Ы.Алтынсарин мен Н.Ильминский

Ильминский мен Ыбырай 1859 жылы Орынбор шекара комиссиясының сол тұстағы төрағасы В.В.Григорьевтің пә­терінде жолығысады. Ыбырай ол кезде Орынбордағы оқуын бітіріп, атасы Балғожа бидің іс жүргізушісі болып жүрген. Оның білімге құштарлығын байқаған Василий Васильевич өзіне жұмысқа аудармашы етіп алып, Ыбырай қызмет бабымен, не­месе арыз-шағыммен келген қазақтардың айтқанын аударып, тілмаштық қызмет атқарады. Оның отыратын бөлмесімен қабырғалас бөлме кітапқа толы болатын. Ыбырай сол кітаптарды бас алмай оқи бас­тайды. Кейбір сөздерді түсінбей, Василий Васильевичтен сұрайды, алғашқы кезде мән-мағынасын айтып жүреді де, кейін ол түсіндіруден жалыға бастайды. Ыбырай түсінбеген сөздерін дәптерге жазып, енді, амалсыз Ильминскийден сұрауына тура келеді.
«…Байғұс бала менен көмек сұрауға мәжбүр болды, – дейді естелігінде Николай Иванович. – Осы дәптер Алтынсарин екеуі­­міздің арамызда таусылмас әңгіменің ар­қауына айналып, таныстықтан достыққа ұласуына себепші болды». Бұл достықтың соңы трагедиямен аяқталатынын ол кезде кім білген. Дегенмен, Ыбырайдың орыс тілін меңгеріп, таза сөйлеуіне Ильминскийдің көмегі зор болғаны да шындық.
Н. И. Ильминскийдің 1869 жылы Ағар­ту министрлігіне: «Алтынсарин қа­зақтардың арасында өзі мектеп ашса, орыс алфавитін сонда қолданса, оны орыс елінің адамдары істетіп отыр дегізбей, өзі ашқан болса… оны орыс бастықтарының инициативасы деп халық ойлайтын түрде жүргізсе… ең әуелі жаңа идея Алтынсариндікі болады» [Қазан архиві, ф 968. оп.1, іс.16, 1-2 бет], – деп жазуының өзінен-ақ оның негізгі мақсат-мүддесін түсіну қиынға соқпайды. Патша өкіметі қазақ халқының мемлекеттік рухын, тілін жойып, надандықта ұстап, орыстандыруды көздеді. Н.И.Ильминский осы жолда табандылықпен еңбек етіп, өзінің миссионерлік идеясын жүзеге асы­руда Ы.Алтынсарин сияқты дарынды жастарды пайдаланды. Бұл жайында ғалым Мекемтас Мырзахметов «Ыбырай және проф. Ильминский» деген мақаласында егжей-тегжейлі түсіндіріп, Ыбырай мұрасын зерттеушілер бүгінгі күнге дейін Ыбырай тұңғыш рет орыс графикасы негізіндегі жаңа алфавитін жасаушы деген пікірден алшақтай алмай келе жатқанын айтады. Бұл мақала 1991 жылы жазылса да, кейбір зерттеушілер әлі де сол жаңсақ пікірде. Сондықтан да, Ыбырай мен Ильминскийдің бір-бірімен арақатынасын анығырақ білгісі келетіндерге Мекемтас мақаласын [«Ыбырай Алтынсарин тағылымы» -Алматы: Жазушы, 1991ж. 101-112 б.б.] кітабынан оқып шығуды ұсынып, біз біреу білсе, біреу біле бермейтін кейбір жағдайларға тоқталып өтуді жөн көрдік.
Н.И.Ильминскийдің қой терісін жамыл­ған қасқыр сияқты аяусыз миссионер бол­ғаны айдан-анық. Алайда, оның кейбір іс-әрекеттері Ыбырайға игі әсерін тигізді. Орынборда қазақ балаларына арналып, 1850 жылы ашылған 7 жылдық мектеп қазақ балалары білімді болсын деген ниетпен емес, ұлт мектептерін түгелімен орыс тіліне көшіріп, ұлтты тек орыс тілінде сөйлету, өз тілдерін ұмыттыру мақсатында ашылған. Алайда, Ыбырай Алланың ақ жолынан таймай, өз ана тілін құрмет тұтып, оны көзінің қарашығындай сақтауға ұмтылды. 1889 жылы Ыбырай қайтыс болғанда жазылған «Минақиб Ибраһим Алтынсарин» деген қазанамадағы: «Мәзіқұр Алтынсарин ғылымды орысша-қазақша оқытатын бұрынғы Орынбордағы медреседе нахсил қылып өзінің зейінді, зеректігімен орыстың білімділері (В.В.Григорьев, Н.И.Ильминский) һәм ғайрыларының арқасымен сауаты ашылып, білімі артып, қазақтың һәм мемлекеттің пайдасына бір көрнекті кісі болып, шығып еді» деген жолдардың жаны бар. Ыбырай сол В.Григорьев, Н.И.Ильминскийлердің теріс пиғылдарының арқасында білім алды. Ильминский Ресей империясының орыстандыру саясатын қазақ арасында жүзеге асыруды қазақтардың өз қолымен жасауды ойластырып, оған Ыбырайды таңдап алуы да ақыр соңында игі іске айналды. Ол қаншама теріс жолға салып, орыстың қолшоқпары еткісі келгенімен, Ыбырай оны бойына дарытпады, өз хал­қының қамын ойлап, барлық істі елінің пайдасына шешті. Ыбырайды сақтап қалған Алланың ақ жолы, Балғожа атасының ақыл- өсиеті, Отанына деген шексіз махаббаты.
Н.И.Ильминский басшылық жасаған 1862 жылғы қазақ мектептерінде жүргізілетін оқу бағдарламасында былай делінеді:
«Ю. Христиан діні туралы заңдар (Закон божий) бойынша оқу кестесі былай жүргізіледі: а) Екінші кластың бірінші жылы Ескі және Жаңа заңның (Ветхий и Новый завет) тарихымен қысқаша таныстырады, екінші жылда христиан дінінің шарттары (катехизис) оқытылады. б) Үшінші кластың бірінші жылында шіркеудің мүнәжат дұғасы мен рәсімі (литургия) түсіндіріледі, екінші жылында православие дінінің басқа ағымдардан айырмашылығы мен артықшылығы туралы дәріс оқытылады. Діннің көне дәстүрін ұстанғандар (старообрядчиктер) мен жікшілдерге (раскольниктерге) қарсы күрес тәсілдері баяндалады».
Бұл бағдарламаны көріп, оқымаса да, патша саясатын жүзеге асыруды ойлаған жергілікті басшылардың арам ниетін сезген Ыбырай 1864 жылы қыркүйек айында Н. \И.Ильминскийге жолдаған хатында жаны күйзеліп: «Осындай көңілсіз жағдайлар мен қоса, дәл қазір менің толып жатқан астыртын жауларым көбейіп кетті», – деп жазды. – Осының бәрі мүлдем орын­сыз нәрселер, мұның барлығы маған жиіркенішті ықпал жасады, ол жөніндегі арманшыл рухымның отын өшірді… Заман солай болған соң не істерсің, қымбатты Николай Иванович, мүмкіншілік туған сәтте қазақтардың қоғамдық күш-қуатын жегідей жеген, олардың келешегін кескен арандатушы зұлымдыққа қарсы тұру үшін әйтеуір бір нәрсе істеу керек болып тұр: суға батып бара жатқан адамдарды көрген кезде, оларға жәрдемдеспеу арсыздық қой, ал, оларды құтқарайын деп қимыл жасаудың өзі аса қауіпті екен. Ертеректе, мұндай жағдайда бастықтардың өзі қолдар деп сенген едім, бірақ, бұл үнемі ақтала беретін үміт емес екен және оларға сенуге болмайтын көрінеді. Алланың жазмышы сол болса, орындала берсін, бірақ, мен өзімнің негізгі пікірімнен таймаймын, күшім жеткенше қандастарыма пайдалы адам боламын деген талабымнан қайт­паймын. Пәле қуғандарға қарсы тұруға құдайым қуат берсе екен, жазық­сыз жазаға тартқандардың жәбірі мен қайғысына тұншықтырып өлтіре көрмесін».
Рухани тәуелсіздікке, зорлап шоқын­ды­ру­ға көндіре алмаған патша үкіметі Ыбырайды қудалай бастағаны шындық еді. Мұны Н.И.Ильминский білмеді деу қиын, алайда көмек қолын созбады.
Н.И.Ильминский мен Ы. Алтынсариннің жоғарыдағы ой-пікірлері екеуінің көзқарас­тарының мүлде қабыспағанын Ыбырайдың 1889 жылы 20 ақпанда Орынбор оқу ай­мағының татар, башқұрт, қазақ мектеп­тері жөніндегі бақылаушысы Васи­лий Вла­димирович Катеринскийге Ор қала­сындағы мұғалімдік мектеп директоры ту­ралы жазған мына хабары айдан анық етіп ашып көрсетіп, айғақтай түседі.
«Аса қадірлі Василий Владимирович! Сізге қайғылы хабар естіртуге тура келеді. Біздің Бессонов Александр Григорьевич ақылынан адасқан тәрізді. Оның өз оқушыларына жасаған мүлдем қисынсыз қылықтарын осылай деп түсіндірмесе ешбір болмас. Әңгіме мынада: ол мұға­лімдік мектептің үшінші және төртінші класында «Інжіл» мен «Уағыз» сабақ­тарын бере бастаған көрінеді. Бұл клас­тардың оқушылары оны қаламаса да бастаған ісін бір ай бойы жүргізген. Соның салдарынан, бір жағынан мұғалімнің ашуы келіп, кейін, өз шәкірттерін мүт­тәйім, тағы сол сияқты намысты сөз­дер­мен балағаттауға дейін барған, тіпті, балаларды желкелеп сабаған кездері де болған… Бұл оқиғаға менің қатты қын­жылатын себебім сол: мұғалімдік мек­­теп оқушылары ықыласпен келетін орын болып қалып еді, олар осында бел­гілі бір дәрежеде білім алуға біржолата бекінген еді және іс жүзінде қазақтардың тұрмысына пайдалы адамдар бола алады. Егер, олар Александр Григорьевич тіле­гендей, христиан дінін таратушылар болып қалмаса, онда дүниеге парасатпен қарайтын, түрлі фанатикалық идеяларға тос­қауыл қоятын қазақ халқының ойы мен экономикасының өркендей беруіне көмек­тесіп отыратын адамдар болар еді. Мұндай орашолақ, жарымес басшы тұрғанда мұның бәрі күл-талқан болып, көк­ке ұшпақ! Қаттырақ айтқаныма ке­шір­гейсіз, тіпті, кісінің ызасы келеді екен!»
Ы. Алтынсарин осы хатты жазғаннан кейін 5 айдан соң дүниеден өтті. Ұлы ұстаздың көз жұмар алдында өзіне бірде-бір орысты, тіпті, достарын да кіргізбеуді өтінуі, жаназама 99 молда кірсін деп өсиет қалдыруының бір сыры осында жатқан сияқты. Оны С. Садуақасұлының «Бізге оның бұл әрекеті қазір түсініксіз де шығар. Алайда, ұзақ жыл орыспен қоян-қолтық араласа жүріп, ең соңында миссионер атаулы қазақ халқына ешқандай жақсылық ойламайды деген қорытындыға келген болар» деген болжамының дұрыстығына көзіміз жеткендей.
Н.И.Ильминскийдің қазақ тілінің грам­матикасын жазып, сөздігін түзуі де Ыбырайға ой салғаны анық. Оны Ыбырайдың 1862 жылғы 26 қаңтарда Ильминскийге жазған хатындағы мына жолдардан да байқауға болады: «Қазақтарға орыс тілін үйретуге арналған оқу құралы – олардың жетекші оқу құралы болып отыр. Сіздің мұны жазғандағы ойға алған адал мақсатыңыз орындалып жатыр. Бұл оқу құралында, әсіресе, балаларға орыс тілін бірте-бірте үйрету тәртібі өте тамаша баяндалған екен! Біздер, қазақтардың орыс тілін білуінің барлық пайдасын білетін адамдар Сізге шын көңілімізбен алғыс айтамыз. Рас, мұның қазақша аудармасында бірқатар қателер бар екен, бірақ, оқы­тушы балаларға дұрыстап түсіндірсе, ол қателердің ешбір зияны болмайды».
