Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына!
Қымбатты еститін Үкімет!
Осыдан бір жыл бұрын осы «әлеуметтік желіде «Ақсақаловқа алты сұрақ» деген жазба жарияладым. Бірақ жауап болмады. Мейлі жауап беруді «мәртебелі әкім мырза» лайық көрмесе де Торғай өңіріне деген көзқарас өзгеріп, жұмыстар жүргізілсе болды ғой деп сабырға келіп күткен болатынбыз. Алайда үміт ақталар емес. Қыс басталмай жатып Торғайда жарық сөніп, қазандық жарылып , балалар уланып, алғашқы айда Амангелді ауданында екі төтенше оқиға болып бес адам өлді. Соңғысы Қарынсалды ауылындағы қайғылы жағдайдан соң күйіне отыра Ақсақаловтың бірің өліп , бірің қал деп қыңбайтынын көріп айналайын ЕСТИТІН ҮКІМЕТ өзіңе үшбу хат жаздым.
Қарынсалдыда 4 адам — 3 бала мен атасы иіс тиіп көз жұмды. Балалардың әке-шешесі мен аман қалған бауыры Арқалық қаласындағы ауруханада. (Қайтқан баланың біреуі ғана оқушы, қалған екеуі мектеп партасына отырмастан кетті) Жылда қыста осылай өмірдің есігін жаңа ғана ашқан балапандар өртте жанып кетеді немесе иіс тиіп уланып өледі. Қашанға дейін қыс түссе отынға балалар жаққандай болып отыра береміз? 30 жыл бойына ұрламай-жырламай, бір отбасы мен оның айналасындағы аз ғана топты байытпай Қазақстанның қойын-қонышы толған қазынасын өз еліміздің өркендеуіне жұмсағанда Қазақстанның ең түкпіріндегі әр ауылға дейін жәй тас, асфальттан емес ау алтындап жол салып тастап, 20 млн қазақстандықты бөліп-жармай тегіс пәтерлі ғана емес,толық үй-жайлы етіп, оның ішіне газ кіргізуге болатын еді. Бүгінде Торғайдың бірде бір ауылында газ жоқ. Тартылатын түрі де көрінбейді. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан Қазақстанның байлығы қашан елдің игілігіне жұмсалады? Ұрлық қашан тиылады, күн сайын қысып бара жатқан қымбатшылықтан қалай құтыламыз деп абдыраған халық енді не істеуі керек?. Ал облыс басшысы болса берген уәдем, айтқан сөзім орындалмай қалды деп еш қысылмайды. Жауап та бермей, назарын да салмай алшаң-алшаң басып жүре береді. Мәселен, менің былтырғы сауалдарымдағы көптеген дүние солай басы ашық күйінде қалған. Арқалықтағы «Наурыз» алаңы мен «Кеншілер сарайы» бойынша жұмыстар жүргізілуде, ал қалғаны көңіл көншітпейді.
Сөзім жалаң болмауы үшін былтырғы алты сұрақты қаз-қалпында осында тағы салайын.
«Ақсақаловқа алты сұрақ
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мырза!
Облыс орталығынан шалғайда жатқан Жангелдин ауданында болып жұртшылықпен кездесіпсіз. Бәрекелді, халықпен жүздесіп, көпшілік көкейіндегі сұрақтарына жауабын алды ғой деп қуанып қалдық. Расымен, облыс орталығына елдің бәрінің аяғы жете бермейді, әрі барғанда да жүздесу оңай емес, қабылдауға жазылудың өзі машақат, алдымен салалық жетекшілерге кіріп, мәселе шешілмесе құзіретіне сол сала бекітілген орынбасарға кіресің, оның барлығына қанша уақыт керек, ал мына жерде құдайдың рахаты, облыс әкімінің өзі кездесуге келіп тұр. Алғыс айтамыз.
Алайда Астанада отырып облыс әкімінің ЮТУБ арнасына салынған есебін көрген соң көкейде сан сауал туындады.
Біріншіден, Құмар Іргебайұлы, ауданға неше ауылдық округ қарайды? Солардың барлығының өкілдері кездесуге қатысты ма?
Келмесе, келе алмай қалған себептері қандай? Қандай ауылдар қатыспады?
Екіншіден, Кездесуде осыған дейін облыстық БАҚ тарда жарияланып жүрген, жұртшылық онсыз да хабардар облыс көлемінде ашылып жатқан немесе жобаланып, нақты қадамдары басталған, инвестициялар тартылған жобаларды слайдтармен әрлеп тұрып тағы да көрсеттіңіз, алайда соның бірінде Жангелдин ауданының экономикасын ілгерілететін бірде бір жоба қарастырылмапты. Бұлай қалыс қалуының себебі неде?
Үшіншіден, ауданды газдандыруға көрші Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының Жангелдин ауданының Шақшақ Жәнібек ауылынан 45 шақырым жерге Мамыр ауылына келіп тұрған газды Торғайға тарту мәселесін көтергенде, оған өз баяндамамда тоқталамын деп, қайырып тастап, өзіңіз слайдтармен көркемдеп тұрып газдандыруды айтқанда Президенттің газ мәселесін шешуге оң көзқарас білдіріп, нақты тапсырмалар бергенін айттыңыз, бірақ оның қай жолмен жүретінін, Жангелдин ауданына қай жылы газ тарту жоспарланғанын тіліңіздің үстіне салмадыңыз. Халықтың күткені нақты жауап еді. Ырғыздан Торғайға газ тартыла ма, әлде Архимед уақытында бетін күрт бұрып, Торғайға сырт беріп Алтынсарин ауылы арқылы өтіп кеткен теміржол кейпін киіп, тағы да Торғайға теріс айнала ма? Сұрақ қойылды, жауап қандай?
Төртіншіден, Торғайдың экономикалық дамуы, халықтың тұрақтауы үшін жол мәселесі өте өзекті. “Келесі слайдты көрсетіңіз, Жол мәселесі”, дегенде залда отырғандар түгіл Ютубқа үңілген біздің жүрегіміз лүпілдей соқты. Бірақ сіз тағы да жалпылама сөзбен алдап кеттіңіз. Білесіз бе, сіз Торғайға барғанда ауа-райының қолайсыздығынан жолы жоқ ауылдар кездесуге бара алмай да қалды ғой. Ал сіздің сөзіңізде Жангелдин ауданында биыл мына ауылға, ендігі жылы мына ауылға жол тарту ойда бар дегенді ести алмай пұшайман болдық қой. Әлгі басталып, бітпей қалған Ахмет ауылының жолы жайында да ләм деп ауыз ашпадыңыз. Немесе облыстағы осы саланы басқаратын лауазым иесіне халыққа аудан ауылдарындағы жол жағдайы бойынша түсінік бер деп те орнынан тұрғызбадыңыз. Ал Олжас Нұрғалиев мырзаның есебі бойынша Жангелдин ауданы жолы нашар аудандардың қатарынан емес көрінеді. (Бұл жайында облыстық “Қостанай таңы” газетінен оқып білдік).
Шынына келгенде ауылдарда жол жағдайы аса қиын күйде. Мәселен, аудан орталығынан алыс Шилі ауылы мен Қамысты ауданының Аралкөл бұрынғы Бестау ауылы арасындағы жолмен өзіңіз немесе Нұрғалиев мырза жүріп көрсін. Екі арадағы 80 шақырымға белді көліктің өзі 8-10 сағат жүреді. Ал бұл Шилі, Милісай ауылдарының Қостанай бағытына жүретін жалғыз жолы! Әулиекөл ауданының тұрғыны Заекин деген астық өсіруші кәсіпкердің ауыр жүк көліктері тіліп тастаған жолдың қырлары пышақтай. Қазып тастаған ормен, пышақтай орып түсер қырлармен көлік жүре алмайды. Осындай жағдайлар, дірілдек, шифр тәріздес ұсақ толқынды жолдармен өзіңіз, сосын Нұрғалиев мырза жүріп көріп, сосын барып ақпар бергені жөн болар еді. Сіз жол мәселесінде оң өзгеріс бола ма деген аудан тұрғындарының үмітін күлпарша еткеніңізді сездіңіз бе? Әлде көзіңізге Көлқамыстан басқа ауыл түспей ме?
