Қостанай қаласында жуырда ғана салынған жаңа аялдамалардың бірі ауа райына төтеп бере алмай құлап қалған, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz «Наш Костанай» сайтына сілтеме жасап.
Сайттың жазуынша, Қостанайдағы Станционный көшесінде отыз жыл бойы тұрған аялдамалар жақында жаңартылып, қар мен жаңбыр астында автобус күтетін жолаушылар қатты қуанған болатын. Бірақ тұрғындардың қуанышы көпке созылмаған.
Аялдама салынған кезде қуанышымызда шек болмады. Өкінішке қарай, келесі күні жаңадан салынған кейбір павильондар құлап қалды. Әйтеуір, ішінде адам болмаған. Темір аялдамалар жерге дұрыс бекітілмегендіктен, желге шыдас бермеген. Ал әлі құламай тұрған аялдамалар жел кезінде шайқала бастады. Сондықтан адамдар да ішіне кіруге қорқады, — дейді жергілікті тұрғын Людмила Панкратова.
Оның айтуынша, тұрғындар бұл мәселені айтып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына шағымданған.
Сайт ақпаратына қарағанда, қазіргі таңда жауапты ұйымның жұмысшылары аялдаманы қалпына келтіруге кірісіп кеткен.
Бұл жұмысты орындаған мердігерге шағымды жолдадық. Олар аялдаманы жақсылап бекітуге міндетті, — дейді тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер.
Фото: дереккөз