Ыбырай да 1871 жылы жарық көрген «На­чальное руководство к обучению кир­гизов русскому языку» деген кітап жазып, онда тақырыптық топтарға бөліп, кішігірім сөздік жасаған. Сондай-ақ, орыс тілінің грамматикасын қазақ тілімен салыс­тыра отырып, оқушыларға түсіндіреді. Н.И.Ильминский «Материалы к обучению киргизского наречия» кітабында: «…қазақ жазбаларынан таза қазақша жазылған бір парақ қағаз, не бір хат таба алмайсың, араб-татар алфавиті қазақтың дыбыс жүйелерін, әсіресе, дауысты дыбыстарын дәл бере алмайды. Тіпті, таза қазақ тілінде жазылды деген материалдардың өзінен татарлардың иісі аңқып тұрғанын өзім талай рет көрдім» (Қазан, 1861.-5 б.), –десе, Ыбырай қазақ тілінің тазалығы үшін күрестен таймай өтті.
Н.И.Ильминский қазақ тілін үйренуге құштар болып, Орынборға келіп, шекара комиссиясындағы қазақша жазылған іс-қағаздарын оқи бастайды. Мұны көрген шекара комиссиясының төрағасы, тарихшы ғалым В.Григорьев: «Бұл қағаздардан таза қазақ тілін таппайсың. Таза қазақ тілін үйренгің келсе, қазақ ауылына бар, сөйлес, қазақ тілінің кереметін сонда сезінесің», –деп кеңес береді. Бұл ұсынысты жөн көрген Н.И.Ильминский қазақтар арасына барып, ауыз әдебиетімен, мәдениетімен танысады. Қазақ тілін меңгеріп, қазақша жазып, ғылыми еңбектер жазуға да қол жеткізеді.
Н.И.Ильминскийге дейін қазақ тілі грам­матикасы жеке зерттеу объектісі бол­май, басқа түркі тілдер ішінде ғана ай­тылып келген екен. Бұл жөнінде ғалым, тіл білімінің тарланы Бабаш Әбілқасымов Н.И.Ильминскийдің зерттеуінде қазақ тілінің грамматикалық категориялары то­лыққанды суреттелгенін, сонымен бірге, кітапта сөздік те берілгенін, бұл зерттеу түркі тілдері бойынша ең үздік зерттеу болып саналатынын, бұдан кейінгі зерттеулерге негіз болғанын айта келіп: «Бұған қоса ол қазақ балаларының өздігінен орысша сауатын ашу үшін «Самоучитель русской грамоты для киргизов» (1861) деген кітап шығарған» дейді. – Бұл кітапта орыс тіліндегі сөз жасау, сөйлем құрау жолдары мысалдармен түсіндіріліп, ол араб әрпімен қазақша қатарына жазылып беріліп отырған, яғни, қазіргі орыс ті­лін үйрету әдістемесінен мүлдем бөлек. Біз­ге кітаптың соңғы 50 бетінде берілген әртүрлі ғылым салалары бойынша құрас­тырылған орысша-қазақша мәтінді ал­ғаш­қы ғылыми-көпшілік әдебиет үлгісі ретінде қарауға болатындығымен қымбат [Әбілқасымов Б. «Қазақтың жазба әдеби тілінің қалыптасу кезеңі» Ана тілі.7-13 тамыз, 2014-5 б].
1859 жылдың қысында Н.И.Ильминский қазақтың атақты жырауы Марабай Құлжа­байұлынан «Ер Тарғын» жырын жазып алады, 1862 жылы қазанда жеке кітап етіп бастырады. Марабайдың айтуымен жыр­ды татар әрпімен қағазға түсірген Шах­мұрат Құлыбеков.
Н.И. Ильминский Ыбырай Алтынсарин жайындағы естелігінде: «1859 жылдың қысында батыс жақтағы Марабай (суы­рып салма, шешен) жайында естіп, В.В.Грегорьевтен оны Орынборға шақы­руын өтіндім. Бірақ, жайлы пәтер, қазы­ның тегін күтіміне қарамастан дала ақыны өзін бұл жерде тордағы құс­тай сезініп, қаладан кеткенше асықты. Мара­байдың айтуымен Құлыбеков татар әрпімен «Ер Тарғын» жырын әрең дегенде жазып үлгерді», – деп еске алады.
Шахмұрат Құлыбеков Ы.Алтынсаринмен Орынбор мектебін бірге бітіріп, Орал бекіні­сіне (Ырғызға) мұғалімдікке жіберілді. Қазіргі Ақтөбе облысы аймағында тұң­ғыш рет 1864 жылдың 25 қазанында Ырғызға бастауыш мектеп ашылып, сонда бір­неше жыл мұғалім болған. Мектепте 14 бала оқыған. Мектепте сабақ беруге жағ­дайы келмегендіктен, Орынбор шекара комиссиясына қайта барып, тілмаштық қызмет атқарған. Ыбырай мектебіне қар­жылай көмек беріп тұрған жанашыр жан­дардың бірі.
Ыбырай 1862 жылы Н.Ильминскийдің «Ер Тарғын» жырын кітап етіп бастырып шығарғанына қатты қуанып: «Ер Тарғын» жырын оқыдым…қазақ тілінде еш уақытта кітап басылған емес. Сондықтан, қазақтар ана тілдерінде кітап шыққанына қатты қуанды», – деп жазса, кейін өзі де қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинай бастады. «Қобыланды батыр» жырының бір тарауын «Қобыланды батыр мен Тайбурыл» деген атпен «Қазақ хрестоматиясына» енгізді.
Бұратана халықтарды, соның ішінде қазақтарды орыстандыруды көздеген Н.И.Ильминскийдің өзі жойып жіберуді мақсат етіп жүрген тілді сүйіп, грамматикасын жа­сауы, ауыз әдебиет үлгілерін жинауы таңқа­ларлық жайт.
Әскери губернатор мен халық ағарту минис­трі концеляриясының өзара пікір алысып жазған хаттарының бірінде «Қа­зақтар саны 2 миллиондай. Олар тіпті де фанатик мұсылмандар емес, кейбір салт-дәстүрлерін ғана ұстанады. Мазмұнын білмесе де құранды жатқа оқиды, татар молдаларын жек көреді, Мұхаммед дініне бағынбайды», – дей келіп, татарлардың қазақ арасына мол­даларын көптеп жіберіп, өз ықпалдарын күшейткісі келетінін, қазақтардың өздерінің грам­матикасы да жоқтығын айтып: «Бұл жұмыс Ильминскийге тапсырылды, ол қазақша жақсы біледі», – деп жазады [ф. 1291, оп. 82. Д. 25.1876].
1873 жылы қазақ алфавитін жасау және қазақ мектептеріне арнап оқулық құрастырып шығару үшін орыс тілін білетін екі қазақ Қазан қаласына шақырылады. Орынбор генерал-губернаторы Орал облысынан болыс Ержан Шолақовты, Н.И.Ильминский Торғай облысынан орыстың жазба да, ауызекі де тілін жақсы меңгерген, өзінің міндетті қызметін мінсіз атқарумен бірге, ИРГО-ның Орынбор бөлімі басылымдарына жарияланған қазақ этнографиясы жайындағы еңбектерімен де көзге түсіп жүрген Торғай уездік басқармасының іс-қағаздарын жүргі­зуші Ыбырай Алтынсаринді ұсынады. Нәти­­жесінде бұл іске Ыбырай таңдалынып алынады.
Орынборда мектеп ашылмаса, Ыбы­рай Торғайға мектеп ашуға жіберілмесе, Орынбор оқу округі қазақ оқулықтарын құрастыру ісін Алтынсаринге тапсырмаса, жағдай қалай болар еді?! Бұл жағдайларға Ильминскийдің қатысы көп болғанымен, оның негізгі мақсаты белгілі. Алайда, шындық керек. Болашақ ұлы ұстазға көмек қолын қандай себеппен созса да, оның көмегі айтарлықтай. Ол теріс жолға салып, орыстардың қолшоқпары еткісі келгенімен, Ыбырай өз жолымен жүрді. Халқының қамын ойлап, барлық істі елінің пайдасына шеше білді. Оны сақтап қалған Алланың ақ жолы, атасы Балғожа бидің ақыл-өсиеті, Отанына деген шексіз махаббаты. Ыбырайдың өз халқының патриот ұлы екенін Ильминскийдің өзі де естелігінде мойындап: Алтынсаринге мен кейбір кітаптарды жіберіп тұрдым, солардың бірінде: «Қазақ жабайы, жан­жалқой, ұрлықпен күн көреді» деп жазы­лыпты. Қазақтар туралы айтылған бұл пікірге Алтынсарин қатты күйінді», – деп жазып, оның өз елін шексіз сүйгенін дәлелдей жеткізеді.
Н.И.Ильминский 1822 жылы Пенза қа­ла­сында туған. Әкесі священник болған­дықтан, жасынан діни бағытта тәлім-тәрбие алып, 1846 жылы Қазан қаласындағы арнайы Духовный академияны бітіріп, кейін сонда «Противомусульманский о дление» кафе­дра­сының меңгерушісі болса, 1847 жылы 2 маусымда Қазан қаласында ашылған «Аудармашылар комитетін» басқарады. Бұл комитет бұратана халықтарды шоқын­дыру мақсатында православия дінінің қасиетті кітаптарын солардың тіліне ауда­румен шұғылданатын. Комитет құрамында небір сыннан өткен бір топ миссионер ғалымдар болатын. Солардың ішінде В.В.Катаринский де бар еді.
Патша діни басқармасы бодандығындағы барлық бағынышты халықтарды бір дінге көшіруді мақсат тұтып, оларды бағындырып, шоқындыру жасырын түрде жүргізілу ке­рек­тігі жөнінде жарлық беріп отырды. Миссионерлік рухани соғыс. Осыны мықтап түсінген Н.И.Ильминский синодтың обер-прокуроры К.П.Победоносцевке «Бұратана халықтар арасындағы миссионерлік мектептердің жағдайын жақсарту керек, жақсартқанда оның бағдарламасын жаңа педагогиканың талабы бойынша ұлғайтып, оқыту әдістерін жетілдірудің қажеті жоқ, керісінше, бұратаналық-миссионерлік бағытты күшейту керек» деген ақыл берді. Бірақ мұнысынан түк шықпады.
Н.И.Ильминскийдің қазақ тілінің грамма­тикасын жасап, орысша-қазақша сөздік түзуі мен қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинауы жас Ыбырайға ой салса, Ыбырай қайтыс болғаннан кейін, еңбегін ерекше бағалап, өмірі мен шығармашылығы жайында жазуы кейінгі ұрпақ – біздерге, бізден кейін­­гілерге көп мәлімет береді. Әйтпесе, ел жадынан өшіп, ұмыт болуы да мүмкін еді. Сондықтан, Н.И.Ильминскийді Ыбырай еңбектерін, әсіресе хаттарын сақтап халыққа жеткізуші, Алтынсарин туралы алғашқы естелік жазушы, тұңғыш қазақ тілінің грам­матикасын жазып, сөздігін түзуші ретінде бағалау орынды сияқты.

Серікбай ОСПАНҰЛЫ,
ақын, Қостанай мемлекеттік педагогикалық

институтының профессоры,
Күлзада МЫРЗАҒАЛИЕВА,
доцент, филология ғылымдарының кандидаты

akikat.kazgazeta.kz

Мынаны да қараңыз

Нәзипа Құлжанова. Оның жеке іс қағаздары қайда?

Қазақ руханиятының тарам-тарам салалары біртіндеп зерттеліп жатыр. ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы саяси-әлеуметтік оқиғалар мен тарихи ...