Қасиетті Торғай жерінің ЮНЕСКО тізіміне ұсынылған жері — Сарықопа туралы
Сарықопа! Енді, мән беріп отырсам, біздің тілімізде «сары» сөзі жиі қолданылады екен, Сарыарқа, Сарыоба, Сарыөзек, Сарыадыр, Сарыөзен, Сарықопа (бір қызығы Сарыадыр арқылы Сарыөзен Сарықопаға құяды), сарыбел, сары тісті кемпір, сабыр түбі сары алтын, Сарысу, сары балапан, ал, Сары деген өзіміздің Мұнанайымыздан (Троицк) өзге іргеміздегі Челябіде де сондай ауыл бар, оны айтасыз-ау, тіпті Украинада да Сары деген деревня бар екен. Қызық! Айтқандай, баяғы Поле половецкое, яғни Дәшті қыпшақтың да мағынасы сары ғой, әріге бармай-ақ қояйын, бірақ, келесі әңгімеміз — сар даламыздағы Сарықопа туралы болмақ.
Әлқисса, сонымен, 2019 жылғы 7 шілде күні «Алтын Дала» резерватының «Тосынқұм» (тағы бір қызықты айтайын, Тосын кейде Сары Тосын деп те аталады) учаскесін аралап болған соң (резерват қызметкелерімен қоштасып, Ізбастыдан қозғалдық), жүргізушіміз Жамбыл бізді біресе құмның, біресе шоқ тоғайдың арасымен, бірде қалың қамыстың ішімен, жолсызбен Торғай өзенінің мен атын білмейтін өткелінен бірақ шығарды.
Арғы бетте ескі қоныс орны көрінді, естуімше былтырғы жылға дейін шаруашылық болыпты, өткелдің суы таяз емес. «Қанша дегенмен өзен ортасында тоқтап қалуымыз мүмкін ғой» деп бағдарлап, өзеннің тереңдігін тексеріп алуды ұсындым. Түстік, қарадық, «нар тәуекел» деп өте шықтық. Жарқабақтары биік, ландшафты өзгеше жер екен. Түсінгенім Торғай өзенін бойлай жүріп отырдық, сол қалпымызбен Торғай кентінің іргесіндегі Дәуітбай сайының тұсынан шықтық.
Осы сәтте қазақтың тамаша ақыны, Торғай тумасы Сырбай Мәуленовтың: «Жалғыз бұлақ — мөлдір көз, Дәуітбай сайы астында. Сол арада болдың кез Шөліркеген жас тырна. Аңызақ соғып талдырып, Су іздеп келдің қаңғырып. Тимедік біз де, сусынын Алсын деп әбден қандырып. Сен қалдың алғаш кезінде Жасқанып, бізді жатқа ойлап. Ұшырдық көктің жүзіне Қанатыңа хат байлап. Жазылған еді сол хатта Сол жылдың шуақ күн, айы. Біздердей жанға әр шақта Кездессең болар ұдайы.» деген өлең жолдары ойымы орала бергені….
Ғажап! Дәуітбай сайына, дұрысы сол жердегі үлкен қорымға бәлен рет барсам да ар жағындаағы сайды толық көрмеген екенмін. Аңыз бойынша жаугершілік заманда шапқыншылардан тығылған жұрт осы сайға келіп паналаған екен. Сонда, қатты жаңбыр жауып, сай-саланы су басып, сайдағы талай адам ажал құшыпты. Анық-қанығын білмедім әрине, бірақ естіген құлақта жазық жоқ. Көрінісі керемет екен, біресе тік жар, енді үлкен сайыңыз тіпті шатқалға ұқсап кете ме? Бұл жерде кідіріп, суретке түсірдік, одан кейін әйдік қорымға бардық.
Бұл кішкене қырда орналасқан үлкен қорымның менің білуімше кем дегенде үш ғасырлық тарихы бар, бәлкім одан да ұзақ болуы мүмкін. Жалпы, мен мынадай бір ерекшелікті байқадым. Әдетте, қазақ зираты жаңа жерден пайда болмайды, олар ескі қорымның қасынын салынады. Мәселен, біз бір күн бұрын барған Ұлы Жыланшықтағы рулық қорымымыздың жанындағы Диуана тамынан табылған тастар 15-16 ғасырға тән болып шықты және олар төрелерге тиесілі екен.
Сол сияқты, бұл қорым да бұрыннан болуы мүмкін, дегенмен, менікі тек болжам ғана, ал Дәуітбай деген кім дейтін болсақ, Дәуітбай атақты Шақшақ Жәнібектің баласы, әкесі сияқты ол да жоңғарларға қарсы азаттық ұрыстарында ерлігімен көзге түскен. Қазақ тарихындағы белгілі тұлғалардың бірі, оған да тархан атағы берілген. Ал, ұлы Мұса да, оның баласы Шеген де әке аманатына берік болған. Шақшақ Жәнібектің өзі Түркістанда жерленген ғой. Сөйтіп, ескі зираттарды қарап көрдім, кейбірінің ортасы опырылып кетіпті. Айтқандай, Дәуітбай ұрпақтары қазір бір рулы ел болып отыр. Жаңағы аты аталған Шеген бидің Айғаным деген қызынан Ыбырай Алтынсарин туады. Ыбырайдың Торғайда мектеп ашқанда туыстары қыпшақтарға ғана емес, нағашы жұртына да арқа сүйегені мәлім.
Ол мектеп, Ыбырай салған сара жол қазақ халқына дала қоңырауындай болып, білім нәрін сеуіп тұр. Сонымен, Торғай кентіне жеткенше кеш те болып қалыпты, қонақ үйге келсек, су жоқ, ішетін су жоқ не жуынатын су жоқ. Амалсыз су іздеп кеттік. Бірақ, бастысы рухани шөліркегенімді бастық, одан артық не керек?! Су да табылды! Кешкі тамағымызды ішіп, ерте жатуға тырыстық, бірақ, ұйқы қайда, ертең жолға дайындалуымыз керек.
Таңертең ерте тұрдық, бағыт – резерваттың үшінші учаскесі Сарықопаға жету. Екі күн бірге жүрген, жүргізушіміз Жамбыл досымыздың орнына сыныптасым, Сужарған ауылдық округынің әкімі Берік Әубәкіров досым көлігін жіберіпті, көлік сайлы, бірақ, жүргізуші ағамыз тіке жолмен жүріп көрмепті. Ал, біз болсақ, Тәуіш ауылының тұсынан бұрылып, Құмшық ауылына шығуымыз керек. Жоспар дұрыс, яғни Сарықопаның кеуіп қалған жерімен жүріп, жолды кесіп, уақыт үнемдеуміз керек. Оның үстіне кешкі 17.20-дағы поезға үлгеруіміз, тағы да Амангелді кентіне соғуымыз қажет. Торғай кентінен шығып Тәуіш ауылына дейін тез жеттік, жол жақсы, Торғай-Арқалық трассасының бойы ғой.
Ал, Тәуіш ауылынан басталған дала жолына шыдауға болады, біз үшін үйреншікті жол ғой. Биыл су аз түсіпті, «дала жолы бізді бәлкім Құмшық емес, басқа бір жерден шығаруы мүмкін-ау?» деп күмәнданып қоямын. Жол бойы құс көп екен, қайсы бірін есте сақтайды дерсіз, бірақ таныс фауна өкілдері ғой. Солай келе жатқан кезде алдымыздан бір ауылдың шеті көрінді, жанында өзен бар екен, неге екенін білмеймін, ол ауыл арғы бетте сияқты көрінді. Жолдан адастық-ау деп ойладым. Сөйтсем, іздеген Құмшығымыз осы екен, кезінде бөлімше орталығы болыпты.
Ауылға кіріп, бір ағамызға сәлем бердік. Қызығы, іздеген ауылымыз да, бізді күтіп алушы да осы кісі екен. Құмшық қазір «Сарықопа» учаскесінің орталығы екен. Аз-кем амандық сұрасқан соң, ағамыздың көлігіне отырып (ол кісі «Алтын Дала» резерваты «Сарықопа» учаскесінің басшысы Қасқырбай Изатұлы Ізтілеуов екен) резерват аумағын аралауға шықты. Ауыл іргесіндегі өзен атын сұрап едім (бұрын бұл төңіректен тек Қоңыраулыны ғана білетін едім) ағамыздан Айтуар өзені деген жауап алдым. Бірден, ойыма сап ете қалды, бұл әкемнің бір кітабында есімі аталатын Айтуар деген кісімен байланысты ғой. Иә, солай екен.
Бірден көзге түскені Айтуар өзені бойының жан-жануарлары мен құстарының көптігі, өзен жағасы құсқа толы, қоян да зып берді. Құмшықтан шамамен 12 шақырым жерде кезінде «Камышовый рай» деген атпен белгілі, Кеңес заманында адамның еңбегін қанап, жұмыс істеткендердің орталығы болыпты. Жаңылмасам Альберт Богдан деді ғой деймін есімі, кейін ұстапты әйтеуір. Адамдарды Ресейдің әр аймақтарынан әкеліп, күштеп жұмыс істетіп, титықтағандарын өлтіріп отырыпты. Мына қамыстың ішінен қайдан тапсын! Ол бригадалар жоқ болғанмен, сол уақиғалардың куәсіндей болып қалың қамыс шуылдап тұр. Атты адам тығылса да көрінбейді-ау бұл қамыстан!
Біраздан соң, шаруамызды аяқтап, үйге қайтып келсек, ет те пісіп қалыпты. Тағы да Торғай қазақтарының қонақжайлығына куә болдық. Қонаққа бас тартылып, алдымызға ет келді. Ет жеп болып, шайға қарамастан жолға шықтық. Ағамызға әкемнің бір кітабын табыс еттім. Одан әрі бекетке соғып, ондағы қызметкерлердің тұрмыс жағдайымен, өмірімен танысып, олармен қош айтыстық. Ал, Қасқырбай ағамыз бізді жолға шығырып салды, енді біз Тоқанай ауылының тұсынан трассаға шықтық.
Тағы бір еске түскені (әкемнің кітабында жазылғандай) осы жерден Торғайдан Қостанайға тіке жол болыпты (қазір біз Амантоғай кенті арқылы шығып жүрміз, Амантоғайға дейін Қостанайдан 365 шақырым, ал Амантоғай мен Торғай арасы тағы 200 шақырым). Енді, «Алтын Дала» резерватының «Сарықопа» учаскесі туралы мәлімет бере кетейін.
Резерваттың өзі 2012 жылы құрылған болатын, ал «Сарықопа» учаскесі бұрыннан жұмыс істейтін, Сарықопа учаскесінің Ұлы Жыланшық және Тосынқұм учаскелерінен ерекшеліктері мұнда көбінесе киіктерден гөрі құстар көп. Әрине, көбі су құстары. Сулы-батпақты және шалшықты жер ретінде Сарықопаны Қазақстанның орнитологиялық орталықтарының бір десе де болады. Тіпті, ЮНЕСКО тізіміне де ұсынылған. «Сарықопа» учаскесінің жалпы көлемі 52 115 га.
Ал, Сарықопа көлдер жүйесі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Саға ауылынан солтүстік батысқа, Айшагүлтөбе қыратынан оңтүстік батысқа қарай, Тәуіш ауылынан оңтүстік шығысқа, Тоқанай ауылынан оңтүстік шығысқа қарай аумақты алып жатқан ұланғайыр аймақ, мұның бәрі «Алтын Дала» резерватының «Сарықопа» учаскесіне жатады. Сарықопа Шағылы,Үшқоныс, Қазалы, Жаркөл, Арал, Аяққамыс сияқты көлдер жүйесінін тұрады.
Әдетте, көктемгі табиғаттың оянуымен қатарласа келе көлде қызу тіршілік басталады. Ихтиолог маман С.Құлжановтың дерегінше Сарықопада бұл мезгілде бұйра бірқазан, қызғылт бірқазан, жалбағай, сұңқылдақ аққу, сұр қаз, тырна, тарғақ секілді сан мыңдаған құстар ұя салып, балапанын ұшырады. Көл маңын мекендейтін сүтқоректілер де аз емес.Бұл маңды борсық, киік, зорман, қабан сияқты жануарлар мекен етеді.
Көлдің басты байлығы су болса, сол суда балықтардың 9 түрі кездеседі. Әрине, Сарықопа көлдер жүйесінің мемлекеттік маңызы бар, сондықтан: — аң аулауға, балық аулауға, өсімдіктер мен жануарлардың басқа түрлерін жерсіндіруге, ұяларды, індерді, апандарды бұзуға, жануарлардың қырылуына алып келетін өзге де әрекеттерге тыйым салынады.
Сарықопа туралы Алаш қайраткерлерінің сенімді серігі болған, Қызбел тумасы, ақын Бәлдік Байтоғайұлы былай деп жырлапты: «Сарықопа, буың шығып мұнарланған, Айнала көк бетеге шұбарланған. Кей жылы қамытшылық қыс болғанда Саған кеп паналауға құмарланған. Ақпанның қалшылдаған аязында Жып-жылы буың шығып тұмандаған. Жүрмейтін қара боран қалың дүлей Қыстаушы еді шаруалар құралданған. Ішінде таусылмайтын аң мен балық, Шаруа қуанушы еді балық алып. Қазыны майландырып күлімсіреп, Тұрушы ед Нұрмағамбет қапқа салып. Үйшіктен сүзекімен лақтырғанда Шортандар бұлқып жатар мұзға барып. Аралас ақ балықпен алабұға, Көргенде бұл да қызық көзің қанып. Мұз бетіне ойран салып асау шортан, Бұлқиды өзі-өзімен ылаңданып. Атады дәу табанды қолсандықтай Нұрекең сүзекені суға малып. Қоймайды ізге түссе қандай аңды Ақ тиын, түлкі, күзен – бәрін қағып. Еңбекпен атақ алған екпінді ердің Ісіне таң қалушы ед көрген халық. Қызығы Сарқопаның сондай еді Жасымнан туып-өсіп көрдім анық. Қамысы қарағайдай қызулы отын Шаруа маздатушы еді отқа салып. Таусылса алып келу қиын емес Түгелдей қазір барып шауып алып. Шөп жемей жайылыммен мал шығушы еді, Қаз оты, сүйрік саусақ барын шалып. Осылар еске түссе сағындырып Өртейді өзегіңді күйіп-жанып. Қар еріп жазғытұрым су болғанда, Күн жылып жердің беті бу болғанда. Бұл-дағы мезгілінде қызық еді. Ән салып түрлі құстар шу болғанда.
Айдынға келіп қонып аққу мен қаз, Сыңқылдап әнге салып қылады мәз. Келуші еді мекеніне жануарлар Қыс өтіп, күн жылынып болғанда жаз.
Көк теңіз қопа толды құла суға, Жер жібіп, шөптер өсіп жылы буға. Жасаған табақтай қып ұя салған Жыл құсы жұмыртқалай қалғанында.
Екі өзен – Теке менен Қоңыраулы, Сай-сала толып жатыр аты даулы. Таласып Сарықопаға құюшы еді Еткендей бір ауыздан бәрі қаулы.
Сарықопа осылардың арнасы еді, Өзен сай бұл қопаның баласындай. Толтырып Шүмектіден құятұғын Мұқырым сен де айтылмай қаласың ба-ай. Алабы Сарықопаның көрінуші еді, Шыққанда Қарекеңнің обасын-ай. Мол жетіп қол ұзарды айдауына, Биенің құлыны өсіп байлауына. Шарабас, Қызбелімнен аққан бұлақ, Ел қонып отырушы еді жайлауына.
Қызбелім, Қызбел десе белің қандай, Көк адыр сұлап жатыр тартқан сымдай. Төгіліп екі жаққа мөлдір бұлақ Таласып ағып жатыр бір күн тынбай. Қызығың еске түссе қайран Қызбел Зарығып сағынамын сабыр қылмай.
Көк шалғын көк бетеге шөбің шүйгін, Жұпардай таза ауа шықса биігің. Қатыр мен Қыземшектің адырына Шаңқылдап көк қаршыға қонар тұйғын. Жайлаудың жанға рахат қайран Қызбел Келеді сағынғанда қыздай сүйгім.
Қызбелім сұлу қыздай керіліп тұр, Үстіне қыпша белдің шыққан кезде Аңғары Қарт пен Күйік көрініп тұр.
Көкорай шалғын өскен жиегіне, Мұздай су жұтсаң өтер сүйегіңе. Наурыз алабымен көрінуші еді Шыққанда Тоңқайманың биігіне. Бұлдырап бұлақтары жетіп жатыр Жетелеп алып барсаң Күйігіңе.
Алабы Жыландының малға тебін, Тұрса да қысты күні қарлы боран.
Шыққанда Лекердің қабағына, Көз жетпейді Сарықопаның алабына. Қара жол тартып жатыр күн батысқа… (негізі көлемді өлең екен мен тек үзінділерін бердім, Бәлдік Байтоғайұлы туған жерін сағынып 1940 жылы Колымада жазыпты).
Жалпы, Сарықопа аумағы (резерват емес, көл аумағын айтып отырмын) шамамен 80 шақырымды, су ауданы 363 шақырымды, ал су жинайтын алабы 17440 шақырымды құрайды, бірақ көл терең емес, орташа тереңдігі 2 метр.
Тұтасай алғанда, «Алтын Дала» резерватында мынадай өзендер мен көлдер бар: Сарықопа — 33600 га, Айыркөл – 4370 га, Текерекөл – 1001 га, Жармакөл – 1220 га, Қармакөл – 1184га, Жангелдікөл – 1232га, Қызылкөл – 3365 га, Жаркөл – 1500 га, Байтақкөл – 4521 га, Жарқамыс – 1162 га, Қоғакөл – 1046 га, Өтегенкөл – 48 га, Ащыкөл – 200 га. Айтқандай, бір қызығы жалпы резерват аумағында әртүрлі тарихи — мәдени ескерткіштер де орналасқан екен.
Резерваттың деректеріне сәйкес оның аумағында мезолит дәуірінен бері келе жатқан тұрақтар және тарихи ескерткіштер орналасқан екен. Мысалы, Амангелді ауданындағы тұрақтар: Ағайдар — 3, Астоғым — 2, (Ағайдар ауылы, Жалдама өзені). Және Жанкелдин ауданында Тұз тұрағы (Қабырға өзені). Неолит (6-4 мың жыл) дәуірінің тұрақтары да аумақта кездеседі. Шағын өзен-көлдердің жағалауларында энеолит дәуірінің тұрақтары да орналасқан (қола дәуірі, б.д.д. 4-3 мың жыл).
Темір дәуірінің қоныстары Қостанай облысының аумағында өте көп емес, Амангелді ауданында Торғай өзені, Жалдама, Ұлы Жыланшық өзендерінде сол дәуірдің қоныстары бар. Сондай-ақ, резерват аумағында мынадай ежелгі мазарлар орналасқан: Ұлы Жыланшық учаскесінде 5,5 шақырым жерде Рахмет ауылында Рахмет I-IX тұрағы бар. Оңтүстік шығысында 5 шақырым жерде Төрткатон тұрағы тұр. Резерват аумағында бірнеше кесене орналасқан, олар: Рахмет, Манғалы, Бектас, Көшімбек, Жүсіп және Зілқара. Аманкелді ауданы аумағында Екідің ауылында (Сарыторғай) және де 1847 жылы жерленген Жәуке батыр мазары бар, сондай-ақ, 19 ғасырдағы мешіт орналасқан.
Енді, Сарықопа жеріне қатысты да тарихқа да шолу жасайық. Әкем – Қорған Әмірхамзаұлы: «Оян, қазақ!» деп бүкіл Алашқа жар салған қазақтың ат төбеліндей оқыған зиялыларының бірі Міржақып Дулатовтың қайырымдылығымен 13 болыс Торғай уезінде, бір шеті Ақтөбе мен Қостанайға мәшһүр болған Иманқұлдың Әбдірахманы, жазушы Сәбит Мұқановтың бір кездегі «Адасқандар», қазіргі «Мөлдір махаббат» романының басты кейіпкерлері Бүркіт пен Бәтестің (Сұлтанбек пен Бәтиманың) өмірінен алынып, Торғайдың Еңлігі мен Кебегі, Қозысы мен Баянындай екі жастың шынайы махаббатын шығармаға арқау еткен өңір екенін кім ұмытар?!» депті.
Иә, расында Қызбел (Сарықопа да оған жатады) жері көне тарихқа бай. Әуелі Текенің діңінен бастайық. Көзі қарақты оқырман Екідіңді білмейтіні кемде кем. Ғалымдардың жазуынша бұл ескерткіш сонау ғұн, оғыз тайпаларына тән екен, Текенің діңі де сол шамалас болар. Оған тағы бір дәлел – інім Жәнібек осыдан 20 шақты жыл бұрын Қызбел-Бидайық жерінен қола дәуірінің құмырасын тауып алған еді. Қызбел жерінің бергі тарихы да таң қаларлық, жер бедеріне қарасаң Торғай жерінің өзге аймақтарына ұқсамайтын таулы-тасты, ойлы-қырлы болып келеді.
Қызбелдің сұлулығы туралы «Қызбел» атты өлеңінде Фариза Оңғарсынова апамыз: «Табиғат, құпия әлі сырың жұртқа, сұлулық сыйла әніме мұңымды ұқ та. Келемін бас июмен талантыңа ғашық боп ғұмыр бойы сұлулыққа. Көміліп сен де талай мұнар-мұңға, өлтірмей өнеріңді шыға алдың ба, өмірлік өткелдерде сыналдың ба — білмеймін, Білетінім — бір ғажабың көз тартып Қызбел тауы тұр алдымда. Сағымға оранғанда, дала нұрлы, керілген кеңдігі мен адамы үлгі. Сұлулық сирек кезде Қызбел тауы талдырып бара жатыр жанарымды. Қызықтап кезіп келем түзді ерінбей, дөп басып бабалардың іздерін кей. Даланың кеудесінде тау жотасы шынында қынай буған қыз беліндей. Басынан Қызбел таудың мұнар ұшып, мөлтілдеп көк тасында тұнады шық. Біресе жүдеу, жалғыз көрінеді — Жанына енер ме едім сыр алысып… Құздар жоқ жіберетін тіреп, демеп, әлде ойда, әлде назбен тұр өкпелеп. Аялап сұлулықты сезуге де кез керек, сосын жота жүрек керек.» депті.
Айтқандай, Фариза апамыздың Торғай жеріне іңкәрлігі ерекше болған екен, жақында оның 1990 жылдары Ұлы Жыланшық бойына, Ахаң – Ахмет Байұрсынов еліне, Ақкөл жеріне барған видеосын көріп едім. Енді, «Аңыз түбі ақиқат» деп мына әфсанадан дерек бере кетейін. Бала күнімізден естіген әңгіме, десек те «Қостанай облысының тарихи топонимикасы» атты кітапта хатқа түсірілген.
«Асан қайғының Абат деген баласы ержүрек батыр, құралайды көзге атқан мерген болған екен. Абат Ноғай ханның қол астында қызмет істейді. Абаттың күші де, ақылы да Ноғай ханнан басым болады. Бірнеше қақтығыс, сын кезеңдерде хан Абаттан жеңіліп қалады. «Ханда қырық кісінің ақылы болады» деген емес пе? Өзінен ақылы артық Абатты хан жек көріп, оны өлтірудің жолын ойластырады. Хан уәзірлерін шақырып алып: – Абатты мақтамен бауыздағандай қылып қалай өлтіру керек, соның жолын айтыңдар? – депті. Сонда уәзірлері: «Торғай өзенінің өлкейіктері мен салаларын санап кел дейік. Ол жерді жезтырнақтар мекендейді. Санап жүргенде, солардың қолынан мерт болады» дегенді айтады. Хан Абатқа Торғайдың өлкейіктері мен тарауларын санап келуді тапсырады. Абат әкесінен ақыл сұрайды. Асан қайғы: «Бар. Қасыңа жолдас ерт. Түнде жатқанда, аяқтарыңды бір-бірлеріңе түйістіріп, бастарыңды қарама-қарсы жіберіп, екібасты адамға ұқсап жатыңдар» депті. Асан қайғының айтқанын Абат екі етпейді. Түнде орта¬сында Абат жатқан жерге жезтырнақ келеді. Ұйықтап жатқан екібасты алып адамды көреді. Бұл көріністен қауіптенген жезтырнақ: «Жетпіс адамды бір жерде, сексен адамды бір жерде алып едім. Бірақ Торғайдың 32 өлкейігі мен 90 саласынан мұндай екібасты адамды көрмеп едім ғой. Мынаның түрі мығым болар. Мерт болармын» деп қорқып қашып кетіпті. Аңыз бойынша, Торғайдың 32 өлкейігі, 90 тарауы бар дегенді ешкім санап білмеген. Мұны жезтырнақтың аузынан Абат естіп, осы ұғым елге тараған екен.».
Бұл аңыздан үзінді беріп отырған себебім, кім біледі, расында бағзы замандарда жезтырнақтар өмір сүрген болар, осы жолы ауылға барғанда ағашта отыратын сары қыздар туралы аңызды да естіп таң қалған едім. Торғай жері киелі ғана емес, құпиясын бүккен өлке ғой. Әйтпесе, тек Торғайда ғана түнгі сағым барын естіп пе едіңіз немесе Торғай геоглифтерінің құпиясы неде екен?
Тағы да аңызға сүйенейік. Ертедегі аңыз бойынша, елге сыйлы «Асан ата» Қызбел тауына барып, дұға оқып тұрады екен. Бірақ өзі¬мен бірге ешкімді ертпей және ол жаққа ешкімнің бармауын қатаң қадағалайды екен. Бір күні Асан ата шаруа барысында ел аралап кетеді. Жүрер алдында баласына Қызбел тауына бармауын қатты тапсырады. Баласы Қызбел тауына барып, дұға оқып, елдің саулығын тілеп, әкесінің барма деген себебін білмек болып, таудың үстіне шығады. Тау үстінде ұзыннан жарқырап жатқан айдаһарды көреді де, қылышын алып, айдаһардың құйрығын шауып тү¬сіреді. Ызаланған айдаһар батырды атымен қоса жұтып жіберген екен. Асан қайғы айдаһардан баласын сұрайды. Сонда айдаһар: «Е, саған бала қайғы болса, маған құйрық қайғы» депті. Асан қайғы қолындағы таяғымен жерді нұқып қалғанда жер қақ айырылып, айдаһар жарылған жерге түсіп жоқ болған екен дейді. Осы жер күні бүгінге дейін «Қайғы» аталады. Нақ сол жерге баласына арнап, төрт кереге тасты жерге кіргізіп, белгі соғыпты. Асан ата содан бастап, өз атына қайғы атын қосып Асан қайғы атанған екен. Жылантау мен Қызбел тауының түйісер тұсынан бастау алатын қос өзенінің бірі Үлкен қайғы, екіншісі Кіші қайғы деп аталады. Алғашқысы Асанның құрметіне, екіншісі баласының құрметіне аталған дейді.
Бұл жерлер әлі бар, біз әңгімеге тиек етіп отырған Қызбел ауылынан 60 шақырым жерде. Мұндағы жер аттары қазіргі күнге дейін солай аталады, ал айдаһардың жайына келсек, кім біледі, ерте заманда бұл жерде айдаһар да жайлаған шығар, егер, мысалы, мен киіктер бұрын мыңдап далада кездесетін еді десем, балаларым бұған сенбес еді. Бұл да солай шығар. Әрине, біз объективті көзқараспен қараймыз, дегенмен зілдердің замандасы киіктің де көзін жоюға шақ қалғанда, айдаһары не тәйірі?!
Қызбел жерінің бергі тарихына келетін болсақ, бұл жерден абыз да, батыр да, ақын да, жазушы да, академик те шыққан, мен тек бірсыпырасына тоқталайын: Өтей батыр, Қарсақ батыр, Назар абыз, Оспан қожа, Топтанның Атығайы, Қаржаудың Оспаны, Қабақтың Сейілі, Мадияр Бөлтірік, Күдері Жолдыбайұлы, Әбдірахман Иманқұлұлы, Бәлдік Байтоғайұлы, Міржақып Дулатов, Сейдазым Қадырбаев, Асқар Закарин, Фазылхан Бәйімбетов, Сайлау Байзақов, Сәбит Байзақов, Едірес Сейілов, Нариман Қыпшақбаев, Кәрібоз Жапаров, Абай Байтоғаев, Бақытбек Қошмағамбетов, Сейіт Кенжеахметов, Қайсар Әлім, Таңатқан Сәтбаев, Жұмағали Арғынбаев, Таңатқан Досмағамбетұлы, Асқар Дулатов, Əбутəліп Əмірұлы, Ғазез қажы Әмірханов, Бақыт Қошмұхамбетов және тағы басқалары!
Тақырыбымызға арқау болған Сарықопа, Қызбел, Қыземшек туралы тағы да толғаудан бұрын ол жөніндегі дерекке ден қояйық. «Қызбелтау – Торғай қолаты мен Торғай үстірті аралығындағы дөңес тау. Қостанай облысында, Науырызым қорығының оңтүстік жағында, бойлық бағытта 60 км-ге созылып жатыр. Ені 5-15 шақырым, абсолюттік биіктігі — 232 м. Қызбелтау жоғарғы олигоцен мен миоцен дәуірлерінің сазды, карбонатты жыныстарынан түзілген; дөң бетін палеогеннің теңіздік шөгінділері жапқан. Беткейлері жыра-сайлармен қатты тілімделген. Шығыс және оңттүстік етектері құлама жарқабақтанып, Торғай қақпасына тіреледі. Бетеге, жусан, селеу өседі. Мал жайылымына қолайлы» депті Қазақстан ұлттық энциклопедиясы.
Қайсар Әлім ағамыздың жазуынша «Бір байдың сұлу қызы, жасы келіп тұрмысқа шығатын кезде, кедейдің өте келбетті, сегіз қырлы, бір сырлы баласына өлердей ғашық болыпты. Ол кездегі әдет-ғұрыпта кедей баласы байдың қызына жақындай ала ма? Қызын әкесі басқа байдың түрсіз, өнерсіз, ынжық баласына беруге бекінеді. Бірақ кедей жігіт қызбен жолын тауып оңашада кездесіп жүреді. Оны сезіп қалған атастырған күйеу жағы кедей баласын ұстап алып, зәбірлеп ұрады. Сүйгеніне тие алмайтынына көзі жеткен сұлу қыз ұйқы-күлкі көрмей әбден қажып-қалжырайды. Бір Аллаға жалбарынып, көңіліне медет сұрйды. Алладан аян түсіп, ақсақалды әулие: «не сұрайсың, пақырым, айт» дегенде, қыз: «бүйтіп тірі өлік болғанымша, мені тас мүсінге айналдыра көр!» деп шашын жайып, шарасыздықпен тілек етеді. Махаббат құрбаны – сорлы жүректің өтініші орындалса керек… Әне, өмірден әбден түңілген, ішқұса болып ғазиз жанын сүйгені жолында құрбандыққа қиған сол қыз әл-дәрмені құрып, шалқалай сұлап түскенге ұқсайды. Ақтық демі үзілерде қос аяғын әрең-мәрең ышқына созып үлгерсе керек… Шашы әлі күнге шашылып жатқандай, сірә, тарам-тарам жылғалы арналарға ұқсап, көлбеңдейді. Ынтықтықтан ерні кезеріп, аузы ашылып, аңсарын аңсаумен күтетіндей ме? Төсіндегі «қос алмасы» өркештеніп, тас берішке айналған. Нағыз қыз емшегінің суретіндей екен. Енді сол жәудір көріністі «Қыземшек» атамағанда қайтеді?! Ал тау сілемдерінің өрнегімен, сирек сән-салтанатымен құйылып түскен қыпша белдің үзілер-ау деген тұсынан жанар айыра алмасыңыз ап-анық! Нағыз қыз белінің елесіндей екен-ау, пәлі! Енді сол сиқырлы да бейнелі құбылысты «Қызбел» демегенде қайтеді?! Сол Қызбел мен Қыземшектің тағы бір ғаламат сыры бар… Әлгі қыз мүсініне көз тоқтатып, тіктеген жанарды қозғалтпай, кірпік қақпай ұзақ телміріп, қарар болсаңыз, о, ғажап, көсіліп жатқан бейнеге жан бітіп, діріл қағып, сәл-пәл жыбырлап, тіріле бастағандай әсерге бөлейді екен! Сондай сәтіне де куә болғанымыз бар еді, бала кезімізде… Жолыңыз түссе, өзіңіз де байқай саларсыз… Тек, бір әттеген-айы, Қыземшек қазір бір емшегінен айырылған!.. Сыңар емшегімен қалған! Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында жаппай кеңшар салу үрдісі қаулай жөнелгенде, оның бір емшегінің тастарын құрылысқа жаратып, ойып әкетіп, ойрандап тастаған… Осы күйкілік еске түскенде, кәдімгідей жаның егіліп кетеді екен…» депті. Естуімше тың игерушілер Қызбелдің Қыземшегінің бір анарын жарып жіберіпті, қазір бұлақ суы да суалған деседі.
