Көне көздердің кейінгілерге қалдырған әпсаналарына сүйенсек, менің балалық шағым өткен ауылдың аты кезінде Кенесары ханның бауыры Наурызбай батырдың қасындағы қандыкөйлек қырық жігітінің бірі Шәкір батырдың тұлпарының құрметіне Көкалат деп аталса керек. Сол ықылым заманнан бері қай қоғамның болса да географиялық картасынан түспей, тарыдай таңбаны иеленіп, Торғай даласының бір түкпіріндегі томаға-тұйық жатқан осы бір ауылдың «басқа жерден бақ іздеп кеткен» біздей пенделердің айналып соғар алтын қазығына айналғанына да қыруар жылдың жүзі болыпты. Атшаптырым аумағынан алақандай көлемі қалса да, ата-мекеннің еңсесін еңкейтпей, ошақтың отын өшірмей, еңбектеніп жүрген азаматтарға қалай риза болмассың! Мұның өзі халқына қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетіп кеткен аяулы жандардың тәлімінің жемісі шығар. Бұл ауылдан шыққан есімдері мәшһүр батырлар мен от ауызды ақындарды, иманға ұйытатын дін қызметкерлері мен келелі істер қалдырған қоғам қайраткерлерінің түрін түстесек, талай том-том кітаптарға жүк болар еді. Менің тілге тиек етпегім, Көкалат аулында екі жыл қызмет істесе де, есімде есімі жаңғырып тұратын Ғалымбек Әбілқайыров ұстазымыз туралы болмақ.
Көкалат аулындағы Албарбөгет сегіз жылдық мектебін тәмамдаған бізді 1969 жылдың жазы жанымызға жағымды жаңалығымен қуантып тастады. Енді біздің мектеп орта мектепке айналатын болды. Демек, орта білім алу үшін ауылдан аттап шығудың қажеті болмай қалды. Сол жылы оқуды әрі қарай жалғастыруға ниеттенген тоғыз ұл мен он бес қыз бірінші қыркүйекте мектебізде бас қосып, мәре-сәре болдық. Байқаймыз, жаңа оқытушылар қатары да қалыңдаған сыңайлы. Солардың арасындағы жылы жүзді, қоңыр үнді, аяқ басысы әскери адамды елестететін жас жігіт өзін Ғалымбек Әбілқайыров деп таныстырды да, біздің класс жетекшіміз екендігін ескертіп, бәрімізді класс бөлмесіне алып келді. «Жаңа өмір», «Коммунизм таңы» газеттерінде туған ел тақырыбындағы жырларында Торғай өңірінің мақтан етер жетістіктері мен айтулы азаматтарына арналған өлеңдері жиі жарық көретін тірі ақынмен алғашқы таныстығымыз осылай басталған еді. Әрине, ауыл баласы болған соң, газет-журнал мен кітаптарға ынтызарлығымыз ерекше болатын. Оның үстіне өзім де шатып-бұтып бірдеңені ұйқастырған болып жүретін кезім. Сондықтан бұл таныстықтың мен үшін ерекше болғаны жасырын емес. Ол қазақ тілі мен әдебиетінің маманы ретінде тіл құдыретін біздің бойымызға дарыта білді. Мұны менің әр түрлі мамандық иесі болған класстастарымның көбінің ешкімнен «қарызға сөз сұрамайтыны» айғақтайды дер едім. Атап айтқанда, Марат Әбілдин, Жаңбырбай Білкенов, Айжарық Жанділдин марқұмдар ешкімге сөзден есе жібермесе, қос диплом иеленген, ерен еңбек иесі, мектеп директоры қызметінен зейнетке шыққан Аманжол Бекмурзин күні бүгінге дейін әуезді аспаптардың құлағында ойнап, көркем сөзбен көріктендіріп жібереді. Ал Сапар Әбілкәкімтегі санаулы сатириктердің қатарын толтырғанымен қоймай, көптеген автордың алғысын арқалаған, «Шапақ» баспасын тізгіндеген танымал баспагер. Ауылдан қарға адым шықпай, Көкалат ауылының көркеюіне үлес қосып отырған Дүйсен Құлмағанбетов мен Қантай Ібікеновтің тұшымды пікірлеріне құлақ аспау мүмкін емес. Осының бәрі ұстаздан жұққан қасиет. Ағамыздың Абайдың өмірінен өзі жазған көріністі мектепте сахналағанымыз әлі есте. Дегенмен, математиканың уызына жарытқан Сәруар Жүнісов ағайдың таразысы басым болып, менің математик болып кеткеніме Ғалымбек аға өкпелей қоймас. Оны ұмытпасам 2000 жылдары үйіне сәлем бере барғанымда байқадым. Ғылым кандидаты атағын алғанымды естігенде қалай қуанғанын жүрекжарды лебіздерімен білдіргенде көзінен нұр төгіліп тұрды.
Класс жетекшісі ретінде ағамыздың қыс кезінде жексенбі күндері жақын маңдағы қойшыларға барып, шаруаларына қолұшын беріп, соңында ән-думан, әңгімелесуді ұйымдастыруының өзі елмен араласуға әрі еңбектің дәмін татуға баулығандай екен ғой. Оқушылық кезеңде түсініспеушіліктер де болмай қалған жоқ. Ондайда ағамыз сабырлылықпен бір-бір үйдің еркетотайының балалықпен шалыс басқан шақтарында қисықты тезге салудың шебері еді. Ол кісінің нұсқауымен «Ұстаздық дастанды» оқып, талқылап, жеткіншектерді тәрбиелеудің оңай емес екендігін ұққандай болдық. Жетпісінші жылдары жаңа облыстың ашылуы біздің болашағымызды жарқырата түскендей болды. Жаңа облыста білікті маман болып, бұл салада да тұңғыш болатынымызға сенім ұлғая түскендей еді. Кім қай оқуды қалайды, студенттік өмір қандай болады деген сияқты сан-алуан сауалдардың жауабын, әрине, Ғалымбек ағамыздан еститінбіз. Ер жетудің алғашқы баспалдағын аттап, 1971 жылы орта мектепті тәмамдадық. Одан әрі әркімнің өз сүрлеуі басталды. Бізді қанат қақтырған соң, ұстазымыз Торғай шаһарына қоныс аударды. Қарап отырсақ, оған да жарты ғасыр болыпты. Тұңғыш түлектердің бесеуі жоғары оқу орнына, алтауы техникумға түсуі де ұстазымыздың мерейін өсірген болар. Қалғандары да кейіннен бір-бір мамандық иесі атанып, қазіргі шақта бір-бір түтіннің иесі, немерелі зейнеткерлерге айналып отыр.
Ғаламбек ағамыздың түлектері жиырма жылдық, қырық жылдық қауышуларын ұйымдастырып, ұстаздармен жүздесіп келдік. Былтыр «Ғалымбектің тұңғыштары» деген топ ашып, барлық класстас хабарласып, Албарбөгет орта мектебінің тұңғыш түлектерінің елу жылдығын өткізбекші болғанбыз. Өкінішке қарай, жаһанды жайлаған пандемияның қырсығынан қауышу өз деңгейінде бола алмады. Қатаң тыйымның салдарынан ұстаздардың барлығы және түлектердің бір бөлігі қатыса алмады. Дегенмен, Алматы, Қостанай, Арқалық, Торғай шаһарынан бірталайымыз Көкалат ауылындағы класстастарымыз Қантай мен Дүйсеннің шаңырағында бас қостық. Шәкір тамдағы ата-аналар зираттарына қол жайып, Таласбай мешітінде дұға қылып, мектептегі парталарға отырып суретке түсіп, жуырда ғана бақилық болған Мәлік ағамыздың ізі қалған спорт залына кіріп, ұстаздарды еске алдық. Отан соғысының құрбандарының, Қыпшақ Сейітқұл, Айса, Оймауыт аталарымыздың ескерткіштеріне тағзым еттік. Қабырға өзенінің айдынында шомылып, ауылымыздың ажары сына қоймағанының куәсі болып қайттық. Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейтіндігіне көзімізді тағы бір жеткіздік.
Фараби дананың «Тәрбиесіз берген ғылым зұлымдықпен тең» деген сөзі жадымда қалыпты. Демек, тәлім мен тәрбие адамзатты адастырмай, алға жетелейді екен ғой. Ендеше, күрмеуге келмейтін тірлікте тәрбиесі мен тәлімі далаға кетпеген жан ең бақытты жан болса, ондай бақыт иесі Ғалымбек аға дер едім. Туған өлкесінің ұрпақтарына ұлағатты ұстаз болған, сәні мен салтанатын жырға, әнге қосқан, «Әліби — әнім», «Жүректі ән тербейді», «Топжарғаным» тәрізді туындыларының сыртында «Торғайдың гимні» атанған «Туған жер – Торғайым» әнінің сөзін жазған тұлғаның тәлімінің тереңдігі таңғаларлық. Біз мұны мақтан тұтамыз, осындай ұстазымызбен мақтанамыз.
Аялы алақанынан талай түлектерді түлеткен Ғалымбек ағамыздың иманы жолдас болсын, артындағы ұрпақтарына өнегелі өмір тілейміз!
Төлеухан ИМАНҚҰЛ,
әл-Фараби атындағы ҚҰУ доценті,
Ресей жаратылыстану академиясының профессоры.