Бүгінде екі қолға бір күрек таппасаң, көшеде қаңғып қаласың. Сол себепті де елімізде күнкөрістің қамымен кез келген жұмысты істеп жүрген азаматтар көп. Ауыр қара жұмыстарға жегіліп жүрген жастар да жоқ емес. Бұған, басқа қаланы айтпағанда, Алматыдағы Сейфуллин көшесі мен Нұр-Сұлтандағы «Артем» сауда үйі маңында қолдарына көк пакет ұстап, әр көлікке телміріп тұрған жігіттер дәлел бола алады. Көбі ЖОО-да оқымаған десек те, кезінде осы тақырыпты зерделегенімізде қолында қос дипломы болса да, мамандығы бойынша еш жерден жұмыс таба алмай, амалсыздан «құл базарда» тер төгіп жүрген азаматтарды да кездестіргенбіз… Хош.
Өткен жылдың талданып отырған кезеңінде жұмыссыздар саны 0,3%-ға төмендеген кезде 437,8 мың адамға тең болды. Дегенмен, есептік кезеңде соңғы жылдары жұмыссыз халық санының төмендеу динамикасы байқалады. Өсім тек биыл ғана тіркеліп отыр. Бұл ретте елдегі жұмыссыздық деңгейі жылына – 4,9%-дан 4,8%-ға дейін төмендеген.
Биыл І тоқсанның аяғында жұмыс күшінің саны 9,2 млн адамды құраса, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға артық (9 млн адам). Жұмыспен қамтылған халық өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда (8,5 млн адам) 2,3% артып, 8,7 млн адамға жеткен. Оның 76,4%-ы немесе 6,7 млн адам – жалдамалы қызметкерлер екен. Өз кезегінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық 2,1 млн адамды немесе халықтың жалпы санының 23,6%-ын құраған.
Сондай-ақ биыл І тоқсанның соңында жұмыссыздардың ең көп саны Алматыда тіркеліпті. 51,2 мың адам, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен (49,6 мың адам) 3,3%-ға артық. Жұмыссыз халық саны бойынша екінші орынды Алматы облысы алады: 49,6 мың адам (бір жыл бұрын – 48,9 мың адам). Аутсайдер-өңірлердің үштігіне Түркістан облысы да еніп отырған көрінеді – 41,3 мың жұмыссыз.
Жұмыссыздықтың ең аз деңгейі Солтүстік Қазақстан (14,6 мың адам), Маңғыстау (15 мың адам) және Атырау (16,2 мың адам) облыстарында байқалады екен.
Бұл – шамамен 1 ай бұрынғы деректер. Бұл цифрлардың көп өзгере қоймағаны да анық.
ЖОО түлектерінің 81,1 %-ында жұмыс бар
Айтпақшы, жоғары оқу орнын бітіріп, диплом алсаң да, өз мамандығың бойынша жақсы жұмыс тауып кету оңай емес бүгінде. Ол туралы жоғарыда тілге тиек еттік. Мейлі, сен он жерден білімді һәм білікті болсаң да, егер жоғарыда «көкең» отырмаса, бәрі бекер. Бұл жерде біз бәріне бірдей күйе жағып отырған жоқпыз, әрине. Өкінішке қарай, көп жағдайда осылай болатыны даусыз.
Ал енді диплом демекші, заң негізінде мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған ЖОО бітіруші жас мамандар кейін «отработка» жасауға міндетті. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес, квота шегінде педагогикалық, медициналық және ветеринарлық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар мемлекеттік білім беру, медициналық және ветеринарлық ұйымдарда жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті және сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс негізінде философия ғылымдарының докторлары (PhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен азаматтар да оқуды аяқтағаннан кейін ЖОО-да немесе ғылыми ұйымдарда кемінде үш жыл жұмыс істеуге міндетті деп тайға таңба басқандай жазылған.
Білім және ғылым министрлігінің бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, 2018 жылы ЖОО түлектерінің саны 130 868 адамды құрапты. Оның ішінде 98 948 маман жұмысқа орналастырылған (75,6%), биылғы қаңтар айындағы ақпарат бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыған 81,1% түлек жұмысқа тұрыпты.
2016 жылы 143 241 түлектің 112 351-і (78,4%) жұмыспен қамтылса, мемлекеттік тапсырыс бойынша 83,2% көрсетіп отыр. Ал 2017 жылы 137 836 түлектің 106 690-ы (77,4%), мемлекеттік тапсырыс бойынша 79% жұмысқа орналастырылған.
Былтыр ауылдық квота бойынша 2085 адам оқуды аяқтаған екен, оның ішінде 931 түлек жұмысқа тұрған.
Оқу жылы ішінде жоғары оқу орындары өңірлердің Жұмыспен қамту басқармаларымен, түрлі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп бос жұмыс орындар жәрмеңкелерін, форумдар, кездесулер өткізіп, одан әрі кепілді жұмысқа орналастырумен практикадан өту үшін шарттар мен меморандумдар жасалады.
БҒМ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ЗТМО) ақпараттық базасында бітірушілердің жұмыс істейтін мамандығы туралы мәліметтердің болмауына байланысты мониторингті түлектердің зейнетақы аударымдары негізінде жүзеге асырыпты.
Хош, жұмыссыздық мәселесі кез келген елде бар. Десек те, нағыз білімді де талапты мамандардың қара жұмыс істеп, ал білімі таяз болғанмен, тек «барып кел, шауып кел» дегенге зыр жүгіретін пысықайлардың жұмсақ креслода отыратыны жақсы үрдіс емес.
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan» газеті