Алматы облысы Қостанайдан 50 трактор, 35 автобус сатып алады

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қостанайға жұмыс сапарымен келді деп хабарлайды tobyl-torgai.kz тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақсат – Қостанай облысының инвестициялық әлеуетімен танысу, екіжақты тәжірибе алмасу. Әуелі алматылық меймандар «Баян Сұлу» кондитер фабрикасына барды. Биыл фабрика экспорт көлемін едәуір ұлғайтқан. Былтыр мұнда екі ірі цех іске қосылып, «ALBO» конфеті және шоколадпен оралған печенье шығарыла бастады. «Баян сұлу» басшысы Тимур Садықов айтқандай, бүгінде өнімнің 40 пайызы экспортқа шығарылады. Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Түрікменстан, Германия елдерінде «Баян сұлудың» кәмпиттеріне сұраныс жоғары.

Сонымен қатар желілерді жаңартып, заманауи технологияларды өндіріске енгізу еңбек өнімділігін арттырған. Фабриканың жұмысын жоғары бағалаған Амандық Баталов Талдықорған қаласында «Баян Сұлу» фабрикасының дүкенін ашуды ұсынды. Облыстық филармонияда өткен жиында Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының инвестициялық жетістіктерін баян етті.

«Алматы облысында 6 индустриялық аймақ бар. Олардан үйренеріміз көп. Қостанай облысында соңғы жылдары 89 жаңа өндіріс ошағы ашылды. 660 млрд теңгенің өнімін шығардық. Соның нәтижесінде 5,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Біздің облыс аргарлы-индустриялық бағытта көптеген жетістікке жетті. Бүгінде ішкі жалпы өнім көрсеткіші 25 пайызға жетті. Өндірісті қайта өңдеу саласы 54 пайызға тең. Осы тұста Қостанай және Алматы облыстарының индустриялық аймақтары арасында байланыс орнатуды ұсынамын. Алматылықтар Ресей нарығына Қостанай арқылы шыға алады. Атап айтқанда, Свердлов және Челябі облыстарына тауар жөнелту қиынға соқпайды» деді Архимед Мұхамбетов.

Сонымен қатар Архимед Бегежанұлы жаңадан салынып жатқан Нұркент қаласын жан-жақты қолдауға әзір екенін айтты. Әсіресе, Қостанай облысы жаңа қалаға автокөлік түрлерін жеткізуге ниетті.

«Мен Архимед Мұхамбетовтің ұсыныстарын толықтай қолдаймын. Біздегі «Қорғас — Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аумағы қарқын алып келеді. Қазіргі кезде жергілікті атқару органдары жаңа өндіріс орындарын жұмыс күшімен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатыр. Қостанайлық кәсіпкерлер біздің аймаққа келіп, инвестициялық жобаларын іске асыра алады. Өйткені біз Қытай және Қырғыстан нарығына шыға аламыз» деді Амандық Баталов. Экономикалық жағынан әлеуетті қос өңір өзара әріптестікке келісіп, меморандумға қол қойды. Нәтижесінде, Алматы облысы Қостанайдан «Беларус» маркалы 50 шақты трактор, «СарыарқаАвтоПром» зауытынан 35 автобус сатып алмақ. Бұл техникалар лизинг арқылы іске асуы мүмкін.

Тобыл-Торғай-ақпарат

Мынаны да қараңыз

Құмар Ақсақалов ертең Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Федоров ауданына жұмыс сапарымен барады, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Сапар барысында ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *