Тасты ауылы «тастанды» болды ма?..

«Тасты ауылы жабылады» деген аудиожазба тарап жатқаны белгілі. Бәрі де Елбасының күні кешегі «Нұр Отан» партиясының жиынында «паразит ауылдарды көшіру» туралы мәлімдемесінен кейінгі қауырт қолға алынған шаруа сияқты. Бірақ «болашағы жоқ ауыл» деген критериі қалай анықталады? Оны түсіндіріп беретін жан бар ма?» деп жазады журналист Бақытнұр Әлібай Фейсбуктегі парақшасында. 

Әңгімеге арқау болған Тасты ауылына тоқталсақ. Бірнеше шаруа қожалығы бар, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар ауыл екен. Неге? Өйткені, біздің өңірдің күре тамырындай болған Арқалық-Торғай тас жолының бойында (трассадан 7-10 шақырымдай жерде) орналасқан. Оның үстіне іргесінде өзен ағып жатқан ауыл мал ұстауға да қолайлы. Пойыз жүретін Арқалықтан алыс емес. Халық саны 500 адамға жетпейді екен деп перспективасы жоғары ауылға шүйлігу — асыра сілтеу емес пе?! Ол ауылдағы мектеп жабылып, кері әсері болмай ма? Сонау Санкт-Петербургтен қаншама жылғы келіссөзбен әкелген Кейкі батыр атамыздың кесенесі де осы ауылдың іргесінде. Демек, рухани туризмге мүмкіндігі де артатын ауыл. Балықшылар мен аңшылардың ағылатыны өз алдына.
Тасты — бір ғана мысал. Басқа да ауылдарды өзге ауылмен біріктіріп, бір селолық округ құратын кезде жан-жақты анализ жасалу керек сияқты. Тапсырма түсті екен деп қысқартып тастады делік. Сонда ауданда 4-5 селолық округ қалса ондай ауданның да «болашағы жоқ» деген санатқа кіріп кетпесіне кім кепіл?!
Ауылды жабу оңай. Одан да оңтүстіктен солтүстікке көшіру бағдарын ескеріп, осы ауылдарға қоныстандыру жағын ойласа болар еді.
Айтпақшы, жабылатын ауылдар онсыз да жабылды емес пе?
Содан соң. «Тасты жабылады» деп аудиожазба таратқан мұғалімге қысым көрсетіп жатыр дейді. Азаматтық пікірін айту қылмыс па еді? Елбасының бір тапсырмасын орындағанда басқасын неге ұмытып кетеміз? Сөз бостандығы бар мемлекет сияқты едік. Ол мұғалімнің аузын жапқанша дұрыстап түсіндіру жұмысын жүргізу керек сияқты. «Тасты жабылады» деген қисынсыз дау болса, оны ресми мәлімдеңіздер. Жаны бар сөз болса, онда қисындылығын нақты дәлелдер арқылы түсіндіру керек-ау.

Бақытнұр ӘЛІБАЙ, журналист

Мынаны да қараңыз

Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *