Кенжебектің күнделігі-3

К

2 қазан

Астанада күн суытып барады. Әрі қай жақтан шыға беретіні белгісіз, әйтеуір дамылсыз соққан өкпек жел. Бір тыным жоқ-ау, тыным жоқ. Бұл жақта қыс қатты болады ғой. Қар молынан түседі. Бірақ қала көшелерінде тракторлар ерсілі-қарсылы жүріп, қардан тазартады. Сыпырады. Содан соң да жеңіл машиналар емін-еркін жүреді. Астанада өткен Жаңа жыл мерекесін теледидардан көргенім бар-ды. Сонда кәдімгі алаңда мұздан кішігірім қала тұрғызған. Құдды ертегілер әлеміне енгендей күй кешесің.

Жә, барлық қалада да қардан, мұздан алуан түрлі аңдар бейнесін жасап, қалашық тұрғызады ғой. Дегенмен, сол сәтте өзім Астанадағы Жаңа жыл мерекесіне өте қызыққанмын. Барып өз көзіммен тамашалауды армандағанмын. Енді, міне, биылғы Жаңа жылды, құдай қаласа, осында, елордада қарсы алмақпын. Астанаға барып оқуды армандап жүргенімді апам да сезді, білем, ол бір күні:

– Балам, Астанада оқығың келе ме? – дегені. Қапелімде аузыма сөз түспей қойды. Сондағы қуанғаным-ай, төбем көкке бір елі жетпей қалған шығар-ау! Тек апама қарап басымды изей беріппін.

– Елордаға барып оқысаң, керемет білімді болып шығасың! Онда сапалы білім беріледі. Балаларымның ішінде оқуға ынтасы бары тек сен ғана. Сондықтан сенен ештеңені аямаймын, құлыным. Тек оқы. Сенен мол үміт күтемін, ертең мектебіңдегі оқуыңды тауысқан соң, жоғары оқу орнына түсесің. Қаланың балаларына ере бермей, сабағыңды оқы. Нағашың Сәлімнен ұят болмасын, – деп қатты тапсырып еді анашым, мені пойызға шығарып саларда.

Енді тек оқу оқып, білімімді шындай беруім қажет! Президент айтқандай, ендігі болашақ – біздің қолымызда, достар!

Туһ, осы менің бірді айтып, бірге кететінім-ай! Ақыл айтуды да меңгеріп алыппын…

«Астанада күн суытып барады» дегенім – қыс мезгілінің де жақындағаны. Мұнда қыс ерте түседі ғой. Жыл мезгілдері ішінен өзім қысты қатты ұнатамын. Жер беті бейне жасыл көрпесін сырып тастап, ақ көрпесін жамылып алатындай. Ауа да тазарып, тынысың ашылады. Таза ауаны сіміре жұтып, рахат күй кешесің. Балалармен бірге қар атысып ойнайсың.

Ойын демекші, Торғайдағы мектепте үзіліс кезінде бір топ бала қар лақтырысып ойнап жүргенбіз. Кенет Асанға (сыныптасым) лақтырған домалақ «гранатам» қиыс кетіп, анадай жерде кетіп бара жатқан «Әдеп» пәнінен сабақ беретін Бәтима апайдың арқасына сарт ете қалғаны. «Енді біткен жерім осы болды-ау, қазір құлағым бұралып директордың алдына бармасам нетті?!» деп ойлап үлгергенімше болған жоқ, Бәтима апай:

– Қане, кім лақтырған? – деді бұрылып. Өзге балалар тым-тырақай қаша жөнелді. Мен де тұра қашуға оқталғаныммен, апайдың жүзінен ашудың нышанын байқамадым. Сондықтан да:

– Апай, кешіріңіз, лақтырған мен едім. Әрине, байқамай, балаларға… – деп міңгірлей беріп едім, Бәтима апай:

– Жарайды, ештеңе етпейді. Бірақ байқамаса болмайды ғой?! Мынау мектептің терезесін сындарсаңдар не болады? Әрине, сендердің әдейі лақтырмағандарыңды білемін. Бірақ мектептен алшақтау барып ойнасаңдаршы. Сосын, – деді маған жақындап, – Істеген ісіңді мойныңмен көтеріп, аналар құсап тұра қашпай, мойындағаның – үлкен ерлікпен пара-пар! Осы есіңде болсын!

Міне, құлағым да бұралмай, директорға да бармай аман-есен құтылдым. Алайда әлгі мұғалімнің орнында басқасы болғанда, сөз жоқ, менің ойлағанымды істер еді. Бірақ Бәтима апай өйткен жоқ. Бәлкім, сондықтан да болар, бар бала осы апайға үйір келеді.

4 қазан

Бүгін сыныпта гу-гу әңгіме болды. Сыныптастарымның сөздерінен ұққаным, 8-сыныптар арасында жұмбақ жасыру, мақал-мәтел айтудан сайыс өтпекші екен. Ол-ол ма, 8 «Б» сынып атынан сайысқа Болатбек шығады деген қауесет те тарап үлгерді. Болатбекті бөле-жара айтуларының себебі – ол 8-сыныптар арасындағы «атаман». Сөйтсе де ол, басқа сабақтарды қайдам, әйтеуір әдебиет сабағынан жақсы. Әсіресе, балаларға жұмбақ жасырып жүргені ылғи. Әрі мақал-мәтелді де жатқа айтудан кенде емес.

