ҮЛЕБАЙ САЛ МЕН МӘРИЯМ ЖАГОРҚЫЗЫ

Көпке белгілі, кейінгі жылдары Мәриям Жагорқызының «Дударай» әніне қатысты түрлі пікірлер туындап, ол ән Үлебай сал Әнетұлының шығармасы деген сөз айтылып жүр. Сол себептен, Қорғалжын өңірінің тарихына жетік және Үлебай мен Мәриямның көзін көрген Нұрмағамбет Еңсебаев (марқұм) пен Бостан Шахманов ақсақалдың естеліктерін шамалы өңдеп ұсынып отырмын.
НҰРМАҒАМБЕТ ЕҢСЕБАЕВТЫҢ ЕСТЕЛІГІ
Қорғалжын елінің белгілі адамдардың бірі болған Еңсебаев Нұрмағанбет — 1900 жылы туып, 1977 жылы өмірден озған. Осы Нұрекең өткен ғасырдың қырықыншы-елуінші жылдары Қорғалжын өңірінде туып-өскен ақындар мен өнерпаздардың өмірі мен шығармашылығына қатысты біраз деректер жинап, жадитше жазылған осы мәліметтерді 1960 жылы Алматыдағы ҚР Ұлттық академиясының сирек қолжазбалар бөліміне тапсырған екен. Кейінгі жылдары бұл жазбаларды Нұрекеңнің қызы Ләззат қордан алып, кирилл әліпбиіне көшіріп, кітап етіп шығарды.
Нұрекеңнің ыждыхаттылығының арқасында есімдері ел жадынан өшіп кеткен – Тоқа Жұмабайұлы, Жоламан Тәттібайұлы, Түсіп Күзембайұлы, Ілияс Әубәкірұлы, Шаймерден Мәжібайұлы, Үлебай Әнетұлы, Біргебай Кемелұлы секілді адамдардың шығармашылығымен бүгінгі ұрпақ қайтадан табысты.
Нұрекең Үлебай сал туралы былай дейді.
Үлебай Әнетұлы — Қорғалжын өңіріндегі Өркендеу деген жерде 1879 жылы дүниеге келген. Кейін ол жерде «Амангелді» совзозы құрылды. Осы арадан солтүстік-батысқа қарай «Үлебай тұрған» деген жер атауы бар.
Үлебай кедейшіліктің соққысын өз қатарына қарағанда көбірек көрді. Дегенмен еңсесін түсірмей, өзін-өзі жоғары ұстап, жақсы ат мініп, жақсы киім киді. Бас-аяғын таза ұстады, өлең айтып, ел ішінің құрметіне бөленді.
Үлебай – кең иықты, ұзын бойлы, қыр мұрынды, аққұба, қызыл шырайлы, бота көзді, шоқша сақал, түлкі мұртты, әсем адам еді.
Жігіттік саяхатына көбірек қатысты, сауық-сайранды көбірек іздеді. Үлебай шығармаларынан қыз-бозбалалар, әсіресе, қыздар көбірек сескеніп жүретін. Оны өзінің жастық, жігіттік дәуренінде ешкім кейін тұр деп шегіндірген жоқ. Үлебай атақты Мәрияммен бірге өскен. Дудар-Дүйсенмен бірге Құмкөл, Ащыкөл, Қаныкей мен Орыс түбегінде бірге жүріп, әртүрлі ойын-сауыққа араласап, өлең шығарып, тіпті, шын мәнісінде Мәриям мен Дүйсеннің қосылуына дәнекер болған адам.
Дудар – Атбасар жақтың жігіті еді. Өз елінде ағайын арасындағы дау-жанжалдар себеп болып, уақытша жылыстап келіп, біздің жақта бой тасалап жүрген екен. Сол заманда шаш қою деген сирек кездесетін жайт. Дудардың дудыраған қалың шашы болады. Біздің елдің жігіттері содан Дудар деп атап кеткен екен. Мәриям Жагорқызының 16-17-дегі кезі болса керек. Мәриям мен Дүйсеннің (Дудардың) арасы күннен-күнге жақындаса түседі. Махаббат шіркін қойсын ба, ақыр аяғында екеуі қосылады.
Бірақ бұлардың қосылуы оңайға түскен жоқ. Дүйсенді орыстан қыз алды деп кінәлаушылар, дінге нұқсан келтірді, бұларды бір-бірінен айырып жіберу керек дегендер де болды. Бірақ Үлебай бастаған жастар Дүйсен мен Мәриямды көзге түсірмей, 40-50 күн араларында жасырын ұстайды. Ақыр аяғында дау-жанжал біртіндеп басылып, барлығы ақылдасып, Жагордың балаларына Торы жорға, Таушұбар, Бәйгекөк деген жақсы аттарды сыйға тартып, келісімге келгесін, үйіне келіп той жасап, араласып кетеді. Бұл 1912 жылдың қазан айының шамасы еді.
Мәриям мен Дүйсен 5-6 жыл отасқасын, Дүйсен қайтыс болады. Дүйсен өлгеннен кейін, Мәриямды Аяпбекұлы Боранбек деген адаммен қосады. Боранбек екеуі 4-5 бала сүйіп, Мәриям 1952 жылы қайтыс болған.
Үлекең қажет кезінде құс, балық аулап, мал да бағатын. Жаңа үкімет орнағасын, қоғамдық жұмыстарға жан аямай атсалысты. Мен 1965 жылы наурыз айында ол кісінің көңілін сұрап бардым. Сәлем беріп, қолын ұстадым. Ежелден ойын-күлкіміз, әзіліміз жарасқан адамдар едік. Мені көрген соң, түріне шамалы өзгеріс кіріп, үндемей отырып қалды. Сосын: «Мен сізді Қамзе қайтқалы көргем жоқ қой. Қанаты бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ», – деп мақалдап, маған көңіл айтты. Және менен көзін айырмай қарап отырып: «Адамның мұқтаж бес нәрсесі болады. Көре алмаса – көз мұқтаж, ести алмаса – құлақ мұқтаж, сөйлей алмаса – тіл мұқтаж, ұстай алмаса – қол мұқтаж, жүре алмаса – аяқ мұқтаж. Міне, шырағым, Нұрмағамбет, осының бәрі өз басымда тұр», – деп еді сәл мұңайған үнмен. Бірақ сәлден соң күле қарап:
Сөз сөйледік шалқақтап,
Аяқты бастық талтақтап.
Шіркін, жастық қиын ғой,
Сексен, тоқсан келгенде,
Басымыз отыр қалтақтап», – деді.
Ыңырана күле сөйлеп отырып, тағы да сөзін жалғады.
Сексен келді селкілдеп,
Жетім өкпе күркілдеп.
Отыз тістен айырылып,
Қызыл тіл қалды бүлкілдеп.
Жастық бастан өткен соң,
Кәрілік келіп жеткен соң,
Кеше көрген кісіңнен,
Сұрайсың бүгін кімсің деп.
Тағы да болар-болмас қозғалып қойып: «Бір жақсысы, тамағым сау, ұйқым да жақсы. Ауруымның түрі – екі қолым аузыма жетпейді, аяғым – тұрып, жүруге келмейді, құлағым естімейді, мына сексеннің істеген ісі осы», – деп, күлімсіреп әйелі Жәмилаға қарады.
Жәмила 5-6 баланың анасы болған, сол кезде де өңі таймаған адам. Осы Жәмиланың арқасында үсті-бастары, киім-кешектері тап-таза екен. Үлкеңнің отырысы да осы кезде қолға түскен аққу секілді, өзін-өзі кемітпей, шалқақ ұстап отыр.Үлебай да, Жәмила да көрер көзге аса сымбатты, көркем адамдар еді. Үлебайдың жас уағында жаяу да, ат үстінде де екі адамдық күші бар-тын. Десе де, қазір кәрілік жеңіп отырғанда, оның өзін-өзі ұстауына таң қалдым. Сөйтіп Жаңыл екеуміз қоштасып аттандық. Үлебай ұзақ сырқаттан соң, 87 жасында қайтыс болды.
МӘРИЯМ ЖАГОРҚЫЗЫ ((Рекина Мария) ЖАЙЛЫ (1886-1952)
Қорғалжын жерінде дүниеге келген, Қазақ КСР Еңбек сіңірген өнер қайраткері (1945).
Әкесі Жагор (Егор), ағасы Шодыр (Федор) қазақтың ойын-тойынан қалмайтын сауықшыл, тілге жүйрік адамдар болыпты. Мәриям Жагорқызы да жасынан қазақша ән салып, өзі де ән шығарады. Жиырмасыншы жылдары музыка жинаушы этнограф А.В. Затаевич Мәриямнан «Дударай» әнінің бірнеше нұсақсын нотаға түcіріп алады. Бұл әнге орыс қызы Мәриям мен қазақ жігіті Дүйсеннің (Дудар) арасындағы сүйспеншілік арқау болғаны елге білгілі. Ұлы Отан соғысы жылдары Мәриям Жагорқызы «Дударай» әнінің әуенімен айтылатын «Отан үшін туған» деген өлең шығарып, оны сол кезде мектеп оқушылары, елдің жастары айтып жүрген екен.
Композитор Е.Брусиловский Мәриям мен Дүйсеннің махаббат хикаясына арнап «Дударай» операсын (либреттосы А.Хангелдиндікі) тудырса, ақын Қ.Бекхожин «Мәриям Жагорқызы» атты поэма жазған.
БОСТАН ШАХМАНОВ АҚСАҚАЛДЫҢ ЕСТЕЛІГІ
Қорғалжын елінің тағы да бір белгілі адамы – Бостан Шахманов атты ақсақал. Бұл кісі өмірден озғалы бірер жылдың жүзі болды. |Бостан Шахманов көп жылдар Целиноград ауыл шаруашылығы институтында ұстаздық етіп, кафедра меңгерген, биология ғылымдарының кандидаты, Қорғалжын ауданының құрметті азаматы. Бала күнінде Мәриям Жагорқызын көзбен көрген адам. Төменде Бостан ақсақалдың естелігін ұсынып отырмыз.
Мәриям Жагорқызының «Дударай» әні жайлы
(Бұрындары Мәриям Жагорқызының әні делініп келген «Дударайдың» авторы Үлебай ақын екен деген ақпарат баспасөз бетінде жиі жазылып жүр. Кім шығарса да, бұл ән үлкен өнер туындысы, оған дау жоқ. Бірақ сауал тудыратын бір нәрсе, егер «Дударайдың» сөзін Үлебай жазса, әнін кім шығарған? Төмендегі мақаланың авторы, өлкетанушы Бостан Шахманов ақсақал осы жөнінде шамалы ой толғайды – Б.С.).
Талай жылдар Мәриям Жагорқызынікі делініп келген «Дудар-ай» әні туралы кейінгі жылдары басқаша болжам, пікірлер айтылып, әннің авторы Үлебай сал Әнетұлы деген мақалалар жарияланып жүр. Осы мәселені өзімізше зерделеу барысында, біздер әннің шығу тарихы туралы нақты деректер жоқ екенін байқадық. Кеңес уақытында зертеушілер бұл әнді «халық әндері» қатарына қосып, саясатқа икемдеп, ұлтаралық некені насихаттау негізінде туған ән десе, қазақ халық әндерін жинап, нотаға түсірген музыка зерттеушісі Александр Затаевич: «Мәриям Егорқызы Рекина атты қыз ұлты орыс болғанымен қазақ аулыныда тұрып, домбыра тартуды үйреніп, қазақтың Дудар есімді жігітін сүйіп, сол шынайы сезімнен туған ән», – дейді. Олай болса, ән неге автордың өз атынан емес, үшінші жақтан айтылып тұр деген ой келеді…
Бір қызығы, алты түрлі нұсқасы бар осы белгілі әннің көпке танымал бір нұсқасын шырқап өткен теңдессіз әнші Әміре Қашаубаев та ештеңе айтпаған секілді. Музыка зерттеушісі Б.Ерзакович пен басқадай зертеушілер де әннің тарихы туралы нақтылап ештеңе жазбайды. Және бұл әннің тіпті опералық нұсқасы да бар. Ол жөнінде композитор Евгений Брусиловский: «Бұл шығармада қазақтың кең байтақ даласының сарыны еседі. Бұл әнді өзге ұлт өкілінің шығаруы мүмкін емес», – деген пікір айтыпты. Яғни, әнді шығарушы адамның ұлты қазақ деген емеурін аңғарамыз.
Осы әнге қатысты мынадай тағы бір болжам ана жылдары басылым беттерінде жарияланды. Онда Үлебай сал Мәриямға осы әнді шығарып беріп, ақысына ақша алыпты дейді. Бұл енді шындыққа жанаспайтын пікір. Бұдан бөлек, мынадай тағы бір дерек бар: Үлебай сал бозбала шағында Дүйсенмен (Дудар) жора-жолдас болып, ол Мәриямға ғашық болғанда, Дүйсеннің атынан осы әнді шығарып берген екен дейді. Қартайған шағында Мәриям Үлебайға «сен менің атымды бар қазаққа шығардың» деп, ризашылығын білдірген көрінеді.
Ең бастысы, кімнің шығармасы болса да, «Дудар-ай» әні міне, 100 жылға жуық уақыт халықтың аузынан түспей келеді, тіпті бірнеше әдеби – музыкалық шығармаларға арқау болған. 1920 жылы белгілі музыка зертеушісі А.В. Затаевич осы әннің оннан аса нұсқасын жазып алған екен. Кейін бұл әуендер Е.Брусиловскийдің «Дударай» операсына кеңінен пайдаланылып, 1953 жылы тұңғыш рет Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында көрермендер назарына ұсынылады. 1950 жылы белгілі ақын Қалижан Бекхожин Дүйсен мен Мәриямның арасындағы махаббат сезімін өзек етіп, «Мәриям Жагорқызы» деген поэма жазады.1927 жылдың 17 сәуірі күні Мәскеу консерваториясының Кіші залында А. Затаевичтің қолдауымен өткізілген концертке Әміре Қашаубаев қатысып, «Жалғыз арша», «Смет», «Ағаш аяқ» және «Дударай» әндерін орындаған екен. Бұл ән бүгінгі күні де танымал әншілердің репертуарынан түспей келеді. Өкінішке орай, соншама танымал әннің авторын анықтаудың әлі де сәті түспей келе жатыр.
Мәриямның өз ұрпақтары не дейді?
Мәриямның Мүслима деген қызынан туған немере жиені, ҚазПИ-ді бітірген жоғарғы білімді педагог Шүкіржан Егінбайқызының айтуы бойынша, «Дударай» әніне Үлебайдың қатысын жоққа шығармау керек. Өлеңнің бірнеше нұсқасының бар екенін айтқан Шүкіржан оның кейбір шумағын Үлебай жазса, кейбірін Мәриямның өзі жазып, екеуінің авторлығымен «Дударай» әні пайда болған сияқты дейді. Шүкіржанның айтуынша, Мәриямның өзі де домбыра тартып, ән салып қана қоймай, өлең де жазған көрінеді. Тіпті ерте кездерде әжесінің өлеңдер жинағы кітап болып шыққанын көзімен көріп, қолымен ұстағанын да айтады.
«Дударай» әнінің Мәриямдікі екені жөнінде оның туған жиені, Мәдениет қайраткері, әнші Мапруза Өтеуленова да айтады. Мапрузаның шешесі Татьяна Максимовна – Мәриямның сіңлісі. Ол кісінің айтуынша, Мәриям домбыра шертіп қана қоймай, қолма-қол өлең шығаратын қабылеті де болған екен. Жиын-тойларының бел ортасында жүрген маған кейбіреулер: «Мапруза, сен қазаққа ұқсамайсың ғой», – деп жатады. Мен: «Неге, мен қазақпын, бірақ менің әжем Татьяна Максимовна – орыс қызы. Өздеріңізге белгілі «Дударай» әнінің авторы Мәрия Жагорқызы – менің нағашы апам», — деймін оларға.
«Татьяна әжем бізге үнемі осы әннің шығу тарихын айтып отыратын. Қазір «Дударай» әнін шырқап тұрған кезімде, көз алдыма Мәриям әжемнің қилы тағдыры келеді. Бірақ қазір кейбіреулер әнді шығарған Мәриям емес деп жүр. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Біздің түсінуімізде, «Дударайдың» авторы – Мәриям Жагорқызы. Ол кісіні білетіндер менің түрімді Мәриям әжеме ұқсатып жатады, бәлкім, әншілігім де сол кісіден дарыған шығар. Біздер қазір орамал дегеннің не екенін білмей, жалаңбас жүреміз. Ал, Таня мен Мария әжелерім бастарынан кимешектерін тастамай, қазақтың дінін, салт-дәстүрін ардақтап өткен жандар, – депті баспасөзге берген сұхбатында Мапруза әнші.
Қазір көптеген адамдар ақпарат бетттеріне шыққан түрлі пікірлерді негіз етіп, «Дударай» әні Үлебай салдікі деп жүр. Бірақ бұған да толық дәлел жоқ. Болыпты-мыс, айтыпты-мыс деген әңгіменің төңірегінде ғана. Және бұндай әңгімелерге май құятын ел арасында кейінгі жылдары пайда болған рушылдық, басқадай былық-шылықтар сияқты. Біз бұл жерде Үлебай салдың ақындығына, өнеріне шек келтірейік деп отырған жоқпыз. Бірақ ақиқатқа қиянат жасалмағаны дұрыс деп ойлаймыз.
Осы арада басын ашып айтатын бір нәрсе, «Дударайды» халыққа сонша танымал еткен әннің әсем әуені. Жарайды, сөзі Үлебайдікі дейік, сонда әннің әуезін шығарушы кім? Егер Үлебай шығарса, дәл осындай әдемі ән тудырған адамнан тағы да басқа әндер тууы керек еді ғой? Неге бір әнмен ғана шектеліп қалған деп ойлайсың. Және осы ән ел аузында жүрген кезде Үлебай неге менің әнім еді деп айтпаған дейсің. Біздер сонау соғыс жылдарынан Қорғалжын жерінде өсіп-өнген адамдармыз. Бірақ әннің авторы Үлебай деген әңгімені құлағымыз шалмапты. Бұл бертін, егемендік алғасын, тоқсаныншы жылдары шыққан қауесет.
Тағы бір есімде қалғаны, Ұлы Отан соғысы жылдарында мектепте оқып жүрген кезімде мұғалімдер бізге «Мынау Мәриям Жагор қызының шығарған «Отан үшін» деген өлеңі» деп жаттатып, үзіліске шыққанымызда қол ұстасып, шеңбер жасап жүріп айтатынбыз. Бүгінде сол әннің сөздері ұмытылып тек қайырмасы ғана есімде қалыпты: «Отан үшін туған, Отан жауын қуған, жасасын қызыл қыран ұландар», – деп келетін.
Кейінгі кезде осы өлең ойыма түсіп, шіркін, тауып алып, жарыққа шығарса деп жүретінмін. Осы тілегім аяқ асты орындалып, аталмыш өлең өңірімізге танымал болған қарт жазушы, марқұм Әскен Нәбиевтің архивінен табыла кетті. Әсекең бұл жөнінде былай деп жазады: «Өзімнің қолымдағы көне архивімнен 1944 жылдың 19 мамырында облыстық «Сталин туы» газетінде жариялынған Мәриям Жагорқызының «Отан үшін» деген өлеңін оқырмандар назарына ұсынғым келеді. Ежелгі «Дударайдың» сазымен айтылатын бұл әнді соғыс жылдары жиын-тойларда қыз-келіншектер, күйеулері майданда жүрген жеңгелеріміз ерекше шабытпен шырқаушы еді. Ел арасына тарап кеткен бұл әнге «Мәриям Жагорқызының жаңа «Дударайы» деп айдар тақққанының куәсі болдық. Енді сол әннің мәтінін ұсынайын.
Дударды айтып едім жас шағымда,
Ол заман өтіп кетті бір сағымда.
Ел қамын ойлар кезде егделеніп,
Дударға басайыншы мен тағы да.
Қайырмасы:
Отан үшін туған,
Отан жолын қуған,
Жасасын қызыл қыран ұлан!
Мені де, Дударды да аялаған,
Сен Отан, емес пе едің менің анам.
Халқымның жауға қарсы күресінде,
Қалайша мен үндемей шетте қалам.
Елімде жауды жеңген ер ардақты,
Өсірген сол ерлерді ел ардақты.
Ардақты болу үшін жауды жеңіп,
Жұмсаңдар осынау істе бар қайратты.
«Бертін келе осы өлеңді қарт қаламгер Жұмабай Орманбаев шығарыпты деген сөз тарады. Ол кісімен облыстық газетте қызметтес болғанбыз. Жұмекеңнен өлеңнің шығу тарихы жайлы сұрағанымда, ол:
«Бұл Мәриямның өзінің шығарған өлеңі екені даусыз. Облыстық газетке алып келгенде, жеңіл-желпі өңдеп бергенім рас деп еді», – деп жазады Әскен Нәбиев.
Әңгімемізді әрі қарай жалғасақ, Қорғалжын елінің белгілі азаматтарының бірі болған– Еңсебаев Нұрмағанбет «Үлебай атақты Мәрияммен бірге өскен. Дудармен (Дүйсенмен) Құмкөл, Ащыкөл, Қаныкей мен Орыс түбегінде бірге жүріп, әртүрлі ойын-сауыққа араласып, өлең шығырып, тіпті, Мәриям мен Дүйсеннің қосылуына дәнекер болған. «Ащыкөл, Тұщыкөл мен арасы бір» – деп басталатын көпке белгілі ән бар. Осы өлеңнің түпнұсқасын Мәриям Үлекеңнен алғанын жасырмай айтушы еді» – дейді, Нұрекең. Осыған қарап, әннің мәтінінің түпнұсқасы Үлебайдікі екенін байқауға болады. Байқасақ, Нұрекеңнің пікірі Шүкіржан Егінбайқызының сөзімен сабақтас екен. Сондықтан, «Дударайда» Мәриям мен Үлебайдың екеуінің де қолтаңбасы бар деп айтуға болатын сияқты.
Мәриям Жагорқызыны қатысты тағы бір дерек, Мәриямның өзінің қызы Мүслиманың 2013 жылы «Караван» газетіне берген сұхбатында айтылады. «Дүйсен ауырып, ерте қайтыс болады да, қазақтың әмеңгерлк салты бойынша, ағайындары Мәриямды Дүйсеннің інісі Садырбайға қосады», – дейді. Бірақ осы дерек тек Мүслиманың ғана аузынан шығыпты, басқа жерден кездестіре алмадық. Басқа деректерде оның Боранбек деген адамға қосылғаны ғана айтылады.
Мен осыдан 20 жыл бұрын басылған мәліметтерді тауып алдым. Онда Мәриямның қызы Мүслима Людмила Леева деген журналиске Дүйсеннің өмірден ерте кетуіне себеп болған ауылдастарынан алған соққысы депті. Мәриямға үйленген соң, олар орыс қызын алдың деп Дүйсенді соққыға жығады. Осыдан кейін денсаулығының түзелуі қиын болады.
Тағы бір деректер бойынша, ол көптеген уақыттар далада, көл жағасында тығылып жүргенде салқын тиіп, өкпе қабынуынан қайтыс болған екен.