Расында керемет жерлер ғой, ал енді мына атауларына қарап Қызбел жерінің этимолгиясына да мән беру қажет, мысалы, Қызбелтау, Қотыртау, Мық, Абаттау, Диірментау, Теке діңі төбесі, Сұпытөбе, Құмды, Қоңыраулы, Теке өзендері, Сарықопа көлі, Сарықопадан бөлінетін Қазалы, Айтуар сияқты көлдер, Жосалы, Бүргенді, Рақбек, Төлеген, Шабанбай, Боқбасар, Бошақайлы, Қайнар, Тоңқайма, Әжібай, Ебелек, Андағұл, Аршалы шат, Ақ отау, Шобан, Құмшық, Ошағанды, Тамшұбар, Лақшұбар, Жолан, Асқар күзегі (Міржақыптың туған жері), Саға, Тампай, Шамай түбегі, Ұзын Қарасу, Тәуте көңі, Қоға, Ақсуат, Шегір көңі, Оспан көңі, Жырық, Оспан құдығы, Тастықұдық, Қуысқұдық, Қарақұдық, Аққұдық, Талдысай, Талдықұдық, Құттыбай, Амантай, Шабанбай, Шідерлі, Шелек кеткен, Шөкет сиген, Шолпы батқан, Орыс құдығы, Құлан ішкен, Тасқұдық, Теректі, Қатын қазған, Шолаққарасу, Арал, Жота, Садық, Қоймасай, Айдарлы, Егіндібұлақ, Қайнар, Қарашатөбе, Жалтөбе, Жалғызқұдық, Шырылдақ, Жыланды, Бесбай, Бестарау, Арамсай, Ойшүмекті, Қыршүмекті, Құттыбай бұлағы, Амантай бұлағы, Төлеген, Жырық деген жер-су, өзен-көл, құдық аттарымен жалғасып кете береді.
Осындай тамаша өлке талай ақын-жазушылардың жырларына арқау болған, солардың бірі Ғафу Қайырбеков 1947 жыл «Қызбел суреттері» деген өлең жазыпты. Қызбел, Сарықопа туралы Ғафаңнан артық айтақ ешкім жоқ екен, сондықтан өлең жолдарын тұтас беруді жөн көрдім.
«Арқада жер еркесі Қызбел деген, Аралап алуан жүрдім Қызгерменен. Табар жан қайда барып жерұйықты Қызбелден, сірә, күдер үзгенменен! Арқаның қысы қатты ызғарлы ма? Ызғардан ақ бетінде із қалды ма? Салдыртып саржорғамен қашан барсаң, Қызығын Қызбел сенен қызғанды ма? «Арқаның жер сұлуы жалғыз мен! — деп, Өзгенің салтанаты менен кем!» — деп Жамылып жер-дүниеде бар асылды Тәкаппар Қызбел тауы жатыр көлбеп. Қиылған аруға ұқсап қыпша белі Шақырып тұрғандай — ақ: «мұнда кел!» деп. Тамаша төсіндегі Қыземшек тау, Болмаса жүрегің тас, әсер бермек. Амантай, Құттыбайдың қос бұлағы Қандырар мейіріңді барсаң шөлдеп. Теп-тегіс Қызбел төсі асыл жаннат, Айырмас: «мынау есік, мынау тер!» — деп. Атылған тау төсінен тоқсан бұлақ Жатады көбік шашып, бұлтқа өрлеп, Сан жүз тау Қызбел төсін мекендеген Баладай анасынан өрген төлдеп.
Анау тұр Қара тауы Мырзабектің, Бір маңғаз құдасындай бұл да көктің. Шығыста шұғыла көміп Шұбартау тұр, Астасқан аржағымен көкжиектің. Текенің теңбіл шыңы мұнартады. Жайыққа батыстағы бұрып бетін. Теңкиген терістікте Ақша таулар. Арудай аппақ нұрмен жуған етін. Алтын жал арыстандай шөгіп жатқан, Алапты денесімен көміп жатқан, Ортада омыраулы Шарабас тұр Қызбелдің батырындай жауға шапқан. Сен барып Ақ отауды көрсең көзбен, Халыққа жеткізбес ең айтып сөзбен. Кәдімгі ақбоз үйдей тігіп қойған, Сақталған әлі күнге ерте кезден. Үңілсең есігінен тас қараңғы, Айтады «өшірер — деп — жаққан шамды!» Білмейді кәрі құлақ қария да, Сұрасаң: «бұл, ата, — деп — кімнен қалды?» Тасмола тау Қызбелдің ортасында, Жатады ұқсап үйген қорғасынға. Бір кезде аласапыран соғыс болып, «Құрбан — дейді, — сонан қалған тау басында». Үңгірі айдаһардың Абат жұтқан, Бес қару, аста тұлпар қабат жұтқан. Баласын абайсызда жылан жалмап, «Жері — дейді — Асанқайғы аза тұтқан» Сонау бір Қарт қабағы ел кешкендей, Нар шөгіп, сексен қабат тең шешкендей. Басына әлдеқалай шыға қалсаң, Боласың Ұлытаумен сөйлескендей.
Тоғайы солтүстікте Тілеуберген, Мұнартып көрінеді күндік жерден. Жалғасып қашқан құлан, арқар, киік. Алапты қайыстырып қойдай өрген. Соркөл мен Андағұлдай жер сұлуы, Талайлар даңқын естіп іздеп келген. Саркөлдің айналасы ат шаптырым, Көз тұнып көрінбейді қонған елден. Секілді жиған қаздың жұмыртқасы, — Назар сап, қарап тұрсақ биік белден. Сұңқылдап сан музыка жатыр ойнап, Құлақ сап, тыңдап қалсаң айдын көлден. Сыбырлап сыр шертеді құрақтары Секілді жанашыр бір жақын жеңгең. Алыста атлас жібек секілденіп Даланы шымылдықтай сағым көрген.
Өткізем бұлақтарды алдыңыздан Бұрқырап тулап аққан тағы құздан. «Шідерлі», «Шелек кеткен», «Шолпы батқан», Арылмас алты ай жазда асты мұздан. «Арманда», «Ел той қылған», «Құлан ішкен», «Тасқұдық», «Теректі» мен «Қатын қазған» Солардың бәрі Қызбел кеудесінде, Кек тасқа кәрі тарих атын жазған.
«Қоңыраулы», «Саға» өзені жатыр тасып, Өлкенің өрлеп бойын кетер басып Себебін «Қоңыраулы» деген аттың, Әркімдер әртүрлі айтар алып қашып. «Шілдеде ағады — дейді — әсем үнмен Қоңыраудай бір әсерлі әуез шашып». Немесе «Баяғыда бір бай татар Қоңыраулы пәуескемен кеткен батып» Осындай әңгіме бар ел тілінде, Рас, — деп ала алмаймын кепіліме. Кім білсін, су ап қайтқан бір жас ару, Шолпысын шашындағы кетірді ме?!
Сары қопа суреттеуге тіл жетпеген, Қойнынан он екі айда ел кетпеген. Балауса бал құрағы жұпар шашып, Қалады бір иіскесең сергіп денең. Көзіне кек күмбездей көрінеді, Жағалап жүре қалсаң жел бетпенен. Арудың айнасындай айдындары Тұрады таң-тамаша келбетпенен. Суынан жаз шілдеде жалғыз жұтсаң Жүрсең де ұзақ жолда шөлдетпеген. Қопаның ортасында шексіз теңіз Өмірде ар жағына пенде өтпеген. Шу асау, қапы тентек балығы бар Жар қауып, топырақты жентектеген. Шіркіннің қолға түссе дөкейлері Атанға анау-мынау теңдетпеген. Қарулы қасқа шалдар өңгереді Жүрмеген «найсабыңды» жер-көкпенен. Алдынан алуан бала шығар сонда Судырлап өңшең аппақ көйлекпенен, Па, шіркін, мәз балалық кетеді өтіп, Арқаның сағымындай көлбектеген? Суреттеп көркін Қызбел тауыса алмас, Қаншама жазса да ақын өрнекпенен.».
Суретте «Алтын Дала» резерваты «Сарықопа» учаскесінің қызметкерлерімен және оның басшысы Қасқырбай Изатұлы Ізтілеуовпен бірге, фотоға түсірген Данил Потапов-Поличинский және Әлия Ахмалишева! Материалды жазу барысында Интернеттегі ашық деректер және «Алтын Дала» резерватының фотолары пайдаланылды.
Сонымен қатар біздің экспедициямыздың жұмысына көмектескен Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дүйсенғали Қалибекұлы Айтпаев мырзаға және резерваттың Табиғи кешендер мен нысандарды қорғау бөлімінің бастығы Серікболсын Қаржаубайұлы Құлжанов мырзаға және сапарымыздың сәтті өтуіне барлық жәрдемдерін жасаған Қостанай облысы Жанкелдин ауданының әкімі Шота Сәбитбекұлы Оспанов мырзаға, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Қуанышбекұлы Торыбаев мырзаға, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Серікұлы Бидашев мырзаға, Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Роза Өтелбайқызы Аққалиева ханымға және Жанкелдин ауданы Кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Сәуле Дүйсенова ханымға, «Торғай» мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Құлетқызы Сәрсекей ханымға алғыс білдіреміз!