Қостанай облысында жемқорлыққа қарсы қаулы қабылданды

Nur Otan партиясы Қостанай облыстық филиалында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша Қоғамдық кеңестің отырысы өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын барысында білім саласындағы қоғамдық кеселдің алдын алу жолдары мен 2019 жылдың соңына дейінгі жоспар тізілді.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ақпаратына сәйкес, Қостанай облысында соңғы үш жылда білім саласында 22 қылмыс тіркелген. Оның басым бөлігін білім беру мекемелерінің балабақша меңгерушілері мен есепшілері жасаған.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында жемқорлыққа қарсы күресті жүйелі түрде жүргізу керектігі айтылған. Бүгінде Nur Otan партиясы маңызды сұрақтар мен мәселелерді талқылауға арналған алаңға айналды. Мемлекет пен қоғам бұл кеселге қарсы бірігіп, жұмыла күресуі керек», — дейді Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Рашит Нұрмағамбетов.

Облыстық Білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк өңірдегі кәсіби және техникалық білім беру мекемелерінде жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыруға арналған бірқатар іс-шара қолға алынғанын айтты.

«Бағдарламаны іске асыру аясында облыста «Адал ұрпақ» клубтары пайда болды. Аймақ бойынша 414 клуб 12 мыңнан астам оқушыны біріктіріп отыр. Одан бөлек, арнайы білім саласында мемлекеттік қызмет көрсету түрлерінің автоматты жүйесін орнату көзделуде. Оңтайландыру шеңберінде 75 мектепте директорлар кабинеті 1 қабатқа ауыстырылды. Жемқорлық мәселелері мен сұрақтары бойынша арнайы «Сенім телефоны» жұмыс істейді» дейді Білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк.

Партия атынан облыстық мәслихат депутаты Еркін Әбіл жоғары оқу орнындағы жемқорлықпен күресудегі шаралармен бөлісті. Білім ордасында дипломдық жұмыстың жаңа әдісі енгізілген. Студенттер стартап жобалар ұсынып, оны қорғайды. Бұл түлектің мамандық бойынша алдағы жұмысқа бейімделіп, ЖОО-да жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.

«Жүйелі түрде «Таза сессия» акциясы ұйымдастырылады. Jas Otan ҚОФ Жастар қанатымен бірлесе студенттер арасында сауалнама жүргізілді. Адалдық академиялық лигасын құру жөнінде декларацияға қол қойылды. Біздің университет бұл бастамаға мұрындық болды. Академиялық адалдықты арттыру мақсатында жол картасы да қабылданды», — деп атап өтті Еркін Әбіл.

Nur Otan партиясы ҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисимбаев жемқорлық тәуекелдері басым салаларда түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу керектігіне тоқталды. Жиынға қатысушылар «есепшілер мектебін» құруды ұсынды. Кеңес мүшелері бұл ұсынысты бірауыздан қолдады. Сонымен қатар жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ортақ жоспар құрылады. Отырыстың қорытындысы бойынша ЖОО өкілдері мен мемлекеттік органдарға қоғамдық кеселдің алдын алуға бағытталған ортақ қаулы қабылдады.

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *