Торғайлықтар ұмыта алмайтын құйын

Торғай өңірінде болған оқиға да, дуалы ауыздан шыққан сөз де оңайлықпен ұмытылмайды. Оқиғаны көрген куәгерлер өсіріп айтсын, тасытып айтсын, әйтеуір бір шындықтың нобайы кейінгіге жетіп отырады. Жангелдин ауданында Шилі деген ауыл бар. Ол белгілі ақын Серікбай Оспанов секілді талай мықтыны ұшырған ауыл. Көз тігерге бұта жоқ, жусанды, кәдімгі сары дала. Ықтайтын ағашы болмағандықтан ба, желі қатты. Даланың желіне қанша үйренгенмен, сол алапат құйын аға ұрпақ өкілдерінің есінен әлі шыға қоймапты.

 

− 50-ші жылдардың ішін-де менің туған ауылымда құйындатқан қара дауыл соғып, ауылды есінен тандырған екен.

Мен онда Бестау деген жер де мектепте оқитынмын. Бөлеген баласымен бірге бесікті, күбіні домалатып кетіпті, − деп әңгіме тиегін ағыт қан Серікбай аға. Құйынның күштілігі сондай, аламан-тасырдан ауылдағылар не болып, не қойғанын білмей қалса керек. Ол кезде қай ауылда да көбіне киіз үй, қос тігіп отыратын. Құйын киіз үйлерді жығып, нашарлау қостарды ұшырып, сүйретіп тастаған. Дауыл басылған соң, Бекболат деген кісінің үйіндегілер «бесік қайда?» деп бір-бірінен сұрайды ғой. Құйын көтеріп әудем жерге апарып тастаған бесікке жанұшыра жүгіріп барса, бала сап-сау, ішінде уілдеп ойнап жатыр дейді. Сол бала Жетпісбай Бекболатұлы − қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің кафедра меңгерушісі, профессор.Осы әңгімені естісімен біз Алматыдағы Жетпісбай ағамызға хабарластық.

− Иә, біздің Шиліде құйын датқан қара дауыл 1956 жылы болыпты. Менің бір жас шамасындағы кезім екен, бесікке бөлеп тастаған ғой. Өзімнің Шәрипа әжем сол апаттан «періште қағып» аман қалғанымды айтып отыратын, – дейді Жетпісбай Бекболатұлы. Біз сол құйынды дауыл туралы білетіндерді одан әрі іздестірдік. Ол кезде ойынға тоймай жүретін балалардың өзі бүгінде жетпіс пен сексеннің ара сындағы кісілер.− Мен сыртта оқуда болатынмын. Сондай дауыл, құйын қыркүйек, қазан айының шамасында болғанын ауылдастардың айтқаны есімде. Бесік тегі інім Жетпісбайдың денесіне сызат түспей аман қалғаны да, күбідегі қымыздың төгілмегені де рас. Ол кезде Шилінің бөгетінен су жіберіп, шаруашылық далаға қауын, қарбыз егетін. Құйын оларды пәлегімен, тамырымен қосып жұлып әкеткен. Біздің үйдің шаңырағы да, уығы да мықты болатын. Әдетте дауыл, қатты жел басталып келе жатқанда үйді төрт жағынан қазық қағып байлап тастайтын. Бұл жолы бірден көтерілген дауыл сол мықты үйді де жығыпты ғой, − дейді бүгінде сексеннен асып отырған Кәрімжан Бекболатұлы ақсақал.

Жетпісбай Бекболатұлы баланың қандай апаттан да аман қалуын Торғайдың қасиетті жерінің, бабалар әруағының жебегенінен деп біледі.− Осыдан оншақты жыл бұрын Шәрипа әжемнің Әділжан деген шөбересі 2-3 жасында ауыр көлік апатынан аман қалды. Бала көліктер бетпе-бет соғысқанда ұшып кетіп, тас жолға дін аман түскен, тіпті қолындағы шеміш кесінің өзі төгілмепті. Торғайдың рухани ұстаздары сонау ықылым заманнан ұрпақты имандылыққа тәрбиелеген, менің Шәрипа әжем де солардың алдын көрген тақуа жан болатын. Менің өз басымды, үрім-бұтағын асыл аруағы әлі күнге желеп-жебеп келе жатқандай сезінемін, − дейді Жетпісбай аға. Табиғаттың бізге ашылмаған тылсым сыры жетерлік.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА

egemen.kz

 

 

Мынаны да қараңыз

Арқалық қаласы, Аманкелді, Жанкелдин аудандарын дамытуға көп көңіл бөліп отырмыз — Құмар Ақсақалов

«Арқалықта самолет ұшады», «Торғайға газ келеді». «Арқалық институты университетке айналады». Бұл жағымды жаңалықтарды арқалықтықтар қалаға ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *