
— Солай деңдер, жігіттер. Осыншама актив отырып, бүкіл бір аудан болып бір Бектеміске жете алмағандарыңа ұялмайсыңдар ма? Аудан болып – бір ғана байға! Осыны ұғасыңдар ма, ет жегіш белсенділер?! Масқара бұларың! Малды Торғай – малсыз Торғайға айналыпты. Аудан болып бір байға! Айтуға аузың бармайды, — деп аудан басшыларын састырды.
Ақын мұны айтқанда ызалана сөйледі.
— Көрдің бе, жалғыз сенің атаңа да жете алмай отырғанын ауданымыздың? — деп маған ажырая қарады.
Ақын дегенім ата-бабасы Бектемістің ауылында өскен Майкөттің немересі – Нұрхан ақын еді. Бұл шақта ол Торғай поселкелік Советінің председателі қызметін атқарушы еді.
Тура биде туған жоқ
Туыстыққа тартпайтындықты дәл білдіретін бір билікті айта кетейік. Мұсаның Шүкәман деген баласы болған. Беделді, ауылды аузына қаратқан кісілердің бірі. Оның баласы Ещан қажыға барған, би болған адам. Еңгезердей, денелі, мықты болған, өмірінде жеті қатын алған адам. Бір жолы Ещан жасырақ кезінде күшіне сеніп, бір қонаққа күш көрсетіп, ұрып салыпты. Жаман, бұрын-соңды Дәуітбай әулетінде болмаған жағдай. Не істеу керек? Ещанның үстінен елге әділдігімен аты шыққан Қазыбек биге шағым түседі. Сіздің туысыңыз мені өлтіре ұрды, әділдігін айтыңыз дейді.
Қазыбек өте әділ атанған би,Шеген батырдың алты ұлының тұңғышы. Кезінде бәйбіше Арғынның атақты биі Аққошқар Қазыбек туралы «Әділ биге жүгінсең – Бірімжанның Қазыбегіне жүгін» деп әділ бағасын берген болатын. Қазыбек би өзінің бауыры – Ещанды шақыртып, арызшыны қасына ала отырып, жиылған жұрттың көз алдында Ещанды бақанға кергізіп қойып сабатады. «Кісі ұрған деген осылай болады, — дейді би Қазыбек, — біліп ал ожар Ещан!».
Ещанның Белгібай деген құрдасы болыпты. Сол арада көп ортасында отырған Белгібай өзінің құрдасының байлаулы жатқанын көріп ішек-сілесі қатқанша күледі: — Пай-пай! Шіркіннің аяқ-қолын байлап тастаған арыстандай серейуін-ай! Мыңқ етер емес! Қайсарсың-ау, Ещаным! Күржіген денесіне қарашы, әне! Құдды тарлан емес пе!? – деп Ещанға өлгенше риза болады.
Міне осы жағдайдың өзі де Қазыбектің өте әділ болғанын, билік айтуға келгенде әділдікке ғана жүгінетінін айқын көруге болады. Содан ел арасында: «Әділ би болсаң – Қазыбектей болыңдар» деген аңыз тарап кетеді.
… «Тура биде туған жоқ » деген осы болар.
Шегеннің күмбезі
Бұл күмбез жайындағы әңгімені мен ертеден естіп жүргенмін. Сапарым түсіп, 1964 жылы жазда туған жерім Торғайға бара қалдым. Жиылған жұрт «Сен жолға көбірек шығады екенсің. Қызылорда жаққа бара қалсаң егер, сол батыр атаның басына бармайсың ба?» деді. Көңіліме қона қалды. Осы заманда Қызылордаға барудан оңай ештеңе жоқ, ат сабылтып бір ай жүрмейсің. Самолетке отырсаң, лезде топ ете сүсесің.
Сонымен, 1964 жылдың октябрь айы туып, жолым Қызылордаға түсті. Облыстық баспасөз басқармасының бастығы Сүлеймен Сеитовтың үйінде өзіммен бұрыннан жолдас болып жүрген, Қызылорданың қыпшағы, қыр мұрынды, толықша келген келбетті досым – Тілеулиев Маңдайға жолықтым. Маңдай десе, маңдай еді. Кере қарыс маңдайын кергенде көзі күлімдеп кетеді. Жолдас десе жарылып түседі. Адамды арбай да, алдай да біледі. Қашаннан кооперация қайраткері. Алматыда тұрғанда да араласып, баспадан кітап аударып жүретін-ді.
Әңгімеден әңгіме туып отырғанда құлағыма «Шеген көлі» деген сөз сап ете түскені. Тұра жармастым, іздегенім алдымнан табылғандай.
– Қайдағы Шеген көлі ол?
— Е, мына Бірқазан станциясының шығыс жағында сондай бір көл бар.
–Қасында мола бар ма?
— Моладан аяқ алып жүре алмайсың. Атамзаманғы бейіттер. Құм басып кеткен. Соның айналысы Шеген көлінің қамысы, сыңсыған мола.
Мен бірден шаруамды айтып салдым. «Шеген атаңның бір реті бола жатар» деп үй иесі столға шақырды. Келесі күні маған сол «Шеген көлі» түрткі болып, тынышымды алды. Ақыры сұрастыра-сұрастыра бірдеңеге іліккендей де болдым. Шеген күмбезінің ізі табылғандай еді. Оған жәрдемдесіп, күшін салғандар мыналар еді:
1. Тілеулиев Маңдай, Қызылорда Целлюлоза-картон комбинаты директорының орынбасары. Бірқазанда туған қыпшақ.
2. Нұралиев Асылбек, Қызылордадағы № 36 құрылыс училищесінің директоры, менің сол қаладағы 1-ші Май мектебінің мұғалімі болып істейтін бажам Балтабай Махамбетовтың қарындасының күйеуі. Ол да Бірқазанда туған қыпшақ.
3. Мырзабеков Жарылқасын, Сырдария ауданы, Киров Советі, Жамбыл атындағы колхоздың мүшесі, жасы жетпістен асқан қария. Ол Шегеннің күмбезін өз көзімен көрген. Өзі сол маңда туған қыпшақ.
4. Алтынбеков Әнөз, ауыл шаруашылық ғылымының кандидаты, күріш агрономы. Қызылордада 1931 жылдан бері тұрады. Түбі найман.Шегеннің немересі Әбдібек Бірімжановтың Уағиза деген қызының қайнысы, жасы алпыстан асқан…
Мырзабеков Жарылқасын ақсақал мынаны айтты:
— Шегеннің кім екенін, қай рудан екенін біле қоймаймын. Тек ел аузынан естігенімді айтайын. Шегенді Арқа жағының қазағы деседі. Руы — Арғын. Бір заманда балалары Шегенді Бірқазанға аманат етіп қойыпты. Қырық жігіт қырық ту байталды жетектеп әкелген екен, соларды сойып, Шегеннің күмбезін соқтырыпты. Қазіргі «Шеген көлінің» басында екі күмбез тұратын-ды: Бірі – Шеген күмбезі, екіншісі – Топбай күмбезі. Топбайды да біле алмадым. Ол ара менің талай қой жайған жерім. Сонау жиырмасыншы жалдары күмбез тұратын-ды. Кейін құлап қалды. Күйген кірпіштерін әркім іске жаратты. Күмбез орны төмпешіктеніп қалды. Жандары толған төрт құлақ тамдар еді, олар да азып біткен. Бір кезде Шеген көлін Сырдың суы тасып құйып толтыратын-ды. Дария суы бөгеле-бөгеле ол көлге су бармай, қайырлап кеуіп те кетті. Бүгінде жай қамыс қана өседі. Менің білетінім осы шырағым. Баратын ойың болса атқосшы болуға дайынмын – деді.
Жарекең ұзын бойлы, ат жақты, ашаң келген көрікті кісі екен.
– Шеген нең еді? — деп сұрақ қойды.
– Туған шөбересімін. Арғынмын. Торғайда туғанмын, — деп жауап бердім.
— Торғай дейсің бе? Тұрағал. Ендеше, бір сөздің иіні келеді. Тыңдашы құлағың салып. Ел арасында көп тараған бір жәйт бар. Сыр бойында Меңдібай деген мықты кісі болыпты. Қай рудан екенін ұмыттым. Сол Меңдібай көшіп жүріп, көктем кезінде Торғайға барады. Өзеннен өтейін десе, арғындар өткел бермейді. Меңдібай қайсар адам екен, атын борбайлатып «өтемін» деп ентелей түскенде арғындар «Кет әрі, таяқ жерсің!» дейді. Ыза кернеген Меңдібай: «Ұрып қараңдар тек! Шегеннің моласын сабаласам да сендерге өшімді жібермеспін!» деп шіреніп, шалқая түседі. Мұны естіген арғындар сөзден жығылып, кешірім сұрап, өткелден өздері өткізеді. Мал сойып, бас тартады. Меңдібай да жолынан жығылмай, арғындарға қонақасы береді. «Білуімше, біздің қыпшақтарда Шеген деген болмаған. Арғын екені ақиқат» деп Жарекең әңгімесін бітірді. Оған да шүкір. Жарылқасын шал Шеген көлінің қасында тұратын болып шықты.
Қызылордада Кәрім Ещанов тұратын.Шалды ертіп Кәріммен ақылдастым.
– Ата сенікі ғой. Барып қайтамын десең еркің білсін. Әдейілеп келгесін, құр қайтпағаның мақұл, — деді Кәрекең. Оның атасы Шүкәман Шегеннің өзіне тете інісі болатын. Сондықтан да Кәрімнің іші жылиды. Қанша осы шаһарда тұрып, Шеген атасын сұрастыра жүрмегеніне өкінді.
Шегеннің күмбезіне баратын жолды шалдан анықтап алғанда былай болып шықты.
1. Қызылорда.
2. Тасбөгет поселкесі – сегіз километр.
3. Тас-Арық – үш километр.
4. Бірқазан темір-жол стнциясы – жеті километр.
5. 14-ші разъезд – он алты километр.
6. Шеген көлі – он екі километр.
7. Бұлардың бәрін Қызылордадан бастап есептеу керек, сонда қашықтығы шамамен 45-50 км. жер. Шеген моласы қара жолдың үстінде, жол ернеуінен екі метрдей. Шегеннің Бірқазанда жатқанына Торғай-Қызылорда болып түгел куә. Ол станция Ұлы жүз бен Кіші жүздің шектескен аймағы. Шегеннің сүйегін Бірқазанға жеткізгенде сол маңдағы қыпшақтар, қожалар, жаппастар / алшындар, алтындар, бесбалуандар/, шөмекейлер Бірімжанға ақыл береді: «Түркістанға жеткенше қыс түседі. Қайтарда елдеріңе жете алмай қаларсыңдар. Сүйекті осы екі жүздің түйіскен жеріне аманат ет. Хазірет Сұлтанға келесі көктемде жеткізерсің» дейді. Бірімжан жергілікті халықтың сөзін тыңдап, әкесін тағы да аманат етеді. Осы арада ескеретін бір жәйт бар. Бірқазандақтар Шегенді әңгіме еткенде «аманат қойылған Арғын» дейді екен. Сонымен, Шеген Мусин екі мәрте «аманат» жерленген – бірі Торғайда, екіншісі – Бірқазанда. Торғайда – белгісі, Бірқазанда – сүйегі.
Ертай ҚАРАБАЛА