«Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясын көргеннен кейінгі ой

Сонымен ұлттық арнадан өткеннен бері айтылып, жарнамасын көріп асыға күткен «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясын көріп шықтық. Продюсері – Айсәуле Әбділдаева, сценарий авторлары – Мұрат Есжан мен Ұларбек Нұрғалым. Басты рөлде Байғали Есеналиев. Көрдік. Көргенде ойға не түйдік? Енді соны айтайын…
«Біткен істің сыны көп, бітірген ердің міні жоқ» деген сөз бар. Телехикаяны түсірушілердің осы істі игі мұрат, жақсы оймен қолға алғаны қуантады бізді. Тек көңілге қонбаған тұстарының көкейде қалып, ойыңды сан-саққа жүгіртіп, тыным бермейтіні бар. Ең алдымен телесериал болсын, қысқа метражды не болмаса толық метражды фильм болсын ол көркем дүние болуы керек. Бірақ өз басым ондай көркем дүние көрдім деп айта алмас едім. 1937 жылдан бастап көрсеткен телехикая шегіністер арқылы Ахаң өмірінің өткен кезеңдерін көрсетіп отыратындықтан сценарийі қиынды-қиынды болып шыққан секілді және арасында баяндаулары көп. Реквизиттер нашар. Ол енді қаржы мәселесіне байланысты болар. Бірақ бірнеше тарихи телехикая түсірдік деп ортанқол дүниелерді ұсына бергенше бір фильмді дұрыстап шығаруға болар еді ғой. Тағы бір кемшін тұсы кейбір оқиғалардың, тарихи тұлғалардың арасындағы шиеленістердің дұрыс көрсетілмеуі, деректердің бұрмалануы. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті көрсететін тұсын алып қарайық. Ахмет, Міржақып, Әбдіғапар үшеуі Амангелді бастаған қалың елдің (он шақты салт атты мен аз ғана топтан құралған) алдында, таудың баурайында (Торғай өңіріндегі ол қандай тау) жалғыз ағаштың түбінде тұрып сөйлеседі. Тұтас ел, мұқым қазақ қозғалған дүрбелеңді көрсеткені бұл. Әбдіғапар сол көтерілісте хан сайланып, майдан жұмысына қазақ жігіттерін беруге қарсы тұрған тұлғалардың бірі емес пе еді? Амангелді сардарбек болғанда, Әбдіғапар хан болып екеуі бір майданда күресіп, тізгіндесе жүріп, тізелесе кеңескен серіктер еді ғой сол дүрбелеңде. Ал мұнда «Ел мені де тыңдаудан кетті» деп тұрған Әбдіғапар қалың елдің сенім артып хан сайлаған айбынды тұлғасы деп айтуға мүлде келмейді. «Осы Торғайдан, оның ішінде Қыпшақтан мен тірі тұрғанда бір адам сендердің қызыл сөздеріңе ермейді» деген Амангелді еш нәрсенің байыбына бармайтын әпербақан болып көрініп, тек қана Қыпшақ руының мүддесін көздейтін адам секілді сезіледі. Иә, рас Мұстафа Шоқайдың «Амангелді мен Әбдіғапар Арғындар Алашорда болып жатыр, біз Қыпшақ хандығын құрайық деп маған хат жазды» дейтіні бар. Бірақ Амангелді тек Қыпшақтың батыры ма еді? 1916 жылы Амангелдіні сардарбек қылған 13 болыс елдің 6 болысы Қыпшақ болғанда, 6 болысы Арғын, 1 болысы Найман еді. Солардың барлығы тағдырын тапсырып Әбдіғапар мен Амангелдінің соңына еріп еді ғой. Тарихта солай еді. Бірақ бүгін бізге көрсететін Амангелді неге тек қана қыпшақтың батыры болып қалады? Жалпы Торғай өңіріндегі сол бір дүрбелең уақыт туралы сөз бола қалса, неге Арғындар – Алашорда, Қыпшақтар – Большевиктер ретінде ғана айтылады? Кеше «Тар заман» мен «Кейкі мергенде» бүгін «Ахмет.Ұлт ұстазында» осылай көрініс тауып жатыр. Тіпті кейбір ірі ғалымдардың өзі осылай деп жазып жүр. Шындығында солай ма еді? Ол заман ағасы інісі, әкесі мен баласы бір-біріне қарама-қарсы тарапты таңдап жатқан бұлғақ заман еді ғой. Мысалы, 1916 жылы Торғай өңіріне белгілі Мырза ишан Торғайдан Батпаққараға патша әскерін бастап әкелсе, оның інісі Зияуиден көтерілісшілерге қару-жарақ сатып алумен Әбдіғапардың елшілігінде жүрген еді. Атақты ақынымыз Ғафу Қайырбектің туған жері бір кездері большевиктер ауылы атанатын. Бұл Арғын ішіндегі Мерген деп аталатын рудың қонысы. 1919 жылы Торғайдың іргесіндегі партизан сайында атылған большевиктердің ішінде Төкеұлы Хәкімбек, Дәркеұлы Нұрмағамбет, Сәркеұлы Иманбай, Әбдірахманұлы Шарафидден, Сейіткерей, Сәкен, Мәди Нарынбайұлдары т.б. Арғын руынан шыққан азаматтар бар. Ел аузында айтылып, архивтерде де таңбаланып қалған осындай нақты деректерді бұрмалағанда кім нені ұтады?
Байтұрсынның уезд басшысы Яковлевтің басын жаратын оқиға ауыл арасында емес, Жыңғылды өткелінде болған оқиға еді. Ахаңның өзі «Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам» деп өмір бойы ұмытпай өткен оқиғасын жүрдім-бардым қарамай дұрыс түсірсе болмас па еді? Бұл Ахмет атамыздың өкімет, өр зорлыққа қарсы күреске шығуына себеп болған, қазақ үшін арпалысып өткен қайраткерлігінің бастауында тұрған түйінді оқиға еді ғой (Байтұрсынды айтқасын еске түсіп жатыр ғой, телехикаяның бір жерінде Ахаңның арғы атасы Үмбетей жайлы айтатын жері бар екен. Сол тұста «Үмбетейде арғы атасы Шақшақ Жәнібек секілді батыр болған кісі» деп айтылады. Шындығында олай емес. Жәнібек пен Үмбетей Шақшақтың Көшей атты баласынан тарайтын ұрпақтары). Жалпы Байтұрсынның уезд басшысының басын жаруы мен 1916 жылдың оқиғасы Ахаң бейнесін ашуға таптырмайтын тұс еді. Қалың ел патшаға көтерілген тұста Ахаңның көтерілісті қолдап, әулетіне зорлық көрсетіп, Ақтас, Байтұрсын, Ерғазыларды Сібірге айдаған үкіметтен әке кегін, жеке есесін қайтарудың мүмкіндігі бола тұра, көтеріліске шыққан жұрт қырғын табады деп басу айтуы, оның халықтың қамын ойлаған абзал тұлғасын асқақтата түсер еді ғой. Телехикаяны түсірушілер осы мүмкіндікті жіберіп алған және қазақ тарихындағы сол бір қиын-қыстау күндердегі Әбдіғапар мен Амангелді бейнесін, Ахмет пен Міржақыптың тұлғаларын толық ашып көрсете алмаған. Жоғарыда айтылған нақты деректерді бұрмалаушылығы тағы бар.
Телехикаяның тағы бір ұнамаған тұсы Міржақып атамызға қатысты жерлері. Тарихи Міржақыптың қызба мінезді болғандығы рас. Бірақ Әлібидің қолын қайырып, Мұхамедиярдың «басын кесіп алу керек» деп жүрген Жақаң қазақ тарихында ерекше із қалдырған кең ойлы кемеңгерге қарағанда тыз етпе, ұрдажық қалыпта көрініп қалған. Міне осындай бір тұстары болмаса жалпы телехикаядан маған ұнағаны осы Міржақыптың бейнесі болды. Ал Әлібидің Алашордаға деген көзқарасының қандай екендігі тарихтан мағлұм. Барып тұрған қып-қызыл большевик. Шоқынып діни семинарияда оқығандығы да рас. Бірақ «Қазақ» газетінің редакциясына кіріп келіп алқын-жұлқын алысатындай, Алашорда жиынына жасанды мұрт тағып жасырын қатысатындай тұлға ма еді Жангелдин? Әбдіғапарды аттырып, «Қазақ» газетін жаптырып, Алашорданың соңына түскен Әлібиге бүйрегімнің бұрып тұрғаны шамалы. Алаш пен большевиктің иықтіреспе уақытында жасаған интригалары аз емес. Ахмет, Міржақып барлығы бір Торғайдың топырағында туып өссе де, бітіспес екі тараптың мүйізі қарағайдай серкелері. Тарихтағы мұндай ірі тұлғалардың атқарған істері де ірі болса керек. Қателігі де. Ендеше Міржақып пен Әліби аралығын, Жангелдиннің Алашордаға деген көзқарасын мұндай ұсақ қақтығыс түрінде көрсетпей-ақ, шиеленіс күйді басқаша танытса болмас па еді? Шиеленіс демекші Әлібидің жақтасы Лукашевтің Ахметтің ататын тұсы да бұрмалаушылыққа ұшыраған. Лукашевтің 1919 жылғы 27 қазан күні күні болған отырыста Байтұрсынұлына тапанша кезенгені рас, бірақ телехикаяда көрсетілгендей оқ атылмаған. Оқталғанын оқ атуға ниеттенгені десекте тарихи тұлға жайлы түсірілген бұл фильмде тарихи деректі бұрмаламаған дұрыс.
Телехикаядағы жиі көрінген бейненің бірі – Бәдрисафа. Ол кісінің Ахаңа деген қызметі көп шығар. Бірақ Ахметтің ағартушылық саласында атқарған қызметтеріне ақыл айтып отыруы келіспеген дүние. Телехикаяда Бәдрисафа бейнесіне дәл мұндай басымдық бермесе де болар еді. Мейлі, қазір көп ұлтты мемлекетпіз деп айтып жүрсекте… Айтпақшы Бәдрисафа Ахмет атамызды қызғанып жүретін Нүрила бейнесі кімді меңзейді? Телехикаяда Әлихан келгенде Міржақыптың «Ахаң жақында әйел баласына арнап өлең жазды ғой» деп оқитын «Н.Қ.ханымға» деген өлеңі Ахмет атамыздың Нәзипа Құлжановаға арнап шығарған туындысы. Бұл елдіктің жолында қызмет етіп жүрген Нәзипаға деген сый-құрметтен туған өлең, ер адамның әйел адамға деген сүйіспеншілігінен емес, «ұзақ жолға ниет қып бір шыққан соң» мақсат-мұраты бір жолда жүрген абзал досына айтқан серті, ашқан сыры. Бірақ телехикаяның өне бойында Ахмет пен Нәзипаның осы ақ пейіл достығына қарағанда, ер адамның әйел затына деген сүйіспеншілігін көбірек байқататын емеурінді сезгендей боламыз. Кез келген фильмде махаббат желісі болатыны рас. Мұнда да керек шығар. Бірақ оған Ахметтің Нәзипаға арнаған өлеңін қоспай-ақ, ел аузында айтылып жүрген Іңкәр бейнесін алса әлдеқайда ұтымды болмас па еді?.. Айтпақшы Ахаңның үйіндегі мәжілісте әйелдер қауымы ер адамдардан бөлек бөлмеде отыр, Міржақып Әлібимен саяси көзқарасы үшін емес, діни көзқарасы үшін алысқан сынды (ол да бар шығар, бірақ негізгі мәселелер саяси ұстанымдарда еді ғой), дарға асылған адамдар діни ұстанымдары үшін жазаланып жатыр, ең соңында қаншама азапталған Ахаңа оп-оңай жуынып-шайып (ашығын айтқанда атылар алдында дәретін алып дайындалады) алуға рұқсат береді. Мұның бәрінен Ахаңдар ұлт үшін емес, дін үшін күресіп жүрген секілді көрінеді. Ахмет секілді тұлғалар жайлы фильмде діни немесе саяси ұстанымдар емес, ұлттық идеология көрінуі керек емес пе? Телехикаяның осы секілді әттеген-ай дегізген тұсы көп болды мен үшін. Бәрін жаза бергенде не шығады… Тек Ахаң жайлы фильм түсірілгеніне қуанғаныммен, әлгіндей кемшіліктерін көргенде көңілді кірбің шалады екен. Келер жылы Ахмет атамыздың 150 жылдық мерейтойы келе жатыр. Сол мерейтойдың қарсаңында жақсы бір істің куәгері болып, ұлт ұстазы жайлы тамаша телехикая көреміз бе деген үмітіміз болып еді. Ол үмітіміз ақталмағандай. Басқаларды қайдам жеке өз басым ұлт игілігіне жарайтын телехикаяға қарағанда, біздерде мынадай бар, мынадай бар деп айтып ұпай жинау үшін ғана түсірілген дүниені ғана көргендей болдым.
Мақала авторы — Батырлан Сағынтаев

Мынаны да қараңыз

«Нурикамал» әнінің шығу тарихы туралы

Біздің қоғам қызық қоғам, бүк не шік дейді, орысша айтқанда «золотая середина» дегенді қабылдай алмайды. ...