Қостанай облысының кәсіпкерлері сертификат алу үшін сандалып жүр

Шалғай аудандардағы кәсіпкерлер тауардың шығу сертификатын алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жиында көтерілді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қарабалық ауданындағы «Терра» ЖШС басшысы Дәулет Ахметқалиев аудан облыс орталығынан қашық орналасқандықтан тауар сертификатын алу қиынға соғатынын айтады.
«Терра» өнімдері Қостанай облысы мен Астананың сауда алаңдарын қамтып, Ресейге экспортталады. Серіктестік базасында 8000 ірі қара малды бордақылау алаңы құрылған. Бізден шығатын ет өнімдері барлық технологиялық нормаға сай. Алайда, қазір бізге сырт елге тауар тасымалдау үшін біраз уақыт кетеді. Сол аралықта еттің бұзылып кету қаупі де жоқ емес. Мәселен, Кеден одағына мүше мемлекеттердің ет өнімдерінің нарығындағы ережелері бойынша негізгі тауарға ілеспе құжаттар керек. Қарапайым тауардың шығу сертификатын алу үшін Қарабалықтан Қостанай қаласына келуге мәжбүрміз. Екі елді мекеннің арақашықтығы 140 шақырым екенін ескерсек, бізге түсетін шығын да соншалықты көп» дейді Д.Ахметқалиев.
Дәл осы мәселені «Промбаза 7» ЖШС директоры Мұхамеджан Акулов та қозғады. Оның сөзінше, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан алынатын тауар сертификаты үшін екі есе шығындалуға тура келеді. «Біз өсімдік майын Қытай мен Ресейге экспорттаймыз. Мен басқаратын кәсіпорын шекарада құжат рәсімдеу кезінде біраз қиындықтарға тап болады. Бұған қоса «Атамекен» ҰКП-нан СТ-1 тауардың шығу серификатын алу үшін бірнеше құжат дайындауға тура келеді. Сондай-ақ, тауар тиелген әрбір вагон немесе цистерна үшін 10 мың теңге төлейміз. Бұл әлдеқайда үлкен шығындарға әкеп соғады» дейді М.Акулов.
Тауар сертификатын алудағы қиындықтарды айтқан кәсіпкерлер «бір терезе» қағидасын енгізуді сұрайды. «Тауарды экспортқа шығару үшін берілетін сертификатты бір жерден алған ыңғайлы. Екіншіден, әр ауданда «Атамекен» ҰКП филиалы бар. Тауардың шығу сертификатын жергілікті өңірден алған жұмысты жеңілдетеді» деген ұсыныс айтты кәсіпкерлер.
Өз кезегінде Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев экспортқа шығаратын тауар көлемін көбейту керектігін айтты. Ал кәсіпкерлердің ұсынысы тиісті органға жолданады. 

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *