Облыс әкімдігінде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған актив жиналысы өтті деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Актив мәжілісіне облыс әкімінің орынбасарлары мен аппарат басшысы, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, облыстық мәслихат хатшысы, жоғары оқу орындарының ректорлары, онлайн режимде қалалар мен аудандардың әкімдері қатысты.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов биылғы Жолдау әрбір шаңырақтың, әр азаматтың жағдайын жақсартуға арналғанын айтты.
«Жолдауда әлеуметтік саланың барлық бағытын қолдау қарастырылған. Отбасы, тұрғын үй, шағын бизнес, еңбекақы, жастар, ауыл шаруашылығы, құқық қорғау жүйесін жаңғыртудың жолдары көрсетілді. Сондықтан бізге енді аталған өзгерістер мен жаһандық сын-қатерлерге лайықты төтеп берудің жолын қалыптастыру аса маңызды. Жолдауда белгіленген өзекті міндеттерді саралай отырып, әрбір салада нақты жоспарлар құруымыз керек. Бұл тапсырмаларды іске асыру — еліміздің дамуындағы тағы бір жаңа тарихи кезең», — деді Архимед Мұхамбетов.
Жиында әр сала бойынша шақырылған сарапшылар баяндама оқыды. Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов жерді пайдалану және қорғау мәселесі жөнінде ашықтық деп есептейді.
Сондай-ақ, ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына техникаларды субсидиялау бойынша тиісті министрлікке ұсыныс жасауы керек дейді. «Жас Қанат 2006» құс фабрикасының директоры Қайрат Маишев өздерінің атқарған жұмыстарымен бөлісті. Бүгінде бұл кәсіпорын өнімдерін Ресей, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттайды. Мұнан соң облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытбек Есенғұлов, Қостанай педагогикалық колледжінің директоры Ғалия Оразымбетова, «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрағасы Әлібек Мұхамеджановтар Жолдаудағы басымдықтар туралы пікір білдірді. Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Жолдауға байланысты орынбасарларына тапсырмалар жүктеді.
«Марат Жүндібаевқа 5 қарашаға дейін ақпараттық-түсіндіру тобын құрып, аймақтарға шығу жоспарын жасауды тапсырамын. Жолдауды талқылау бойынша барлық қала, аудан әкімдері идеологиялық актив өткізсін. Стратегиялық құжатта көрсетілген бағытта сарапшыларды анықтап, мектептерде дәріс оқығандары жөн. 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгіледі. Сондықтан жастар саясатын іске асыру бойынша қосымша қаражат қарастыруды Ерлан Спановқа жүктеймін», — деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов бос жатқан жерлерді тиімді пайдалану және қорғау мәселесін қарайды. Ал Мейіржан Мырзалиев өңір экспорты әлеуетін арттыруға күш салмақ. «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының орындалуын Сергей Карплюк қадағалайды. Сонымен қатар облыс әкімі барлық қала, ауданның басшыларына жергілікті автомобиль жолдарын жөндеуді баса назарға алуды тапсырды.
Тобыл-Торғай-ақпарат