Биылғы оқу жылында қостанайлық оқушыларды көптеген жаңалық күтіп тұр деп хабарлайды Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Болашақ мектептің директоры Ерлан Бекішовтің айтуынша, мектептің бірінші қабаты тегіс ІТ технологияларға арналады. Бүгінде жаңа жабдықтарды күтіп отыр. Мұнда мобильді касса, күн көзінен қуат алатын батареялар және 3D модельдеу әдісін меңгеру үшін жағдай жасалады.
Тағы бір жаңалық, биыл бұл оқу орнында оқушыларға робот сабақ беретін болады.
«Құлтемірдің оқушылардың кез келген сұрағына жауап беруге мүмкіндігі бар. Алдағы аптаның ішінде ол робот Қостанайға келеді» дейді мектеп директоры.
Сондай-ақ, «Озатта» киноматография мен анимация студиясы және киберспортқа арналған кабинет ашылады. Мектептің төменгі қабатында LED-экран орнатылады. Онда оқушылар өздерінің жобаларын және сабақ кестесін көре алады.