Бірлігі жарасқан ауыл

Жақында Қостанай іргесіндегі Жуковка ауылына жол түсті. Бастап барған Әсия Юсупова атты қарындасымыз «Жуковка ауылын түлету» атты жоба аясында жұмыс істейді екен. Сонымен қаладан 30-40 шақырым қашықтықтағы Жуковкаға да жеттік. Айтқандай жол сапасын айта кетейін. Жолдың жартысы сапалы, асфальт жолдың жартысының сапасы нашарлау және бұл қала іргесіндегі ауыл екенін ұмытпаңыз. Яғни, менің ойымша мемлекеттің жол салуын, сапасын бақылауын ұдайы назарда ұстау есіме түсті.
Бірінші келіп жеткен жеріміз шағын ауылдағы құс фабрикасы болды. Таң қалғаным әдетте құс фабрикаларында болатын иіс мұнда жоқ, сезілмейді. Оның себебін Беларусь елінен келіп, осында жұмыс істеп жатқан маман әйел түсіндіре кетті. Айтуынша бұл құс фабрикасын салуда ең озық технология пайдаланылған екен. Ауылдағы қорадағы тауықтардан өзге, құс туралы білмейтін мен, көп ақпаратқа кенелдім. Айтқандай, Арқалық қаласында құс фабрикасы бар екен ғой, бірақ, оның ішіне кіріп көрмеппін. Маманның түсіндіруінше, бірінші маңызды ол құс жұмыртқасының қоры екен. Қор дегенде баяғыда айран ұйытқанда анам: «қор» деп айтатын, шамамен алғанда сондай мағынада, яғни, құстың және жұмыртқаның қоры болуы керек. Білмейтінім көп нәрсе екен деп таң қалдым. Келесі айтқаны: «Қазақстан құс етімен, жұмыртқамен өз нарығымызды шамамен тек 60 процентке қамтамасыз етеді». Әлгі «Буштың аяғы» сияқты өзгенің қаңсығына «қарық болып» жүр екенбіз.
Сөйтіп, фабрикаға кірдік, кіре берістен екі есікке беттедік, бірі ерлер бөлмесі, екіншісі әйелдер бөлмесі, онда, медициналық тәрізді бетперде, жалбағай, басыңа жамылғы киіп, дезинфекциядан өткен соң әуелі жұмыртқа бөліміне кірдік. Оларды қалыпты температурада ұстап тұрып, өзіндік белгілі күннен соң балапандар ангарына шығарады екен. Бәрі автоматтандырылған, оңай және түсінікті. Жаңағы балапандар әрбірі сегіз ангарға жіберіледі, тағы да маманның түсіндіруінше әрбірінде 10 000 балапан бар екен. Қоңды екені көрініп тұр. Айтқандай, мұндағы процесттер толық циклды, яғни, шаруашылықтың өз астығы, жемі бар, оларға әртүрлі қоспалар қосылып, құстарға (балапандарға) беріледі. Жалпы, тұтас кешенде бәрі автоматтандырылған және қақаған қыста оңтайлы температураны ұстап тұрады.
Ол өнімдер, яғни құс еті облыстың дүкен сөрелеріне жіберіледі, кейін қалада арнайы дүкенді де барып көрдім. Құс етінен колбаса да жасалады. Шұжық-колбаса өнімдерін жасайтын өндіріс те бар білуімше. Бұл өндіріс іске қосылғалы бері 83 адам жұмыспен қамтамасыз етілген, орташа жалақы 180-220 мың теңге көлемінде десті. Ал, кешенге салынған жеке инвестордың қаражаты 840 млн. теңге. Мемлекет ауыл ішіндегі жол мен патша заманынан тұрған (бір бөлшегі) мектепті жөндеуге 38 млн. теңге қаражат жұмсалыпты. Қысқаша айтқанда, мұндай жағдайда мемлекет пен жеке бизнестің әріптестігі керек екендігі түсінікті.
Мектеп демекші, оның қарсы алдында ауылда Мәдениет үйі бар екен. Мәдениет үйіне бас сұғып, ондағы көркемөнерпаздармен таныстық. Вокалды-инструментарльдық ансамбль бар. Ауыл балалары музыкалық аспаптарда ойнап, уақыттарын босқа өткізбейді екен және музыкалық аспаптардың сапалы және қымбат екені көрініп тұр. Мәдениет үйінде ресми бір адам тіркелген, қалғандарына жеке инвестор өз қаражатына қызметтерін төлеп отыр екен. Осы жерде бір қызық жайтқа кез болдым. Ол мұндағы ұлты өзге ағайындардың ана тілімізді өз еріктерімен үйреніп жатқаны. Бұл бір жағынан түсіндіру жұмыстарының нәтижесі һәм тұрғындардың өз еркі.
Осы идеологияға қатысты тағы екі жайтты айта кетейін. Бірінші, ауылда 9 жылдық мектеп бар. Өкінішке орай мектеп жабылу алдында болып, кейін бала санын толтыру арқылы сақтап қалынған. Орыс мектебі, дегенмен, 1-2 сыныптарда оқитын балалар қазақ сыныбын таңдаған, яғни, мектеп қазақ мектебіне айналады деген сөз. Яғни, идеология осы жерден басталады, мысалы, мен үшін инвестордың ұлты, тілі маңызды емес, бірақ, қазақ мектебіне айналдырамын, бала санын толтырамын десе неге құптамасқа?! Бұл қала іргесіне келіп қоныстанатын ағайындар үшін жақсы мүмкіндік емес пе? Әсіресе, облыстың Торғай жерінен көшіп келгендер үшін тамаша мүмкіндік, бірақ, ештеңе тегін болмайтыны тағы жасырын емес, ата-ананың біреуі жергілікті өндірісте жұмыс істеуі керек және егер де, ауылға пайдасы тиетін кәсіпкерлік нысаны болатын болса, инвестор оны қолдауға даяр.
Енді, мектеп жайын толықтыра кетейін. Алдағы міндет, ауылда жаңа мектеп салу, өйткені, ауылда дүкені, орта мектебі, Мәдениет үйі, дәмханасы, спорт кешені, дүкені болса ауылдан кім кетеді дейсіз? Бірақ, мектепті мемлекеттің қаражатынсыз салу мүмкін емес, сондықтан облыс билігі, республика басшылығы бұл жағын ескеруі қажет.
Одан шығып, ауыл ішіндегі шағын маркетке кірдік, мұндағы сатушы қыз өзін Қостанай облысының өзге ауданынан көшіп келгенін жеткізді, тауарлардың бағасы арзан, өз өнімдері, сапасы да жақсы.
Одан шыққан соң «Birlik hills» атты кешенге бардық. Бұл кешеннің ерекшелігі моншасы, дәмханасы, наубайханасы, кондитер цехы жұмыс істейді екен. Оның басшысы Хайдар деген жігіт, «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дегендей хал-жағдайды сұрастырып, шаруа жайын сұрадық. Монша тап-таза, теннис корты су жаңа, қонақ бөлмелері ыңғайлы, бір бөлме бағасы (екі адамдық) бар болғаны 5 000 теңге, су тегін емес пе? Бәрінен бұрын наубайхана осы төңіректегі 4 ауылды асырап отыр, кондитер цехында өзіміздің Торғай жентінің дәмін сезіп қалдым. Сөйтсем, Хайдар жерлесім екен, Жаркөлдің азаматы. Осында үй алған, төрт баласы бар, отбасылы. Үй жайын сұрадым? Үй тегін беріледі. Он жылға, ішіне жиһазымен орнатылады. Көлемі 100 шаршы метр, үйге су, газ кіріп тұр. Одан басқа не керек?
Айтқандай, тоқырау тұсында ауыл әбден-тозып, күл қоқысқа айналған болатын, әуелі, яғни, екі жыл бойы ауыл қоқыстардан азартылды. Жеке инвестор оған 119 млн. теңге жұмсап ретке келтірді. Қазіргі топан суға байланысты су шайып кету мәселесі де маңызды, осы ретте, кәсіпорын басшылығы арнайы геодезист мамандарды шақырып, ауыл ішін алып кетуі мүмкін қарғын судан ада болу жолын анықтайды.
Ендігі мәселе, тек еңбек ет, еңбек ет демекші, көнекөз қариялар Жуковканың байырғы атауы Бірлік екенін айтқан. Дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында халық та қолдап, ауылға Бірлік атты қазақы атауы қайтарылады деп үміттенеміз, облыстық ономастикалық комиссияға ұсыныс та берілді.
Сөйтіп жақсы көңіл күймен ауылдан қалаға бет алдық. Жеке инвестор (Розумович Валерий Ивнович) ауылда былтырдың өзінде 16 үй салдырыпты, биыл құдай қаласа тағы 16 үй саламын деп отыр. Тамаша емес пе? Айтқандай, Тобыл жағасындағы бұл әсем өлке ішкі туризмге нағыз сұранып тұрған жер екен. «Болашақта демалыс орнын, шағын зообақ ашу ойымызда бар» деді Әсия Юсупова ханым.
Әдетте «Бірлігі жарасқан ауыл» деген сөз тіркесін жиі қолданамыз, расында, Бірлік ауылы бірлігі жарасқан ауыл екен!
Материал авторы – Амандық Әмірхамзин

Мынаны да қараңыз

Арқалықтан анасын іздеген Жәнібек: Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

Сонау Бельгиядан Арқалыққа келіп, анасын іздеген Жәнібектің оқиғасына орай қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. ...