Бір айта кететін жайт, Мәриямға қосылмай тұрып, Дүйсеннің Рақыш атты әйелі болған. Дүйсен Мәриямды алып қашып, бір жарым айдай қамыс ішінде бой тасалып жүргенде, Рақыштың аяғы ауыр қалған екен. Кейін босанып, ұл туып, бірақ өзі қайтыс болып кетеді. Дүйсенді сүйгендігі сонша, осы баланы Мәрия өз бауырына салып, тіпті кеудесінен сүт шығып, емізіп жүріпті. Бұл бала кейін өсіп-өніп, отбасылы болады. Оның соңында Мұрат, Қалила атты екі бала қалған. Фамилиялары – Дүйсенов. Дегенмен, Мұраттың өмірі қысқа болып, отыз жасында дүниеден озады. Оның соңында үш бала қалған. Қазір осы үшеуінен туған Дүйсеннің немерелері, олардан туған шөберелері бар. Солардың бірі Азамат – белгілі шоумен. Қазақстанның алғашқы КВН командаларының сценарийін жазған жігіт. «Менің бөлмемде Мәриям Жагорқызының кимешек киіп түсукен суреті үнемі ілулі тұратын. Мен ол кісіні туған әжем екен деп ойлайтымын. Есіміз кіргесін, мәселенің мән-жайын үлкендер айтты. Мәриям Жагорқызы біраз уақыт Ақмолада тұрып, тетарда жұмыс істепті. Сол кезде Қазақ ССР-не Еңбегі сіңірген өнер қайраткері деген құрметті атақ алады», – деген дерек айтыпты Азамат. (Терехов А. «Караван», №35, 30.08.2013).
Бір қызығы, Дудардың тағы бір баласы Хамзе (1917-76) Қорғалжын ауданының орталығындағы «Дружба» совхозында механик болып еңбек етті. Өте кішіпейіл, азаматтығы мол, сауатты, іскер азамат еді. Әйелі Кенжекей (1928-58) ертеректе қайтыс болған. Олардан Күлбағила деген қыз бар, Мұхит Жанұзақов деген ғалым-дәрігердің зайыбы.
«Хамзе Дудардың баласы болса, оның Мәриямнан басқа әйелі болғаны ғой?» – деп іштей дүдәмал болып жүретінмін. Кейін Күлбағиладан сұрағанымда, ол былай деп еді: «Дүйсеннің Мәриямнан бұрын Рақыш деген әйелі болыпты. Дүйсеннің көңілі Мариямға ауып, үйінен кетіп қалып, Үлебай секілді жолдастарымен ойын-сауық, той-домалақтарда жүреді. «Дүйсен-Дудар ана жер, мына жерде бой тасалап тығылып жүрді» деген әңгіменің себебі, «өз әйеліңді тастап, орыс қызының соңында кеттің» деген ағайын-туыстарының қысымынан болса керек. Сол кезде айы-күніне жетіп, толғақ қысып, қиналып жатқан Рақыш Дүйсеннің Мәрияммен қосылуына рұхсат беріпті деседі. Бірақ өзі баладан қайтыс болады. Хамзе дүниеге келіп, кейін Дүйсен өлгесін, балалар үйінде тәрбиеленеді».
Мәриям Жагорқызын көзіммен көрдім
Төртінші, бесінші сыныпты бітірген жылдары жазғы каникул уақытында мен совхоздың малын бағатын кәдімгі штаттағы малшысы ретінде болатынмын. Малшылар жайлауға сабақ бітпей ертерек көшеді. Ферма басшылары мені мектептен босатып алып, Нұра өзенінің бойындағы Қарасу, Жырық, «Пионер лагері» деген жерлерге малшылармен бірге жіберетін. Сол кеткеннен қара күзде, қар түсе, оқудың бірінші тоқсаны біткен кезде бір-ақ оралатын едік. Біз «Кеңбидайық» совхозының Мыңшұқыр деген бөлімшесінде екі пәтерлі үйде тұрдық. Үйдің бір жағында біздер, екінші жағында Мариям Жагорқызы апамыз тұрды. Ол кісінің күйеуі Боранбек деген адам. Ертеде Нұра өзенінің бойындағы Алғабас (ескі аты Айшуақ) деген жерде Балабек деген бай болыпты. Боранбек сол Балабектің немересі екен. Бұлар аласапыранды жылдары бой тасалап Омбы жағына кетіп қалса керек. Содан, 1950-51 жылдары біздің ауылға, «Кеңбидайық» совхозының Мыңшұқыр бөлімшесіне көшіп келді. Боранбек бір табын малдың басшысы (гуртуправ). Жазда мен сол кісілердің малын Нұра өзенінің бойындағы Жырық деген жерде бақтым. Боранбектің екі қыз, екі ұлы болды. Қыздары отбасын құрған, үлкенінің аты – Рысалды, күйеуінің аты ұмытпасам Егінбай болуы керек. Олар әуелде Сабынды деген ауылда тұрды да, кейін жұмыс бабымен Теңіз ауданының «Сарыөзен» совхозына көшіп кетті. Тағы бір қызы Мүслима (Асанова) Астана қаласында тұрған, дүниеден өткеніне екі-үш жылдай болыпты. Мәриямның ер баласының үлкені Сапарбек менімен жасты, 1934 жылғы еді, бірақ көбінесе басқа туыстарыының үйінде жүретін. Ал, 1937 жылы туған, Сайлаубек өз қолдарында болды.
