Қостанай облысында тәулік ішінде 20 көлік қар құрсауынан шығарылды. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
«Арқалық — Жезқазған тасжолында көмір тиелген КамАЗ көлігі тұрып қалған. Құтқарушылар көлік жүргізушісімен профилактикалық іс-шаралар жүргізді. Алайда, ол эвакуациялаудан бас тартқан. 5 наурызда Арқалық қаласы ТЖБ бастығы КамАЗ жүргізушісінің жұбайымен бірге оқиға орнына барған. Олар азық-түлік және жанар-жағармай алып келді. Мұнан соң КамАЗ көлігі арнайы техникалардың көмегімен Арқалық қаласына жеткізілді»,- делінген хабарламада.
Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағы 6 наурыз күні Науырзым ауданының маңында бірнеше көліктің тұрып қалғаны туралы хабар алған. Төтенше жағдай орнына авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТРЭКОЛ техникасының 2 бірлігі, КамАЗ және СӨАЖҚЖ 6 құтқарушысы шықты. Қар құрсауынан 19 техника шығарылып, 36 адам қауіпсіз аймаққа көшірілген.
Облыстық ТЖД ауа райының қолайсыздығына байланысты алыс жол жүруден уақытша бас тартуды ұсынады.