Арқалықта «Домбыра» композициясы пайда болды

Қостанай облысының Арқалық қаласында «Домбыра» композициясының ашылу рәсімі өтті деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасаған tobyl-torgai.kz.

Бұл жоба «Рухани қазына» бағдарламасын іске асыру шеңберінде қолға алынды. Мүсіннің биіктігі – 3 метр, тұғыры – 70 см. Қаңқасы темірден жасалып, сырты синтетикалық материалмен қапталған. Құны 950 мың теңге болатын мүсіннің авторы Амангелді ауданының жас кәсіпкері Жасұлан Нұрбаев.

Мүсіннің лентасын қию құрметі мәдениет қайраткерлері Шөптібай Байділдин мен Бораш Әбеновке берілді.

«Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, халқының мұрасы. Қазақ қашанда домбыраны қадір тұтып, төріне іліп, жоғары бағалаған. Киелі аспаптың құрметіне былтыр Елбасының жарлығымен Ұлттық домбыра күні бекітілді. Қазақтың киіз үйі, қара домбырасы және айтыс өнері әлем елдерінің ең ежелгі мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізіміне енген. Арқалық қаласында ұлттық аспапқа құрмет көрсетіліп, мүсінін ашып жатыр. Бұл іске бастамашы болған жастарға алғысым шексіз. Рухани жаңғыруды нақты іспен көрсетіп жүрген осы жастарымыз аман болсын» дейді өлкетанушы Шөптібай Байділдин.

Домбыра мүсінінің орнатылуына «Жасампаз жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі мұрындық болған екен.

Бірлестік төрайымы Гүлхашима Оразованың айтуынша, Арқалықта осындай рухани шаралар әлі де жалғасын табады.

 

Мынаны да қараңыз

Азаматтардың құқығы бәрінен биік тұруы керек

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының жергілікті өкілдері Қостанай облыстық ардагерлер кеңесі басшылығымен кездесті. Кеңес төрағасы ...