Дамира Ахметханова 2003 жылы 11 қарашада Қостанай облысының Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылында дүниеге келген.
Қайыңды ауылындағы орта мектепте білім алып, одан кейін оқуды Астана қаласының №35 мектеп-лицейінде жалғастырды.
Орта білім алғаннан кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Экономика» факультетіне оқуға түсті. Қазір осы білім ордасында «Менеджмент» мамандығы бойынша 3-курста оқиды.
Дамира Дулатқызының өлең жазуға қызығушылығы бала кезінен басталған. Осы уақытқа дейін 20 шақты өлең жазған.
Оқырман назарына жас ақынның бір топ өлеңін ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Тапқандаймын
Тапқандаймын жанымның тыныштығын,
Арқалаған уайымның ауыр жүгін.
Алай-дүлей ішімде алаулаған
Оты сөнді, жаным, міне, тыныш бүгін.
Өңім емес, түс көріп жүргендеймін,
Сенбей мен қайта-қайта елеңдеймін.
Дауасыз жанымның тыныштығын
Осы жерден табарымды білгендеймін.
Қонғандай жерге менің көңілім,
Берсе екен енді өмірімнің жеңілін.
Қиын күндер бір айналып орнына
Келгендей қайта таза жарқын өмірім.
Уайымсыз, ақ таңымның атқаны,
Жеңілдікпен мына күннің батқаны.
Жанарымда шын күлкінің болуы –
Жүрегімнің кеудеде тыныш жатқаны.
Берілмеймін
Қайғы-мұңым жанымды жегідей жеп барады,
Білмеймін, не себепті жаным менің жаралы…
Сыртқа да шығара алмай жан сырымды,
Ішім менің оттай ыстық жанады.
Көз жасымды тоқтата алмай келемін,
Бір Алла ғана біледі оның себебін.
Аяғымнан шалып, қиындық мені емес,
Уәде берем, мен қиындықты жеңемін!
Уақыт
Ұрлап жатыр өмірімнің әр сәтін,
Кідірерсің арасында сәл, бәлкім?
Тоқташы, тоқтай тұршы, асықпай,
Бұзбай өмірімнің бар шырқын!
Сағаттардың артынан барамын үлгермей,
Минуттардың не екенін жүрсем екен мен білмей.
Үлгере алмай сезінуге әр сәтімді,
Болып барам уақытқа да сонша кедей.
Күндер мен жылдар өтті көз алдымда,
Тек естелік қалды менің жадымда.
Зулап бара жатқан, айтшы, уақыт,
Өмірімнің бітуіне сәл қалды ма?
Адасып әлі келемін
Күмәнданып әркімге, жалтақ-жалтақ қараймын,
Қараймын да қасымда болғандарын қалаймын.
Жан сырымды бөлісуге сенбей мен,
Ішімді жегідей жеп, айтылмайды талай мұң.
Қара бастың қамын ойлайды көбісі,
Қап-қара жүрегіңнің неге түсі?
Қолданады пайдасына өзгені,
Қалай шыдайды жанбай оның өзегі?
Дәрежеңді түсіріп ауыр айтар сөзімен,
Иә, кеткендер жүре берсін жөнімен!
Жақсы ғой ол да бір жағынан,
Сатқындарсыз қаласың сен өзіңмен.
Туыстар
Бір атадан туып-өскен туыстарым,
Қандай жақсы болғаны туысқанның!
Сөзге келіп тұрсаң-дағы қашанда,
Не болса да туыспенен ұрыспағын!
Қадірлей біл қандай болсын туысыңды!
Әрқашан да көмекпен бітірер жұмысыңды.
Қиыншылық тап болса бастарына,
Алыстамай, соза біл қол ұшыңды!
Ауырып тұрса егер жаным менің,
Уайымдама, мен касыңда бармын дедің.
Шаруаң тасып жатса да айтасың сен:
«Бөлек қой, — деп, — орның маған сенің».
Туыс дегеннің аты да, заты да бөлек,
Жақсы мен жаманды да бірге көрмек.
Қолпаштап, қорғап не болса да,
Қасыңда әрқашанда бірге жүрмек.
Туысым бар көптеген жақын маған,
Алыстап жатсам, өздері жақындаған.
Қанша адам болса да мына өмірде,
Не болса да туыстарым асыл маған!
Телефон
Ұрлап жатыр атқан менің әр күнімді,
Қараңғыда ұйықтап жатар түнімді.
Алақандай телефонның құдыреті,
Сәбилер де телефонға жүгірді.
Телефонмен күніңді өткізесің,
Сезімді де осы арқылы жеткізесің.
Жақыныңмен өмірде емес,
Әлеуметтік желіде тілдесесің.
Алып жатыр күнімнің бір бөлшегін,
Басқаменен жетістікті өлшедім.
Телефонға айырбастап шын өмірді,
Білмейміз ғой қымбат оның өлшемін.
Заман болды телефонды жылда ауыстырар,
Жастарды «модаменен» жарыстырар.
Кеткендей мына өмірдің қадірі,
Туыстарды ватсаппенен қауыштырар.
Жұмысынан келе сала лақтырып киімдерін,
Байқамайды қалай үй киімін киінгенін.
Түсе қалып телефондар қолдарына,
Бос уақыт өткізу келеді тек ойларына.
Өмір
Болса да арасында тағдырым күрделі,
Аллам маған «қиындыққа төзе біл» деді.
Қиын да жақсы қандай болмасын,
Өмірімнің керемет бұл күндері.
Мына сенің өмірлік қиын шағыңда,
Разы бол болғандарға жаныңда.
Жоқшылыққа көз жас төгіп жыламай,
Шүкіршілік ете біл сен барыңа!
Өмір өтіп кетер көзді ашып-жұмғанша,
Қайтесің араздаздасып бұлай сонша?
Кешірім сұра, кешіре біл басқаны,
Жүрегіңде ренішің егер болса!
Өмір ғой, өмір сондай шытырман,
Кездесер алдыңнан неше түрлі құтырған.
Санап олар міндетке мейріміңді,
Өтірік алдап, бетіңе күле жүрді.
Бәрі өмірде уақытша, соны білші,
Қиындыққа шыдап, күліп жүрші!
Өмір сондай, өмір сондай сан алуан,
Осы тағдыр тек өзіне арналған.
Зымырап осылай өмір өтер,
Қиындық та, қайғы да — бәрі кетер.
Күні-түні тілеген дұғаларың,
Алланың құлағына ол да жетер.
Ана
Көп ойландым қолыма қалам алып,
Ал анам жүр қасымда әнін салып.
Не жазарымды білмей, ойға батып,
Жан-жағыма қарап отырмын, әлі налып.
Бір идея конғандай келіп басыма,
Бардым анамның мен қасына.
Жазып тастап отырмын бір-ақ шумақ,
Өлең жазам дегенің сенің осы ма?
Ал, анашым, өзің жайлы айтайын,
Ешкімге сен ұқсамайсың, байқаймын.
Ұрыссаң да ашуланып сен бізге,
Ерекше естіледі сенің айқайың.
Жүрегіңнен айналайын, жұп-жұмсақ!
Сеземін жылулықты, бірге болсақ.
Кішкентай болғанымда басқа едім,
Ал қазір барамын саған ұқсап.
Қиын сәтте бар қолдауды көрсеттің,
Жақсыны да, жаманды да өлшеттің.
Бар білімді өзіңнен ғана алып,
Жүрмін қазір қанатымды талмай қағып.
Әрқашан табыласың қасымнан,
Басқаға емес, дәл өзіңе ашылғам.
Қанша адам мына өмірде көрсем де,
Таппадым дәл өзіңдей асыл жан.
Уайымдама, анашым, біздер үшін!
Біз өзіңе ұқсаймыз, соны түсін!
Жамандықты көрсетпей, жақсы тұлға болуға
Балаларың салады барлық күшін!
Өміріңді байқашы, күндей жарық!
Көз жасымның төгілгені дұрыс екен арасында,
Тұз себе бермей, жанымның жарасына.
Байқамай өмірімнің жақсысын,
Көз түсіп кете береді тек қана қарасына.
Негізінде, шүкір, бәрі өз орнымен!
Бірақ дамыл таппаймыз ғой онымен.
Өмір – парақ, ал қаламы – менмін ғой,
Жазып алған өмірімді өз қолыммен.
Жарқын жаққа көз қырыңды көрші салып,
Өміріңді байқарсың күндей жарық.
Өз-өзіңді қинай бермей, тынышталшы,
Шоқтай сөніп, біресе оттай жанып.
Бір кездері бәрімен байланысты үзбейтін,
Жан едім ғой жалғыздықты білмейтін.
Ал қазір көңіл қошым болмағанда,
Ешкімім қалмады хабарласып іздейтін.
Көзімнен шелектеп жас төгілсе егер,
Бір кішкентай майлық болса, сол да жетер.
Біреу жыласа, барлығына дайын едім,
Өкінішті, соның бәрі болды бекер.
Жан-жағымда сапасыздар жетеді,
Қай жерде пайда, соған қарай кетеді.
Қиындық та менен қашқанменен,
Көмек іздеп, артқа қайтып келеді.
Отырмын контактілер тізімін ақтарып,
Сапасына емес, санына мен мақтанып.
Эһ, шіркін-ай, сол 650 контактілер,
Қалды ма бәрі бірге қақталып?..
Біреуге қоңырау шалу қиын екен,
Бәлкім мен кедергі келтірем бе екен?
Мен оларды жиі ойлағанда,
Олар мені бір сәт ойлай ма екен?
Түлкі дос
Досым деп түлкімен де сырластым,
Ойлайтыны құр қамы ғой қу бастың.
Қасымда жүрсе де бар жақсы да,
Жамандықта жоғалттым сол құрдасты.
Оған сенген мен ақымақ па екенмін?
Қайдан білейін достық қандай екенін?
Білмедім ғой қасымда жүрген достың,
Қылт еткенде тастап мені кетерін.
Иман
Иманымның әлсіреуі неден екен?
Қалың ойға батып кейде кетем.
Күресіп жүргеніммен нәпсіменен,
Азғыруға еріп кеттім неге бекер?
Ойнамалы бір орында тұрмайды,
Әлсіретіп жүруге де болмайды.
Аллаға бір қадам өзің бассаң,
Алла сені мың еселеп қолдайды.
Мәңгі өмірді, шіркін, біз сүрердейміз,
Еркіндікке елітіп жүрердейміз.
Бетке әжім терең түсе бастағанда,
Жақсы амалды сонда ғана түгендейіз.
Бар жақсы бір Алладан келеді,
Байланысқа жоқ қой бізде кедергі.
Шын ниетпен қолды жайып сұрасаң,
Мейірімді ол үйіп-төгіп береді.
Тасқын туралы толғаныс
Елімізді су басып бара жатыр,
Су астында ауыл да, қала да тұр.
Біз біргеміз деп жүрген біздің халық,
Бірін-бірі алып шығар, қара да тұр!
Бір-ақ күнде айырылып барлығынан,
Өмір-бақи жиған-терген байлығынан.
Су астына бәрі батып жатса-дағы,
Рухты халқым бұған да мойымаған.
Қайықпенен жүрміз тегіс жерімізде,
«Техникамен» қамтылған елімізде.
Өзенге емес, көлге емес, қарғын суға
Батып бара жатырмыз дедіңіз бе?..
Жұрттың малы, киім, дүние-мүлігі,
Батып кетіп, су астында шіріді.
Далада жүргендердің шарасыз,
Өтіп жатыр кеудесіне қара сыз.
Бір Алладан жеңілдігін тіледім,
Қанжылайды көрген сайын жүрегім!
Қиындыққа қарсы тұра білетін,
Мықты менің қайсар халқым – ұлы елім!
Дамира АХМЕТХАНОВА