Байқаудың қазылар алқасы ұйымдастырушылардың жеңімпазды алдын ала анықтап қойғанына наразылық білдірді, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан аруы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі 9 қазан күні өткен еді. Соңғы айналымда 17-25 жас аралығындағы 14 қыз бақ сынасып, жеңіс Нина Доброжан есімді аруға бұйырған. Бірақ жеңімпазды әділ қазылардың таңдамағаны белгілі болды. Сұлулар сынына төрелік еткендердің бірі — облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов мұндай тосын жағдайды күтпегендерін айтты.
Кез келген байқаудағыдай бір фавориттің болатынын түсінеміз. Бірақ біздің үстімізден шешім шығарылады деп ойламап едік. Байқау аяқталып, кеңесу бөлмесіне кіргенімізде ұйымдастырушылар бізге жеңімпаздың атын атады, — дейді Ерлан Қалмақов.
Оның айтуынша, ұйымдастырушылар қазылардан 2-орын иегерін анықтап беруді ғана сұраған. Бұл қойылымға үзілді-кесілді қарсылығын білдірген ол, шешімді күтпей, іс-шарадан кетіп қалған.
Мен де қорытынды жарияланар кезде сахнаға шықпадым. Егер шешім шығарылып қойған болса, бізді қазылыққа не үшін шақырған? «Қостанай аруы» байқауының айналасында осындай әділетсіздікке жол берілгені өкінішті-ақ, — дейді «ARTIST» студиясының жетекшісі Айсұлу Тұтқышева.
Бір өкініштісі, көпшілік жұрт байқау қорытындысына қазылар алқасын кінәлаған.
Байқаудың қорытындысы туралы ақпараттардың астына жазылған пікірлерден жұрттың «қазылар шешіміне» наразы болып жатқанын көреміз. Бұл — орынсыз сын. Өйткені мұндай шешімді біз емес, ұйымдастырушылардың өздері қабылдады, — дейді қазылар мүшесі, ЖРО жетекшісі Абай Дүйсеков.
Бізге мәлімі, байқау ұйымдастырушысы — Карина Теклюк есімді продюсер. Ол әзірге шулы мәселеге байланысты ақпарат бермей отыр. «Мисс Қостанай» және «Мисс Қазақстан» ресми аккаунттарында да пікір берілмеген.
Фото: top-news.kz