Иманжүсіп Құтпанұлы туралы

Әңгімені әріден бастасам…
Өткен жылы әкем 90 жасқа қараған шағында қайтыс болған еді, заманында оқуы көп болмаса да тоқуы көп адам болатын. Уақытында кеңес шаруашылығында қызмет еткеннен соң зейнеткерлікке шыққан, кейін ел, жер, ұрпақ сабақтастығы тақырыбында бірнеше кітап жазып кеткен еді. Сол кітаптарының бірінде қазақтан шыққан сері, өзі ақын әрі батыр Иманжүсіп Құтпанұлы туралы материал да бар еді. Мен оның үзіндісін өзімнің әлеуметтік желідегі парақшама жарияладым да, сонда бір кісі: «айпырм-ай, Иманжүсіптің жоқтаушысы мен ғанамын ба десем, бар екен ғой» деп қуанып, ақжарма тілегін білдіріп еді, кейін ол кісіге арнайы ат шалдырып Иманжүсіптің ауылына (Астана іргесіндегі Жібек жолы ауылы) барып келдім. Иманжүсіптің тікелей ұрпағы, мұраларын халқымызға насихаттап жүрген Раушан Нұрханқызы апаймен танысудың сәті осылай түсіп еді.
Емін-еркін әңгіме құрып, біраз деректерге қанық болған жайым бар еді. Дегенмен, Иманжүсіп туралы жазу кейінге шегеріле берді, біріншіден, дара тұлға туралы жазу қиын, екіншіден, деректерді талдау қажет, үшіншіден, өзіміздің жалқаулығымыз, жұмысбастылығымыз тағы бар дегендей.
Сонымен, Иманжүсіп Құтпанұлы кім еді?
Қазақта өзі сері, өзі ақын әрі батыр, ешкімге басын имей өткен Иманжүсіп Құтпанұлы деген ақын өткен. Сол Иманжүсіп патша әкімдеріне оның жергілікті жерлердегі итаршыларына қарсы шығып, бірнеше рет түрмеге қамалып, Кеңес үкіметінің озбырлық, өктем саясатына қарсы шығып, ақыры жалған жаламен 1930 жылы Әулие ата уезіне жер аударылып, ақырында Сталиннің қанды жендеттері атуға бұйырады. Осы сері Иманжүсіп, тар қапас түрмеде жатып өзінің туып өскен Сарыарқасын, масаты кілемдей кең сахарасын, атақты Ерейментауын сағынып өлеңге қосады:
Сарыарқа, қош аман бол өскен жерім,
Кір жуып, кіндігімді кескен жерім.
Тартысып ертеңгі кеш ұлықтармен
Шұбырып маңдайымнан аққан терім.
Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау,
Маған десең төбемнен жаңбыр боп жау.
Бүркіт ұстап басыңа шығар ма едім,
Көзіме бір көрінші, Ерейментау, – деп түрменің тар төсегіне сыймай күңіренеді есіл ер.
Иманжүсіп текті елдің тұқымынан шыққан. Арғы бабасы Тұрғанбай датқа қазақтарға тізесін батырған Қоқан билігіне қарсы шығып, азаттық үшін күресте Түркістан жақта жау қолынан қаза табады. Жаулары оның ауылына шабуыл жасап, тыныш жатқан жұртты қан жоса қылады. Осы сәтте датқаның жас бәйбішесі Малбике екі жас баланы аман алып шығып, Қаратау жаққа қарай бас сауғалайды. Алайда, құмнан өте алмайтынын біліп, біреуін ертіп, екіншісін далаға тастауға мәжбүр болады. Тастаған баласы Баймырза екен. Баймырзаны даладан Ақмола жерінің Дайрабай деген батыры тауып алып, бауырына басады. Оған «бұл бала менің құтым болады» деп Құтпан қояды. Кейін Дайбарбаймен бірге Иманжүсіптің әкесі Құтпан Кенесары қозғалысына 17 жасында келіп қосылып, көп ерлік істерімен көзге түседі. Кенесары әскері талқандалған соң Құтпан көп қуғыншылық көріп Ақмоладан қашып, Ерейментау асып, Алтыбай көлі маңына (қазіргі Павлодар облысының Ақсу қаласының қасында) тұрақтайды. Міне, осында Иманжүсіп дүниеге келеді. Біраздан соң Құтпан бұрынғы атамекені Ақмолаға біржола көшіп келеді.
Әрине, Құтпан төрт баласын да (Ақшабай, Шонай, Бәтіш, Иманжүсіп) ерлікке, азаттықты құрметтеуге, батылдыққа үйретеді. Ішіндегі ең кенжесі Иманжүсіп ерекше күшті, батыр тұлғалы болып өседі.
Иманжүсіптің жас кезі болса керек, 1881 жылы Омбы базарында полиция қызметкері бір қазақты айыптап, байғұсты өлтіріп тастайды. Өлген адамның туыстары жергілікті билікке арыз айта барады. Жоғары шенді шенеуік жәбірленушілерді тыңдай келе, қысқа ғана: «Егер де шамаларың жетсе өздерің өш алыңдар. Сендер ержүрек, батыр емессіңдер ме?» — деп өздерін келеке қылады. Полиция қызметкері ұзын бойлы, ерекше күш иесі екен. Сол уақытта 18 жасар жігіт алға суырылып шығып: «Шегініңдер, жол беріңдер» деп айқай салады да, дойыр қамшымен полиция қызметкерін бір рет сықпыртып жіберді. Еңгезердей неме бірден жерге дүрс етіп құлайды. Бұл өзі сері, өзі ақын әрі батыр, ешкімге басын имей өткен Иманжүсіптің тағы бір қыры еді.
Жалпы, Иманжүсіптің өмірі үнемі күреспен өткені белгілі. Өзінің өлеңдерінде әділетсіздікке қарсы күресті, туған жерін — Сарыарқасын, мұң-назын жырлайды. Оның шығармашылығы әлі де насихаттауды талап етеді.
Дегенмен мақалада біз оның Ақмола өңіріне қатысты кезеңіне ғана тоқтала кетсек. Ақынның өзі осы кезеңді былай суреттейді:
«Ауылым Ақмоланың саласында,
Ақмола екі дуан арасында.
Жүз жылқы, сексен тайлақ берген жарым,
Жаудырап екі көзің қаласың да.
Ауылым ерте көшіп Жамбай қонды,
Білгенге Иманжүсіп қандай болды?!».
Әрине, оның өміріне қарап отырсақ, қазақ даласының көп бөлігінде болған, ақындық, серілікпен ел аралайды, ал патша ұлықтары Иманжүсіпті бірде Өскеменге, енді бірде Қапалға жер аударған, Иманжүсіп 1913 жылы Шиеліге кеткен болса, өмірінің соңғы дәуірін Мойынқұмда өткізеді.
Иманжүсіп ол туралы:
«Бір жанды жан ашитын таба алмадым.
Тағдырдың айдауымен кетіп барам,
Көрмеген әрбір жерді араладым…
Өтем деп Жиделібайсын ұран қылып,
Төрт жылдай Сыр бойында паналадым…» дейді.
Амалсыз атамекенін тастап кетуге мәжбүр болған ол — туған жерімен қоштасады.
Революцияға дейінгі өмірі патша жандайшаптарымен алысып-жұлысып өткен болса, Кеңес Үкіметі де ақынның соңына шам алып түседі. Қараөткелдегі заманын Иманжүсіп:
«Қараөткелдің бауырында қалың шұбар,
Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар.
Бір түстеніп аттанған ауылымның
Қыздары болушы еді маған құмар.» деп Сарыарқасын әсте ойынан шығармақ емес.
Тағы да ақынның сөздеріне мән берейікші:
«Талай көрдім қызығын қуат-күштің,
Есебі жоқ басымнан өткен істің.
Кірін жуып, кіндікті кескен жерім,
Талай жерде көзімнен бір-бір ұштың.
Неше жерден іштегі, түйін, шешіл,
Екі қарым жазылып, аяқ, көсіл.
Жатсам-тұрсам ойымнан бір кетпейсің,
Суың – бал, шөбің – шипа, қайран Есіл!» деп батыр аһ ұрады.
«Дұшпаным көп сыртымнан қамалаған,
Соңымнан иттей шулап абалаған.
Қараөткелдің кіргенде көшесіне,
Маржалары көрем деп қамалаған…» өмірінің қызықты да думанды сәттерін еске түсіреді.
Дегенмен жаулары түрмеге қайта-қайта қамап, қиын күндерді бастан кешеді:
«Есіл бойын ауылым жаздай қонған,
Иманжүсіп бұл күнде қандай болған?
Қазы-қарта жемеуші ем мен үйімде,
Қара наны түрменің балдай болған».
Бірақ қандай да бір мүмкіндік болса, құтты қоныс — Ақмола-Қараөткелге, Күйгенжарға қайта оралады. Алайда әділетсіздікке төзбейтін ол «сенімсіз адам» ретінде патша билігінің есебінде тұрады.
Ақмола уезінің бастығы Омбының әскери губернаторының атына (1898 жылдың 1 қазанында) рапорт жазған екен. Жазған рапортында Иманжүсіп туралы: «На первых же днях вступление моего в управление Акмолинским уездом (1893 г.) вырисовывались весьма неблагонадежность киргиза Акмолински волости – Иман-Джусупа Кутпанова… Проживая в 25 верст от гор. Акмолинска у самого селение Александровского, им обкрадено поголовно и последнее, а путь между Акмолинском и Александровском стал не проезжим от воруженных нападений Иман-Джусупа, разбойничие действие и личность которого в устах всего русского, так и туземного население стали легендарными» деп сипаттама береді.
Бұл қазіргі Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылы болса керек, әрине, бабамыз олар үшін «қарақшы» ғой. Бұл ауылдың айтқандай байырғы атауын келімсектер бұрмалаған, тек 2002 жылы ауылдағы мектепке Иманжүсіп Құтпанұлының есімі берілді.
Кейін Иманжүсіптің тікелей немересі Раушан Нұрханқызының мұрындық болуымен аталған мектеп жанынан шағын музей ашылды.
Шындығында музей деген аты болғанымен, тек апайдың жанқиярлығының арқасында, мектеп ұжымының арнайы шағын бөлме бөлуінің нәтижесінде іске асып отыр. Оның үстіне Иманжүсіптің өзі тұтынған, сол заманның заттарының сақталуы, әрине, көп талапты, жайдайды қажет етеді.
Отанымыздың түпкір-түпкірінен Астанаға келетін қонақтар үшін Жібек жолы ауылында Ресейдің ақын-жазушыларына арналып жасалған усадьба тәріздес Елордамыздың іргесінен музей-усадьба ашып қойса, арнайы ғимарат бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Ендігі мәселе қазақтың біртуар ұлы Иманжүсіп Құтпанұлының атына Астанадағы шағын қисық көше емес, орталық көшелердің біреуін берсе артық болмас еді-ау!
«Есіл, Нұра, Ереймен, Қара қойтас,
Көзімнен бұлбұл ұштың, дүние жалған.
Күйгенжарды ауылым жанай қонды,
Әкем Құтпан кешегі қандай болды» деп өзі айтпақшы, расында, Иманжүсіптің 155 жылдығы мерейтойы құрметіне ғылыми еңбектерін шығару, әндерін бастыру сияқты әлі талай атқарылатын істер көп-ақ!

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Мынаны да қараңыз

Тәлімі терең тұлға

Көне көздердің кейінгілерге қалдырған әпсаналарына сүйенсек, менің балалық шағым өткен ауылдың аты кезінде Кенесары ханның ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *