Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмасын орындау үшін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов дәріхана желілері мен көтерме сату фирмаларының басшыларымен кездесті деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс басшыларына толыққанды медициналық көмек көрсету және аса қажетті дәрі-дәрмектерді қолжетімді етуді тапсырған болатын. Осыған байланысты Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдегі ірі дәріхана желілерінің басшыларымен кездесіп, жұмыс барысын талқылады. Дәріханалардағы аса қажет дәрілік заттардың болуы және қолжетімділігі – басты міндет. Осы мақсатта Қостанай облысының дәріхана желілеріне жалпы сомасы 300 млн теңгеге қайтарымды қаржылық көмек көрсетілді.
Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, бұл қаражат ыстықты түсіретін антибиотиктер, вирусқа қарсы дәрілер, антикоагулянттарды сатып алуға бағытталатын болады. Тиісінше, дәріханалар бұл қаржыны қандай да бір сыйақысыз 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін қайтара алады. Қостанай қаласының емханаларының жанынан мобильді бригадалар құрылды, олардың әрқайсысының құрамында дәрігер және медбике болады. Мобильді топтар амбулаториялық емдеуде, үй карантиніндегі адамдарға, симптомсыз науқастарға қызмет көрсетеді, егер қажет жағдайда дәрі-дәрмектерді тегін жеткізетін болады. Арнайы топтар таңғы сағат 8-ден түнгі 24-ке дейін жұмыс істейді. Облыс әкімдігі мобильді топтарды көлікпен қамтамасыз етуге қаражат бөлді. «Народное» такси желісі бұл мақсатқа 12 көлік дайындады.