
Eurasian Resources Group (ERG) Primetals Technologies Austria GmbH (Австрия) және Midrex Technologies Inc. (АҚШ) компанияларының консорциумымен стратегиялық келісім шарт жасасты. Келісім аясында Рудныйда ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу жобасы, оған егжей-тегжейлі инжиниринг пен негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz.
Болашақта ЫБТ өндіретін зауыт Орта Азиядағы жаңа буынды «жасыл» ірі металлургиялық нысандарының біріне айналмақ. Мұнда металдығы 93%, құрамындағы темір үлесі 90%-дан жоғары өнім алу көздеген. Нәтижесінде Қазақстан жаһандық болат құю нарығына шығып, бәсекеге қабілетті өнімнің жаңа түрін ұсына алады.
Жобаны Midrex процесі бойынша темірді тікелей қалпына келтірудің озық технологияларына сүйене отырып іске асыру жоспарланған. Бұрын бар дәстүрлі домна өндірісінен гөрі бұл экологиялық тұрғыдан анағұрлым ұтымды. Кокстың орнына мұнда табиғи газ пайдаланылады. Зауыт «ССКӨБ» АҚ өндірген тотыққан теміркені шекемтастарын өңдеп, болашақ болат құю цехына ыстық биркеттелген өнім бере алады.
Мемлекет басшысы Жолдауда терең өңделген, отандық және халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті өнім өндірісі – басым бағыт екенін атап көрсетті. Бүгін осы консорциуммен жасалған келісім шарт – Қазақстандағы металлургия саласын дамыту мен ондағы ERG-дің көшбасшылығын нығайта түсетін стратегиялық қадам. Біз экспортқа жаңа мүмкіндіктер ашатын, жаңа жұмыс орындарын құрып, кәсіби білікті адам капиталына сеп болар жоғарытехнологиялық өндіріс құрып жатырмыз, — деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов.
ЫБТ өндіру зауыты жобасын Топтың еншілес кәсіпорны – «QazIron ERG» ЖШС іске асырады. Зауыттың өндірістік қуаты – жылына 2 млн тонна. Жобаға құйылатын жалпы инвестиция көлемі – 655 млрд. теңге. Өндірісті 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр. 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Бұл Қазақстанның металлургия саласындағы жаңа дәуірдің бастауы болатын ауқымды жоба. Ол ERG-дің әлемдік нарықтағы позицияларын нығайтуға септеседі. Осындай маңызды қадамға атсалысу – бізге үлкен мәртебе. MIDREX Flex шешімдері – кеннен темір өндірудің ең экологиялық таза технологиясы. Дәстүрлі әдіспен салыстырар болсақ, ол көміртегі ізін 50% төмендетуге мүмкідік береді,- деді Primetals Technologies компаниясының вице-президенті әрі жаһандық Upstream құрылымының жетекшісі Андреас Вихбек.
Жолдауда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев нақты міндеттер – жаңа буынның өнеркәсібін дамытуды, экологиялық таза технологияларды енгізіп, сапалы жаңа жұмыс орындарын ашуды қадап тапсырды. Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт жобасы – осы тапсырмаларды іске асырудың жарқын мысалы. Заманауи өндіріс ошағы облыс экономикасын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақта жаңа индустриалды экожүйе қалыптастыруға тұғыр болады, — деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
– Біз осындай стратегиялық маңызды жобаға Midrex серіктес ретінде таңдалғанын мақтан тұтамыз. Бұл саладағы тәжірибеміз толысқан, тұтынушыларымыз ұсынатын шешімдерімізге сенім артқанын айғақтайды,- деді Midrex президенті әрі бас директоры К. С. Вуди. – Midrex – ыстық брикеттелген темір өндірісі саласындағы әлемдік көшбасшы. Жаһандық нарықтың 90% қамдап отыр. Midrex өз тұтынушылары мен болат құю секторына орнықты болашақты қамтамасыз ету қамында ілгерілеп келеді.
Midrex Technologies Inc. – тікелей қалпына келтіру әдісімен темір өндіру технологияларындағы әлемдік көшбасшы (жаһандық нарықтағы үлесі – 57%). Компания 50 жылда әлемнің 21 елінде 100-ден астам қондырғы орнатқан.
Primetals Technologies Austria GmbH – қара және түсті металлургия саласына қажетті жабдық өндіретін халықаралық компания. Металлургиялық зауыттарға қажетті шешімдер мен инжиниринг саласындағы көшбасшы.
Бүгін қол қойылған келісімшарт жобаны іске асырудың келесі кезеңі. Бұған дейін консорциум базалық инжинирингті әзірлеген болатын.
EURASIAN RESOURCES GROUP ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА
Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіріп, өңдейтін, энергетика, логистика және маркетинг салаларында толық біріктірілген, әлемдегі ең ірі әртараптандырылған компаниялардың бірі. Топ Азия, Еуропа, Африка мен Америкада бизнес жүргізіп, өз өнімдерін әлемнің 40-тан астам еліне жеткізеді. Бүгінде 67 мың адам еңбек етіп жүрген ERG кәсіпорындары – өз саласы бойынша ең ірі жұмыс берушілердің бірі. ERG-дің негізгі акционері (40%) Қазақстан Республикасының Үкіметі. ERG-дің бас кеңсесі Люксембургте.
ERG – феррохром мен кобальт өндірісіндегі әлемдік көшбасшылардың бірі. Әлемдік нарыққа ірі мыс жеткізуші. Еуразия кеңістігіндегі ірі темір кені мен алюминий өнімдерін жеткізуші. Қазақстандағы жоғары маркалы алюминий өндіретін жалғыз кәсіпорын Топ құрамында.
Еуразиялық Топтың қуатты кәсіпорындары: «Қазхром ТҰК», «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» (ССКӨБ), «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты» (ҚЭЗ), «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» (ЕЭК), «Шұбаркөл көмір», «3-Энергоорталық» АҚ және «ТрансКом» Көлік тобы мен ERG Service Қазақстанда орналасқан. ERG – Орталық Азиядағы электр қуатын негізгі жеткізушілердің бірі және ірі темір жол операторы.
Африкада ERG мыс пен кобальт кендерін, мыс концентраты мен кобальт гидроксидін өндіреді. Конго Демократиялық Республикасындағы Frontier кәсіпорны – ERG-дің мыс өндіруші басты зауыты. Ал осы өңірінде басқа компаниялардан ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған мыс және кобальт қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын Metalkol кәсіпорны – әлемдегі ең ірі кобальт өндірушілердің бірі және ірі мыс өндіруші саналады. Топ құрлықтағы өзінің жеткізілімдер тізбегін Sabot атты арнайы көлік компаниясының көмегімен басқарады.
ERG Бразилияда Pedra de Ferro кен орнында темір кенін өндіру, Porto Sul теңіз порты мен FIOL құрлық аралық темір жолын біріктіретін кешенді BAMIN жобасын дамытып жатыр.
Фото: ERG баспасөз қызметі
Тобыл-Торғай tobyl-torgai.kz