Сенаторлар Торғай өңірін дамыту мәселесін көтерді

Сенатор Әли Бектаев еліміздің Премьер-министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Торғай өңірін дамытудағы өзекті мәселелер туралы жария етті. Онда көлік қатынасының нашарлығы, инженерлік коммуникацияның әбден тозуы, медициналық мекемелерге дәрігерлердің жетіспейтіні және т.б. мәселелер айтылды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Депутат сенаторлардың Қостанай облысындағы Амангелді және Жангелді аудандары мен Арқалық қаласына сапары кезінде азаматтар айтқан өтініштер осы сауалға себеп болғанын атап өтті.

Әуе қатынасының жоқтығы, Арқалық қаласына дейін ғана апаратын теміржолдың тозуы мен ескі вагондар және автомобиль жолдарының келеңсіз жағдайы өңір экономикасының дамуына теріс әсер ететін басты мәселелерге жатады. Сенатор «Астана-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Шалқар» автожолының құрылысын жеделдетуді ұсынып отыр. Бұл өңір экономикасының дамуына серпін береді және көрші аймақтармен өзара іс-қимылды өрістетуге мүмкіндік береді.  Сенатор сонымен қатар өңірді ауыз сумен және жылумен қамтамасыз ету деңгейінің төмендігін де атап өтті.

«Бүгінгі таңда су құбырының тозуы 86,5%, жылу құбыры 87%, электр желісі бойынша 92%, кәріз құбырының тозу деңгейі 92,8%-ды құрайды. Бір сөзбен айтқанда инженерлік-коммуникациялық жүйеде төтенше жағдайлардың жоғары деңгейі қалыптасқан. Сондықтан Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелдин аудандарындағы инфрақұрылым жүйесінің нақты жағдайын анықтау үшін Үкімет тарапынан арнайы комиссия шығарту қажет», делінген депутаттық сауалда.

Депутат сонымен қатар Торғай тұрғындарының ұялы байланыс пен интернетке қол жеткізе алмай отырғаны, өңірді табиғи газбен қамтамасыз етудің экономикалық және әлеуметтік маңызы, Арқалық политехникалық колледжінің моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген ғимараты туралы да айтты.

«Жоғарыда айтылған проблемаларды шешу үшін Қостанай облысының Торғай өңірін серпінді дамыту мақсатында арнайы өңірлік бағдарлама қабылданып, қажетті көлемде қаржы бөлініп, Үкімет деңгейінде қолдау көрсетілуі тиіс деп есептейміз», деді сенатор.

Мынаны да қараңыз

Арқалықта әйел кәріз құдығына құлап кеткен

Арқалықта полиция қызметкерлері кәріз құдығына құлап кеткен әйелді құтқарды, деп хабарлайды tobyl-torgai.kz. Учаскелік полиция инспекторы ...