ҚАЛТАРЫСТА ҚАЛҒАН ҚАЗЫНА

Сәт Есенбаев заманында белгілі болған халық ақындарының бірі. 1893 жылы Торғай уезінің Қараторғай болысында дүниеге келген Сәт өзінің туысқан ағасы Байжан ақыннан көп үлгі өнеге алған. Жастайынан айтысқа араласып Өсіп, Нарымбай, Нұрхан, Таңатқан, Қарсақ т.б. ақындармен айтысқа түскен. Сәттің есімінің халық арасына танымал болуы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты болды. Көтеріліс кезінде Орманбек Жәукеұлының мыңдығында болған ақын елді азаттыққа шақыратын түрлі толғау жырлар, үгіт өлеңдермен бірге «Құмкешу соғысы», «Июнь жарлығы» атты көлемді туындылар шығарып ел арасында айтып жүрген. Ақын бұл тақырыпқа өз өмірінің соңына дейін ден қойып, өз жазғандарын толықтырып отырған. Сәттің 1916 жылғы көтеріліс жайында жазылған туындыларының ішіндегі ең соқталысы «Ер Аманкелді» дастаны осының айғағы. 1944 жылы жазылған бұл дастан осы тақырыпта жазылған, айтылған біршама өлеңдері бола тұрсада Сәт ақынның шығармашылығын биік бір белеске көтерген тың табысы болған туындысы. «Ер Аманкелді» жазылған уақыттан бастап дастан жайлы көптеген пікірлер айтылды, тұжырымдар жасалды. Сөйте тұра дастан толық көлемде баспа бетіне шықпады. Ол туралы жазылған зерттеулердің де қалтарыста қалғандары бар. Сол олқылықтың орынын толтыру мақсатында біз сіздерге Сәт Есенбаевтің «Ер Аманкелді» дастаны мен Е.Ысмайыловтың «Сәт ақынның дастаны» атты мақаласын ұсынып отырмыз. Мақала Алматы қаласындағы Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорынан алынды (№743, 1-д. 1-9 б). «Есенбаев Сәт ақынның шығармалары» деген атпен сақталған №743 папкада аталған мақаладан басқа Сәт Есенбайұлының «Ер Аманкелді» дастаны және ақынның әр кезеңдерде айтқан толғаулары, арнаулар, жоқтау өлеңдер, жырмен жазылған хаттары, Өсіп ақынмен сөз қағысуы бар. Сәттің белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевқа арнаған дастаны да осында сақталған. Қолжазбалар латын қарпінде және төте жазуда жазылған. «Ер Аманкелді» дастаны және Ысмайыловтың мақаласы кирилицада жазылып, жазу машинкасында басылған.

Әрине Сәт ақын жазған дастанда да, ол туралы жазылған Есмағамбет мақаласында да Кеңестік саясаттың көрінісі бар. Бұл әсіресе  Аманкелдінің өлімі турасында көрінеді. Дегенмен аталған дастан мен мақаланың жарыққа шығуы Сәт ақынның туғанына 125 жыл толуына орай оңтайымен келген іс қой деп ойлаймыз.

 

Сағынтаев Батырлан Жұмабайұлы

Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ғылыми қызметкері

 

СӘТ АҚЫННЫҢ ДАСТАНЫ

 

ЕСМАҒАМБЕТ ЫСМАЙЫЛОВ

 

Халқымыздың ерлік салтына ұлы мақтан, революциялық күресінің бейнесі, қилы қыспақ заманында туып-өскен жұртының құшағы кең қамқоры болған айбынды батыр большевик Аманкелді туралы ел қиялы әлпештеп, ақын-жыршылары өлең-жырмен бейнелеп айтқан халық әдебиетінің нұсқалары өте мол. Аманкелдінің жауға аттанардағы жорық жырлары, ұран сөздері, сәлем хаттары бір жүйелі шағын толғау жырлар болып келеді. Енді бірқатар жырлар Аманкелді батырдың өліміне арналған жоқтау, естірту түрінде айтылады. Есенбайұлы Сәт ақынның бірқатар шағын толғау жырлары Аманкелдінің жорығымен өліміне қатысты жырланған.

Аманкелдінің шын батырлық, басшылық бейнелері өте-мөте уақиғалы дастандарда айқын суреттелген. Аманкелді туралы жазылған, айтылып келген уақиғалы жырлардың ішінде ең көлемдісі, ең күрделісі және ұлы отан соғысы кезінде халқымыздың ерлік салтын өте жарқын бейнелеп жырлаудағы әдебиетіміздің үлкен бір табысы Есенбайұлы Сәт ақынның «Ер Аманкелді» атты дастаны.

Сәт Аманкелдінің жауынгер сарбаздарының бірі болған шешен ақын. Қазір жасы 50-дің ішінде. Аманкелді ауданында колхозшы. Ескіше оқып хат таныған. Орта Азия халықтарының әдебиетін, қазақ ауыз әдебиетін оқып, содан мол тағылым алған. 17 жасынан бастап өлең шығарып айта бастаған. 1916 жылғы көтеріліс кезінде Аманкелдінің ел арасындағы, сарбаздар ішіндегі от тілді, орақ ауызды, өткір сөзді, шешен үгітші ақындардың бірі болған. Орталық Қазақстандағы белгілі Нұржан, Ақмолда, Сейтахмет, Байжан, Өтеулі ақындардың өлеңдерін көп оқып, олардан үнемі үйреніп отырған Сәттің өлеңдері халық әдебиетінің үлгісін толық сақтайды.

Сәттің осы соңғы «Ер Аманкелді» дастаны батырдың өмірбаян ізімен жазылса да, еркін шығармалық қиялға, аңызды әңгімелі әдіспен жырлауға мол орын берген. Ақын Аманкелді өмірінің барлық уақиғасын ала бермейді, ең маңызды, қоғамдық мәні зор уақиғаларды алып, түйіндеп жырлайды.

Дастанның негізгі 4 бөлімі бар. Бірінші бөлімде ақын Аманкелдінің балалық шағы, туысы, ата-тегі, бабасы Иман батыр жайын айтып таныстырады. Аманкелдінің әкесі өліп, жастайынан жетімдік, жоқшылық көрген аянышты өмірін елестетеді.

Дастанның екінші бөлімінде Аманкелдінің жігіттк шағын баяндайды. Мұнда құралайды көзден атқан мерген, аңшы, ерлік, салтанатпен әмірін өткізген, байларға, болыстарға, патша үкіметіне қарсы аянбай күрескен, өктем Аманкелдінің бейнесін әдемі суреттейді.

Аманкелді астына аққұс ат мініп, қасына өңкей ер жігіт, мерген, әнші, серіктерін ертіп алып, тауларды, орманды кезіп аң аулайды. Бұл кезең дастанда әдемі романтикалы бейнемен шебер жырланады:

Бұлт құшақтап күн сүйген,

Биік құзды қиялап.

Арыстан, аю, жолбарыс,

Жататұғын ұялап.

Жанынды ылғи мергендер,

Жерге жазым түспейтін,

Атқан оғы сығалап, —

немесе:

Қарабайұлы ер Әлжан,

Ақылға дана, сөз маржан.

Сұрмерген Бозша әншісі,

Домбырамен қосылып,

Неше алуан ән салған…

Сайыпқыран жігіттер,

Ортаға алып батырды.

Бір күні бұлар бас қосып,

Алқалы топ отырды.

Осымен қатар ақын Аманкелді батырдың патшаның жергілікті әкімдеріне, ел ішіндегі би, болыстардың озбырлық, жауыздық істеріне қарсы күреске шыққанын ашып көрсетеді.

Елде иісшіл иттер бар,

Тіміскілеп жүретін.

Жарқырап шеттен көрінсе ай,

Үнін қосып үретін.

