Облыс әкімдігінде өткен селектор жиынында жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көмек көрсету мәселелері талқыланды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аудан-қала әкімдерімен өткен мәжіліске аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов қатысты. Алдымен Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Гүлнар Әбенованың баяндамасы тыңдалды. Оның сөзінше, облыстың атқарушы органдары халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жұмыс орындарын құру бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Мәселен, жыл басынан бері облыста 15525 жұмыс орны ашылған. Бұл — Еңбекмині бекіткен жоспардың 98,9 пайызына тең.
«Өңірде әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне және басқа да қоғамдық жұмыстарға ерекше назар аударылған. Халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспарына сәйкес 29,2 мың тұрғын жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Осы жылдың 10 айына қарастырылған 8,2 млрд теңгенің 6,5 млрд теңгесі игерілді. Кәсіптік оқуға 3 588 адам жіберілді» деп мәлім етті басқарма басшысы.
Аймақта қоныс аудару квотасы 101,4% орындалған. Облысқа барлығы 1651 адам көшірілсе, оның 815-і – оралман мәртебесін иеленгендер. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 4040 адам білім алды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар бойынша 337,3 млн теңге қаржы игеріледі.
Архимед Мұхамбетов аудан-қала әкімдеріне жұмыспен қамту шараларын үнемі назарда ұстауды тапсырды.