Бесіншіден, Торғай өңірін дамыту жөнінде бір нақты дерек айтпағаныңызды қалай түсінуге болады? Торғай өңірін дамыту үшін екі шаруаны шешу керек деп зар жылағалы біраз жыл. Ол-жобасы мен қаржысы даяр Орталық-Батыс автомобиль жолы мен Ырғыздан- Торғай-Амангелді-Арқалыққа газ тарту. Ақтөбеден газ тартуда Ресейге тәуелді болмас үшін мемлекет басшысы жыл басында Қостанайға келгенде тапсырма берген, бірақ бұл жобаны Торғай арқылы емес, айналып шекарамен Жетіқара-Денисовпен тартқалы жатыр деп естідік. Әкім баяндамасында Торғай өңіріне 25 млрд қаражат бөлдік үкіметпен бірге деді, былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп деді. Бұл 25 млрд Арқалық-Державинск арасына сапасыз салып бітпей қалған жол ма, Арқалықтың шала салынған болашағы бұлыңғыр ТЭЦ-іне жөндеуге берген қаражат па, Наурыз алаңына жартылай төселген брусчатка ма, бастамай жатып мердігері қашып кеткен Кеншілер сарайы мен қала іші жолдары ма, әлде Торғайда Шилі мен Ахмет ауылында су шайып кеткен тоғандар ма, Шеген ауылына салып батпаққа батып кеткен су құбыры ма? Мүмкін көтерме жол етіп салатын жолды, сай етіп ойып Ақшығанаққа құмнан салған жол ма? Халық сізбен кездесуге жете алмай жатқанда жолы, газы жоқ Торғайға қандай инвестор келеді? Халық бейнетпен ыңыршағы айналып тіршілік жасап жатыр. Малының етін, терісін тапсыратын өзіңіз мақтаған Торғай ет пен тері комбинаты қайда, неге халықтан ет, тері қабылдамайды? Жарты жыл бұрын өзіңіз айтқан бір пайыз жеңілдікпен берілетін несиені қанша адам алды? Неге алған жан аз? Себебі неде? Үңіліп зерттедіңіз бе?
Алтыншыдан, жиналыста малмен жан бағып отырған халық биылғы күзгі жауыннан шөптер қарайып шіріп кетті, астықты аймақтарда шіріп жатқан бидайды СПК арқылы дихандардан тиімді бағаға сатып алып, алған бидайды малшыларға қарызға берсе диханға да малшыға да тиімді, үлкен көмек болған болар еді, деді. Оған сіз тиісті мән бермедіңіз. Айтылған өтініш сол жерде қалды. Жалғыз ақ Торғайдағы судың сапасы жайында нақты тексеру жасалатынын, қажет болса зертханалық талдаманы Астанадан тәуелсіз лабороторияларға жасату жайындағы уәдеңіз көңілге медет берді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, кешегі жиында өңірге қажеті жоқ деректер айтып, өзіңізді мадақтатып, соңы жиында отырған Ата мен Немерені қырылыстырумен аяқталғаны қалай болып кетті өзі? Рас, байыпты, сабырлы көріндіңіз, бірақ ол дүйім бір облысты басқарып отырған саясаткер басында болуы тиіс қасиет деп бағаланса керек.
Сіз той генералы емес, өңірді дамытып, елді тәрбиелеп бағатын ел Ағасысыз-ӘКІМСІЗ. Ақсақалов мырза, сізге алты сауал тастадық, жауабын күткеннен басқа қайранымыз жоқ.»
Қарынсалды қалай қараусыз қалды
О баста Амангелді ауданындағы Қарынсалды, Горняк берекесіз ауылдар емес еді. Тіпті Арқалық қаласына да қашық емес, Арқалық-Торғай тас жолынан да алыс емес. Алайда осы 40 шақырымнан астам жер алынбас қамал болды. Қыс түссе бұл ауылдан жалғыз көлікпен қасында серік машина болмай ешкім тысқа шықпайды. Себебі жол жаман, тұрып қалса хабар айтатын байланыс және жоқ. Ал ауылдың екіқабат келіншектері айы күні жақындаған сайын қылпылдап, жедел жәрдем көлігі жоқ жерде перзентханаға жете алмай қалармыз деп айлап қалада жатып толғақтың келуін тосады. Көлігі барлар селбесіп, уәделесіп жүріп жолға шыға алады, ал көлігі жоқтар ақшамызға да ешқайда шыға алмаймыз. Жол жаман деп такси қатынамайды, қоғамдық көлік және жоқ. Біз бір тастанды адамдар тәріздіміз дейді налып.
Ауылда тек мектепте ғана уайфай бар. Қалған жерде тасқұлақ. Сондықтан интернет мүмкіндігі де шектеулі.
Былтыр осы әлеуметтік желіде Қостанай облысының оңтүстік өңірі, Арқалық қаласына жұмыс сапарымен ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Бейсенгалиев Б.Т, Казанцев П.О, Смышляева Е.В, Шукижанова Д.А, Кучинская Ю.В және бірнеше министрліктердің өкілдерінің барғаны жазылды. Сол жолы «Мәжіліс депутаттары іс-сапар аясында шалғайдағы ауыл Қарынсалды халқымен кездесу өткізген. Желі қолданушысы, «Аманат» партиясының мүшесі, Облыстық мәслихаттың депутаты Қырмызы Жанбуршина жазбасында:
«Халық саны 140-тай , шағын ауылды негізінен ауыл шаруашылығы асырап отыр.
Мектеп жұмыс істеп тұр, ауыз су қат емес, тек интернет пен жол мәселесі ғана қиналтып тұр дейді ауыл тұрғындары.
Осы ауылда егін шаруашылығымен айналысып жатқан бірнеше шаруа қожалықтары бар.
Әзірге ол қожалықтарда жұмыс жасайтын адамдар бар.
Бірақ жол мен интернет байланысының болмауының кесірінен ауыл тұрғындары көшіп кетіп жатыр екен.
Қыс және көктем кезінде қалаға қатынау қиын.
Жастар да жұмыс істеуге келгілері келмейді.
Бүгін Мәжіліс депутаттары келіп, мұңымызға құлақ түруде деп ауыл адамдары риза болып қалды.
Сонда Қарынсалдыға барған Депутат Екатерина Смышляева ғаламтордың ғасыры жеткен заманда шағын ауылдарға интернет жүйесінің қол жетімді болуын көздейтінін және осы бағытта Парламентте жұмыс тобы жұмыс жасап жатқанын айтқан.
«Ауылдағы адам санына қарамастан инфрақұрылым дамуы қажет деп есептеймін. Сол себепті, сәуір айынан бастап Кассат отандық спутнигін пилоттық жобамен осы ауылға қосып отырмыз. Ондағы мақсат, әлеуметтік маңызы бар нысандарды ғаламтормен қамту. Қазір қосып көрдік, шынымен вайфай істеп тұр. Алдағы уақытта әр үйге интернет жалғау мүмкіндігін қарастырамыз.»-деді депутат .
Леонов Василий, Республикалық ғарыштық байланыс орталығы басқарма төрағасының орынбасары Спутник арқылы қосылған интернет алдымен мемлекеттік қызмет түрлерін алу үшін жасалды дейді.
Бұл ауылда ешбір байланыс түрі ұстамайды. Шалғай жатқан ауыл болғандықтан интернет желісін не болмаса телефон байланысын тарту тиімсіз болып отыр, бірақ алдағы жылдардың жоспарында қарастыратын боламыз деді.
Амангелді ауданының бұрынғы әкімі Талғат Карбозов, үлкен трассадан ауылға дейінгі жолды жөндеу мәселесі 2024 жылдың жоспарына кіріп тұрғанын айтты.
Ауыл мәселесі,ауыл аманаты қашанда
«AMANAT» партиясының жіті назарында» деген Қырмызының постын оқығанда қарынсалдылықтар тәрізді алыстағы біз де қуанған едік. Бірақ бұл да жай сиырқұымшақтанып, алдарқата салған әңгімеге ұсқап кетті.
Үкіметтің дегені басқаша тәрізді еді
Қазақстан Республикасының Үкіметі, 2019 жылғы 13 қыркүйекте ауылдық елді мекендердің (АЕМ) дамыту әлеуетін айқындау үшін «Ауылдық елді мекендерді айқындау үшін өлшем шарттарды бекіту туралы» Ұлттық экономика министрінің № 81 бұйрығы қабылдаған. Онда қай ауылдық елді мекендерге басымдық беруді анықтау үшін тиісті көрсеткіштерді есептеу әдістемесі мен моделі негізге алынып, ауылдық елді мекен блоктары мен бағалау өлшемдері қайта қаралған. Критерийлер 15 жиынтық көрсеткішті қамтитын 4 блокқа бөлініп ауылдың демографиялық, инфрақұрылымдық, экономикалық және геокеңістік жағдайы қарастырылуы тиіс-тін.
«Әдістемені әзірлеу кезінде бағалаудың 150-ден астам көрсеткіші, оның ішінде халық санының өсу серпіні, мал мен өсімдік шаруашылығы, халықтың жұмыспен қамтылуының өсу серпіні, олардың ірі елді мекендерге жақындығы және т.б. қаралды. Осыған сүйене отырып, ауылдық елді мекендер санаттары даму әлеуеті жоғары, даму әлеуеті орташа және даму әлеуеті төмен жиынтық балл негізінде айқындалады», – делінген. Яғни, «болашағы бар», «болашағы жоқ» санаттары ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін есептеуге арналған әдістеме критерийлеріне сәйкес анықталмақ. Ал мына видеодағы халқы қиналып отырған Горняк, Қарынсалды ауылдары жері құнарлы (100 мың га дай 60 қа жуық шаруа егін егеді) өзені, сапалы жер асты бұлағы бар, темір жолға 40 шм, Торғай облысы кезінде сапалы мол астығымен облыста нөмірі 1-совхоздар болған ауылдар еді. Тіпті ауыл тұрғындары айтқандай аудан бюджетінің көп бөлігін әлі күнге толтырып отырған осы екі ауыл. Сонда Үкімет бекіткен кретирийлер қайда қалды? Неге Қарынсалды болашағы жоқ ауылдың қатарына өтіп кетті? Әлде Үкіметтің дерективасын орындамай, кері жұмыс жасап, болашағы бар ауылды жаба беруге бола ма?
Видеодан аңдаған боларсыздар тұрғындардың көбі жастар, олардың осындай қолайлы жерден көшкілері келмейді. Тек үкімет назар аударып жолын дұрыстап, байланыс орнатып, жедел жәрдем көлігін берсе дейді.
Сосынғы бір проблема мал жайылатын жердің тапшылығы. Шаруа қожалықтары ауылдың іргесіне дейін егін егіп тастаған. Бір шақырым жүрсе егін басталады. Мұны да ауыл тұрғындары өздігінен шеше алмайды.
Ойланып отырсам, Ақсақаловқа 6 емес ау, 60 сұрақ қоятындай мәселе Торғай атырабында өте көп. Бірақ көнбіс халық жолымызды дұрыстап, газ тартып берсе басқасын өзіміз ақ жасап алар едік. Қашан Қостанай облысының әкімі Торғай өңіріне оң көзімен қарайды? «Оңтүстік аудандар» деп алалап, бөліп тастайтынын қашан қояды? Ал егер шынымен керексіз аудандар болса бас тартсын да қалетінен келсе дейді.
Неге иіс тие береді?
Шұбаркөл ашыларда торғайлықтардай қуанған адам жоқ шығар. Шұбаркөлдің көмірін тасу үшін теміржол салынады, сол арқылы арзан әрі сапалы көмір аласыздар өйткені көмірдің өзіндік құны төмен, ал бағасының арзан болуының басты себебі шикізат ретінде арзан кокс ұнтақтары мен қазір жанып жатқан кокс газын энергия тасымалдаушысы ретінде пайдаланудан. Бұл өндірістік қалдықтарды кәдеге жаратудың өте маңызды проблемасын шешуге көмектеседі, әрі өңірдің дамуына оң әсері болады дегенге құдайдай сенген торғайлықтар мейлі Шұбаркөлдің иесі жекеменшік екендігіне қарамастан мемлекет бөлген бюджеттің қаржысына теміржол төселуіне де разы болған
Осылайша 2012-2015 жж Мемлекет қазынасы есебінен 215 шм Арқалық-Шұбаркөл темір жолы салынды. Ол кезде, 2012 ж Шубаркөлдегі кеніште 1 тонна көмір 6 мың тг тұратын. Арқалыққа жеткізгенде автомен- ол 9 мың т, Торғайда 10 мың тг еді. Сол уақыттағы (облыс әкімі Н.Садуақасов) жаңа темір жол салғанда көмір құны екі есе арзандайды 4,5- 5 мың тг болу керек дегенін естігенде жұрттың арқасы біраз кеңіп қалған-ды.
2021-22 жылдың қысы келді. Шұбаркөл кенішіндегі көмір бағасы бұл уаққытта өсіп 9000 тг болды да ал ол Арқалықтағы ТЭЦ ке 15100 тг шарықтап жетті, 6100 тг бір тонна көмірді т/ж тасымалдау, көмір құнының 90% ( 35 мың тонна көмір сатып алған биржа құжаты). Осылайша арзандайды деген жәй ғана жалған сөз, орындалмас арманға айналып 10 жылда көмір Арқалықта 151% ке, ал Торғайда 18000 тг болып 180% өскен. Бүгінгі таңда Торғайдың өз басында көмірдің тоннасы 25 мың. Ал ауылдарға қандай бағамен жетеді? Әйтеуір өспесе төмендемейтіні анық. Ал Арқаның 6 ай қысында көмірсіз отыру мүмкін емес. Енді есептей беріңіз, бір ғана көмірге қанша қаражат жұмсалады.
Шұбаркөл бұрқылдатып ақша өндіріп, капиталистің қалтасын толтырып, ал жергілікті халыққа алтынға берігісіз бағамен көмір сатып жатыр. Бюджеттің қаражатына темір жолын төсетіп, миығынан күлген Еуразиялық топтың ұпайлары түгел.
Міне, интернеттен «Шұбаркөл Көмір» АҚ белсендірілген көмір өндіру зауыты толық қуатына шықты. Кәсіпорын жылына 1000 тоннаға дейін отандық абсорбент шығарады және импортты ішінара жабады. ТМД елдерінің аумағында әзірге мұндай зауыттар жоқ» деген ақпаратты тауып алдым.Бірақ пайдасы қарапайым халыққа тимей жатыр.
Ал осы бағасы алтыннан бетер көмірді есепсіз кім жағады? Оны кімнің қалтасы көтереді? Амал жоқ, көмір қызуын үйде қалдырсын, жел қуып алып кетпесін деп пештің түтін шығарар маңдайшасын еңкейтеді. Осылайша үйдің ішіне көмірқышқыл газы жиналып, адамдар уланады. Кетті әне құрбан болып 3 бала.
Желі қолданушысы сол ауылдан шыққан Рәзия Бикенова былай деп жазыпты:
«Мен өзім соңғы 10 шақты жыл ішінде екі рет болдым Қарынсалдыда, табиғаты көркем, адамдары керемет, мал-жаны тоқ ауылдай көрінді. Теміржолға 40 шақырым (Державин — төте жолмен тиіп тұр), іргеде ағып жатқан өзені, жер асты бұлағы бар. Бір жаманы, сол екі сапарда да енді бармастай болғам, өйткені анадай жолмен жүру — қияметтің қияметіндей көрінді. Арқалық — Торғай тас жолының Тасты ауылы тұсынан оңға бұрылатын 45 шақырымдай жолмен күнделікті аудан, қалаға қатынап, тірлігін атқарып, шаруасын тындырып жүрген қарынсалдылықтар мен горняктықтардыкі нағыз ерлік екен дедім. Былтыр келген облыстық мәслихат депутаттары уәдені үйіп-төгіп кетіп еді дейді жақын келінім. — Жол да болады, байланыс та орнатылады деп. Тіпті, жол мен байланыс қызметінің тендерін ұтып алғандардан хабардармыз, ал жыл болса аяқталып қалды, ол қаражаттың игерілмейтін түрі бар, қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды.
Аудан, облыста өтетін шараларға мектеп оқушыларын апарып қайту біз үшін- қиямет-қайым. Балаларды қатарынан қалдырмай, танымын арттыруға, дамытуға, елмен араласуға қатынау үшін мүмкіндігіміз шектеулі.
Ауылдасымыз Петрдың отбасы мынадай жағдайға душар болды. Үлкен қызы менің класымда еді… Байланыс болып, жедел жәрдем уақытында жете алса тірі қалар ма еді?.. Үзіліп түсті жас жапырақ, көктемей жатып жұлынды. Біздің жолмен тез жүру деген жоқ, осы 44 шақырымды тез дегенде 3 сағаттан артық жүреміз. Ал боранды, жауын-шашынды күндердегі жүрісті айтпай-ақ қояйын.
Бүгінгі әлеуметтік желіден келіп жатқан ауылдастардың анық жанайқайы — видеодан аңғарылатыны: өз күндерін өздері көріп отырған жұрт(қазір ол видеоны қосымша қылып осында жүктеуге тырысам). Қатар екі ауылдың жерін еміп отырған қожалықтардың дені бөтендер, яғни елге жаны ашымайтын, тек майын қалқып ішетіндер. Ауылдағыдар Бақытжан, Жандос Тілеубаевтар, Бауыржан деген азаматтар ғана халыққа қарасады деп отыр. Басты проблема: жол, байланыс және ауыл іргесінен радиусы 1 шақырым жерден басталатын егістік есебінен қысқарып қалған жайылым мәселесі. Малымызды тоғай-тоғайдың арасына, өзен бойына аңдып жүріп жаямыз. Егінге шығып кетсе, штрафпен ұрады дейді. Қоғамдық көлік депті, ол жол мәселесі шешілсе қиын бола қоймас.
Енді облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен аудан әкімі Қанат Кеделбаевқа және аудан, облыс мәслихаттарына сауал: осы мәселелердің шешілуі облыс, аудан үшін қаншалықты қиындық тудырады екен, соны білгіміз келеді. Президенттің өзі елді өркендетеміз десек, ауылға басты назар аударуымыз керек дегенді меңзеп отыр, сіздер қолдайсыздар ма бұл көзқарасты?
Пы/сы: Қарынсалдыдағы туыстарыма бүгінгі ауыл бейнесінен суреттер жіберіңдерші деп жазсам — оқымай жатыр, өйткені байланыс жоқ. Тек мектепте ғана күндіз мүмкіндігі шектеулі интернет сабақ уақытында қосылады… сондықтан Қарынсалдының суреттерін интернеттен алуыма тура келді» дейді. .
Құрметті Еститін Үкімет!
Бүгінде Торғай өңірінде қордаланған мәселелер жетерлік. Қарынсалды соның бір мысалы ғана. Қаншама ауыл жолсыз, ішер сусыз отыр. Тіпті Үкімет ақша бөліп салдырған бөгеті жыл болмай жырылып, малы мен жаны бір құдықтың суына қарап қалған, не жолы, не интернеті жоқ Шилі тәрізді ауылдары бар. Қаншама ауыл ащы су ішіп, қаншама ауыл байланыссыз, алты ай қыс жол жоқтығының зардабын шегуде.
Отбасында да өз шаңырағы болмаса берекенің азаятыны тәрізді «Оңтүстік аудандар» деп бөліп тастайтын Қостанайдың қолына қайта-қайта көшіп келе беретін жадау тірлікті Торғай өзінің жеке облыс болуын қалайды. Семей мен Ұлытауға бұйырған бақыт Торғайға қашан келер деп алаңдаған жұрттың ең алдыңғы кезекте мына мәселелерін шешіп берсеңіздер:
- Торғай өңірінің халқы «Орталық – Батыс» көлік дәлізі құру жобасы бойынша автожол салу және реконструкциялауға 2016 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге жұмсалған, дүниежүзілік банктен 977,86 млн. доллар резервтелген жол құрлысының басталуын тағатсыздана күтуде. Еліміздің орталық және батыс өңірлерінің, оның ішінде Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарының дамуына ықпал ететін осы жол қашан салынады?
- Ақтөбе облысының Ырғыз ауданының Мамыр ауылына жетіп Жангелдин ауданына 45 шақырым жерде тұрған газды Торғай өңіріне жеткізу мәселесі шешілсе. Оңтүстіктегі ауылдарға Ақтөбеден газ тартылса, солтүстік және солтүстік батысына Әулиекөл ауданын қамтыған газды Торғай тарапына бұрса деген өтініш бар. Бұл екі өтініш барша Торғай жұртының айта-айта жауыр болған мәселелері.
- Торғайдың қазба байлықтары бойынша, атап айтқанда Маятас жерінде бағалы металлдардың біраз уақыт пайдасын көріп, тастап кеткен орындар ашық-шашық жатыр. Соларды өндіріске айналдыратын жағдайын Үкімет қарастырса.
- Торғай туризм үшін таптырмайтын өлке. Әлемдегі 8-ші керемет деп айтылып, ғалымдарды таңдандырған геоглифтер, (қамқорлықтың болмағанынан кейбірі жол салу кезінде бұзылып кеткен) көптеген табиғи және тарихи ескерткіштері, аң-құсы жыртылып айрылатын Торғай егер көңіл бөлінсе бүкіл елдің туризмін алға сүйреп шаш етектен пайда әкелер еді. (Бұл ретте жолдың жоқтығы туризмді дамытуға үлкен кедергі).
- Алдағы 2025 ж. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығы. Жазықсыз жаза тартқан ердің 140 жылдығының өз туған жерінде (Жангелдин ауданында) аталып өтуіне Үкімет тарапынан көңіл бөлінсе. Оған жасалатын іс-шаралардың Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығындай жиналған халықты таратып, берекесін алуды қайталамай екі алыпқа Астанада ескерткіш ашылуын сұрайды. (Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты Астана қаласы бюджеттен қаржы бөлген ескерткіш салынбай, қаражаты кейін қайтарылған).
Елдің өтінішін жеткізуші Анар Төлеуханқызы Төлеухан, фото авторы — Мақсат Елібай