Өзегіңді өртейтін өкініш:
Торғайдан қаншама кәсіпкерлер, ұлықтар шықса да, олардың көбісі өздерінің әке-шешесі мен аталарына ғана зәулім кесенелер тұрғызып, оларға арнап ас беріп, кітап шығарумен ғана шектеліп, мұндай мәрттік мінез таныта алған жоқ. Біз солардың кейбірімен сөйлескенімізде «Құландар бар емес пе? Солар неге аталарының басына кесене көтермейді? Сен неге өзіңнің қарадан шығып хан атанған Сығай атаңды, Файзолла атаңды жазбайсың, неге олар туралы кітап шығармайсың? Айдаладағы құланның саған қажеті қанша?» деген де ауыр сөздерді естігеніміз әлі күнге дейін есімізде…
Иә, көкірегінде көзі жоқ, ой-пікірі тайыз адамдар үшін Кейкі халық батыры емес, құландардың батыры, торғайлық. Осы торғайлық деген сөзден шығады, бір рет мені Ырыскелді Дәуренбекұлы Жақсыбеков кабинетіне шақырып алды. Ағамыз ол кезде мен жұмыс істейтін «Инфо-Цес» газетіне де басшылық жасайтын «Цесна» корпорациясындағы жауапты қызметте еді.
Ағамыздың не деп жауап берер екен деп, бір жағынан сынап отырғанын да түсіндім. Содан:
— Аға, бұл тарихи тұлғалардың жазығы Торғайда туғандығы ғой. Мен енді Абай, Шәкәрімді жазсам, семейлік болып кетемін бе? – дедім мұңайып. Мұңаймай қайтейін, арыз айтушы адам өзге емес, өзім танитын бір бауырым болса. Ағамыз күліп жіберді де:
— Біздің қазақ қызық. Үш жүздің ұлы перзенті саналатын батырлар мен билерді де руға, жерге бөледі. Тіпті, Ахаң мен Жақаңды да торғайлық дейді. Оларды ұлтымыздың ұлы ұстаздары деп айтуға неге қимайды, — деді.
Иә, Кейкі батырдың есімін, ерлік істерін ұлықтауда кезінде кейбір кісілердің тарапынан руға, жерге бөлушілік көзқарастарды байқағанбыз. Алайда, ондай адамдар аз, Кейкі батырды ардақтайтындар қай кезде де көп болды, қазір бабасының ғибратты ғұмыр жолымен кеңінен танысқан сайын халықтың өз қаһарманына деген сый-құрметі де арта түсуде.
Жезқазғандық Әбу Қарақожин ағамыздың 1965 жылы Жалаулыға келіп, батырдың бейітін қоршап, құлпытас орнатып кеткені Әубәкір Қылышбайұлына көптен бері үлкен ой салып, оны Кейкі батырға кесене салуға жетеледі. Зейнеткерлік демалыстағы қарт кісіге қазіргідей таршылық заманда кесене салудың оңай емес екендігі белгілі. Ол өзінің бұл бастамасын балаларына, туған-туыстарына айтып көріп еді, қарсылық танытпады. Тек біраз қаржы қажет болатынын, оны бірлесе іздестіретіндерін айтты. Әубәкір аға кесененің жобасын жасап, көп ұзамай іске кірісті, өзі бас болып ізгі іске қаржы шығарды. Мұны көріп ел азаматтары мүмкіндіктеріне қарай біртіндеп демеушілік қолын созды. Алайда тоз-тозы шыққан Торғай елінің жағдайы белгілі, олардан түскен азын-аулақ ақшаға кесене тұрғызу мүмкін емес еді. Осы кезде Астанадағы республикалық «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова Кейкі батыр кесенесіне 200 мың тенге қаржы сыйлады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Алтыншаш Жағанова Торғайда Кейкі батырдың мерейтойын өткізіп, ескерткішін орнатуға да кезінде қаржылай үлкен көмек көрсеткен болатын.
Кейкі батырдың кесенесі 2007 жылы салынды. Ол Тасты өзенінің бойында, Арқалықтан бара жатқанда жолдың сол жағында қалады. Кесене тұрған қорымда құландарға Тасты өңірінің жерін уез басшысынан алып берген Қостамбек, Сәбіләмбек аталарымыз жерленген. Кейкінің кесенесі үлкен күмбезді, өзі төрт бұрышты. Кесененің артқы қабырғасына Кейкінің 3 шумақ салауаты мәрмәр тасқа жазылып, бекітілген, алдыңғы қабырғасына Әубәкір ағаның екі ауыз өлеңі жазылған мәрмәр тас орнатылған. Кесененің ішіндегі төр жақта батырдың бюсті тұр, ортасында батырдың бас сүйегі Санкт-Петербургтегі Кунсткамерадан елге әкелінгенінде жерленуі үшін қабірі қазылып, үсті уақытша жабылып қойылған. Және де Әубәкір ағаның ұйымдастыруымен Жалаулыдағы Кейкі батырдың бейітінен топырақ әкелінген-ді. Ол да кесененің ішінде сақтаулы.
Құлан Кейкі батырдың Тасты өзенінің бойындағы кесенесінің алдыңғы қабырғасында мәрмәр тасқа қашап жазылған кесенені салушы Әубәкір Қылышбайұлының екі шумақ өлеңінің мәтіні мынандай:
Боздағаннан қалмаған басқа амалы.
Кейкі атаның сүйегін жинай алмай,
Сұлтан қайда, сүйегін қорлатпайтын,
Халқы үшін қор болған қайран Кейкі,
Торғайда Кейкі батырға кесене тұрғызылғаны жөнінде республикалық газет-журналдарда мақала жарияланған жоқ. Тек 2008 жылы «Қазақстан әйелдері» журналының №1 санында «Кейкіге күмбез орнатылды» деген хабар берілді. Онда былай деп жазылды:
«Атақты Кейкі батырдың бас сүйегі Петербургта Кунсткамерада сақтаулы. Өкініштісі сол, оған намыстанып, қаны қызған қазақты көре алмадық. Десек те, намысты ерсіз ел болмайды. Торғайлықтардың намысы бар екен. Белгілі журналист, шежіреші Әубәкір Қылышбайұлы ақсақал ел болып атқара алмаған міндетті көтеріп, құландардың ата қорымы Тасты өзенінің көпірі қасынан күмбез тұрғызды.
Құрылысты толық аяқтап, жан-жағын көгаландыру, жол салып, іші-сыртын өңдеу үшін әлі де қыруар қаржы қажет. Сол себепті Кейкі күмбезін ресми түрде ашу кейінге қалдырылып отыр».
Біз Кейкі батырға Торғайда кесене тұрғызылғанын кеш естідік. Әйтпесе, бұл жаңалықты кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жариялайтын едік. Алайда, жүрек толқытар бұл жаңалықты естіген күні еріксіз қолымызға қалам ұстап, мынандай жыр жолдарын қағазға түсірген едік:
Тастының қырында тұр мұнарланып,
Қоймада шаң-шаң болып бас сүйегі,
Денесі бөлшектеліп жатсадағы,
Басында түнде кілең шырақ жанып,
Жабылмай қабірі де қазып қойған,
Бақытты күнім қашан туар екен,
Осындай үлкен ой толғандырғандықтан, Арқалық қаласына қарасты, бұрынғы облыс орталығынан 25-ақ шақырым жердегі Фурманов ауылының тұрғындары өздерінің алтын ұясын Кейкі батырдың есімімен атауды ұйғарып, ауыл әкімі мұны мақұлдап, «Арқалық қалалық Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Р.К.Бикеноваға 2008 жылғы 13 сәуірде былай деп хат (№ 01-31/113) жолдады:
Енді егемендігімізді алып, ел, жерге өздерінің батырларын, жердің тарихына байланысты тұнған шежіре-дастанды, ел арасында аты аңызға айналған ұлы тұлғалардың есімдерін келер ұрпақ біліп өссін деген ниетпен біз де Фурманов ауылын Кейкі батыр ауылы деп өзгертуді ұйғардық.
Кейкі батыр – (Құлан Кейкі батыр) кездейсоқ тұлға емес, тарихи тамырын тереңнен тартқан, елім деп еңіреп туған ерлерді молынан туған Құлан Қыпшақ жұртынан екенін ерекше атап өткеніміз ләзім. Бұл ел өздерін ескі аңыз жырдағы Құламерген ұрпағымыз дейді. Торғай көлеміндегі Кейкі батырдың туған-туыстарын, ұрпағын Құлан Қыпшақ руынан бөліп таратады. Фурманов ауылына тұрғындардың Кейкі батыр атын сұрауының себебі осындағылардың 80 пайызы Кейкі батырдың туған жерінен келін қоныстанған қарапайым халық. Сондықтан Кейкі батырдың ерлігін, оның құламерген екендігін, ел шежіресінде, ел тарихында аты аңызға айналған адам екендігін кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында Фурманов ауылын Кейкі батыр ауылы деп атауға ұсыныс жасаймыз. Ал Д.М.Фурманов кеңес дәуіріндегі революционер, қолбасшы.
Ауыл тұрғындары ата-бабаларын – тарихи тұлғаларын айтып, қазіргі ұрпақ елінің, жерінің теңдесі жоқ тарихын білсе, нұр үстіне нұр жауар еді. Қазір Фурманов ауылының 1600 тұрғыны бар. Олардың ұлттық құрамы: қазақтар – 1448, орыстар – 58, украиндықтар – 18. Қытай, неміс, татар, басқа да ұлт өкілдері бар. Ауылда 11 жылдық мектеп, ауылдық емдік амбулатория, кітапхана, наубайхана, байланыс бөлімшесі, автоматтандырылған телефон стансасы жұмыс істеп, тұрғындарға тұрақты түрде қызмет көрсетуде. Ауылдық әкімдіктің қарамағындағы бірнеше ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде, басқа ұлт өкілдері қазақтың салт-дәстүрін құрметтеп, сыйлайды. Бұрынғы Фурманов атауы ауылымызға ешқандай қатысы жоқ болғандықтан, оны Кейкі батыр есімімен атау туралы ұсыныс ауыл тұрғындары тарапынан бірауыздан қолдау тауып отыр. Ауыл әкімі Ж.Т.Бикешев».
Арқалық қаласы мәслихатының төрағасы, қала әкімі, Қостанай облысының әкімі, неліктен ел тілегіне сәйкес Фурманов ауылы Кейкі батыр есімімен аталмай отыр?! Соны халыққа түсіндіріп бере аласыздар ма? Қызыл империяның сұрқия саясаты тәуелсіздік үшін күрескен ұлттық батырларымызды, оның ішінде Кейкі батырды да «қарақшы» санаған еді. Біз Сіздердің олай ойламайтындарыңызға сенеміз. Тек Сіздер біздің сол сенімімізді ізгі істеріңізбен ақтасаңыздар екен…