Мәриямның күйеуі Боранбек сымбатты, мұртты, домбыра тартып, өлең де айтатын серілеу кісі еді. 1958 жылы қайтыс болды. Мәриям шешеміз ұзын бойлы, атжақты, кимешек киіп, намазын қаза қылмайтын, салмақты, қазақшаны жетік білетін, артық сөзі жоқ адам еді. Анда-санда домбыраны да қолына алып, тыңқылдатып отыратыны есімде. 1952 жылы Мәриям апа қайтыс болды. Жаназасына ауыл адамдары, бөлімше басшылары түгел қатысты. Мектеп оқушыларының ішінен мені алып барды. Облыс орталығы Ақмоладан басшы қызметтегі Ташмағанбетов Хакім деген кісі келді. Және өздерімен бірге ала келген тақтайдан жасалған табыты бар екен. Мәриям апаның мәйітін ақыретке оралған күйінде үйден алып шығып, әлгі жәшікке салды да, полуторка машинаның қорабына артып, өзінің өсиеті бойынша, ауылдан үш шақырымдай жердегі Боранбектің ұлы аталары жатқан Жантай бейіті деген қорымға апарды. Қабір басында шағын митинг өткізілгені де есімде. Бала болсам да бір байқағаным, қабірін лақаттап қазып, мәйітті сонда қойды да, табытты не істерін білмеген үлкендер молдамен ақылдасып, «өзіне арналған зат қой, бірге көмейік» деп, табытты қабірдің ішіне бірге көмді. Бұл қорым Нұра өзенінің сол жағында, Сабынды мен Кеңбидайық елді мекендерінің арасында, жолдан үш-төрт шақырымдай биіктеу қырдың басында.
Қазір Боранбектің қыздары қайтыс болды деп естідім, жиендері бар. Сапарбек Украинаға әскерге кетті де, сол жақта үйленіп біржола қалып қойды. Сайлаубек Астанада Ішкі Істер министрлігінің теміржол милициясында еңбек етіп, зейнетке шығып, 2009 жылы өмірден өтті. Сапарбек інісінің жаназасына келіп кетіпті дегенді естідім, бірақ жолығудың сәті түспеді.
Біздер Рекиндермен ертеде, өткен ғасырдың отызыншы жылдардың аяғында, көрші екі ауылда тұрдық. Менің әкем Сәбит орыс тілін жақсы білетін адам еді. Сол себептен, бақша өсіруші Харченко, зоотехник Шабанов, есепші Всяких, балықшы Рекиндермен «тамыр» болды. Әкем Рекиндермен жиі араласып тұрды, біздің үй олардың қара биесін сатып алғаны да есімде. Мені сол кісілердің үйіне апарып, көкжан деген балықтың тек басынан ғана істелген сорпа ішкізгенін ұмытпаймын.
Рекиндер қазақтармен етене араласып, бие байлап, қымыз ұстайтын. Жагордың (Егор) Павел, Максим, Федор, Алексей деген төрт ұлы болды. Ең кішісі – қызы Мәриям болатын. Жагордың ұлдарынан туған қыздарының көбі қазаққа күйеуге шығып, мұсылман дінін қабылдап, аттарын қазақшалап өзгерткен (Зура, Насиха, Бәтима, Қадиша, Балқия, Ғайша және т.б.). Бұлардың түрлері орысқа ұқсағанымен, күнделікті тұрмыста қазақ әйелдерінен айнымайтын. Бойларына қазақ әдет-ғұрпының терең сіңгені байқалып тұратын. Жагордың ең кіші баласы Алексейдің балаларының аттары да қазақша қойылған – Олжабай, Райымбек. Кейінгі жылдары олар Қорғалжын ауданының «Арықты» совхозында тұрды.
Мынадай бір әңгімені де айта кетейін. Мәриямның немере сіңлісі Ғайша (орысша есімін білмеймін) ауданда сот болып істейтін Байжұманов Оспан деген кісіге күйеуге шыққан. Осы Ғайшаның туған апасы «Кеңбидайық» совхозында атшы болып істейтін Шехерев Николайдың әйелі Настя деген кісі қайтыс болады. Ағайындары: «Жерлеуіне бармайсың ба?» – сұрағанда, Ғайша апамыз: «Екеуіміз де бір қараңғы жерден шықтық қой, бақилық болған бейнесін көргенде, жүрек шіркін еттен жаратылған емес пе, көзімнен жас шығып кетсе, діннен шығып кетермін. Өздерің барыңдар, мен бармай-ақ қояйын», – деп, күйеуін, балаларын жіберіп, өзі бармай қалып қойыпты. Міне, дінге деген адалдық, тазалық осындай болар.
Сонымен, Мәриям Жагорқызы және «Дударай» әні жайлы азды-көпті білгеніміз осындай болды. Басында айттым, мақсатымыз бұл әннің қайтсе де Мәриямдікі екенін дәлелдеу емес. Ақиқатын анықтау бәрімізге парыз. Ал, «Дударай» әнінің өзіне келер болсақ, қазақ деген халық аман тұрғанда, бұл қашанда бірге жасайтын өнер туындысы екеніне дау жоқ.
Мәриям Жагорқызының аты Мәшһүр Жүсіптің де қаламына ілігіпті
Бір ғажабы, Мәриямның осы «Дударай» өлеңінің мәтінін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кітап болып жарыққа шыққан жазбаларының ішінен де кездестірдік (7 том, 20-208 бб). Ел ішіндегі ауыз әдебиетінің үлгілерін, өлең-жырларды жалықпай жинаған Мәшекеңнің қаламына Мәрия Жагорқызының өлеңін де іліккен екен.
«Мариям Жагор деген орыс қызы,
Он бес пен он алтыға жеткен кезі.
Дініне Мұхаммедтің ғашық болып,
Сондағы Мариямның айтқан сөзі.
Оңбайды қайда барса, дудар шашты,
Қолымнан жібек баулы тұйғын қашты.
Қолыма қашқан тұйғын қайта қонса,
Құдайдан тілемес ем ұзын шашты.
Ауылым Өтебайдың бауырында,
Құйысқан Бозшұбардың сауырында.
Құдай-ау, бұл аурудан өліп кетсем,
Қыла көр Мұхаммедтің қауымында.
Торыны шана жектім қораптаған,
Бір жолға түсіп кеттім сораптаған.
Тұсынан ақбоз үйдің тесіп түсіп,
Ішінде мен ақ тұйғын қонақтаған.
Дударай, көкқасқа атты жемдедің бе,
Уағда айтқан күнде келмедің бе?!
Жеріңе уағда айтқан, келмегенің,
Кәпір деп, діні басқа сенбедің бе?!
Ауылым Өтебайдың қырқасында,
Бірде қар, бірде жаңбыр, бұрқасын ба?
Мойныңа ақ білекті арта салсам,
Сол білек алынбаса, қырқасың ба?!
Ауылым Өтебайды қыстайтұғын,
Тұмақты пайыменен тыстайтұғын.
Дуаға жалынғанға тағдыр саңырау,
Сарғайтып екі асықты қоспайтұғын.
Қолында Мариямның өткір қайшы,
Қағазға Мариям аты жазылсайшы!
Құдай-ау, қор ғып бүйтіп сарғайтқанша,
Алдымнан бір терең ор қазылсайшы.
Мариям кішкентайдан туған ашық,
Дініне Мұхаммедтің болып ғашық.
Баруға шіркеуіне соқпас көңлім,
Кәпірдің крестный пәле діні қашық.
Ауылым Өлебайдың шұқырында,
Көркі бар сұлу қыздың мықынында.
Құдайдың салғанына пенде көнер.
Күнінде уағда айтқан келмегенің,
Бар ма еді аштан өлген тұқымыңда?!
Болғанда Мариям атым, әкем – Егор,
Құдайдың салғанына пенде көнер.
Арманға ойыма алған жете алмасам,
Шырағы тіршіліктің болды сөнер!
Ащыкөл, Тұщыкөлмен – арасы бір,
Қосылған тауып теңін жарасып жүр.
Мәриямның көңлі жоғын қайдан білсін,
Дудар бас хохол иттер таласып жүр.
Жасымнан бал жаладым шыныменен,
Орыстың үйір болмай дініменен.
«Берем деп, Алексейге» – әкем айтып,
Ұйықтамай жылап шықтым түніменен.
Дударай, сен кеткелі көп күн болды,
Соққан жел құбыладан өткір болды.
Қараумен күнде-күнде жолың тосып,
Бетіме тозақ оты сепкіл болды.
Әкесі Алексейдің Метрей-ді,
Шошқаның, жаман жері, етін жейді.
Бар малы екі-ақ ат пен жалғыз сиыр,
Құдайдан одан артық не тілейді?!».
Өңдеп дайындаған Сайлау БАЙБОСЫН

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысының ғылыми әлеуетін дамыту: Аризона университетімен кездесу

Еліміздің ғылыми әлеуетін арттырудың бірден-бір жолы – шетелдік дамыған ғылыми орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, өңірлерде ...