Қостанай және Ақмола облыстарында 15 адам қолдан жасалған алкогольден уланып, қайтыс болды. Бұл туралы tobyl-torgai.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қостанай облысының Арқалық қаласында 3-4 шілде күндері «этанолдың уытты әсері» диагнозымен 13 адам жансақтау бөліміне жеткізіліп, кейін олардың 11-і қайтыс болған. Осы уақытта Ақмола облысы Жақсы ауданының Жаңа-Қима кентінде 4 адам көз жұмған. Өлімнің болжамды себебі — жалпы уыттану салдарынан пайда болған геморрагиялық панкреатит» деп жазылған хабарламада.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаза болғандардың 5 литрлік пластикалық бөтелкелерге құйылған алкоголь өнімінен уланғаны анықталды. Тергеу барасында 4 шілде күні Ақмола облысында құймалы спирттік ішімдік шығаратын цех анықталды. Полиция қызметкерлері үш күдіктіні анықтап, ұстады. Олардан сатуға дайындалған өнімнің бір бөлігі тәркіленді. Алайда күдіктілер өнімнің басым бөлігінін сатып үлгерген.
«Ішкі істер министрлігі азаматтарды пластикалық ыдысқа құйылған, заттаңбалары жоқ, белгісіз алкоголь өнімдерін сатып алмауға және сақ болуға шақырады. Қауіпті өнім жасырын немесе базарларда сатылуы мүмкін. Олардың сату орындары туралы білген жағдайда жақын жердегі аумақтық полиция бөлімшелеріне немесе 102 және 112 телефондары арқылы дереу хабарлауыңызды сұраймыз» деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Арқалықта 11 адамның этанолдан уланып, қайтыс болғанын хабарлаған едік.