Қостанайда жалған хабарлама тарататындар көбейген

Қостанай облысының ТЖД «112»  нөміріне жалған қоңырау шалатындардың қатаң жазаланатынын ескертеді деп хабарлайды ҚазАқпарат. 2019 жылдың басынан бері өңірде «112»  шұғыл қызмет нөміріне түскен қоңыраулар саны — 48769. Төтенше жағдайлар департаменті соңғы уақытта аталған нөмірге жалған хабарлама жасайтындардың қатары көбейгенін айтады.

«Босқа қоңырау соғатындар саны күрт өсуде. Жалған қоңыраулардың қарқыны күшейгені сондай, қызметкерлердің нақты міндеттерін орындауға кедергі келтіреді. Бұған қоса «ерігіп» қоңырау шалушылар телефон желілерін босатпайды. Өйткені, желі бос емес болған жағдайда, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдар құтқарушыларға уақытында хабарласа алмайды», — дейді басқармадағылар.

Облыстық ТЖД тұрғындарды «112» нөміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Тағы бір айта кетерлігі, көп жағдайда кәмелеттік жасқа толмаған балалар да «жалған қоңыраушылардың» қатарында.

«Сол себепті, ата-аналар, мұғалімдер мен тәрбиешілерге осы нөмірге қандай жағдайда қоңырау шалу қажет екендігі туралы нақты ақпарат беріп, түсіндірулерін сұраймыз. Шұғыл қызметтер нөміріне жалған қоңырау шалғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 438-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарын, полицияны, медициналық жедел жәрдемдi, авариялық қызметтердi көрiнеу жалған қоңырау арқылы шақырған жағдайда жеке тұлғаларға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанып жасалған апаттар, өрттер, дүлей зілзала салдарын жою кезеңiнде жасалған жалған әрекеттер жеке тұлғаларға алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеледі», — деп түсіндірді облыстық ТЖД мамандары.

 

Мынаны да қараңыз

Азаматтардың құқығы бәрінен биік тұруы керек

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі басшылығымен кездесті. Кеңес төрағасы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *