Иық тіресе өмірге араша түсейік

Учаскелік полицей Олжас Әбенов алғашқы күннен бастап Қостанай облысы Жангелдин ауданындағы су тасқынына қарсы күресте ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп келеді.

Ол құтқарушылармен бірге Көлкамыс, Көкалат және Аралбай ауылдарындағы адамдарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарына қатысты.

Топан су елді-мекенге 27 наурызда келді.

— Мен бұл ауылдарда бесінші жыл қызмет етіп келемін. Әр қыстауды және шаруа қожалықтарын жақсы білемін.

Тұрғындарды эвакуациялау басталған кезде мен құтқарушыларға адамдар болуы мүмкін жерлерді көрсеттім, — деді Олжас.

Айта кету керек, бұл аумақтарда барлығы 37 шаруа қожалығы және 25 қыстау бар.
Оның 12 — сінде адамдар тұрақты түрде қоныстанған.

— Тәулік бойы адамдар мен жануарларды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарымен айналыстық. Ұйқыға да уақыт болған жоқ. Осындай шұғыл жағдайда алғаш рет жұмыс істедім, — деп сөзін жалғастырды ол.

— Мен эвакуацияланған елді-мекен тұрғындарының ауылда қалған мүлкін қадағалап, тәртіпті сақтауым керек болды, — деді Олжас.

Құтқарушылармен бірге азық-түлік пен қажетті заттарды жеткізген учаскелік полиция қызметкеріне, Көкалат қыстағының тұрғындары Олжас Әбенов су басқан жолды көзін жұмып та таба алады деп әзілдейді.

Көлқамыс ауылы тұрғындарын эвакуациялау кезінде 2 айлық баласы бар әйел қайыққа мінуге сескеніп, үйінен кеткісі келмеген сәтті капитан Әбенов сұхбаттасу барысында есіне алды.  

Алайда, полиция қызметкері психолог ретінде әрекет етіп, оны қайыққа отыруға көндіре алды. Топан суды 1,5 шақырымды қайықпен жүзіп өтіп, жаңа туған нәрестесі бар әйел қауіпсіз жерге жеткізілді.

— Туып-өскен үйінен кеткісі келмеген қарт адамдар да кездесті. Адам өміріне қауіп төнгендіктен, мен оларға бұл жерден кету керек деп талап еттім, — дейді Олжас.

Біраз уақыттан кейін Аралбай ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан Қазыбай қыстағын эвакуациялау кезінде полиция қызметкері ат үстінде отырған ауыл тұрғынын құтқару операциясына қатысты.

— Судың тереңдігі шамамен бір жарым метр болды. Жылқы адаммен бірге суға белшесінен батып бара жатты.Оларды құтқару үшін мұзды суға секіруге тура келді, — деп еске алады учаскелік полиция қызметкері.

Бүгінгі таңда Көлкамыс, Аралбай ауылдарындағы жағдай тұрақталды. Тұрғындар эвакуациялық пункттерден кетіп, үйлеріне тікұшақпен жеткізілуде. Себебі, елді-мекендерге апаратын жол әлі де су астында.

Қазір учаскелік полицей Олжас Әбенов құтқарушылармен бірге жұмыс істеуде. Адамдарды қайықпен тасымалдауға көмектесіп, су ортасында қалған қыстақтарға азық-түлік жеткізуді ұйымдастыруға қатысып жүр.

Ол өзі Көкалат ауылында тұрады. Бұл ауылды жергілікті халық бірлесіп, су тасқынынан аман алып қалды. Себебі, тұрғындар мен жергілікті билік және полицейлер мен құтқарушылар топырақ салған қапшықтарды кірпіш қалағандай тізіп қойған.

Полиция капитаны Олжас Әбенов 8 жасар ұл мен 6 жасар қыз тәрбиелеп отыр.

— Қазір жұбайымның аяғы ауыр. Мен отбасымды бір ай бұрын облыс орталығына, туыстарыма жібердім. Жақын адамдарыммен Ватсапп арқылы байланыс жасап отырамын. Мен оларды қатты сағындым», — деп мойындайды полиция қызметкері.

Осы қиын кезеңде Олжас батылдық пен қайсарлықтың нақты үлгісін көрсетті.

Мынаны да қараңыз

Демалысыңды спортқа арна — жетісулықтар

Демалысыңды спортқа арна — жетісулықтар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлт саулығының кепілі-бұқаралық спортты дамытуға ...