Міне, көптен күткен күн де жетіп, 8-сыныптар арасындағы сайыс басталып та кетті. Сыныбымның намысын қорғауға мен шықтым. Асыл апай құп көрген еді. Мұнда біз мақалдың немесе мәтелдің бастапқы жолын айтып, іле-шала жалғастырып кетуіміз қажет. Бұл оңай емес, әрине. Сонымен…

– «Мектеп – кеме…» – дедім мен Болатбекке сынай қарап. Ол жұлып алғандай:

– «Мектеп – кеме, білім – теңіз», – деді.

– «Жаңбыр жауса жер көгереді…»

– «Жаңбыр жауса жер көгереді, батыр туса ел көгереді»…

– «Атаңның баласы болма…» – дедім.

– «Атаңның баласы болма, халқыңның баласы бол»!

– «Еңбек етсең ерінбей…»?

– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей»…

Сөйтіп, не керек, Болатбек те оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Екеуара сайысымыз 5 минуттан асып кетті. Ол да намысты қолдан бергісі жоқ. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленетін. Ал әжесі небір қисса-дастандарды, аңыз-әңгімелерді қымызша сапырады. Сол білгендерін немересіне де үйрететін көрінеді. Оны өзі айтқан кезінде. Содан да болар, Болатбегің мақал-мәтелге ағып тұр. Бірақ оның бұзықтығы да бір төбе. Жә, енді сайысқа қайта оралайын…

Мен бұл мақалды айтқанда, Болатбек білмей қалды ма, әлде білсе де ұмытып қалды ма, әйтеуір ол жағы маған беймәлім болды.

– «Білекті бірді жығар…» – дедім оған тура қарап.

Ал ол сол сәтте қызарақтап, төмен қарай берді. Бірде сыныптастарынан демеу күткендей оларға қарап қалқан құлағын кезек-кезек түріп қояды. Балалар у-шу…

– Болатбек, жеңілдің!

– Жоқ, олай деме, ол қазір-ақ жалғастырады!

– Ә, бәлем, саған сол керек!

Осы сияқты жамыраған сөздер залдың ішін алып кетті. Дегенмен, Болатбек жауап қатпады. Қайта маған қарап сес көрсетіп, шоқпардай жұдырығын түйіп қояды.

Осы сәтте мен оған тік қарап:

– «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар»! – деп айтып салдым. Балалар тағы да шулап қоя берді. Осы жолы маған қарата:

– Жарайсың, Кенжебек!

– Міне, азамат!

– Мақалшылын қара?! – деген сөздер қарша борады.

Осы кезде салы суға кеткен Болатбек жанымнан жанай өте бере:

– Солақай, біткен жерім осы дей бер! Шыққан соң, көресің көресіні! – деп сыртқа шығып кетті.

Бірақ кейін маңайыма да жоламады.

9 қазан

Бүгін бір жайсыз оқиға болды. Сыныпқа кіріп келсем, балалар маған бейне клоун көргендей күледі. «Ау, бұларға сонша не болған?» деймін ішімнен. Ал сыныптасым Әсем болса, ағыл-тегіл жылап отыр. Қызық?! Біреуі жылып жатса, енді біреулерінің шек-сілелері қатып күледі.

– Саған не болды, Әсем? – дедім оған жақындап.

– Анау! – деді ол Саматты нұсқап.

– Не анау? Айтсаңшы жөндеп?! – деймін.

Ал Саматтың екі езуі екі құлағына жетіп, күлкісін тыяр емес. Шиқ-шиқ етіп қояды.

Жағдай енді түсінікті болды. Әлгі пәтшағар Самат екен бәрін бүлдіріп жүрген. Тақтаға бормен «Кенжебек + Әсем = махаббат» деп жазып қойыпты. Әсем оны шүберекпен қайта-қайта сүртіп, өшірген. Ал Самат ерінбей-жалықпай қайта-қайта жаза берген. Содан, ызаға булыққан Әсем жылап жіберген екен.

– Мұның не, Самат?! – дедім оған жақындап.

– Мен не бүлдіріппін?! Сенің Әсемді жақсы көретінің өтірік пе? – дейді еш шімірікпей.

– Оны саған кім айтты?

– Ешкім де айтқан жоқ, оны өзің сездіріп алғансың. Диктант көшіруге сұрасақ, бермейсің! Есептен көмектесіп жіберші деп өтінгенде маңыңа жолатпайсың! Ал Әсем сұраса… – дей бергенде:

– Өшір үніңді! Әйтпесе…

– Самат, тағы да басыңды ісірейін деп пе едің? – деді артқы партада отыратын кетік тіс Әсет, өткендегі менің Саматты итеріп қалғанымды есіне салып. Осы сәтте Самат жым болды. «Мұғалім көріп қойса ұят болар» деп, әлгі жазуды өшіріп тастадым.

Бірақ Саматтың сөзінің жаны бар сияқты. Соңғы кезде Әсемді көрген сайын кішкентай жүрегім лүп-лүп соғатынды шығарып жүр. Бәлкім, «бала махаббат» деген осы емес пе екен?..

Жалғасы бар

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ

 

Мынаны да қараңыз

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ. Парасат майданының суреткері

    (Эссе)      Алтыншы сыныпқа көшетін жылы «Жүздесу» атты жинақтан халыққа танымал болып қалған бір топ ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *