(Эссе)
Отан отбасынан басталады. Отбасы – өзің, жарың, балаң. Яғни, отбасының жауапкершілігі – бүкіл отанға деген жауапкершілік.
Бірақ үйленгенде осының бәрін ойлап жатпайсың. Жұрт үйленіп жатқан соң, бір қызбен көңілің жарасқан соң, үйленесің.
Ата-ананы қуанттың, өзің мәз болдың. Бір-біріңді қызықтап жүргенде бір күні жеті түнде жарың құлағыңа сыбырлап: «Біз үшеу болатын болдық», – дейді.
Сен түсінбей аң-таң боласың. Оған жарың қылтиып өкпелеп, оны әрең жұбатып әрі өзің де не болғанына түсініп, енді беймәлім сол үшіншіні күтіп біраз жүресің.
Сүйтсең, ол бір қызылшақа бірдеңе болып шықты. Өзі жылауық. Не емшекке тоймайды. Тәжірибесі жоқ келіншегің баланың қыбын таба алмай қосыла жылап, шақшадай басыңды шарадай қылады.
Нәрестеге ат қоюдың өзі бір жұмыс екен. Бүкіл жолдас-жораларыңды шақырып, шілдеханасын өткізіп, ат қоюға келгенде ешкім мәмілеге келмей, әркім өзі ғана қойғысы келіп, аяғы үлкен дауға айналып, таң ата әлгілерден құтылғаныңа қуанасың.
Үш-төрт ай бойына аты жоқ баланы саусағыңмен көрсетіп жүріп, ақыры Жамбыл қаласында тұратын қайын атаңа жіберіп, балаңа атты әрең қойдырып аласың.
Хош! Әке болдың. Емшекке жарымайтын балаңа таңертең ерте тұрып, Космонавт пен Виноградов көшелерінің қиылысындағы кухнядан басқа әйелдер сауып қалдырып кеткен сүтін сатып алып, жол-жөнекей тағы бір-екі дүкенге соғып, үйге келесің де, бір кесе шайды ішкен-ішпегеніңді есіңе түсіре алмай, жұмысқа тартасың.
Кешке үйге келгенде шешесінен мезі болған бала тек саған талпынады да отырады. Сен баланы алып отырып, шарасыздау үнмен уақыттың жоқтығын, қолыңның босамай қойғанын, әйтпесе осы уақытта бір-екі әңгіме не повесть жазып тастауға болатынын айтып, бала болмағанда дүниені төңкеріп тастайтындай болып, әйеліңе шағым айтасың.
Түнде бала ұйықтату қашар бұзаулағаннан қиын. Және сенің балаң (өзгелерді кім білген) өзінің дем алған дыбысынан өзі оянып кететін бір сақ құлақ. Көтеріп қақпақылдап жүрмесең, ұйықтамайды. Ақыры өлдім-талдым деп баланы ұйықтатып, жатқызып, есікті жауып, деміңді басып, ас үйде әйелің екеуің «уһ» деп рақаттанып, бір кесе шайды енді ауызға ала бергенде шар ете қалған дауыс шығады. «Ойбай» деп екеуің бірдей жүгіріп, сасқаннан есікке кептеліп, «қабаттасасың да жүресің» деп бір-біріңе кейіп, баланы тағы да қолға алып, ұйықтатуға кірісесің.
Таңертең сен жұмысқа кеткенде әлгі кішкентай ерні бұлтиып, мұрны пышылдап, жұпар иісін бұрқыратып ұйықтап жатады. Өзіңе ұқсай ма, қалай?
Сүйіп алғың келеді. Бірақ болмайды – оянып кетеді.
Қолыңа ақша түссе, әлгі немеге бірдеңе алғың келеді де тұрады. Не киім, не ойыншық. Ойыншықтан қора салатын болдың. Бала да жаман үйреніп, бір ойнаған ойыншығымен ойнамай, келесі ойыншықты күтіп отырады.
Баланың қылығы күн сайын өзгеріп, айтсаң таусылмайтын жырға айналады. Ең алғаш «мәм-мәм-мәм» дегенін естіп, ешкім естіп-көрмеген бір ғажайып құбылыстың үстінен шыққандай есің шығады. «Қайталашы» десең, әлгі неме тура алғашқысындай «мәм-мәм-мәм» дейді де, тағы айтайын ба дегендей сығырайып бетіңе қарайды.
Бір күні аяқ астынан баланың іші бұзылып, зәрең ұшып дәрігерге барсаң, «тісі шығып жүрген шығар» дейді жайбарақат. Үйге келіп баланың аузын ашсаң, ой, Алла, жоғары жағынан ағарып шығып келе жатқан екі тісті көресің.
Енді ол неме тісінің қышуы қанғанша көрінген затты аузына салып тістейтінді шығарады.
Күлгенде саршұнақтың тісі құсап әлгі екі тісі көрініп тұрады.
Ал енді аяғына тік тұрып, өз бетімен бірнеше қадам жасап, бір метр жерді жүріп өткен кезде ХХ ғасырда бұдан үлкен жаңалық болмаған секілді әсер аласың. «Көрдің бе, көрдің бе?» деп айғайлайсың әйеліңе. «Көрмедім» десе: «Сен-ақ осы дүниенің бәрінен құр қаласың да жүресің» деп ол байғұсты біраз жерге апарып тастайсың.
Өстіп жүргенде ауылдағы әкеңнен хат аласың: «Жазға қарай баланы бірге толысымен өзімізге әкеп тастаңдар. Керек болса, тағы тауып аларсыңдар», – деп жазыпты.
Мәссаған! Сен бір бала жасайтын цехта жұмыс істейтін адам секілдісің. «Әке-ау, бала кішкене буыны қатып, жетілсін деп едік. Жылап мазаларыңды алады ғой. Ауылда не дұрыс дәрігер жоқ. Тұра тұрса қайтеді» деп хат жазасың. Оған: «Буыны қатсын деген не пәле? Немене, ауылдағы баланың буыны қатпай ма екен?! Әлде біз бала асырап көрмеппіз бе? Өзің қайдан шықтың?! Көктен түстім деп ойлайсың ба?! Сөзді қойыңдар да, жазда демалыс алып, баланы әкеп тастаңдар. Болмаса, өзім барып алып кетемін», – деген жауап келеді. Және хаттың аяғын: «Күндеріңді көре алмай жүріп, бала баққан нелеріңді алған»,– деп аяқтайды.
Ал керек болса. Әкең айтқанынан қайтпайтын қырсық адам. Амал жоқ, өзіңе бұйырмайтын баланы бағып-қағып, жаздың аяғында кемпір-шалға апарып тастайсың.
Содан кейін сағынышты күндер басталады. Болбырайған кішкене сәбиің күндіз ойыңнан, түнде түсіңнен кетпейді. Әйелің екеуің баланың бүкіл қылығын бір-біріңе кезек-кезек айтып, мәз боласыңдар. Ауылға барып, балаңның түрін бір көруден артық бұл дүниеде үлкен арман жоқ секілді.
Бес айдан кейін шыдай алмай, балаңды көру үшін елге барасың. Барсаң, балаң сені ұмытып қалған, айнала қашып, жоламайды. Апарған ойыншықтарың мен жеміс-жидектеріңді көрсетіп, пара бергендей болып, әрең дегенде бетінен бір сүйесің. Саған жоламаған сайын, әкең мен шешең мәз болып: «Керегі жоқ олардың. Атасы мен Әжесінің баласы қайтеді оларды?» – деп онсыз да оңып тұрмаған жағдайыңды одан сайын қиындатады.
Ақыры, «қой, басқа бір бала тауып алып, жарылқанбасақ, мынадан қайыр жоқ екен» деп күдеріңді үзгендей боласың.
Сол ойыңның жемісі ме, әлде тілегің құдайдың құлағына жетті ме, әйтеуір дүниеге екінші бала келеді. Одан үшінші бала…
Өстіп алғашқы сағыныш уыты біршама қайтқандай болады.
Тағы да таусылмайтын қызық, таусылмайтын қылық.
Дүниеге келген әр сәби отбасы үшін бір-бір тарих.
* * *
Сәби өмірі тым нәзік: бір сәт қылығына сүйініп, мәз болып отырасың, келесі сәтте ия құлап, ия бір жерін соғып алып, жүрегіңді тас төбеңнен бір-ақ шығарады. Қуаныш пен сүйініш, үрей мен уайым, қызықты да қиын күндер өміріңнің айнымас бір бөлігіне айналып, жүрегіңде мәңгілікке жатталып қалады.
Барлық жан иесі ұрпағымен мәңгілік. Сәби құдіретін мойындау адамның рухани өміріндегі үлкен жеңістердің бірі. Бауыр етің –балаңның өзіңнен бөлінген Өзің екенін сезінген кезде санаңа нұр құйылып, тек өзіңнің отбасың емес, бүкіл адамзат қауымының бауырлас, қандас, тамырлас екенін сезінесің. Өз балаңды жақсы көру сезімі оянады. Көшеде талтаңдап әрең жүріп бара жатқан кіп-кішкентай сәбиді көрсең, қарадан қарап жүрегің елжірейді. Үйткені көкірегіңде: «Ол да мен секілді біреудің сәбиі ғой», – деген ой тұрады. Сол арқылы өз ата-анаңның қадірін бүкіл жаныңмен ұғасың.
Ендеше, біз баланы ғана емес, бала бізде де тәрбиелейді. Сәби өзінің кіршіксіз періште көңілімен сенің жаныңды лай сезімдерден тазартып, жаңартып отырады. Өз бойыңнан өзің тапқан әлдебір жанқиярлық, жауапкершілік, ізгілікке деген сенім – осының бәрі сәбиіңнің арқасында.
Жаныңды жадыратып отбасына тағы да сәби келеді. Оның аты – немере. Табиғат жарықтық адам баласын бақытты қылудан ештеңені аямаған секілді.
Төлен ӘБДІКҰЛЫ