Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына 150 жыл толмақшы. Ұлы тұлғаның мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталатынына халық дән риза. Үкімет қаулысына сәйкес, атқарылатын жұмыстарды да ақпарат құралдары арқылы
танысып отырмыз.
Тарих тұрғысынан қарағанда, Тәуелсіздік алғанына 30 жыл ғана болған жас мемлекетті әлемге таныту мақсатындағы жұмыстар — сол мемлекетті құру барысында қиямет-қайымды басынан кешірген ұлы тұлғаларды насихаттаудан бастау алуы қажет.
Соңғы жылдарда өткізілген осындай шаралар халықты селт еткізетін, ұрпақтың еншісінде қаларлық үлкен оқиғалардың аз болғандығы қоғам талқысына жиі түсуде.
Ғылыми-конференциялар, көп томдық басылымдар, мәдени шаралар, елшіліктердегі кездесулер маңызды болса да, белгілі топтың ғана үлесінде екені жасырын емес.
Әрине, “көппен көрген — ұлы той” — елдегі қиындықтар да адымды кең ашуға мүмкіндік болмай жатқанын халық жақсы түсінеді.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына қабылданған шаралар да осыны дәлелдеп отыр.
Түсіріліп жатқан фильм документальды оқиғаларға негізделгенмен, қаржының жоқтығынан көркемдігі басым екен. Ең арзаны- Ахаңның туған жерінде бірер серия түсіру де жоспарда жоқ сияқты, Торғай алыс, жағдай жоқ деген желеумен Жетісуда түсіріп жатыр екен.
Ұлыларды дүниеге әкелген киелі топырақ — бірер кадрге түсуге де жарамағаны жанға батады.
Қостанай әкімдігіне Үкімет 8 тапсырма берген екен. Солардың ішінде аудан орталығынан 100 шақырым жерде Қарасу деген ауылға, шамамен 50-60 отбасы тұратын болар, Ахаңның атын бердік депті. Ол өңір ат бермесе де Ахаңның атын жүрегінде ұстаған ел. Ахаңның туған жеріндегі күрке қыстау туралы айтудың өзі артық. Ахаңдай ұлы тұлғаны дүниеге сыйлаған Байтұрсын бабамыздың басына қойылған ескерткіш тасты көрсеңіз, екі көзден жас еріксіз парлайды…
Бірақ ол жерге жетіп бару да оңай емес, жол жоқ. Жолдың ауырлығы болар, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов мырза 7 жыл облысты басқарып отырып, Ахаңның да, Жахаңның да басына бір ретте бармады деп әлеуметтік желі шулап отыр. Әкім — ұлттың тұлғаларын насихаттаудың тізгінін ұстайтын бірден бір адам. Қандай әкім — сондай насихат!
90-жылдардың ең қиын кездерінде Фариза апамыз Ахаңның туған жерін көрем деп, Алматыдан Торғай облысының сол кездегі орталығы Арқалыққа бір топ кісіні ертіп (ішінде мен де бармын), арнайы келген. Торғай облысының сол кездегі әкімі, марқұм Жақан Қосабаев Ан-2 самолетімен
Арқалық- Ақкөл-Аққұм — Торғай маршрутымен апамызға сол киелі жерлерді көрсеткен. Ан-2 самолетімен ұзақ ұшудың қандай екенін ұшқандар ғана біледі. Апамыз ғана шыдаған оған.
Ахаңның туған жерінің топырағын уыстап, Апамыздың жылағанына куәмыз. Видеофильм бар, мынау түсіріліп жатқан документальды фильмге Апамыздың сол сапарын қосса да артық емес, ең болмаса, Ахаң туған топырақ көрініп , жарқ етер еді.
(1) Ахаңның аты — Қостанай облысына неге берілмеске, Жамбыл атамыздың атында облыс болса, неге Ахаң атында облыс аталмасқа.
(2) Қостанайды қимаса, Рудныйды атайық, Ахаңның атымен! Бір оқпен екі мәселе шешіледі.
(3) Ең кереметі — Қостанай әуежайын Ахаңның ұлы есімімен атаса, насихаттың көкесі сонда болар еді ұрпаққа. Үш тілде сайрап, күніне сан мәрте Ахаңның өмір жолын мыңдаған жолаушының санасына сіңірер еді.
Қалай десек те, 30 отбасы тұратын Қарасу ауылынан гөрі Ахаң атын алысырақтан, халық көретін жерден іздеуіміз керек екені даусыз.
Сол Қостанайда Ахаңның жары Бәдірисафа шешеміз арбасын сүйретіп, аштан өлген, Ахаңның жолында. НКВД-дан қорқып, ешкім үйлеріне кіргізбеген.
Орыс қызы мұсылман дініне кіріп, Ахаңа деген шексіз махаббатын дәлелдеп, жанкешті өмір өткізген. Ал орыс қызы — қазаққа, қазақтың тәуелсіздік жолындағы ұлы күресіне Ахаңа жар бола жүріп, өлшеусіз үлес қосқан Бәдірисафа шешеміз неге насихатталмайды?
(4) Халықтар достығын насихаттап отырған біздің мемлекеттегі үлкен құрылым — Қазақстан Халқы Ассамблеясы ЮНЕСКО деңгейіндегі Ахаңның тойына атсалысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ахмет Байтұрсын көшесіндегі мешіт маңайына неге алып ескерткіш орнатпасқа, екеуіне деген ұсыныстар айтылып жатыр. Міне — достық, міне — Ассамблея деп халық қуанар еді. Бастама көтеріп жатса, Ассамблея атынан сайланған 9 депутатымыз халық алдындағы міндетін абыроймен орындар еді.
(5) Еліміздің астанасында Ахаң атындағы ұлттық құндылықтарымызды, ең бастысы — ана тілінің сан қырлы насихатымен айналысатын көп салалы мәдени-танымдық орталық ашылып жатса, кім қарсы болады?!
Ұсыныс көп. Ахаңның аруағын риза ететін кез келді. Үкіметке бәрін арта салмай, халқы үшін қасірет тартып, еліне сүйегі де бұйырмаған Ахаңа бүкілхалықтық қолдау көрсететін уақыт келді.
Қазақ ұлты ғана емес, түркі дүниесін біріктірсек те ешкім артық демес.
Әр өңірден азаматтары бой көрсетіп, қолдау білдіріп жатса, нағыз ерлік болар еді!
Халықтың қолдауымен қор құрылса деген ұсыныс айтылыпты. Керемет ұсыныс! Қандай қиналса да, халық соңғы тиынын Ахаңа қиюға әзір. Ел екеніміз рас болса, қарапайым халықты қинамай-ақ,
Аллаға шүкір, 30 жыл еркін дамудың арқасында байлыққа қол жеткізген, Форбстың тізімін толықтырып жатқан азаматтар баршылық, олар қарапайым халыққа салмақ салмасы анық. Үкіметімізге қолдау көрсетіп, жасалатын шаруаларды толықтырып, айтылып, айтылмай, ойда жүрген талай шаруаны бітіретінімізге күмән жоқ! Ендеше, не тұрыс, бастайық!
Ұлт Ұстазын өзіне лайық ұшар биікке ел болып көтерейік!
P.S. Артық-кем ой-толғауларды дұрыс түсініңіздер. Ел ортасындағы қарапайым әр қазақтың пікірі деп қабылдаңыздар!
Рәшила МҰРСАЛИЕВА
Facebook-парақшасынан
фото: ашық дереккөз

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері қызметтерінен кетті

Қостанай облысында екі ауданның әкімдері өз өтініштері бойынша қызметтерінен кетті, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Қостанай облысының ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *