Тағы зымыран құлады, тағы у төгілді…

2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген «Байқоңыр» ғарыш айлағынан тағы дау шықты. Күні кеше Байқоңырдағы Гагарин старт алаңынан «Союз МС-10» кемесін алып ұшқан «Союз ФГ» зымыран тасығышының техникасынан ақау шығып, аспанда апатқа ұшырады. 

Ресейдің Роскосмос корпорациясының ақпаратына қарағанда, бортында ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен NASA астронавты Ник Хейг бар «Союз МС-10» ғарыш кемесі 11 қазан күні Астана уақытымен сағат 14:40-та «Союз-ФГ» зымыран тасығышымен Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған. Ал оның апатқа ұшырауына «штаттан тыс жағдай» туындауы әсер еткен. Ғарыш кемесі ұшырылған соң зымыран тасығыштың қозғалтқышынан ақау шығып, экипаж отырған капсула одан ажырап, «баллистикалық төмен бағыт алу режимімен» жерге бет алған. 

Абырой болғанда, Халықаралық ғарыш станциясына жол алған қос ғарышкер дін аман. Ғарыш кемесін ұшырушылар осыған мәз. Алға қойған мақсаты іске аспай қалды демесеңіз ресейліктердің өкініштен өзегі өртене қоймас. Себебі, бұндай сәтсіздікке олар бірінші рет ұшырап отырған жоқ. Ғарышкерлерінің аман қалғанына разы болып, құлаған ракетасының қалдықтарын жинап алады да келесі кемені ұшыруға қайтадан дайындалады.  

Бұл жерде зиян тартатын тағы Қазақстан болмақ. Өзіне көк тиын пайдасы жоқ шетелдік зымыранның зардабын қазақ даласы тартады. Ақпаратта айтылуынша, құлаған ғарышкерлер Жезқазғаннан шамамен 25 шақырым жерге қонған. Ғарыш кемесінің қалған бөліктері шамамен Балқаш қаласының маңайына құлауы мүмкін екен. Оларды қазір іздестіріп жатыр. Біз үшін ең басты мәселе апаттың табиғатымызға қаншалық зиян келтіргені болып отыр. ҚР ІІМ Төтенше жағдай комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, ғарыш кемесі үшін гептил қолданылмаған. 

— Мұнда авиациялық керосин мен оттегі қолданылған. Сондықтан, ғарыш кемесі құлады ма, жанармайы жанып кетті ме деген сұрақтарға тек үкіметаралық комиссияның қорытындысынан кейін ғана жауап бере аламыз, — дейді Беккер.

Біздің басшылар халықты алдауға құмар. Бұл бұрыннан бергі әдет. Онсызда Байқоңырды Ресейге жалға беруге қарсы халық ғарыш кемесінің жерімізге тағы құлағанына бейжай қарамайтынын біліп, алдын ала қорғанып жатқаны. Қорыққан бұрын жұдырықтайды дейді бұндайды. Ғарыш кемесі үшін гептил қолданылған жоқ дегені табиғатымызға тигізер зияны аз деп елді алдағысы келгені. Зымыранның басқа қалдықтары да өте зиянды екенін ол да, халық та біліп отыр. Сонда да суға кеткен тал қармайды деп ақталудың амалын ойластырған түрі осы. Бірақ бұларға халықтың қарсылығы мүлде әсер етпейтіні тағы бар. Қазақ билігі қашан қателігін мойындаған еді. Апаттың салдарын зерттейтін комиссияның қорытындысы қалай болатынын бәріміздің ішіміз сезіп отыр. Зымыранның қалдықтары табылды, тазаладық. Табиғатымызға еш зияны жоқ екен деп шығады. 

Негізі қазақ билігі жерімізді жалға беріп, құдасындай сыйлап отырған Ресейдің ғарыштық техникасы аса жоғары деңгейде емес. Шынын айтқанда, Кеңес одағы тарағалы Ресейдің ғарыш саласындағы білігі еш өскен жоқ деуге болады. Ұшырған ғарыш кемелерінің жиі сәтсіздікке ұшырайтыны да содан. Кейбір дерек­тер­ге сүйенсек, 600 тонналық гептилмен ұшатын «Про­тон­ның»  Қазақстан жеріне 32-сі құлапты. Ал қазір «Роскосмос» ға­рыш­қа қатысты маңызды жобаларда «Протонның» орнына «Союзды» пайдаланып жүр дегенімізбен, бұл да әлем алдында мықтылығымен мақтана қоятын техника емес. Адамзат тарихында орын алған бес ірі ғарыштық апаттың екеуі дәл осы «Союзбен» қатысты.  

Ресейліктердің қазақтың сайын сахарасын түрлі сынақ алаңына айналдырып жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Кеңес одағы кезінен бері қазақ халқы осының зардабын тартып келеді. Солтүстіктегі көршіміздің сұрқиялығынан туындаған экологиялық апаттар салдарынан қор­шаған орта бүлініп, адамдар түрлі дертке ұшырап жатқаны бәрімізге белгілі. Елдің бәрі білетін бұл жағдайды басынан қайта қозғамай-ақ қояйық. Айтпағымыз, өз билігінің жаны ашымаған қазақ халқын Ресей аяйтын ба еді. Меншіктеп алған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан әлі талай зымыранын ұшырады. Оның тағы қаншасы құлап, қазақ даласын тағы қанша бүлдіретінін кім білсін?!  

Қуаныш ҚАППАС

аbai.kz

Мынаны да қараңыз

Фёдоров қашан Жаркөл болады?!

«Құйылып тұрған көктен нұр, Жиылып тұрған көктем-жыр, Айдында шабақ шоршыған, Жаркөлдің суы мөп-мөлдір» деп келетін ...