Қалада көкжал қасқыр тұр,

Қанды тісін салатын.

Ауызын ашып түрме анау,

Обырдай тартып алатын…

Бөрі – болыс, жебір – бай,

Жезтырнақты ауылнай.

Біреуіне бірі сай,

Жүрген жері дауылдай, —

деген бейнелі (аллегориялық) суретпен ел еңбекшілерін қанаушы бай, болыс, әкімдерді жыртқыш пен аюанға ұқсатып жырлайтын болса, екінші бір жерде әлем соғысының кезіндегі халық басына түскен ауырлық халді табиғат құбылысының бейнесімен елестетеді:

Қатуланып қар жауды,

Қар артынан қан жауды.

Шатырлады аспан көк,

Түскендей қирап жерге кеп.

Ай дірілдеп, жұлдыздар,

Жылағандай еңіреп.

Көктен көрік нұр қашты,

Құлпырған жерден түр қашты.

Дүние тулап теңселіп,

Теңіздер суын шайқасты.

Бұлт ішінде айда\ар,

Улы тілін шығарды.

Жанның бәрін жалмауға,

Ызғары – қар, лебі – қан,

Осыдан шыққан боран-ды.

Ел осы халге ұшыраған шағында, жандаралға, патша үкіметіне, бай-болыстарға қарсы Аманкелді батыр елдің күресін бастайды.

Астында аққұс  ойнақтап,

Үстінде ер сәулетті.

Жан-жағын қоршап жұрт кетті.

Қара бұлтты қақ жарып,

Шыққан күндей жарқ етті.

Елге қарқын күш бітті,  – деп, Аманкелдінің ерлік рухын көтеріп

жырлайды. Бұл суреттеулер батырлар жырының салтынан гөрі, шешендік толғау үлгісімен қан қыздырарлық, жан қозғарлық сезім күйімен берілген. Сыршылдық жыр

Жау жағадан алып тұр,

Жаныңа қол салып тұр,

Көзі жайнап халық тұр.

Қиқу салса қызатын,

Қайдасың ер жігіттер,

Ел сендерден үміткер, — деп сөйлеп елді азаттық күреске бастаған

халық батыры Аманкелдінің тұлғасын елестеді және Аманкелдінің қандай мақсатпен күресетін айқын көрінеді.

Бұл бөлімде Аманкелдің мын сан қолды майданға бастап ұрыс салған, қанды қырғынды бастан кешкен батыр бейнесінде суреттеледі.

Дастанда ақын Аманкелді бастаған қырғын соғыстың бірнеше кезеңін алып суреттейді. Соғысты суреттеу батырлық жырдың негізгі кілті сияқты. Соғыста батырдың ақыл айлалығы, қайраттылығы, тапқырлығы, ер басына қиын-қыстау күн туып, өлім сағаты таянған халдерде де,  жауынан қайтпай, өзі бас болып, мың сан қолды жеңіске жеткізу, өлімнен қаймықпау, жаудың басым күшінен сескенбеу – бәрі хас батырға тән сипаттар болып отырады. Дастандағы суреттелетін Аманкелді бастаған соғыста жау мықты, қару күші мол. Оңай алғызбайцды. Бірнеше рет майдан шебін құрып соғысқанда Аманкелді қолынан талай маңғаз ерлер оққа ұшып өліп кетеді. Ақын Боранбай, Сарбас, Дәуренбек сынды батырдың жанашыр достары қаза тапқанда аянышты, бірақ нағыз қаһармандық өлім бейнесінде көрсетеді. Осындай жерде тіпті Аманкелді өзі де жараланып, астындағы аққұс атқа оқ тиіп қатты налиды да,

Талдырды-ау жаулар қолымды,

Қырар ма екен елімді.

Қанға бояп жерімді,

Сындырар ма белімді, — деп қатты қаһармен қайраттанып,

жолдастарын ұрысқа бастап кіреді. Ақын әрине Аманкелдінің жеңісін, асқан ерлік тұлғасын, сарбаздармен қосылып жауға жайдың оғындай тиген асқан батырлығын аса сүйіспеншілікпен жырлайды. Мәселен: Аманкелді бастаған сарбаздардың бір ұрысқа кірген бейнесін былай береді:

Жендеттердің алдынан,

Жолын бөгеп қол шықты.

Аз ғана емес мол шықты…

Мыңды бірге санаған,

Ер Әкімбек, Сұрмерген,

Қол ішінен сол шықты.

Әлжан, Кәрбоз, Дәуренбек,

Мыңбасылар ол шықты.

Алысатын ажалмен,

Айқасатын тажалмен,

Қолмен оқты қағатын,

Қамалын жалғыз шабатын,

Аққұс аты астында,

Болат сүңгі қолында,

Қолдың бастап алдында,

Аманкелді ер шықты.

Бұл Аманкелді бастаған ерлердің жеңімпаз тұлғасы, мұнда бір жағынан ескі батырлық жырдың салты бар, екінші жағынан уақиғаны шындық бейнемен беру әдісі бар. Ақын соғыстың жағдайында болсын Аманкелдіні ерекше даралап алып жырлайды. Аманкелдінің тұлғасы көп қол, көп батырдан жоғары. Аманкелдінің ұрфыс үстіндегі тұлғасын былай суреттейді.

Арыстан айбат сырттанды,

Ашу басып қабағы.

Түгі шығып сыртына,

Болаттай көзі жанады.

Ызаланған ашулы ер,

Күндей болып күркіреп,

Жауға ойран салады.

Қылышпенен қырады,

Оңды-солды ұрады.

Қайратына мінген ер,

Ағызып жерге қанды сел,

Беттемей жаулар ығады.

Райымбек деген ер жігітке оқ тиіп, жаудың дәл ортасында қалып қояды. Оны құтқарып алып келуге ешкім бата алмайды, сонджа Аманкелді өзі ғана жауған оққа қарамастан жаудың шебіне кіріп кетеді:

Екі көзі от жанып,

Қалың оқты қақ жарып,

Ақ құс атпен ағызып,

Жауырын кеткен оқ үзіп,

Райымбекті шықты алып, – деп елден ерекше ерлік жасап, оққа

ұшқан ер жолдасын құтқарады. Мұның бәрі шын батырға тән сипаттар. Сөйтіп жырда ақын Аманкелдіні бір жағынан қолбасшы, екінші жағынан өз ерлігін танытқан қайрат иесі бейнесінде суреттейді.

Дастанның соңғы бөлімінде Аманкелді – даңқты батыр, совет үкіметін орнату жолында қазақ еңбекшілерін бастаған большевик батыр бейнесінде суреттеледі. Аманкелді өзінің сарбаздарын бастап, Торғай өлкесіндегі қазақ арасында жаңа совет үкіметін орнатады. Көп заман, көп жылдар алысқан, тартысқан жаулары патша әкімдерімен, болыс, бай,  билерге аяусыз соққы береді. Аманкелді комуннист партиясының, ұлы Ленин, Сталиннің басшылығына және орыс халқының көмегіне сүйене отырып ел билігін еңбекші халықтың өз қолына береді. Бұрынғы болыс, билерді, байларды, елге қиянат істеген залымдарды орнынан түсіріп, елді басқару орындарынан аластайды. Аманкелді заңы оларға қатал тиеді.

Ел басқару жұмысын,

Аманкелді қолға алды.

Кедейді алды қатарға,

Жолатпады байларды.

Аралап сайлау жүргізді,

Заң тәртібін білгізді.

Қара табан жалшылар,

Қара тақым малшылар,

Еңбегің жеген жалмауыз,

Байлардан ақы, кегіңді ал, – деп ел еңбекшілеріне жар сала жұмыс

істейді. Бірақ Аманкелді қолы жеңіске жеткенімен жаулары құрып біткені жоқ еді. Контрреволюцияшыл «алашордашыл» ұлтшылдар большевик батырдың совет ұранын, совет заңын қазақ ауылына жая бастағанынан үрейленіп, қарсы күреске шығады; халық алдына беделі жоқ, опасыз жаулар Аманкелді мен алаш күресуден жеңіліп, екіжүзділікпен алдап, қастық жасап күреседі. Ақыры Аманкелді алашорда, ақ бандылардың зұлым әрекетінен қаза табады. Батыр өлімі өкінішті, аянышты, жыршы батырдың өліміне елдің қайғысын, өзінің жоқтауын береді. Ердің өлімі бүкіл қазақ елінің қабырғасын қайыстырады; совет үкіметі орнап ел азаттыққа жетті, бірақ елді күреске бастаған большевик ер сол елдің азаттығы, бақыты үшін құрбан болды деген ой түйінін береді.

Поэманың қысқаша мазмұнымен идеялық пікір түйіні міне осындай. Әрине Сәт ақын Аманкелдінің 1916 жылғы ұлы күресті бастаған, 1916-1919 жылдары қазақ ауылында совет үкіметі жолындағы революциялық күресті ұйымдастырып басқарған, ерлік, батырлық образын барлық жағынан суреттей бере алған жоқ. Ондай тілекті халық ақыны Сәт түгілі, жазба ақын-жазушыларымызда орындай алған жоқ. Бұл бір жай. Екіншіден бұл дастан 1944 жылы соғыс кезінде жырланғандықтан ақын жалпы патриотизм сарынын бұрынғы батыр жырларының дәстүрімен жалпылай айтып, нақты Аманкелдінің өзінің өмірін нақты даралап жырлай жеткізе алмаған. Ақынның Қобыланды, Иман батырларды Аманкелдімен салыстырып жырлауы да, Наурызбай, Сыздық жайлы түсініктері де ақынның бұрынғы эпостық дәстүр, ұғымның көлемінен аса алмаған әлсіздіктерін көрсетеді. Аманкелдінің өмірі, тарихи образын суреттеуі жағынан, нағыз уақиғалы жырдың /эпостың/ үлгісімен жырланған, қазіргі халық әдебиетіндегі көрнекті шығарманың бірі; бұл белгілі бір дәуірдегі тарихи адамның өмірін, әлеумет тұрмысын көрсетіп суреттеген тарихи жыр болумен қатар, совет тұсында туған жаңа уақиғалы батырлық жырдың тамаша бағалы үлгісі болып саналады. Ақындық өнері, тіл шеберлігі жағынан да Сәттің дастаны қазіргі поэзияның зор табасы. Қазіргі халық ақындарының творчествосына тән осындай кейбір кемшілік, олқылықтары бола тұрса да бұл дастан өзінің идеялық, көркемдік мәні жағынан құнды шығарманың бірі. Мұнда жалғыз Аманкелдінің соғысы, жорықтары, ерліктері ғана жырланып қоймайды, Аманкелдінің дәуірі, заманы недәуір кең жырланады. Жер дауы, жесір дауы, бұл дауларға Аманкелдінің араласуы, қазақ ауылындағы шиеленіскен тап тартысы, қазақтың болыс, би, байларының еңбекші бұхараға көрсеткен қорлық, зорлығы, теңдік есе тимеген кедейлердің аянышты халі, азаттық өмірді аңсаған халықтың сана-сезімі – бәрі де бұл дастанда бірталай айқын суреттеледі; бұл ретінен дастанның өмір шындығын елестетудегі мәні де зор екендігі көрінеді.

Рас дастанда ерлік уақиға басым жырланады. Сондықтан да дастан «Ер Аманкелді» деп орынды аталған.

Мынаны да қараңыз

Стамбұлдағы Қыз мұнарасы қайта ашылды

Стамбұлдағы аты аңызға айналған Қыз мұнарасы күрделі қалпына келтіру жұмыстары мен бірқатар жаңартулардан кейін Түркия ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *