Шмидт мырза неден шошыды?

5 наурыз күні tobyl-torgai.kz сайты Арқалыққа қарасты Ашутасты елді мекеніне бір аш шибөрі кіріп кетіп, екі адамды талап тастағанын жазған болатын.  Келесі күні Халықаралық «Қазақпарат» агенттігі Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Сергей Шмидтке сілтеме жасап, ауыл тұрғындарын әбірге салған қасқыр емес, «қасқырға ұқсайтын қаңғыбас ит» деп хабарлады. Сондай-ақ агенттік «куәгерлердің сөзінше, бұл кезбе ит расымен де қасқырға ұқсайды» деп және қосты.

«Оқиға Арқалық қаласына қарасты Ашутасты елді мекенінде болған. «112 нөміріне Ашутасты ауылының 1992 жылы туған тұрғынынан хабар түсті. Айтуынша, қасқырға ұқсайтын ит 12 жасар баланы талап тастаған. Бұдан бөлек, қаңғыбас ит тағы бір ауыл тұрғынына шабуылдамақ болған. Бірақ, ол итті өлтіріп тастады» дейді жедел жасақ басшысының орынбасары Сергей Шмидт. Куәгерлердің сөзінше, бұл кезбе ит расымен де қасқырға ұқсайды. Қазіргі уақытта жәбірленушілер Арқалық қаласының ауруханасына жеткізілді. Тиісті сараптама жұмыстары жүргізілуде» деп жазды Қазақпарат.

Әріптестеріміздің бұл ақпаратына өзіміз де илана жаздадық. Білдей мекеме — Жедел-құтқару жасағының басшылығы өтірік айтпас болар деп сендік.

Десек те, tobyl-torgai.kz тілшісі ауыл тұрғындарына қайта хабарласып, Ашутасты тұрғындарын әуреге салған не екенін білуге құмартты. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ауыл азаматы «Екі тұрғынға шабуыл жасаған ешқандай да ит емес! Біз шағын ауылда кімнің үйінде қандай жануар бар екенін жақсы білеміз және ит пен түз тағысын айыра аламыз ғой. Сол күні әжептәуір боран болып тұрған. Арғы жағын өздеріңіз логикаға салып көрсеңіздер» деп жауап берген.

Айтпақшы, Qazaqstan ұлттық арнасы да бұл оқиға туралы сюжет беріпті. Онда тұрғындарға шабуыл жасаған ит емес, қасқыр екені айтылған.

Қостанай облыстық Ветеринария басқармасы мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Бауыржан Бекет те біздің сөзімізді қуаттай түседі.

«…Қазір көктем айы. Сондықтан аш қасқыр далада ешқандай қорек болмағандықтан, ауылға кірген. Бүгінгі таңда алаңдайтындай ешқандай жағдай жоқ. Облыс бойынша эпизотикалық жағдай тұрақты» деген пікір білдірген.

Бір қызығы, ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Солтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Сергей Шмидт неден шошыды? Ашутасты ауылының екі тұрғынын қасқыр талағанын неге жасырып қалғысы келді? Әлде оқиғаның алдын алуына өзі басқарып отырған мекеме жауапты болған соң, ақпарат агенттігінің тілшісін алдай салып, оқиғаны жылы жауып қоя саламын деп ойлады ма екен?

P.S. Айта кетейік, «Қазақпарат» агенттігі күні кеше тағы бір ақпарат таратып, онда Ашутасты тұрғындарын талаған «ит емес, қасқыр екенін» жазды.

tobyl-torgai.kz

 

 

Мынаны да қараңыз

«Техникалық ақаулар»: Қазақстан қашан цифрлы елге айналады?

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы халықты жарылқап бітті ме?..  Фото: скриншот Біздің елде әлеуметке арналған өтінім ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *