Қостанай облысында оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету үшін қомақты қаражат бөлінді. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында белгілі болды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық Білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюктың айтуынша, оқу жылы басталмай тұрып оқушылар компьютер және оқулықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Сонымен қатар қалалар мен аудандардың әкімдіктері санитарлық қауіпсіздік шараларына тікелей жауапты орган болып бекітілді.
«Бүгінде облыс педагогтері үшін облыстық кәсіподақ қаражаты есебінен ноутбуктар сатып алу мәселесі пысықталуда. Бұл ресурс мұғалімдер мен оқушылардың компьютерге деген қажеттілігін жабу үшін жеткілікті. Қолда бар мәліметке сәйкес, өңірде 4101 оқушы және 176 педагогте компьютер жоқ. 4906 оқушы мен 805 мұғалім интернетпен қамтамасыз етілмеген. Бұлардың дені шалғайдағы ауылдық елді мекендердің оқушылары мен педагогтері саналады, оларда оқытудың штаттық форматы қарастырылған. Жергілікті әкімдер қаржыландырудың әртүрлі тетіктерін пайдалана отырып, әрбір педагог пен оқушыны интернетпен қамтамасыз ету мәселесін шешуге белсенді қатысуы қажет. Ең алдымен, әлеуметтік осал отбасылар басты назарда болуы тиіс» деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020-2021 оқу жылының 1 тоқсанында білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі тәсілдерін белгіледі. Соған сүйенсек, қашықтан оқыту форматына қарамастан, әрбір оқушы оқулықпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жұмыс Қостанай облысында кешенді түрде шешіледі. Оқулық пен оқу-әдістемелік кітаптарды сатып алуға шамамен 1,2 млрд теңге бөлінген, баспалармен және тасымалдаушылармен толық көлемде шарт жасалды. Оқулықты облыс мектептеріне жеткізу осы жылдың 25 тамызында аяқталады.