Сирия сергелдеңі

боскын

1-cурет. Еуропаға жетуге тырысып жатқан Сирия босқындары

«Араб көктемі» ең бірінші Солтүстік Африкадағы Тунис мемлекетінде басталған еді. 1956 жылы Франциядан тәуелсіздігін жариялаған Тунисті Хабиб Бургиба басқарған болатын, кейін 1987 жылы премьер-министр лауазымына Хабиб Бургиба тағайындаған Зин эль-Абидин Бен Әли кейін билікті өз қолына алады. Ал, оның тақтан таюына араб елдерінің ішінде алғаш рет осы елде басталған «Араб көктемі» (Туниске қатысты «Жасмин революциясы» деп аталады) әсер етті.

Ел халқының жағдайы нашарлағаны, сыбайлас жемқорлықтың күшейгені сондай мемлекеттің жұмысқа тұрмаған, жұмыссыз адамдарының саны 13-15 процент болғанымен, осы кезеңде жоғары оқу орнын бітіре тұрып, жұмысқа орналаса алмаған жастардың үлесі 60 процентке жеткен. Мұхаммед Буазиди атты жігіттің өзін өзі жағып жіберуі «ұшқынның жалындауына» себеп болды. Міне, осы жағдай түптен келгенде оның (Бен Әлидің) елден Сауд Арабиясына қашуымен аяқталды.

Жалпы, араб көктемі 22 мемлекетті құрайтын араб елдерінің Тунистен басқа, Египет, Йемен, Ливия, Сирия, Бахрейн, Алжир, Ирак, Иордания, Морокко, Оман, Кувейт, Ливан, Мавритания, Сауд Арабиясы, Судан, Джибути және Батыс Сахара сияқты экономикалық дамуы және мемлекеттік құрылымы әртүрлі мемлекеттерді шарпыды.

Аталған елдердегі ол оқиғалар тарихтан өз лайықты орнын алатыны сөзсіз, нәтижесі де әртүрлі, бірақ көбінесе революция жеңісін сыртқы күштер пайдаланып кетіп отырды.

Оған айқын дәлел қазіргі кезде Әлем назарын аудартып отырған, яғни бізге бұрыннан Шам атымен танымал Таяу Шығыс елі – Сирия дәлел.

пальмира

2-сурет. Дүние жүзінің мұрасы — атақты Пальмира

Негізінде, Сириядағы өте шиеленісті жағдайдың орын алуына тоқталмас бұрын оның туындау себебіне талдау жасап көрейік.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Сирия әлімсақтан сырттан көз алартушылардың құрбаны болып отырды. Рим заманы, крестшілер, Осман империясы дәуірі сияқты әртүрлі кезеңдерден өтті, Темірланның ат тұяғының ізін көрді және даңқты бабамыз Бейбарыс сұлтанның қамқорлығында да болды.

мавзолей3-сурет. Дамаскідегі Бейбарыс сұлтан кесенесі

Аталған ел де Тунис сияқты өз тәуелсіздігін Франциядан алған болатын. Сонымен 1970 жылы ел тізгінін Сирияның қазіргі басшысы Башар Асадтың әкесі Хафез Асад алады. Ол алавиттер әулетінен болатын, ел ішіндегі діни, ұлттық алауыздықтар сияқты көптеген фактор 1982 жылы Хама қырғынына алып келді, қала аяусыз бомбылауға ұшырап, 17 мыңнан 40 мыңға дейін бейбіт тұрғын өлтірілді.

Елдегі саяси оқиғалар осымен бәсеңсіген болатын, алайда, Хафез Асадтың баласы Башар Асадтың қанқұмарлығы әкесінен де асып түсті.

асад4-сурет. Қасапшы Башар Асад

2011 жылы Деръа қаласында жас балалар тұтқынға алынып, тырнақтары жұлынып, оларға қатты зәбір көрсетіледі. Бұған жауап ретінде балаларды босатуды талап еткен олардың ата-аналары терроршылар деп жарияланып, бейбіт шеруге шыққан халық атылады, қырылады.

Нәтижесінде ел мұсылмандарының шамамен 80 процентін құрайтын сүннит арабтары көтеріліске шықты, одан биліктегі шиіттер (оның ішінде, алавиттер де бар), христиандар, друздар арасында шиеленіс күшейді. Одан қалды ұлттық азшылық болып табылатын күрдтер мен түркімендер, ассириялықтар мен армяндар да алауыздық құрбандарына айналды.

Оның үстіне елдің ішкі ісіне сыртқы ойыншылар Түркия мен ЕО, АҚШ, Ресей, Иран, Сауд Арабиясы мен Катар және Израиль араласа бастады, сәйкесінше ойыншылардың «ставкалары» да жоғарылай берді.

Сирия халқы осы геосаяси ойындардың құрбанына айналды. Қазіргі күні 300-350 мың көлеміндегі әскерилер мен бейбіт тұрғындар өлтірілді, 23 млн. халықтың 11 млн. босқынға айналды, Түркия мен Иордания сияқты мемлекеттердің әрқайсында 2,7 млн. — 2 млн. аралығында соғыстан қашқан адамдар паналауда, босқындардың алдыңғы шегі Еуропаға жеткен кезде 0,5 млрд. халықты құрайтын кәрі құрлық оларды қабылдаудан баст тартып, «Берлин қақпасын» салып алды. Тек Түркия босқындарға 7,5 млрд. доллар қаржының көмегін көрсетті.

Жоғарыда атап өткен ойыншылардың бірі – Ресей соңғы уақытта «ойынға» қатты кірісіп кетті. Дәл қазіргі есептерге сәйкес ИГИЛ содырларының көптеген нысандарына әуеден шабуыл жасалды, алайда шынында ИГИЛ-дің емес, негізінен оппозиция күштері соққыға алынды және Сириядағы түркімендер (Түркіменстан түркімендерімен шатастырмау керек) жиі қоныстанған Түркімендаг ауданы қатты шабуылға ұшыраған болатын.

Негізінде Ресейдің мақсаты Асад билігі мен Жерорта теңізіндегі өздерінің Тартус портын сақтап қалу, ол үшін ел ішіндегі алауыздықтар әлі де пайдаланылатын болады.

Дегенмен, Башар Асадтың биліктен кетуі ол уақыт еншісінде, бірақ өкініштісі ол кеткенше қарапайым халық зардап шегетіні белгілі.

Өйткені Башар Асад әскерлері елдің шамамен 14 процент астам аймағын бақылауда ұстап, оны едәуір кеңейткенмен, ал қалған 50 процент көлеміндегі жерлерді ИГИЛ баскесерлері бақылауда ұстаса, елдің солүстік және солтүстік-шығыс өңірлерін күрд әскерлері иеленсе, қалған өңірлер оппозиция өкілдерінің қолында тұр.

Мысалы, ИГИЛ-мен Башар әскерлері және оппозиция өкілдерінің, яғни Сирия Еркін армиясымен қатар «Ахрар аш-Шам», «Дамаск майданы», «Оңтүстік майдан» топтары, «Нуриттин әл-Занки» қозғалысы және «Моджахедтер армиясы» қиян-кескі ұрыстары жүруде.

Жоғарыда атап өткендей елдің солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігінде Сирия күрдтері мен ИГИЛ арасында да қырғын соғыстар белең алуда.

Жалпы, қазіргі азаматтық соғыс ұзаққа созылып, оған сыртқы күштер өз ставкаларын жоғарылатқан сайын, Сирияның болашағы күмәнді бола береді.

Кезінде Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатқан Бейбарыс бабамыздай бір тұлғаның жетіспей тұрғаны аян, шынында Сирияның, яғни Шамның «жарығы» қашан жарқырайды екен?!

мешіт

5-сурет. Дамаскідегі Омеядтар дәуірі мешіті

Амандық ҚОРҒАНҰЛЫ

Суреттер Интернеттен алынды

 

Мынаны да қараңыз

Стамбұлдағы Қыз мұнарасы қайта ашылды

Стамбұлдағы аты аңызға айналған Қыз мұнарасы күрделі қалпына келтіру жұмыстары мен бірқатар жаңартулардан кейін Түркия ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *