Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек

Қостанай облысы туралы қызықты 20 дерек.

  1. Облыс халқының саны – 864 500 адамды құрайды, бұл 2022 жылғы дерек, дегенмен, 1989 жылы облыс халқының саны 1 223 844 болатын, сонда, өңір халқы 30 процентке жуық азайған.
  2. Аумағы бойынша Қостанай облысы Оңтүстік Корея аумағынан да үлкен. Оңтүстік Кореяда 52 млн. халық тұратын болса, бізде жоғарыда айтқандай бар болғаны 864 500 адам қоныстанған.
  3. Қостанай облысының Торғай аумағы Еуропадағы Бенилюк деп аталатын Бельгия, Нидерланд және Люксембург сияқты халқы 30 млн. құрайтын бірлестік жерімен пара-пар. Бізде, яғни, Торғай аймағында (Қостанай облысының Торғай жерінде) шамамен 80 000 адам тұрады. Айтқандай, жері Қостанай және Ақмола облыстарына бөлініп берілген бұрынғы Торғай облысы аумағында әлі де 170 000 шамасына адам тұрады.
  4. Соңғы уақытта Қостанай облысы туралы айтқан кезде көбінесе Тобыл-Торғай аймағы деген сөз тіркесі жиі қолданылады.
  5. Өңір халқының 44,18 проценті қазақтар, екінші орында орыстар, проценттік үлесі 33,66, өзгелері басқа ұлттар. Айтқандай, Қостанай қаласының қазақтары да 42,98 процентті құрап, бірінші орынға шыққан еді.
  6. Қостанай қаласының халқы 254 522 адамды құрайды, ал, Рудный қаласымен (134 785 адам), Тобыл қаласын қоса алғанда, Қостанай ауданымен (71 150 адам) облыстағы Қостанай агломерциясын құрайды. Агломерция халқы сонда 460 457 адам.
  7. Қостанай облысы Қазақстандағы астық өндіруші аса ірі өңір, астық себу бойынша республикада бірінші орынға шыққан.
  8. Қостанай облысы алты қаладан және он алты ауданнан тұрады. Облыстағы Арқалық қаласы аумағы республикадағы көлемі жөнінен екінші орын алады. Оған Арқалық қаласынан өзге бұрынғы Арқалық ауданының жері кіреді. Мысалы, кейбір елді мекендер 100 шақырым қашықтықта орналасқан.
  9. Қостанай облысында Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін пайда болған қалалардың бірі – Тобыл шаһары орналасқан, ол бұрынғы Затобол кенті, Б.Майлин шығармаларында аталған жер Құттыалап деп аталған. Тобыл атауы өзен, футбол командасы мен Ресейдегі Тобольск қаласында да сақталған.
  10. Қостанай облысы еліміздің бес облысымен (Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысы, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе) және Ресейдің үш облысымен (Орынбор, Қорған, Челябі) шектеседі.
  11. Айтқандай, Қостанай облысының Лисаковск қаласында облыстағы жалғыз жас натуралистер станциясы жұмыс істейді.
  12. Қостанай облысында кен байлықтары мол, мысалы, аймақта темір рудасы, боксит, қоңыр көмір, асбест, алтын, отқа төзімді сазбалшық, әктас, шыны құмы, құрылыс тасы, күміс, никель өндірілетін және барлаған 400 кен орны бар.
  13. Қостанай облысы аумағында негізінен Орта жүздің арғын, қыпшақ, уақ, найман, керей және Кіші жүздің жетіру, әлімұлы тайпалары тұрады.
  14. Столыпин реформасынан кейін Қазақстандағы украин диаспорасының ең көп шоғырланған аймағы – Қостанай аймағы, қазіргі күнге дейін Киевка, Львовка, Запорожье, Тавриченка, Крымское, Черниговка, Харьковка, Москалевка, Шевченковка, Симферополь, Харьковское атты елді мекендер атаулары сақталған.
  15. Облыстағы Қарасу, Сарыкөл, Қамысты, Ұзынкөл сияқты аудандар көл-өзен аттарымен байланысты болса, Алтынсарин, Амангелді, Жанкелдин, Майлин, Федоров аудандары атаулары кісі есімімен байланысты болып келеді.
  16. Айтқандай, облыста Ленино, Комсомольское, Октябрьское, Целинное, Фрунзе, Фрунзенское, Свердловка, Красноармейское, Красный Кордон атты саяси һәм уақыт еншісіне байланысты ескірген атаулар көп.
  17. Қостанай облысының аумағында 864 500 адам тұратын болса, аймақтың 19,5 процентін құрайтын Жанкелдин ауданында бар болғаны 12 500 адам тұрады.
  18. Қостанай облысында қазақтың Шақшақ Жәнібек, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Барақ батыр, Шеген би, Наурызбай Қазбайұлы, Нұржан Наушабаев, Иман батыр, Шәкір батыр, Қыпшақ Сейітқұл, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Амангелді Иманов, Әбдіғапар Жанбосынұлы, Әліби Жангелдин, Кейкі батыр, Күдері Жолдыбайұлы, Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Қарабаев, Ахмет және Ғазымжан Бірімжановтар, Әбілахат Еспаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Мұхамеджан Сералин, Бекет Өтетілеуов, Ілияс Омаров, Жармұхаметов Мұқатай, Молдахмет Кенбаев, Әділбек Жақсыбеков, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жайсаңбек Молдағалиев, Қайнекей Жармағамбетов, Ақан Нұрманов, Ғаббас Жұмабаев, Мәриям Хәкімжанова, Өмірзақ Сұлтанғазин, Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, Бақытжан Байқадамов, Манаш Қозыбаев, Омар Шипин, Сәт Есенбаев, Кәмшат Дөненбаева, Хәкімжан Наурызбаев, Оразақ Исмағұлов, Орал Мұхамеджанов, Шайсұлтан Шаяхметов, Әсия Беркенова, Абзал Мұхитдинов, Меңдібай Әлин, Төлен Әбіков, Қойшығара Салғарин, Қонысбай Әбілев сияқты талай біртуар ұл-қыздары туған.
  19. Облыс аумағында екі қорық бар. Біріншісі, Науырзым қорығы, ол ЮНЕСКО тізіміне енгізілген, екіншісі облыстың Амангелді және Жанкелдин аудандары аумағындағы «Алтын Дала» қорығы.
  20. Федоров ауданында қазақ халқының саны бойынша орыстар мен украиндардан кейінгі үшінші орын алатын облыстағы жалғыз аудан.

Материал авторы — Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...