«Куттыалап — ужасное название…»

немесе Қостанай облыстық Ішкі саясат басқармасы кімнің мүддесін көздеп отыр?

«Өзің білме, білгеннің тілін алма!» Бұл қалмақ қарғысы деседі, расында бүгін бір жайт осы мақалды еске түсірді.
Біздің Тобыл-Торғай өңірі құстың қос қанатындай өлке ғой, облыстың жартысын Торғай өңірі алып жатса, қалған жартысын Тобыл аймағы құрайды. Алайда, Торғай өлкесінде облыс халқының 10 проценті ғана тұрады. Енді ол туралы айтпай-ақ қояйын, шешілмеген мәселелер туралы айтылып та, жазылып та жүр.
Дегенмен, облысымыздың дәулеті мен сәулеті күн санап өсіп отыр, бұрынғы тек аграрлық облыстан өнеркәсіптік-аграрлық өңірге айналды.
Сәйкесінше халық қай жерде жұмыс бар, сол жерге баратыны белгілі ғой, мысалы, Қостанай қаласының халық саны жедел өсіп отыр, қала іргесіндегі Затобол кенті халқы да күрт өсіп, қазіргі күні оған қала мәртебесі берілейін деп отыр. Оған, әрине, қуанамыз, осы сәтте кенттің бастамашыл тобы Затобол атауын ауыстырып, өзіміздің төл атауымыз — «Құтты алап» не «Тобыл» болса екен дейді.
Бұған кейбіреулер мұрын тыржита қарайтындай…
Әрине, түсінбейтіндерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, Елбасының, облыс әкімінің саясатын қолдауымыз қажет деп санаймын.
Бірақ, сол жұмыстың басы-қасында жүретін, еліміздің сындарлы саясатын жеткізетін мекеменің, яғни Қостанай облыстық Ішкі саясат басқармасының білдей бөлім басшысының Фейсбук парақшасында жазған пікірін оқысаңыз, жағаңызды ұстар едіңіз.
Түсінікті болу үшін Динара Қарымсақова ханымның өз сөзінен үзінді келтіре кетейін: «Ужасное название Куттыалап…»


Құдай-ау, қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің кітабын оқымаған бұл не қылған Ішкі саясат басқармасының қызметкері, басқа, басқа, дәл осы ханым білуі керек қой?!
Оны айтасыз-ау, одан сайын өрекпіп: «Не вижу ни одного жителя Затобольска или даже района. Позвольте нам самим решать» деп облыстың қазақы жұртын екінші сортқа теңеп, өзінің «коренная» екенін көрсеткісі келеді. Бұл енді нағыз қорлау ғой, біреуді дініне, тіліне, жынысына, мекеніне кемсіту заңмен қудаланатынын Қарымсақова ханым ұмытып қалды ма? Дәл өзге білмесе де, облыстың білдей бір басқармасында және нақ осы мәселелерге жауапты мекеме қызметкері Динараның білмеуі мүмкін емес қой.
Әлде бұл қарындасымызға Кеңестік идеология өтіп кеткен бе? Расында солай-ау, кешегі күні келмеске кеткен КСРО-ны аңсап, Қостанай көшелерінде митинг жасап жүрген кімдер, оған ерік беріп отырған тағы кімдер, мәселе қайда жатыр?! Қызықтың көкесін әлі-ақ көрерсіздер, мамырда Қостанай көшелері алабажақ ленталардан көз ашпай қалады.
Тағы бір мысал келтіре кетейін.
Бір қызығы, Қарымсақова ханым пиар саласының жілігін шағып, майын ішкен маман екен. Өкінішке қарай, бұл саладан алған білімі де таяз болып тұр-ау деген ойға қалады екенсің. Айтқандай, парақшасында бір де бір қазақ тілінде жазба жоқ. Сонда бұлар қазақтілді жұртшылықпен қалай тілдеспекші екен?!
Динара Қарымсақова ханым!
Алдымен ұшқары ой айтып, «ужасное название» дегеніңіз үшін кешірім сұрағаныңыз абзал болар еді. Жалпы, егер Ішкі саясат басқармасында жұмыс істейтін болсаңыз, халыққа түсіндіру алдымен сіздердің міндеттеріңіз ғой, кезінде осы титулды ұлттың жерінде өз атауы болған елді-мекендердің атауы өзгертілгенде ешкімнің ештеңе сұрамай белден басылғанын, енді ел тәуелсіздік алғанда сол кездегі билік жүргізген солақай саясаттың түзелуі, тарихи әділеттілік орнаудың маңыздылығын халыққа түсіндіру. Сіздің жеке көзқарасыңыздың жоғарыдағыдай болғанын есепке ала отырып, көңілге көп күмән кірді. Расын айтқанда, тарихи әділеттілік орнатудың бүгінгі және келер ұрпақ үшін маңызы өте зор. Ешкімнің де саяси ойынға айналдырып, шу көтергісі келмейді, мәселе облыста жүргізіліп отырған ішкі саясаттағы бөлім басшысы — өзіңіздің пікіріңізді білгеннен соң шыққан реакция екенін қаперге алыңыз. «Құтты алап» деген атау әрі тарихи, әрі мағынасы терең. Сондықтан көпшігіңізді алып туламастан бұрын мағынасына мән бересеңіз екен.
Ал, енді «Тобыл» бола ма «Құтты алап» бола ма, оны 28 адамнан тұратын комиссия шешетін болады, ал шешімнің әділ болатынына үміт зор.
Қысқаша айтқанда, саяси көрсоқырлығы, жұртқа тіл тигізгені, мемлекет саясатын бұрмалаушылығы, мемлекеттік қызметшіге лайық емес істері үшін Динара Қарымсақованың орнын өз еркімен босатуын талап етеміз. Және жұртшылықтан кешірім сұрасын.

Анар ТӨЛЕУХАН,

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

«Техникалық ақаулар»: Қазақстан қашан цифрлы елге айналады?

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы халықты жарылқап бітті ме?..  Фото: скриншот Біздің елде әлеуметке арналған өтінім ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *