Арқалық қаласындағы жекенің қолына сатылып кеткен әуежай жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен 9,5 млн теңге қаражат бөлінгені туралы айтылды. Алайда іс жүзінде 8 айда ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
«Өткен жылы Үкіметтен әуежайдың жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен ұшу-қону жолағын, жермен жүру жолын, перронды, аэровокзалды және әуежай инфрақұрылымын тексеру үшін 9,5 млн теңге қаражат бөлінді және әуежай инфрақұрылымын қалпына келтіру және жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жүргізудің орындылығы айқындалатын болады деген жауап келген. Одан бері міне 8 айдай уақыт та өтіп, біз бірнеше рет сол өңірге барып сайлаушылармен көптеген кездесу өткіздік. Бірақ әуежай төңірегінде қандай да бір тексеру жұмыстары мен іс-шаралар жасалып жатқанын көрмедік», — деді депутат Роман Склярға жолдаған сауалында.
Депутаттың айтуынша, керісінше, әуежайдың ауадай қажет екеніне одан сайын көз жеткіздік. Әсіресе, су тасқыны болған кезде бұл анық байқалды.
«Сол кезде су ортасында қалып қойған ауылдарға авиакеросиннің жоқтығына байланысты басқа өңірлерден барған тікұшақтар дер кезінде жете алмай тұрып қалған. Сонымен қатар Арқалықтан науқас адамды облыс орталығына жеткізбекші болған санитарлық авиация ұшағының апаттық жағдайда еріген қар суына қонып авиациялық оқиға орын алған. Бұл жағдайлар өңірде бір толыққанды әуежай болуының орындылығын сөзсіз айқындап берді.
Соған қоса біздің былтырғы депутаттық сауалымыздағы әуежайды қалпына келтіру үшін жаңадан ұшу-қону жолағын салмай-ақ, бұрынғысын жөндеуден өткізіп, кіші және орта авиацияны қабылдауға инфрақұрылымдық нысандар салу жеткілікті болар еді деген сөзіміз де осы жазда расталды. Оған Чехиядан екі әскери жүк тасымалдаушы ұшақтарымен Арқалық әуежайынан қалған орынға (кертағы) керқұландардың келуі дәлел бола алады», — деді ол.
Еске салайық, 2023 жылдың желтоқсанында депутат Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық логистиканы күшейту, туризм саласы мен шағын және орта бизнес жұмысын жандандыру үшін Арқалық қаласының бұзылып, жекенің қолына сатылып кеткен әуежайын қайта қалпына келтіру қажеттілігі туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдаған.
Фото: ашық дереккөз