«Аудандық, қалалық, ауылдық деңгейдегі билік жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу барысында экономикалық тұрғыдан мейлінше дербес болуы тиіс» деп көрсетті. Бұл орайда төртінші деңгейдегі бюджетті қалыптастыру, жергілікті өзін өзі басқару ісін нығайту бұрнағы жылдардан бері жалғасып келеді. Былтыр облыста кемінде 2000 тұрғыны бар 45 ауылдық округ төртінші деңгейдегі бюджетке көшкен еді. Олар енді ауылдағы қаржы талап ететін әлеуметтік мәселелердің шешімі үшін аудандық бюджетке қарап, ауыз ашып отырмай, мүмкіндігінше өз қотырын өзі қаситын болды. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген осы. Бюджетке қаржы тікелей түскен ауылдық округтерде алға талпыну, салық жинауды ширату, масылдық пиғылдан арылу, талаптарды түсіну секілді жаңа леп байқалады.
Отауын оқшаулаған ауылдық округтер арасында қадамы алға басқандар Қарасу ауданында деуге болады. Істі игеру үшін алдымен жақсыны үйрену керек деген ұстаныммен «Төртінші деңгейдегі бюджет: ауылдық округтерді оңтайландырудан бастап, бірінші басшылардың жауапкершілігіне дейін» деген тақырыптағы дөңгелек үстел отырысы Қарасу ауданында өтті. Мұнда аудан халқының 30 пайызы болатын, яғни 8 мыңнан аса тұрғыны бар «Қарасу», «Октябрь» және «Железнодорожное» ауылдық округтері бүгінде дербес бюджетпен жұмыс істейді.
Бір аудандағы осы үш ауылдық округтің екі жылға жуық уақыттағы жұмыс тәжірибесі облыстағы төртінші деңгейдегі бюджетке көшкен әлгі 45 ауылдық округтерге де тән және олардың арасындағы ең озығы, үлгілісі де дер едік. Қарасу ауданындағы осы үш ауылдық округте барлығы 44,7 млн теңге салық түскен. Өндірісі жоқ, тек қана ауыл шаруашылығымен, тұрғындары қорадағы малымен күн көретін аталған ауылдар үшін бұл жаман табыс емес. Алдағы жылы облыста тағы да 195 ауылдық округ төртінші деңгейлі бюджетке көшіріледі. Жергілікті бюджетті толтырып, өзінің дербестігін жүзеге асыру оңай шаруа емес. Қарасу ауданының әкімі Виктор Ионенко өздеріндегі тәжірибені ортаға салды.
– Ауылдық округтер әкімдері жүргізген жұмыстарға қарамастан төртінші сатыдағы бюджеттің толуына кедергі болар бірқатар проблема бар. Ең алдымен, бюджеттің үйлесімсіздігі дер едім. Жергілікті бюджетке түсетін қаржы негізінен салықтан тұрады. Ал бірқатар салық мерзімі жылдың екінші жартысына қалдырылған. Мысалы, жеке тұлғалардан алынатын көлік салығы жылдың 31 желтоқсанына дейін созылады. Жеке тұлғалардың мүлік және жер салығының мерзімі 1 қазанға дейін белгіленген. Соның салдарынан жыл басталғанда салық әзірге түсе қоймайды да, алғашқы тоқсанда бюджет қоржыны бос болады. Сондықтан жергілікті бюджет жоғары деңгейдегі бюджетке қол жаяды, субвенцияға сүйенеді, – деді Виктор Николаевич.
Ауылдардағы коммуналдық мүліктерге байланысты жұмыстардың жүйесіздігі төртінші деңгейдегі бюджетке қарсы тұрар екінші өзекті мәселе болып отыр. Оның мәнісі – иесіз қалған мүліктерге мониторинг жүргізіліп, оны әділет органдарына есепке қоймайды, сондықтан бағасы да анықталмайды. Жерге мемлекеттік акт, техникалық төлқұжат дайындалмайды, мүліктер халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркелмейді, коммуналдық меншік нысандарының әрі қарай пайдаланылуы да белгісіз қалады. Осындай жүйесіздіктен кейін олардың құжаттары аукцион, тендер өткізуге дайындалмайды. Өйткені бұл – ұзақ уақытты талап ететін жұмыс. Ауылдық округтер бюджетінің толысуына үшінші кедергі – маман кадрлардың тапшылығы, лауазымды басшылар міндеттерінің дұрыс бөлінбеуі болып отыр. Екі жылға таяған уақыт тәжірибесі төртінші деңгейдегі бюджеттің қалыптасуына нақ осы маман тапшылығының басты кедергі екенін де көрсетіп берді. Өткен жылдан бері Қарасу ауданындағы аталған үш ауылдық округте кадрлар жиі ауысқан, қазір 2 әкім, 5 бухгалтер, 2 маман жетіспейді. Маманның сапасы өз алдына бөлек әңгіме. Мысалы, осы үш ауылдық округтегі 19 бухгалтердің үшеуінде ғана жоғары білім бар. Ал қазір цифрландыруға байланысты бухгалтерлік жұмыс күрделі бағдарламалармен жұмыс істеуді талап ететіні белгілі. Облыстағы 45 ауылдық округте маманын күткен 27 бос орын тұр.
Қарасу ауданындағы үш ауылдық округтегі қиындықтар облыстағы өзге округтерге тән. Төртінші деңгейлі бюджетке көшіп жатқан кейбір ауылдық округтерді материалдық жабдықтаудың төмендігі де белге тебеді. Ауылдағы мамандар жұмысы кідіріссіз жүруі үшін ауылдық округ аппаратын компьютерлермен және жылдамдығы 512 Кбит/с кем емес интернетпен қамтамасыз ету қажет. Тіпті, Әулиекөл, Қамысты аудандарына және Арқалық қаласына қарайтын 4 ауыл әлі күнге дейін интернеттің не екенін білмейді. Өркениеттің бұл жетістігін жеткілікті пайдаланбай, ауылдарда цифрландыру да әзірге сөз жүзінде қалады.
– Қандай қиындықтары болсын, ауылдардың төртінші деңгейдегі бюджетке көшуі дамуымыздың шынайы тетігі екенін сеземін. Бұрын ауданға қарап аузымызды ашып отыратын едік. Ауылда қандай мәселе өзекті екенін сол ауылда тұрып жатқан ауылдастардан артық кім біледі? Қаржы да соған жұмсалуы тиіс. Мысалы, көктемде ауылды қыс бойы үйілген қоқыстан тазалап алу – кезек күттірмейтін жұмыс. Оған едәуір қаржы керек. Енді аудандық бюджеттен келген 200-300 мың теңгеге қарап көзіміз талып отырмайды, өзіміздегі қаржыға қоқысты да шығарамыз, көгалдандырамыз. Ауылда ауыз су жоқ. Алдағы уақытта өзіміздің бюджет қоржынындағы қаржыға ауыз су әкелуді бастасақ, аудан оған көмегін бермей отыра алмайды. Қаржының өзімізде қалуы ауылдастардың белсенділігін арттырады, бұл ауылдың дамуына бастайды деп білемін, – дейді Жітіқара ауданындағы «Пригородный» ауылдық округінің қызметкері Наталья Золоторева.
Ауылдағылардың тілегімен қатар, түсінігі осылай болса игі.
Оңтайландырмай – іс оңалмайды
Төртінші деңгейлі бюджет дегенде, әңгіме салық жинауға тіреледі. Әңгіменің тоқетері осы. Салық жиналса, қаржы болады, қаржы болса ауылдағы әлеуметтік мәселелерді ауылдағылар қал-қадерінше өздері шешеді. Қарапайым қазақы түсінікке салғанда да, ауылдық округте түтін саны көп болса, салық та көп жиналады. Алайда талап бір болғанымен, облыстың әр шалғайындағы ауылдық округтердің жағдайы әртүрлі. Шалғайдағы Наурызым ауданында бар-жоғы 10 мыңнан аса тұрғын бар. Ішкі көші-қон, адамдардың қоныс аударуы тоқтаған жоқ. Ауылдан көшкендер мен қоныс аударып келгендердің айырмасы жер мен көктей болып тұр.
– Науырзым десе дегендей, таяқ тастам жерде қорығымыз бар, егіні көп аудандардай емес, жайылымы мол. Бірақ адамдардың қалаға көшуі тоқтар емес, ауылдық округтердегі салық жинауды бұл қиындатады, – дейді Қарамеңді ауылдық округінің әкімі Серік Байгелдинов. Ал облыс орталығына жақын ауылдық округтер бюджетінің әл-ауқаты жаман болмайтын түрі бар.
– Ауылдық округте 1750 адам тұрады, тағы бір ауыл жақында біздің округке қосылады. Біздің округ бюджетіне салық жинауда ешқандай қиындық, кедергі жоқ, тек жұмыс істесең болды, – дейді Қостанай ауданындағы Александров ауылдық округінің әкімі Абай Сейдахметов. Екі әкімнің әңгімесінен байқағанымыздай, жергілікті бюджет қоржынының толуы ауылдың үлкен-кішілігіне, тұрғындар қатарының қалың-жұқалығына байланысты. Сондықтан, ауылдық округтерді елді мекендерді ірілендіру жолымен оңтайландыру әкімшілікке кететін қаржыны үнемдеумен бірге дербес жергілікті бюджет енгізуде де тиімділігін көрсететін болады. Облыста барлығы 239 әкімшілік-аумақтық бірлік бар, соның 148-і ауылдық округтер, 91-і өз бетінше тұрған ауылдар, оның сыртында 5 кент бар. Барлығынан 54 ауылдық округпен дербес ауылдар оңтайландырылады.Дербес тұрған ауылдар, әсіресе Арқалық қаласы маңайында, Қамысты, Жітіқара аудандарында көп кездеседі. Олардың арасында тұрғындары 500 адамға жетпейтін ауылдар саны 38, ал ауылдық округтердің 12-сінде осы сурет қайталанады. Алтынсарин ауданындағы Приозерный ауылдық округіне қарайтын екі ауылда 347 адам, Амангелді ауданындағы Қабырға ауылдық округіне қарасты екі ауылда 264 адам тұрады. Сонда 300 адам тұратын ауылдық округте қандай бюджет болмақ? Облыста тұрғындары азайып кеткен ауылдар мен бір ғана елді мекеннен тұратын ауылдық округтердің жалпы саны 125-ке жетеді. Ұзынкөл, Сарыкөл, Қарабалық, Денисов аудандарындағы адамдарының саны 50-ге де жетпейтін 27 ауылдың ертеңі тағы бұлыңғыр. Бұл жөнінен Қостанай Қазақстанның солтүстігіндегі өзге өңірлерге қарағанда көштің алдын бермей тұр. Мысалы, Қарағанды облысында тұрғындарының аздығынан аңтарылып отырған 75, Ақмолада – 58, Солтүстік Қазақстанда 20 ауыл бар.
Тұрғындарға ауылдық округтерді оңтайландырудың тиімділігін түсіндіру жұмыстары облыстың Қарасу, Ұзынкөл, Бейімбет Майлин, Әулиекөл, Меңдіғара, Қамысты аудандарында басталып та кетті. Ауылдық округтер қысқарған ауылдарда балабақша, мектеп, ФАП, клуб секілді әлеуметтік нысандардың барлығы да бұрынғыша жұмыс істей береді. Егер ауыл арасы қашық болса, тиімділігіне, қажеттілігіне қарай біріккен ауылдық округтің бір қызметкері әкімшілігі қысқарған ауылда қалады. Алайда көптеген жерде адамдар ауылдық округ аппараты кетсе, өздері айдалада, мемлекет назарынан тыс қалатындай сезінеді, дүрліге бастайды.
– Қарынсалды мен Тасты ауылдарының аралығы 75 шақырым болады, жол нашар. Жаңбырдан кейін екі ауылдың арасына қатынау мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар бір округке қосылғысы келмейді, «9 жыл электр жарығынсыз күн көргенбіз, енді еліміздің экономикасы дамығанда біздің округті қысқартуы көңілден шықпайды» деген уәж айтады ауыл тұрғындары, – дейді Амангелді ауданындағы Қарынсалды ауылдық округінің әкімі Салтанат Ембергенова. Оның сөзін осы аудандағы Амантоғай ауылдық округінің әкімі Жұманияз Ілиясов та қолдайды.
– Торғай мен Тобыл өңірінің экономикалық, географиялық ерекшеліктерін ескерген дұрыс. Торғай өңірі оңтайландырудың барлық сатысынан өткен. Біздің ауданда 7 ауылдық округ жабылды. Мысалы, Амантоғайға қосылған үш ауылдық округтегі ауылдардың тұрғындары Ақмола облысына үдере көшіп кеткен. Енді біраз амангелділік жастар туған ауылдарына қайтып жатқанда, тағы да оңтайландыру болса, олардың рухы қайта басылып қалады-ау, – дейді Жұманияз Рахымбекұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов өңірлердің ерекшелігі мен ұсыныстар ескерілмей қалмайтынын айтады. Алайда облыстың, жалпы елдің қай өңірі де ауылдарды оңтайландырудың түпкі мақсатын түсінуі тиіс. Қазір барлық адамның көзі ашық, ақпарат күн сайын жетіп отыр, ешқандай істің жұмбағы жоқ. Ауылды дамыту үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінеді, жол да, әлеуметтік нысандар да жөнделеді. Оңтайландырудан ауылдың жағдайы оңалмаса, бүлінбейді. Басқару аппаратынан үнемделген қаржы әлеуметтік жағдайды түзеуге жұмсалатынын әр ауылдас түсінсе құба-құп.
Ал мемлекет қаржысы үнемделгенде ғана оның тиімділігі артады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ
ҚОСТАНАЙ
egemen.kz