ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина әлемнің дамыған елдері жатақхана мәселесін қалай шешіп жатқаны туралы айтты деп хабарлайды «ҚазАқпарат»
«Жатақхана құрылысының инвестициялық тартымдылығы турасында сөйлессек. Не себептен студенттерге арналған жатақхананы салу тиімді? Бұл жерде екі фактор бар. Біріншісі дағдарыс жағдайында әсіресе білім беру саласына көптеп қаржы құйылады. Яғни, білім беру гранттары көбейеді. Сол жағдайда студенттердің саны көбейгеннен кейін жатақханада тұратын студенттердің саны тұрақты болады. Оның үстіне жекеменшік үйге қарағанда, жатақхана әлдеқайда тиімді» деді сарапшы Президенттің бес әлеуметтік бастамасы талқыланған Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, шет мемлекеттерде жатақханаларды басқару белгілі бір компанияға тапсырылады.
«Сол компания жатақхананы өз активіне алып, студенттерді іздейді. Ол әлемдегі қалыптасқан тәжірибе. Яғни, жатақханаларды басқару менеджменті бар. Шетелдік экономистердің мәліметтеріне құлақ ассақ, егер жалға беруден түсетін пайда 2-3 пайызды құраса, ал жатақхана саласында экономикалық табыс жылына 4-6 пайызды құрайды. Қазіргі кезде көптеген құрылыс компаниялары тұрғын үйлерден гөрі, жатақханаларды салуға ден қоюда» деді ол.
Сарапшының келтірген мәліметіне сүйенсек, соңғы 5 жылда студенттік жатақхана салудан ең көп жұмыс істеген Германия мемлекеті. Германия бұл бағытта 220 млн еуроға жуық инвестиция құйған.
«Енді Германия инвестицияны 2020 жылға дейін 22 пайызға ұлғайтамыз деп отыр. Одан бөлек, АҚШ-та жатақхана тұрғызатын көптеген құрылыс компанияларына жеңілдік беріледі. Сонымен қатар, студенттер жатақханасы құрылысына инвестицияны көптеп салатын елдердің ішінде Ұлыбритания мемлекеті де бар. 75 мың орындық жатақхана салуда мемлекеттің күшімен бірге, іске бизнес өкілдерін де шақыру керек. Бизнес мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жатақхана құрылысын жүргізуі тиіс. Бүгін де әлемдегі ең үлкен швед компаниясы жатақхана бойынша үлкен жобаны жүзеге асыруда. Одан бөлек АҚШ-тың құрылыс компаниялары жекеменшік жатақхананы салып жатыр» дейді сарапшы.
Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, бүгінгі әлемдік тренд — модульдік технологиялар негізінде салынған жатақханалар. Яғни, құрылыс компанияларының жатақхана типіндегі модульдік тұрғын үйлерді салу үлкен кіріс әкеліп жатыр. Оның ішінде, АҚШ-тағы ірі құрылыс компаниялары соңғы 7 жылда тек тұрғын үй нарығында студенттік жатақхананы салуға кіріскен.
«АҚШ, Германия секілді мемлекеттердің соңғы 5 жылдағы жұмыс бағытын бағамдасақ, жатақханаға инвестиция салу және оны басқаруда үлкен менеджменттерге ден қойып жатыр. Канадада студенттердің өзінен құрылған Үкіметтік емес ұйымдар бірігіп, жатақхана салып, оны өздері басқарып жүр. Яғни, форматтар әр түрлі. Бізге бизнес құрылымдармен біріге отырып, жалпы жатақхана салудың тиімділігі бойынша алгоритмдер мен механизмдерді ойластыру керек. Бұл жоба әрине өте тиімді болады» деп түйді сарапшы.
inform.kz