Бұдан да бұрын хабарлағанымыздай, облыстық ІІД Қостанай қаласы орталығындағы «Тополек» дүкенін тонаған күдіктілерге қатысты пікір білдірді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі«ҚазАқпарат»-қа сілтеме жасап.
Қостанай қалалық ІІБ тергеу бөлімінің бастығы Руслан Жұрқабаевтың айтуынша, оқиға 27 ақпан күні сағат 04:00 шамасында болған.
«Ұрылар дүкеннен 200 мың теңге ақшалай қаражатты қолды қылған. Қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкерлері осы іске қатысты 3 күдіктіні анықтады. Олар сол күні ішімдік ішкен, содан қылмыс жасау пиғылы пайда болған. Бүгінде олардың екеуі ұсталды. Тиісті шаралар қолданылуда» деді Р.Жұрқабаев.
Белгілі болғандай, дүкеннің күзетшісі мен сатушысы жеңіл дене жарақаттарын алған. Сатушы сол уақытта дүкен ішін жинастырып жатқан. Ұрылар келген кезде есік ашық тұрған.
Полицейлер із-кесу шаралары барысында бұрын сотталған 23-24 жастағы ел азаматтарын ұстады. Күдіктілер дүкенді тонаған соң Чехов көшесіндегі үйлердің аулаларында жасырынған. Мұнан соң таксимен Абай көшесіне барады. Ақшаны сол жерде бөліске салған.
Қазір полицейлер үшінші күдіктіні іздеп жатыр.
inform.kz