2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап су тарифі тек бюджеттік ұйымдар үшін ғана қымбаттайды. Бұл туралы «Қостанай-Су» коммуналдық кәсіпорнының директоры Еркебұлан Файзуллаев мәлімдеді деп хабарлайды Қазақпарат.
Кәсіпорын директорының айтуынша, тұрғын үй секторлары үшін жаңа жылдан бастап суық су тарифі көтерілмейді.
«Біздің кәсіпорын халықтың әлеуметтік тұрақтылығын нығайту бойынша біршама жұмыс атқарды. Бір жағынан тұтынушылар берешегі азайып, қаржыны игеру көрсеткіші артты. Сонымен қатар кәсіпорынға үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. 2019-2021 жылдарға бізге бюджеттен 10 млрд теңге қаражат бөлінді. Нәтижесінде 60 шақырым ауызсу құбыры жөнделді. Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің бұйрығына сәйкес, тұтынушылар тізіміне кіретін қала тұрғындары, заңды тұлғалар, кәсіпкерлер мен жылу компаниялары үшін су бағасы сол қалпында қалады», — деді Еркебұлан Файзуллаев.
Жаңа жылдан бастап тариф тек бюджеттік ұйымдар үшін 33 пайызға көтеріледі. Осы ретте аталған ұйымдардың су және кәріз жүйелерін жабдықтауға бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізіледі.
Айта кетейік, 2019 жылы жалпы құны 658 млн теңгеге құбырларды ретке келтіру жұмысы жүргізілді.