Павлодарда ғажап адам өмір сүреді, аты-жөні — Наум Григорьевич Шафер, өзі профессор, музыкатанушы, композитор, сосын КОЛЛЕКЦИОНЕР. 91 жаста.
…Осы күнге дейін «Шафер үйі» музейі туралы білмей келгеніме кәдімгідей ұялып қалдым. Қазақ тіліндегі насихаты кемшін болды ма, біздің елдегі жалғыз грампластинкалар музейі туралы Павлодар сапарында ғана естідім, барудың да сәті түсті.
«Шафер үйіне» жыл сайын 10 000-нан астам адам келеді. Сонда мен қайда жүргем деймін де.)
Музейдің ашылу тарихы да қызық: Наум Григорьевич саналы ғұмырын күйтабақ жинауға арнаған адам. 2001 жылға дейін 25 000 грампластинка, қазақша айтқанда, күйтабақ, 1500 магнитофон жазулары бобинасы мен 1500 аудиокассета жинаған. Қазақстандық, шетелдік композиторлар мен орындаушылардың музыкалық туындыларының 500 мың картотекасын жасаған.
Ұзақ жылдар бойы күйтабақтарды баласындай мәпелеп күтім жасау үшін де ессіз не музыка фанаты болуы керек шығар дейді бір ойым, себебі ол күйтабақтың бәрі Шафердің өз пәтерінде жинақталған ғой. Пәтердегі коллекцияның көптігі сондай, 2000 жылы аяқ алып жүру мүмкін болмай қалыпты. Осы кезде қала тұрғындары жергілікті билікке өтініш хатын жолдайды. Осылайша 2001 жылы Наум Шафердің жеке күйтабақтар коллекциясының негізінде «Шафер музей үйі» ашылады. Анығын айтқанда, коллекционердің үйі музейге айналады. Қала билігі сол үйден Шаферге баспана береді, қателеспесем. Содан бері Павлодардағы бес қабатты қарапайым ғана үйдегі музейге өз еліміз бен шетелдің туристері көп келетін болған.
Бүгіндері аптаның әр жұмасы күні «Шафер үйінің» концерт залында әдеби-музыкалық кеш өткізу дәстүрі бар.
Біз қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күнін «Шафер үйінде» атап өттік. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін Ришат Абдулиннің орындауында жазылған күйтабақтан тыңдадық. Наум Шафердің өз шығармасын да, Роза Бағланованың орындауындағы «Ах, Самара, городок» әнін де тыңдауға мүмкіндік алдық, видеосын жүктеп қойдым, тыңдаудың өзі кайф.
Бұл үйден алған әсер бөлек. Саяхаттан оралған соң, Наум Шафер туралы оқуға кірістім, бұл қайдан пайда болған талант, коллекция жинауды өмірінің мәніне айналдыратындай нендей адам деген сұраққа жауап іздедім. Жауабы табылған сайын санамда төңкеріс басталды. Әттеген-ай, музейіне барып тұрып, көзін көріп, амандаспай кеткеніміз қалай деген ойға қалдым…
…сөйтіп, интернетте қазақ және орыс тілінде жазылған материалдардан Наум Шафер туралы маңызды деректердің басын біріктіріп көрдім. Өйткені, Шафер музейінің әп-әйбат сайты көптен бері жаңартылмапты. Музейдің әлеуметтік желідегі парақшасына ғана баса мән берілген сияқты. Сонымен…
— Наум Григорьевич Шафердің әу бастағы есім-сойы Нахман Гершевич. Енді бір жерде Нахум деп жазады. Музыкаларын Нами Гитин бүркеншік атымен жариялаған.
— Наум Шафер 1931 жылы Кишиневте діндар еврей отбасында туған. 1941 жылы Шафер отбасы алыс Қазақстанға жер аударылады. Полицейлер Шафер отбасына өзімен бірге артық зат алуға тыйым салады, бірақ он жастағы Наум отбасы құндылығы саналатын бірнеше күйтабақты қойнына қысқан бойы Қазақстанға алып келеді. Сол күйтабақтар кейіннен Шафер коллекциясының негізін қалады (әрине, оған көмектескен жары — Наталья Михайловна).
— Шаферлер отбасы 1941 жылы Қазақстанның Ақмола облысына қарасты №31 ауылына («Новый быт» колхозы) келеді. Наум Шафер 1949 жылы Ақмола (Астана) қаласындағы орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ).
— Осы кезде ол Нами Гитин лақап атымен өзінің музыкалық шығармаларын көпшілік алдында алғаш рет орындай бастайды. Оған бұл бағытта бастамашы болған ұстазы — Е.Брусиловский.
— Университетті бітірген соң Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы мектептерде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болады. Содан кейін ҚазМУ-дың аспирантурасына түседі, Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтында (Л. Гумилев атындағы ЕҰУ) 19 ғасырдағы орыс әдебиеті мамандығы бойынша сабақ берген.
— Наум Шафер бард қозғалысының тарихын зерттеп, Б.Окуджава, В.Высоцкий және т.б. туралы мақалалар жариялады. Ол Высоцкийдің ертедегі әндерінің мәтіндерін алғаш қағазға түсіруші саналады.
— Өмірінің саналы бөлігін Исаак Дунаевскийдің шығармашылығын зерттеп, насихаттауға арнады. Ол туралы кітаптар мен мақалалар жазды, оның бірнеше жүздеген хатын алғаш рет басып шығарды.
— Наум Григорьевич белгілі жазушылар мен композиторлардың халыққа беймәлім әдеби-музыкалық қырын ашып, көп еңбек етті. 1971 жылы репрессияға ұшырады. Оған тағылған негізгі айып – «антисоветтік әрекет жасау». Ал өзі «бар болғаны сталинизмге қарсы едім» дейді бір сұхбатында. 1989 жылы ақталды.
— Шафер музейін «тарихтың дауыс шежіресі» деп атайды. Онда ХIX мен XX ғасырдың аяғындағы музыкалық шығармалардың жазбалары, саяси қайраткерлердің, белгілі танымал әртістер мен ақындардың даусы, көптеген халықтың музыкасы бар.
— Коллекцияның ең үлкен қазынасы граммофондық және патефондық 14 000 күйтабақ, ал олардың кейбірі бір-бір данадан ғана қалған. Ең алғашқы граммофон күйтабақтары 1898 жылы жазылған деп белгіленген. Онда ескі орыс әндері, шіркеудегі хор мен сол кездегі белгілі жетекші опера әншілері Шаляпиннің, Собиновтың, Нежданованың және тағы да басқалардың даусы бар.
— Коллекцияда ХХ ғасыр басындағы патефон күйтабақтары — әлемдік классика жазбаларынан — Глинка, Чайковский, Рахманинов, Бах, Моцарт, Гендель, Шопен, Верди, Мендельсонның шығармалары ұсынылған.
— Минутына 33, 45, 78 айналыммен, тіпті кейбірі 90 айналыммен айналатын дыбыс жазатын «Граммофон», «Сирена Рекордз», «Парлафон», «Colambia», «Zonophon», «His master s voice», «Мелодия» және басқа да фирмалардың патефон және винил күйтабақтары сақталған.
— Патефон күйтабақтарында қазақ халық әуендері, Ш.Қалдаяқов әндерінің, Е.Брусиловский мен А.Жұбановтың музыкасына жазылған алғашқы қазақ операларының жазбалары бар. Қазақ музыка бөлімінде ҚазССР халық артисі, қазақ операсының жұлдызы Күләш Байсейітованың орындауынды барлық әндердің жазбасы, сондай-ақ Жамал Омарова мен Роза Бағланованың орындауындағы ертеректегі жазбалары да сақтаулы.
— Қаламбаев пен Мұхитовтың орындауындағы «Кеңес» пен «Балбырауын» күйлері жазылған, 1935 жылы шыққан күйтабақ бар. Қазақ музыкасы мен орындаушылар бөлімінде барлығы 500 күйтабақты осы музейден табасыз.
— Күйтабақтарда спектакльдердің әдеби-драмалық дыбыс жазбалары, саяси қайраткерлердің, Гагарин мен Левитанның даусы бар. Жазбалардың дыбыс жолдарында құстардың сайрағанын, қоңыраудың дыбысы мен Құран сүрелерін де естуге болады екен.
— Леонид Утёсов, Любовь Орлова, Евгений Евтушенко, Айман Мұсаходжаева, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, т.б. қолтаңбалары жазылған күйтабақтар жинақтамада ерекше орын алады.
— Музейдің 10 жылғы жұмысында 6 мың шығарма цифрланған. Фонотека материалдары бойынша 33 музей жобасы дайындалған. Олар – Күләш Байсейітова мен Жамал Омарованың орындауындағы ең алғашқы жазбалар, қазақстандық бард Виктор Мильтоның орындауындағы павлодарлық ақындар Павел Васильев пен Нұтфолла Шәкеновтің өлеңдеріне жазылған әндер, Роберт Рождественскийдің өлеңдеріне жазылған әндерді де табасыз.
Кезінде осынау теңдессіз қазынаны сатып алу мақсатында шет мемлекеттерден коллекционерге бірнеше рет ұсыныс түскен. Ресей тарапынан коллекцияңды да, өзіңді де көшіріп әкетейік, бар жағдайды жасаймыз деген ұсыныс та болыпты, Наум Шафер бәрінен бас тартқан.
Жергілікті билік мол қазынаны сақтап қалу үшін Шафердің үйін музейге айналдырды. Содан бері 21 жыл өтіпті. Солай.)
Халима Тәжіқұл,
Фото — Жанар Курумбаева