Ғұлама ғалым, кемел азамат

Академик Кенжеғали Сағадиев жөнінде бірер сөз

Есте қалған кездесулер

Менің Кенжекеңмен алғашқы кездесуім Мәскеудегі Ленин атындағы мемлекеттік кітапханада болды. Диссертациялық жұмысымды жазып жүрген кезімде Мәскеуге жол түсе қалса, сол кітапханаға (қазір Ресей мемлекеттік кітапханасы) баратынмын. Бұл сол кезде дүниежүзі бойынша үлкен кітапханалардың бірі еді. Даңғарадай ғимараттың іші қай кезде барсаң да құжынаған халық! Тапсырыс беруге ұзын-сонар кезекке тұрамыз, бірақ кітапхана жұмысының жақсы тәртіпке келтіріл­гені болар, кезек тез өтетін. Оқырман залдарының тыныштығы соншалық, айналаңдағы кітапқа шұқшиған адамдар мүсінге айналып кеткендей көрінетін, тек ара-арасында кітап парақтарының ашылған дыбыстары ғана естіліп қалады. Осы қимылсыз тыныштыққа зал ішінде қоларбаларына кітаптарын салып алып, оқырмандарға таратып жүретін кітапхана қызметкерлері жан кіргізгендей болатын. Жыланның арбауына түскен торғайдай кітапқа шұқшиып 1,5-2 сағат тапжылмай отырғаннан кейін темекі деген құрғырың алдына салып дедектетіп ала жөнеледі. Қазірге қарағанда сол кезде осы шылым шырмауықтай құрықтаған адамдар көп болған сияқты көрінеді маған. Кітапханада қарапайым тілде «курилка» деп аталатын шылым шеккіштердің «панасы» бар. Залдарда өлі тыныштық болса, бұнда көзге түртсе көргісіз қалың тұман! Кім жоқ дейсің бұл жерде?! Ақ бас, қылаң бас, қасқа бастар темекі түтінінің әр бөлшегін көзге көрінбейтін микроскоппен зерттеп отырған адамдай көзін сығырайтып алып, баптап, ұзақ шегеді. Ал шаштары үрпиген шала бастар жарысқа түскендей, ауа жұтуынан түтін жұтуы жиі болып, қысқа-қысқа сорып алады да темекі тұқылын күлсалғышқа тастай сала жүгіріп шығып бара жатады. Қыз-келіншектер де кездесіп қалады бұл жерден. Курилкада тарыдай шашырап жүргендердің басын бір сәтке тоғыстыратын бір нәрсе бар, ол – күлсалғыш. Астау болмаса да, қазақ 4-5 адамның алдына ет тартатын табақтай көлемдегі шара ортада тұрады, оған жан-жақтан қаумалаған қолдардың біреуі темекі тұқылдарын әлгі табақтың түбін тесердей мыжғылап, енді біреуі лақтыра салып-ақ төбе қылып үйіп тастайды. Сосын тазалыққа жауап беретін әйелдердің бірі табақ алған келіндей күлсалғыш табақты қос қолымен көтеріп әкетіп, ішіндегісін қоқыс жәшігіне салып, қайтадан ортаға қояды. Бұл көрініс кітапхана жабылғанша айна-қатесіз қайталана береді. Шылым шаруасын бітіргеннен кейін көңілің жайланып, қайтадан оқуға бас қоясың. Менің диссертациялық жұ­мысым құрылыс тақырыбында бол­ғандықтан, іздейтінім де соның төңі­регіндегі еңбектер. Қаншама еңбектерді басынан аяғына дейін ақтарып шықтым, бір күні қолыма Кенжеғали Сағадиевтің ғылыми еңбегі түсті. Жат жер деуге болмас – ол кезде біз бір одақтың құрамында едік қой, әйтсе де, қазақ ғалымының ғылыми еңбегін Ресей жерінде тауып алып таныстым. Оның зерттеу жұмысы халық шаруашылығының қарқынды және тиімді жұмысын жоспарлау, ма­­териалдық ресурстарды жеткізуді оңтайландыру және кезеңді жүргізу сияқ­­ты ауқымды көкейкесті мәселелерді, яғни реформалауды қарастырған еді. Құрылыс, құрылыс индустриясы және құрылыс материалдары саласына қа­тысты жекелеген нәтижелер мен үшін өте пайдалы болды. Мен, осылайша, қазақтың біртуар азаматы, ғалым Кенжеғали Сағадиевпен сырттай таныстым. Кейіннен Алматыда жүзбе-жүз танысып, ағалы-інілі сыйластығымыз әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Есте қалған тағы бір кездесу 1994 жылдың мамыр айында болып еді. Тәуелсіздік жылдарында халқымыз өзінің тарихын түгендеп, ақтаңдақ кезеңдерінің ақиқатына көз жеткізіп жатқан кез. Ұлт бірлігі үшін басын бәйгеге тігіп, азаттық жолындағы айқастардың алдыңғы шебінде болған батырларымыз бен бағландарымыздың, арыстарымыз бен айбындыларымыздың есімдері жұрт жадына қайта оралған шақ.
Кенесары бастаған ұлт-азаттық қоз­­­ға­лысының үзеңгілес жаужүрек батырларының бірі Төлек Жәуке батыр еді. Ол туралы ақын Файзолла Сатыбал­­дыұлы былай деген:

Ер Жәуке хан Кенеге ерген екен,

Жорықта үзеңгілес жүрген екен.

Алысып ақ патшамен он жыл бойы,

Тағдырдың тауқыметін көрген екен.

Осы кісінің есіміне қатысты ел ішінде айтылып жүрген әңгімелер аңыз­дық сипатынан гөрі нақты ақиқатқа негізделетін. Сол кісінің ерлік өнегесі жолымен талай ұрпақ есейіп, ержетті. Батырды бүгінгі ұрпаққа танытатын, ел қамын жеген ерлерімізді ұлықтайтын уақыт келді. Бұрынғы Торғай облысының аумағында мекен еткен оның ұрпақтары құзырлы мекемелерге хат жазып, батыр бабаларының 175 жылдығын республика көлемінде атап өту жөнінде мәселе көтерді. Облыста арнайы комиссия құрылып, олар өздерінің шама-шарқынша дайындық шараларын атқарып жатты. Осы шаруаның тұтқасын ұстауды маған өтініш еткеннен кейін мен бұл жұмысты ұлтқа, ұлт болашағына пайдасы тиетіндей етіп ұйымдастыруды көздедім. Біраз ақпарат жиналды. Әрине, осыған дейін Жәуке батыр туралы жазылған деректер, мұрағат материалдары, жеке авторлардың мақалалары болды, бірақ олар біріздендіріліп, ғы­лыми жүйеге келтірілмеген еді. Алма­тыдағы зиялы қауым өкілдерін осыған ұжымдастыру оңай мәселе емес еді. Сол жылдары Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының президенті болып білгір, айтулы ғалым Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев жұмыс істейтін. Нар тәуекел деп сол кісінің қолдауына сүйенуді мақсат еттім. Сәрсенбінің сәтінде жаныма сол жылдары «Халық кеңесі» газетінің бас редакторы болып жұмыс істейтін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жұмабек Кенжалинді ертіп алып, Кенжекеңнің қабылдауында болдық. Әңгіменің мән-жайын зейін қойып тыңдаған ол, бір кезде «Қарға» дастанынан үзінді оқи жөнелді:

Ертеден шығармаған ел есінен,

Әртүрлі әңгіменің келесінен.

Батырдың, бай, жарлының уақиғасын

Қарттардың көп есіттім кеңесінен.

Қарт Мұрат шарт жүгініп бір тізесін,

Келтіріп кестесімен сөз жүйесін.

Бір топта тамсандырып айтып өтті

Қарғаның бір ғажайып әңгімесін.

Атағы ер жігіттің өнерінде,

Өмірге кім араша сөнерінде.

Айтыпты бір әңгіме Қарға дейді,

Халыққа сырын шешіп өлерінде…

Осы жерде Қарға атынан ер Жәукенің біраз ерлігінен сыр шертетін атақты Нұрқан ақынның дастаны екенін білетін боларсыздар.
– Ал енді осындағы шарт жүгініп, жыр төгілтіп отырған қарт Мұрат біздің әулетіміздің үлкені болып келеді, – деді ағамыз.

Бұл дастанның авторы Нұрқан ­Ахметбеков 1963 жылы «Халық ақыны» атағын алған, шығармашылық шебер­лігі мойындалған талантты ақын болған. Оның суырыпсалмалық өнері де ха­лықтың ерекше бағасын алып, құрметіне бөленген. Халқымыздың біртуар ақыны Иса Байзақовпен өткен ғасырдың 40-жылдары болған қысқа «кездесу-қақ­тығысы» әлі күнге дейін ел аузында жүр. Исаның халық мойындаған жүйрік жырларымен танылып, желдірмелетіп ән салғанда елді аузына қаратқан азулы ақын екенін білетін Нұрқан айтыстан бас тартып, былай деген екен дейді:

Исаның ақындығы жұрттан басым,

Екпіні құлатқандай таудың тасын.

Әркімдер өз теңімен айтысады,

Алып кел Тәжібайдың Әбділдасын.

Әрине, Әбділда да оңай шағылатын жаңғақ емес – Сыр елінің алға ұстар азаматы, сол кезде халықтың аузына іліккен дауылпаз ақындардың бірі, өзі туралы:

Сырда туған Сырдың ұлы,

Жаңа Гейне мен болам! – деп жүрген өнер иесі. Осы сөз сайысындағы Нұрқанның алдаспандай тілгілеген өткір сөздеріне тәнті болған Иса Байзақов:

Сөз тисе кетеді екен елдей көшіп,

Сөйлесе кетеді екен желдей есіп.

Буылған сап-сары алтын қабыменен

Бұл қайдан шыға келді жерді тесіп, – деген екен.

Нұрқан ақынның «Қарға» дастанынан басқа «Есім сері», «Жасауыл қырғыны», «Амангелді», т.б. көлемді поэмалары бар. Белгілі ақын Серік Тұрғынбеков айтқандай, «Нұрқан сонау ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан қазынаны қопарып жеткiзгендей болды». Оның өзінің замандастары мен үзеңгілестеріне үлгі, жол көрсетер жарық жұлдыз болғанын Ғафу Қайырбековтің мына жолдарынан көруге болады:

Болғанда көңілі бай, жаны дарқан,

Әкелік алақаның шағым дарқан.

Жазуға жаман өлең, жасық жырды,

Нұрқанның аруағынан әлі қорқам.

Ақтаңгер ақын, қазақ поэзиясының сөнбес жұлдызы Мұқағали Мақатаев өзінің қазақтың кең-байтақ даласын жыр­лайтын «Алтай-Атырау» поэмасында:

Қостанай, жеткізе алман мақтауыңды,

Даңқыңды дүйім қазақ жатқа білді.

Нұрқанның деңгейіне көтерілсем,

Төпеп-төпеп жіберіп ақпа жырды, – дейді.

Осындай қазақтың мұзбалақ ақыны Нұрқанның өлең жолдарынан үзінді оқыған Кенжекеңнің ел тарихы мен өнері туралы ақпараты да мол, оған деген құрметі де үлкен екенін аңғардым. Жүрекке жылы тиген осы бір кездесу сәтінің әсері күні бүгінге дейін жал­ға­сып келеді. Ғылым академиясы президентінің қабылдауынан шыққан соң бүкіл шаруаның бәрі орайласып кететініне кәміл сендім. Торғайда өтетін республикалық ғылыми-практикалық коференцияға бас баяндамашы болып барған Тарих және этнология институтының директоры, академик ­Манаш Қозыбаев жұмысымыздың деңгейін одан сайын көтере түскен еді. Ғұлама ғалым, еліміздің сол кездегі бас тарихшысы Манаш ағамыздың халық тарихынан сыр шерткен сол баяндамасы көпшілікті тебірентіп, тыңдаушылардың ыстық ықыласына бөленген болатын. Бұл туралы баяндау бір әңгімеге жүк болар еді.

Тұлғалардың жалғасы

Қазақта оқымысты, ойшыл дейтін қасиетті ұғымдар бар. Көне тарихтың көмбесіне үңілсек, әл-Фарабиден басталатын зерделілер керуені бүгінгі көзі тірі замандастарымыздың көшіне ұла­сатыны мәлім. Шоқан, Ыбырай, Абай дәстүрі бертін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың кісілігі мен биік азаматтық болмысымен лайықты жалғасын тапқаны ақиқат. Осынау алтын арқау Сәкен, Ілияс, Бейімбет секілді біртуарлардың тағдыр талайынан көрініс тапты. Ал Әлкей Марғұлан мен Қаныш Сәтбаев сынды даналар дәстүрін бүгінде академик деп аталатын дардай атағы бар азаматтар бойынан көргіміз келетіні тағы шындық.
Шынында да, бүгінде академик, профессор деген атақты иемденгендер тізімінен көз сүрлігеді. Ал бүкіл болмыс-бітімінде оқымысты деген ұғымды бойы­на сіңіріп, соған сай қоғамдық ортадан орын алып жүргендер қатары санаулы екені ешкімге жасырын емес. Әңгіме осы тұрғыдан өрбігенде, бүгінгі таңдағы қазақ ғұламаларының ортасынан өзінің орнын ойып тұрып алған кемел тұлғалы азамат Кенжеғали Сағадиев есімі ойға оралады.
Мынандай ақиқат бар: қадым заманнан бері шырқау биікке, даңқ тұғырына, билік басына жеткен кісілердің екі өрлеу жолымен қалыптасатынын аңғаруға болады. Бірі – мансаптың шырқау биігіне қулық-сұмдықтың сан түрлі айла-тәсілін меңгеріп жеткеннен кейін өз мүддесін күйттеп, өзгелерден оқшауланып, қара­ басының қамын жағалап кетеді. Ал бұған кереғар екінші біреулері абырой, беделдің биігіне өзінің ақ адал еңбегімен, халқының құрметі мен қалтқысыз сенімі арқасында жетеді. Ондайлар үлкен істің басы-қасында жүреді. Иненің жасуындай болса да көпке қызмет етсем, соңымнан жақсы із қалдырсам деген асыл мұрат жетегінде болады.
Біздің осы ой-толғамымызға өмір жолы өзек болып отырған Кенжеғали Әбенұлы – адал еңбекті өзінің ғұмыр жолының бағдаршамына айналдырған аза­маттың бірі. 1938 жылдың ақпан айында Қостанай облысындағы Жангелдин ауданының №1 ауылында дүниеге келген Кенжеғали жас­тайынан алдына үл­кен мақсат қоя білген жас өрен болды. Сондықтан да ол өзінің асыл мұратына жетер жолды ілім-білімде, ғылымда деп білді.
Орта мектепті күміс медальмен бі­тіріп, Қазақ мемлекеттік универси­тетінің экономика факультетіне оқуға түсті. Университетті үздік дипломмен бітірді. Осы ұмтылыс оған Мәскеудегі Г.В.Плеханов атындағы Халық шаруа­шылығы институтының аспирантурасына жолдама әперді. Қатарынан оқ бойы озық жүретін туабітті қасиеті оның өз әріптестерінің алдында мерейін үстем етті. Аспирантураны да үздік тәмамдаған талантты жас экономика тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, болашағынан мол үміт күттірген зерделі ғалым екенін дәлелдеп шықты. Мұнымен де шектеліп қалмай, докторлық диссертациясын да ойдағыдай қорғап шықты.

Кенжекең туралы оның замандас­тарының толғана сөз айтпағаны кемде-кем. Әріптестері мерзімді басылымдар беттерінде мақалалар жазды, жаңашыл ғалымның ізденістері туралы ой толғады. Еліміздің заңғар тұлғасы С.Зиманов айтқандай: «Ол Ахмет пен Міржақып сынды рухани күш иелерін өмірге әкелген қасиетті кең-байтақ қазақ даласының ұрпағы екенін ешқашан ұмытқан емес. …К.Ә.Сағадиев – сирек эрудициялы, үлкен әкімшілік-ұйымдастырушылық және ғылыми-педагогикалық тәжірибесі бар, саф алтындай интеллект иесі. …Ол еліміздің интеллектуалдары алдында да, студенттердің арасында да өзін еркін сезінетін сирек те батыл шешен. Бұл кісі әрбір адамның жүрегіне жол таба білетін адам».

Қуаныш Сұлтанов былай деп жазады: «Қазақ халқының санасында академик – аса ғұлама, білгір, білімпаз, көреген, жаңашыл, жасампаз, жол бастаушы, табиғат, қоғам, қоршаған орта құпияларының кілтін тауып, көріп, сезініп, солардың сырын ашушы ерекше жаралған тұлға». Олай болса, көрнекті ғалым, кемел азамат К.Ә.Сағадиев әманда осындай өлшемнен көріне беретін, сол тұғырдан түспейтін астатөк ағартушы-зияткер, халықтың рухани жол нұсқар шамшырағы, шарболаттай Дарабоз тұлғасы!

Жаңашыл ректор, реформатор ғалым

Кенжекеңнің ғұмыр жолын көктей шолып отырсаңыз, оның негізгі бөлігі ғылыми-педагогикалық, ағартушылық саламен тікелей байланысты екеніне көз жеткізуге болады. Сондықтан да болар өз замандастары оны жаңашыл ректор, реформатор ректор болғанын мақтанышпен ауызға алады. Бұл ретте оның Целиноград ауылшаруашылық институтында ректор болып жүрген кездеріндегі атқарған жұмыстары ойға оралады. Осында білім берудің модельдік жұ­мысын енгізіп, бүкіл оқу процесін өз­гертіп жіберу, жоғары білім беруді ғылым мен өндіріске байланыстырып, олардың өзара кірігіп кетуін ұйымдастыру, оқыту әдістерін ең озық деген шетелдік стандарттарға жақындату, одақ бойынша алтаудың бірі болған биотехнологиялық орталық ашу тек қана сарабдал ойлы Сағадиевтің ғана қолынан келетін іс болды. Мұны кезінде республикалық, одақтық мерзімді басылымдар жарыса жазып жатты.
Сағадиевтің соны сүрлеуі озық тә­жірибе ретінде үлкенді-кішілі ғылыми-практикалық конференциялардың өзегіне айналды. Осы институтты басқарған жылдар ішінде арқа төсіндегі жоғары оқу орнын адам танымастай етіп өзгертіп, сапалық түрде жаңа биіктерге көтерді. Сонымен бірге Кенжекеңнің атақ-абыройы да жылма-жыл асқақтап, жаңа белестерге жетелей берді. Оның жоғары оқу орнын басқару ісіндегі біліктілігі мен білімділігі, іскерлігі бұрынғы Алматы халық шаруашылығы институты деп аталатын ордалы жерге келгенде одан сайын жарқырай көрінді.
Еліміздің тәуелсіздігі жылдарымен қоса жаңа сипатқа ие болған осы жоғары оқу орны Кенжекең келісімен ендігі жерде Қазақ басқару академиясы деп аталатын болды. Мұнда да жаңа ректордың реформаторлық қасиеті даралана түсті. Оқу процесін түбірімен өзгертіп, еңбек ұжымының әлеуметтік-экономикалық мұқтажын шешу, кафедраларды нарықты экономика талаптарына сай етіп қайта құру батыл қолға алынды. Тыңнан оқу ғылыми кешендері құрылды. Нәтижесі белгілі: университет Қазақстан жоғары оқу орындарының алдыңғы сапынан лайықты орын алды.

Сарабдал ойлы Сағадиевтің осынау жаңашылдық таланты ол 1996-2001 жылдары Қазақ аграрлық университетін басқарған жылдары да жарқырай көрінді. Бұл университет кезінде ауыл­шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын жоғары оқу орны саналып келген. Енді оны жаңа заманның жаңа рухына сай өзгерту, бейімдеу кезек күттірмес мәселелердің біріне айналды. Себебі осы институтқа Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институты қосылды. Осы екі жоғары оқу орнының базасында нарық заманының биік талаптарына сәйкес әлемдік стандарттарға жауап беретін университет жасақтау оңай шаруа емес еді. Осынау зіл батпан міндетті абыроймен атқару, оның даму, өркендеу мәселелерін кешенді түрде шешу академик Кенжеғали Сағадиев сынды азаматтың ғана қолынан келетін жұмыс болды.
Ал Кенжеғали Сағадиев сынды кемел ойлы азаматтың Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясын басқарған кезеңі айтарлықтай әңгіме өзегі болары сөзсіз. Нарықты экономиканың қиындығы жан-жақтан анталап, қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан тұстарда Кенжекең байырғы ғылым ордасының президенті ретінде елеулі мәселелердің шешімін табуға тұтқа болды. Республика басшылығының қолдауының негізінде «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесі және ғалымдарды мемлекеттік қолдау туралы» Республика Президентінің Жарлығы жариялануы көп нәрсені аңғартса керек. Бұл Жарлықтың дүниеге келуімен республиканың ғылыми әлеуетін жаңа биіктерге бастайтын жол ашылды. Жас ғалымдарды қолдаудың жоспары жасалды. Жаңадан ғылыми-зерттеу институттары ашылды. Осы ретте Қарағандыдағы фитохимия институтының қазіргі қадамдары көпшілікті қуантып отырғаны сөзсіз. Бұл институт атағы қазір жер жүзіне мәлім.

Академик Кенжеғали Сағадиевтің басшылығымен 50-ден аса докторлық және кандидаттық диссертация қорғалды. Үздіксіз ізденіс пен ұдайы ұмтылыс өзінің зейнетін де беріп келе жатқаны сөзсіз. Айталық, ол 1992-93 жылдардың қорытындысы бойынша Кембридждегі Халықаралық өмірбаян орталығының ұсынуымен «Жыл адамы» атанды. Бүгінде оның омырауында «Еңбек Қызыл Ту» (1980), «Халықтар достығы» (1986), «Парасат» (2003), «Барыс» (2008) ордендері жарқырайды. Ол – Қазақстанның ғылым мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер.

Еліміздің тарихында республиканың 4 бірдей жоғары оқу орнын басқарған басшылар сирек кездеседі. Целиноград ауылшаруашылық институты, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы, Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті, Халықаралық бизнес университеті сынды айтулы оқу орындарын басқарып, өзін білікті ғалымдығымен қатар іскер басшы ретінде де таныта білген Кенжекең Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академисын басқарып, Қазақстан Республикасының жоғары заң шығарушы органдарына екі рет сайланды. Бұндай сирек талант пен талап ұштасқан тұлғаның бойында іскерлік те, азаматтық та болуы заңды құбылыс сияқты.
Сонау 50-жылдардың соңында, студент кезінің өзінде-ақ ол: «Экономикасы өркендеп отырған елдердегі сияқты өндірістік қатынастарымызды нарық жағдайында құрсақ болмай ма?», «Өндірушілердің еркіндігін тежеп, істің бәрін міндетті түрде жоспарға телудің қажеті не?» деген сияқты батыл, саналы сәулелі сұрақтарды алға тарта білді.

Бүгінде экономист ғалымдардың шаруашылық механизмін басқару мен пайдаланудың өзектілігі туралы оның жасаған болжамдары нарық экономикасына әлеуметтік бағытталған жүйенің қалыпты қызмет етуін қамтамасыз ететін тікелей буынның өзі екендігін айтып жүр. Оның зерттеулерінде көтерілген мәселелер соңғы жылдардағы ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі және Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты туған перспективаларда өзінің логикалық шешімін тапқаны мәлім.

…Тағы да Абайға жүгінсек, ұлы ақын «Жиырма бірінші» қарасөзінде былай тұжырымдайды: «Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді-өзім мақтап жетем дейді» деп ой түйіндейді.
Академик К.Ә.Сағадиевтің бүгінде Пәкістан ұлттық академиясының, АҚШ-тың Нью-Йорк академиясының, Халықаралық жоғары мектеп академиясының мүшесі, Парламент мәжі­лісінің 3-4 шақырылымдарының депутаты болып сайланғаны және көп­теген халықаралық, отандық универ­ситет­тің құрметті профессоры атағын алуы – қазақ ғылымы үшін үлкен мәртебе.
Сағадиевтің феноменін білікті замандастары «…кемелдіктен кемеңгерліктің өрісіне қарай тартатын, ілуде бір кездесетін жарасым» деп бағалапты. Өте орынды-ақ.

Текті туған жігіттің
жары өзіне лайық…

Қазақта «Текті туған жігіттің жары өзіне лайық, ­керуен бас­тар жігіттің нары өзіне лайық» деген сөз бар. Абзал ағамыздың осындай құт-берекесін, ырыс-шапағатын шалқытып отырған өзіне лайық жары – парасатты әрі мейірімді жеңгеміз Нағытай Әбітайқызының еңбегі деу керек. Ол кісінің «Жер бетінде қалған із» деген кітабын қолыма алғаннан бір демде оқып шықтым. Кітабын «Бұл кітабымды жүрегіме гүл сыйлап, өмірімді нұрландырған Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевке арнаймын» деген сөзінен бастапты. Өзінің ауыр балалығын баяндағандағы мақсаты қазіргі бақытының шын бағасын көрсету сияқты. Нағытай жеңгемізден ердің басын төрге шығаратын нағыз қазақ әйелінің бейнесін көремін. Аталған кітабында: «Шоқтығын жауыр етіп алмас үшін қас тұлпарын қара шаруаға салмайтын дана халқымыздың түйсігімен күні бүгінге дейін Кенжекеңді күйбең тіршіліктің шаруасына араластырмау қарекетінен танбай келемін. …Азаматыңның бағы жанып, жолы ашылсын десеңіз, оны тұлпарды баптап мәпелегендей күтіп, сыйлау керек» деп жазады. Қанша тума талант, қас шебер болса да, отбасының берекесі болмаса жүзі төмендеп, жігері мұқалатыны хақ.

Нағытай жеңгеміздің кітабынан келіндеріміз бен қыздарымыз ұстазының сөзіндей жаттап жүретін жолдарды келтіргім келеді: «Төзген әйел – озған әйел. …Төзім болмаған жерден сөз шығады. Сөз шыққан жерден көңіл қалысады. Көңіл қалған жерден біреуін жоғалтасың. Жоғалту дегеніңіз – жауласудың, дұшпандықтың басы». Қазақтың «Үйлену оңай, үй болу қиын» дегені де осы төзімділікке меңзеп тұрған жоқ па?! Қарапайым, бұйығы тіршілік кешетін адамның бабын табудың өзі қиын, ал ел алдындағы азаматтың жары болу нағыз сынақтың өзі ме деймін. Нағытай жеңгеміздің сөзімен айтсақ, «бұл мыйтың жүріс, бұл күйбең тіршілік Кенжекеңнің тұла бойына жараспайды» деп, бүкіл тұрмыс күйбелеңін өзінің қолына алған жеңгеміз Жаратқанның нәзік жаратылысын да жоғалтқан жоқ. Ағамызбен бірге өткізіп жатқан өмірін барынша баянды қылып келе жатыр. Бір-біріне серік қана емес, қолдаушы дос бола білген осы екі сыйлы жанды Жаратқан адастырмай қосқандай.

Кенжеғали ағамыз бен Нағытай жеңгеміздің осындай адал сезімі мен өнегелі тәрбиесін көрген ұлдары Нұрлан, Ерлан, Ербол әулет атын жақсы істерімен өз елін де, шетелге де танытып жүрсе, немерелері әркез көз сүйініші, көңіл қуанышы. Лайым Алла барлығына ғұмыр берсін!

Әбдісағит ТӘТІҒҰЛОВ,
Мәдениет қайраткері,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

anatili.kazgazeta.kz

Мынаны да қараңыз

Қостанай облысына неге Ахаң есімі берілмеске?..

Енді аз күндерден кейін қарсы алатын 2022 жыл — Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының жылы, туғанына ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *