Еліміздің жер-жерінде Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызды тойлау басталып та кетті. Түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қостанай облысында да бірнеше танымдық іс-шара, түрлі байқаулар өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен бүгінгі брифингте қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Қазез бен Мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмінің басшысы Айсұлу Әубәкірова айтып берді, деп хабарлады tobyl-torgai.kz тілшісі.
Баспасөз мәслихатынан белгілі болғандай, қалада мерекелік ахуалды қалыптастыру үшін басты көшелер мерекелік баннерлермен, кішігірім архитектуралық объектілермен безендіріледі. Сити-орталықта «Шаңырақ» және «Жеті қазына» инсталляцияларын орнату жоспарланып отыр.
«Шаңырақ – үй ошағының белгісі, ұрпақ жалғасының белгісі. Шаңырақпен байланысты көптеген салт-дәстүрлер, нанымдар, мақал-мәтелдер бар. «Жеті қазына» қазақ халқының дүниетанымында ерекше орын алады. Ата-бабаларымыз үшін отбасылық өмірді және ұрпақты жалғастыруды қамтамасыз етуге көмектескен нәрселер құнды болды: ер жігіт, ақылды әйел, жүйрік ат, қыран бүркіт, жүйрік тазы, берен мылтық, білім. Бұл инсталляциялар облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары үшін фото-аймақ ретінде тұрақты негізде қалады», — дейді Қайрат Қазез.
Оның айтуынша, қала тұрғындарының, кәсіпорындар мен ұйымдардың мерекелік іс-шараларға жаппай қатысуын қамтамасыз ету және ынталандыру үшін Қостанай әкімдігі 2 қалалық байқау жариялаған.
«Бірінші байқау – «Наурыз әр аулада» 21 наурызда көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында тұрғын үй иелері ұйымдары арасында өткізіледі. Конкурстық комиссия 3 жүлделі орын және 7 көтермелеу орнын анықтайды, олар бағалы сыйлықтармен және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталады.
Екінші байқау – «Қостанай қаласындағы Наурыз мейрамының Үздік киіз үйі» 22 наурызда қаланың орталық алаңында барлық меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындар арасында өткізіледі. Орталық алаңда орнатылған барлық киіз үйлер байқау қатысушылары болып саналады. Осы конкурста ақшалай сыйлықтармен және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапатталатын 3 жүлделі орын анықталады. Басқа қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады.
Екі байқау бойынша марапаттау мереке күні облыс әкімдігі алдындағы сахнада өтеді, — деді басқарма басшысы.
Ол атап өткендей, мереке күні қалаға дәстүрлі түрде елдің басқа аймақтарынан және жақын шетелден көптеген қонақ келеді. 22 наурызда Қостанай әуежайына Алматы, Мәскеу, Астана қалаларынан рейстер ұшып келеді және сол борттар кері бағытта ұшады. Әуе жолаушыларының жалпы саны шамамен 1000 адам болады деп болжанып отыр.
Сондай-ақ, брифингтен белгілі болғандай, әуежай ғимаратында ұлттық безендіру элементтері бар жартылай киіз үй орнатылып, Наурыз мейрамымен құттықтау фотоаймағын ұйымдастырылып, сондай-ақ жолаушыларға бауырсақтар мен наурыз көжеден дәм таттыру жоспарланып отыр.
Биыл Наурыз мейрамын мерекелеу қаланың бірнеше алаңында өткізіледі — бұл облыс әкімдігінің алдындағы алаң, «Қостанай Плаза» СОО және Жастар сарайы орналасқан орындар. Жастар сарайында «Наурыз достарын шақырады» атты халықаралық хореографиялық өнер фестивалі өтеді. Сондай-ақ 20-дан астам мүлік иелерінің бірлестіктері мерекелеуге дайындықты бастағаны және қала әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары бөліміне өтінімдер жібергені қазірдің өзінде белгілі болып отыр.
Бүгінгі таңда қаланың 30-ға жуық ұйымы киіз үйлер орнатуға дайындық жүргізіп жатыр. Белгіленген киіз үйлерде қостанайлықтар мен қала қонақтары шығыс халықтарының тұрмысы мен мәдениетімен танысып, конкурстарға, жарыстарға қатысып, дәм татып, естелік фотосуреттер түсіре алады. Мереке күндері қала аумағында барлығы 40-қа жуық киіз үй орнатылады деп болжануда.
Наурыз мейрамы болған соң, ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалмайды. Тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, садақ ату, аудараспақ, арқан тарту, гір көтеру, армрестлинг (қол күресі), қой көтеру сынды ойындар болады.
Барлық іс-шаралар қазақстандық қоғамның бірігуіне, патриотизмді нығайтуға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және дәріптеуге, қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекелік ахуал құруға қызмет етуі тиіс. Өйткені, Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – еліміздегі бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру, – деді қалалық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Қайрат Қазез.
Ал Мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмінің басшысы Айсұлу Әубәкірованың айтуынша, сағат 11.00-де орталық алаңда облыс және қала басшылығының құттықтауымен мерекелік бағдарлама өтеді. Жоғары және орта білім беретін оқу орындарының «Наурыз – көктем, жыр думан!» атты іс-шарасы, қаланың шығармашылық ұжымдары, Достық үйі, облыстық филармония мен театрдың солистері қатысады.
Қазақ қонақжайлылығының символы — бауырсақ. Алтынсарин көшесінде «Бауырсақ – күн мен бақыттың символы» атты көрме-сатылымы өтеді.
Сити-орталықта «Шеберлер қаласы» көрмесінде қазақ халқының дәстүрлі қолөнері көрмесі ұсынылады. Атақты шебер-қолөнершілер сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын ұсынады, зергерлік бұйымдар, кесте тігу, керамика, ағаш ою, ұлттық кәдесыйлар және т.б. жасауда өз шеберліктерімен бөліседі.
Жалпы, барлық іс-шаралар қоғамдағы саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайту үшін үлкен әлеуетке ие, — деп атап өтті Айсұлу Әубәкірова.
Фото: Қостанай қаласы әкімдігі