«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының Қостанай облысы бойынша өкілдігінің белсенділері Рудный қаласына арнайы барып, қандас, кәсіпкер Алмат Нұрмахановпен арнайы барып кездесті.
Кейіпкер туралы қысқаша ақпарат айта кетсек, ол 2003 жылы Өзбекстаннан көшіп келіп, Рудныйдың іргесіндегі Юбилейный ауылына қоныс тебеді. Жергілікті кен байыту комбинатына жұмысқа тұрып, тұрақты табысы болса да, көңілі ата кәсіпке ауа берді. Кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларды көрген іскер азамат, тәуекелге бел буды. Кедергілердің бәріне қарамай, алған бетінен қайтпады.
Әуелі 2016 жылы жеңілдетілген несие алып, бес түйе сатып алды. Ол қаражатты өтеп болғасын тағы да бағдарламаға қатысты. Сатып алғаны бар, төлінен өскені бар, бүгінде түйе саны отыздан асты.
«Жылда Қызылордадан жантақ алдырам. Оның шығыны аз емес. Биыл қыс қатты болды. Мал қыстан күйсіз шықты. Бірнеше бота туа салып өліп қалды. Бірақ барға шүкір. Ешкімге қол жайып отырған жоқпыз», – дейді кәсіпкер. Қазір үш түйе сауып отыр. Әр бас күніне 4-5 литр сүт береді. Табиғи өнім, шипалы сусын шұбатты литрі 1600 теңгеден сатады.
Алмат тек түйе бағумен, шұбат сатумен шектеліп қалмаған. Рудныйдың қасынан 250 гектар жер алып, сол аумақта «Алмат-Шұбат» этно-ауылын құрып жатыр. Бүгінде екі киіз үй құрып қойған. Жақын күндері ашылады. Бұл жерде тек сусын ғана сатылмайды, түрлі тағамдар саудаланады. Ұлттық ойындар ойнауыңызға да мүмкіндік жасалады. Отбасылық бизнестің арқасында бүгінде бір әулеттің бірнеше адамы жұмыспен қамтылып отыр.
Кәсіпкер Қор белсенділеріне болашақ жоспарын жайып салды. Ең бастысы, менде бәсекелес жоқ. Сол себептен өнім өндіруден мәселе туындаған емес. Жалғыз-ақ, қиындық тиіп тұрғаны жарнама мәселесі, – дейді ол. Этно-ауыл орталасқан жерде электр тартылмауы да ыңғайсыздық тудырып тұрған көрінеді.
Қоғамдық қордың Қостанай облысы бойынша өкілдігінің басшысы Амандық Әмірхамзин тиісті кеңестерін айтып, Үндеудің басты бағыттарымен таныстырып өтті.