Қостанайда 120-дан астам ірі дәріхана желісі жұмыс істейді — Архимед Мұхамбетов

Қостанай қалалық ауруханасы толығымен провизорлық стационар ретінде жасақталды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен онлайн брифинг барысында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша республикадағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, медициналық ұйымдардағы төсек-орындарды бөлу қайта қаралды. Қазіргі уақытта инфекцияға қарсы тұру үшін 1668 төсек-орын дайындалды. Оның ішінде 1084-і — провизорлық. Қазір Қостанай қалалық ауруханасы толығымен провизорлық стационарға ауыстырылды. Оның базасында 250 төсек-орын дайындалды. Қала емханаларында дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер қосымша жұмысқа қабылданды» деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ әкім облыста респираторлық ауруларға қарсы дәрілерге тапшылық жоқ екенін айтып, қазір Қостанайда 120-дан астам ірі дәріхана желісі жұмыс істейтінін жеткізді.

«Оларға әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің 42 түрі жеткізіліп отырады. Облыстың медициналық ұйымдарында медициналық іс-шараларды көрсету үшін емдеу хаттамасымен ұсынылатын препараттар қоры бар» деді Архимед Мұхамбетов.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде Қостанай қалалық емханаларында қорғаныш құралдарының жетіспей жатқаны туралы хабар тараған болатын. Өңір басшысы бұл ақпаратты теріске шығарды. Оның айтуынша, медицина қызметкерлері қажетті жеке қорғаныш құралдарымен, инфекцияны емдеуге арналған дәрілік препараттармен толықтай қамтамасыз етілген.​

«Эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін 60 монитор, өкпені жасанды желдетуге арналған 40 аппарат, 20 ларингоскоп, 20 дефибриллятор, 3 газ анализаторы, 5 бейнобронхоскоп, 170 контактісіз термометр, 11 мың қорғаныш комбинезоны, 3,5 мың қорғаныш көзілдірігі, 800 дана дезинфекциялық құрал, 10 мың дәке таңғыш сатып алынды.​ Сондай-ақ аудан-қалалар үшін 80 бірлік санитарлық көлік әкелінді. Жалпы облыс бойынша 210 өкпені жасанды желдету аппараты бар, оның ішінде орталық аудандық ауруханаларға 1-2 құрылғыдан берілді.​ Шілде айында өкпені жасанды желдетуге арналған қосымша 47 құрылғы келеді деп күтілуде. Бұған қоса компьютерлік томографтарды сатып алу пысықталуда» деді облыс әкімі.

Аймақта медицина қызметкерлерін материалдық тұрғыда ынталандыру жұмыстарына да көңіл бөлінген. 3483 медицина қызметкеріне 615,7 млн теңге сомасында төлем жүргізілген.

 

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *